Жадымда қалған жақсы аға
09.02.2018
1874
0

Мақан Жұмағұлов пен Зейнолла Серікқали

Жастайыңнан жақсы көрген бір адамыңнан ойда-жоқта көз жазып қалсаң, оның жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, кескін-келбеті есіңнен екі елі шықпайды екен. Мен үшін дәл сондай ардақты адамның бірі – қазақтың көрнекті қаламгері, әдебиет сыншысы Зейнолла Серікқалиұлы.

Осы арада сәл шегініс жасап, әң­гімені әріден бастасам.
Әдебиетке әркім әртүрлі жолмен келеді. Таразылап, тануымша ешкім де әдебиеттің қақпасын қара күшпен ашпаса керек. Сол се­кілді ме­нің де қазақ әдебиетінің қа­тардағы солдатынан бастап, мүйізі қа­рағайдай қалам­гер­лері­мен та­ныс-біліс болуыма, бас­па­сөз бе­тінде көрінуіме әкемдей бол­ған Әбе­кең – Әбу Сәрсенбаев жақсы­лы­ғын аяған жоқ. Зейнолла ағаны ал­ғаш рет Әбу ақын та­­­ныстырды. Ұмыт­пасам, 1967 жыл­­дын күзі, Каз­ГУ-дің жур­на­листика факуль­тетінде оқитын ке­зім еді.
Оқу орнының бас ғимараты қа­­зіргі Бөгенбай батыр (бұрынғы Киров) көшесінің бойында болатын. Дәл сол ғимаратқа бара жат­қа­нымда Әбу аға кезіге кетті. Жөн сұ­расқан соң: «Жүр балам, үй­ге ба­рып дәм татып кет», – деді. Аға­­ның алдын қиып көрмеген ауыл ба­­ласы емеспін бе, ештеңе де­­мес­тен ілесе жөнелдім. Қазіргі Жел­­ток­сан көшесін бойлай, тау жақ­­қа қа­рай аяңдап келе жат­қа­ны­мызда қарсы алдымыздан ат­жақты, көз шарасы кішірек, бой­шаң қараторы жігіт ұшы­рас­ты. Сыртқы көркемдігі көзімді бір­ден баурап алды. Әлгі әдемі жігіт Әбекеңмен емен-жар­қын аман­дасып, маған қарап, бас изе­ді. Ежелден таныс екеуі әлдене­лер­ді айтып сәл тұрды. Ұмытқан бір нәрсесін енді есіне түсіргендей бол­ған Әбу аға маған бұрылып:
– Балам, бұл Зейнолла Серікқа­лиев дейтін мықты сыншымыз, – деді де мені оған: «Бұл – бола­шақ жур­на­лист», – деп, атымды айтып таныс­тырды.
Зекең екеуміздің осылай жол үс­­тінде басталған таныстығымыз 37 жылға жалғасты. Алыстағы ауыл­­дан Алматыға көшіп келіп, Зей­нолла ағаның отбасымен ара­лас­қанда тамаша талант иесін бас­қа қырынан тани бастадым. Қа­лам­гердің қара шаңырағында отыр­ғанда айтылар әңгіменің ар­қауы әдебиет жайында болатын.
Асыра мақтаудан аулақпын, Зекең әдебиеттің арғы-бергі та­ри­хын таратып айтқанда бі­лім­дар­лығына бас шұлғып, тым-ты­рыс тындап қалатын едім. Әсерлі әң­гіменің қызығына беріліп кет­кен кезінде Зекең уақыттың қай ша­маға барғанын да бағамдап жат­пайтын. Әдебиет, мәдениет жай­лы ойларын ірікпей, іркілмей тө­гіп тастайтын. Сондай сәттерде ас үйден шыққан Майра жеңгей:
– Зей­нолла, әңгімеңді доғара тұр­­шы, сендерге әзірлеген тама­ғым суып қа­латын болды, – дей­тін зілсіз ған­а. Осы арада ойымда сақ­талып қал­ған бір көріністі са­бақтағым ке­ліп отыр.
Зекең әдебиет жайлы әңгіме­сі­не кірісерде белгілі бір тақы­рып­ты бастап алып, оны майда қоңыр дау­­сымен асықпай-аптық­пай баян­­дайтын. Сөзін ықылас­пен тыңдасаң, ащы тері алынған арғы­мақтай алысқа сілтейтін.
Ал айтар ойын тұсаулап жөн-жо­­сықсыз сұрақ қойсаң өңі қа­ра­қошқылданып «ол енді, жаң­а­ғы…», «со­сын», «кәдімгі» деген ора­шо­лақ­тау сөздерді жиі қай­та­лап қа­бағы түсіп қалатын еді. Осын­дай қыр-сырын білетін за­ман­дастары сөзін, айтар ойын орта жолдан бөліп таста­май­тын.
Қаламнан қолы босаған сәтте қос шекті қоңыр домбырамен күм­бірлете күй шертуші еді.
Жаны сырлы, жақсы ағаны бас­па­сөз арқылы әңгімеге тарт­қым келді де, көкірегімде көптен бері жүрген ойларымды сұрақ тү­рінде жа­зып бердім. Кешікпей ке­лелі бір әңгіме құрдық. Менің атақ­ты қа­ламгермен алғаш жүр­гізген сол сұхбатым «Жер басып жүр­геніңнің өзі – ырыздық» деген тақырыппен 1997 жылдың 19 қыркүйегінде «За­ман-Қазақстан» газетінде жарық көр­ді. Аталған сұхбатта әдебиет жай­лы оралымды ойлар қозғалған еді. Ол туралы талай танымал қа­лам­­герлер жақ­сы пікірлерін біл­дір­ді.
1997 жылдың жазында Зекең біз­­ді үйіне қонаққа шақырды. Зайы­­бым Иісжан екеуміз айтыл­ған күні Зекеңнің құтты ме­ке­нін­де мей­ман болып отырдық. Май­ра жең­гей дастарханды мол дайындап­ты. Әңгіме-дүкен құ­рып отырған осы бір сәттерімізде ме­нің балам жайлы сұрады да:
– Бү­гін Мұратты осында ерте кел­ген­дерің жөн болар еді, – деді Зе­кең. Мен сөзге араласып:
– Дәл бү­гін оның туған күні еді, соған орай ол жора-жолдас­та­ры­мен бір­­ге қыдырып кетті, – де­дім.
Түн жарымына таман үйге қай­ту­ға жиналып ауызғы бөлмеге шық­­қанымызда Зекең:
– Мына кі­тапты Мұратқа сәлемдеме ре­тін­де беріп отырмын, өз қолына тап­сырарсың деп «Тағ­дыр және біз» ат­ты сын кітабын қолыма ұстатты. Зейнолла аға атал­ған кітабының ал­ғашқы бетіне «Айналайын, Мұ­рат! Сәби кезіңнен өзіңе сырттай сүйсініп жүретін аға­ларыңның бі­рімін. Азамат жа­сың бүкіл әулеттің алдында, Ел аясында дәйім абы­рой­лы болғай. Ұзақ ғұмыр тіледім, бауы­рым! Зейнолла ағаңнан. 04.08.97», – деп қол қойыпты. Бұл кі­тап баламның үйін­де әлі сақтаулы. Адамның қа­ді­рін білген қайран аға­ны қайтіп естен шығарамыз?
Әлі есімде. 2000 жылдың қоңыр кү­зінде Зекең Қазақстан Жазушылар одағында кездесе кетті. Сә­лем­дескеннен кейін: «Сен кетіп қалма, ақылдасатын бір шаруа бар», – деді де Одақ төрағасының бөлмесіне бас сұқты. Көп күттірген жоқ, сәл­ден соң сыртқа шықтық. Зекең әң­­гімесін қайта жалғады. «Алдағы жыл­дың ақпан айында», – деді Зе­кең қатар жүріп келе жатқан маған қарап: «Мұқағалидың туғанына 70 жыл толады. Болмысы бөлек сол ақын жайында ақылдаса отырып, ой толғасақ қайтеді. Сен Мұқағали­дың жерлесісің әрі оның өлеңдерін жастайыңнан жаттап өстің, ақын­ның өмір соқпақтарын жақсы бі­ле­тінімізді білдіру үшін сұхбатқа дайын­дал, сұрақтарыңды әзірле», – деді бұйыра сөйлеп.
Арада біршама уақыт өткенде тек Мұқағалидың ғұмырын сөз ете­тін «Айтып өткен ақында арман бар ма?» деген тақырыппен көлемді сұх­бат дайындадық. Ол туынды «Қа­зақ Елі» газетінің (07.04.2001) екі ­нө­мі­рінде жарияланды. Аталған сұх­бат жөнінде көрнекті қаламгер­лер Әкім Тарази, Баққожа Мұқай, Мә­ди Айымбетов және басқалар бас­­па­сөз бетінде жылы лебіз білдірді.
Мұқағалидың өзіміз секілді екі аяқ­ты адам, ет пен сүйектен жарал­ған жан екенін жасырып жаппай айтқанымыз ақынды көзімен көр­гендердің көңілінен шыққанын сол тұста жақсы білдім. Зейнолла Се­рікқалиұлымен жүргізген жоға­ры­дағы екі сұхбатым қаламгердін 2002 жылы «Өнер» баспасынан жа­рық көрген «Алтын жамбы» атты кі­табына енді. Арада бір жыл өт­кенде Зейноллаға осы кітабы үшін Қа­зақстан Республикасының Мем­лекеттік сыйлығы берілді.
Зекең Қазақ ақын-жазушыла­ры­ның шығармаларын талдағанда танымдық өресі өте жоғары, сыршыл сыншы еді. Әсіресе өлеңді өте биік талғаммен талдайтын. Сыналып отырған авторға орынсыз мін тағу­дан бойын аулақ ұстайтын. Зе­кеңнің атақты ақын Мұқағалидың ту­ғанына 50 жыл толғанда «Ұр­пақ­тар игілігі» атты тамаша мақала жаз­ғаны бар. Ол туындысы «Тағдыр жә­не біз» дейтін кітабына енген. Сын­шы ағамыздың қай шығармасы бол­сын кестелі көркем тілмен жа­зылғанын оқи отырып ой түюге бо­лады. Зекең іс-сапармен екі дүр­кін Нарынқолға барып қайтты. Та­биғаты таза, көркемдігіне көз тоя­тын таулы өлкеге тамсана қа­рап, жұпар ауасын жұтып, бой сер­гіт­ті.
Өмірден өтіп кетсе де көзі тірі­сін­де талантын таныған ақын-жазу­шылардың соңында қалған мұ­расын кітап етіп шығаруға Зей­нол­ла марқұмның көп жігер жұмса­ға­­нын көзіміз көрді.
1983 жылы о дүниелік болып кет­­кен ақын Өмірзақ Қожа­мұра­тов­­тың мұрасын жинау үшін Зекең Өз­бекстанның Бұхара облысына қа­расты Тамды ауданына барып, атал­­ған ақынның өлендерін алып қайт­қан еді. Оның 1998 жылы «Күн ас­­тын­да – құдірет» деген атпен «Жазу­шы» баспасынан жарық көруіне мұрындық болды. Атақты ақын Әбу Сәрсенбаевтың туғанына 100 жыл толу тұсында да Зекең ақын жайлы жазылған естелік­тер­дің басын біріктіріп, ол кітапқа «Тоқ­сан толғау» деген ат қойып, «Ра­­ритет» баспасынан жарық кө­руі­­не көмек қолын созды. Мұндай мы­­салдарды көптеп келтіруге бо­ла­­ды. Оны тізбелеп жатпасақ та кө­­зі қарақты оқырман жақсы біледі деп ойлаймыз.
Алатаудың баурайындағы Ал­ма­­тыға қоныс аударған соң ежелгі та­нысымыз Зейнолла ағамен ара­лас-құраластығымыз жиілей түсті. Бір-бірімізді үйімізге қонаққа ша­қы­рып, дастарқандас болып та жүр­дік. Сондайда бір байқағаным – Зе­кеңнің әдебиеттегі өзі қалап қа­лам тарт­­қан сын жанрымен ай­на­лы­са­тын аға-інілерімен қарым-қа­ты­на­сы жақсы көрінді. Сын­шы­лардың ара­сында марқұм Сай­лау­бек Жұ­ма­бековтың орны Зекең үшін қым­бат еді. Сайлаубек те қаламы қа­рым­­­ды, әдебиеттің арғы-бергі та­­­ри­­хынан мол хабары бар білімді аза­­­мат болатын. Талай мәрте Зе­кең­­нің үйінде бас қосып, сырласып, әде­­биеттің бүгінгі өмірі жайлы көп пі­кір алысқанбыз. Ол ойында­ғысы тайсақтамай айтып салатын. Ой-пікірі мол әдебиетші еді.
2003 жылдың көктемінде Ас­та­на­дағы « Елорда» баспасынан «Ай­ғай­­тас» атты жыр жинағым жарық көр­­ді. Оның бір-бір данасын аттары аталған екі сыншыға сыйладым. Келесі бір кездесіп қалғанда Зе­­кеңнің көзінше Сайлаубек: «Мә­ке, су жаңа жыр жинағыңды жуа ма деп дәметіп жүрмін», – деді. Мен қос қаламгерге қарсы кел­ме­дім. Ұмыт­па­сам, Төле би мен Қа­жым Жұма­лиев көшелерінің қиы­лысындағы бір кафеде бас қосып, әр алуан әң­гі­ме қозғадық. Сонда Зе­кең: «Әл­гі бір Сайлаубектің «Сын әуені» кі­табын сұрап едің, өзі сол кітапты са­ған бермегенге ұқ­сай­ды», – деді. Сөз­ге араласқан Сайлаубек: «Ол кі­тап өзімде де емге қал­мапты…» дей беріп еді, Зе­кең: «Ен­деше сол кі­табыңды Мі­нуар­ға беру­ге әдейі әкеліп отырмын», – деп с­тол­дың ше­тінде тұр­ған қол сумка­сынан көк­шіл түсті көлемді кітапты ал­ды да оның бірінші бетіне әл­денелерді жаз­ды, сөйтті де кітапты Сай­лау­бекке ұсынды. Сәкең де бір-екі ауыз сөз жазып, кітабын маған бер­ді. Сонда Зекең әлгі кітапқа «Мін­уар­ бауырыма! Өз меншігімдегі кі­табымды қалай қиып бергенімді біл­мей қалдым. Асылы, сенің мөп-мөл­дір, таза жүрегің мені билеп ал­ған болуы керек. Ақ тілеумен, Зей­нолла ағаң. 08.05.2003», – деп қол қо­йыпты. Ал Сайлаубек бауырым «Әдебиеттің Ұлы ревизоры, Ұлы Ай­насы – менің ұлы ұстазым Зей­нол­­ла Серікқалиұлының керек ке­зінде інісі, керек кезінде атқос­шы­сы Мінуарға сыйлағаным. 08.05.2003» деп қолын қойған кі­та­бы әлі күнге сақтаулы. Осы кі­тапты қо­лыма ұстаған сайын қос қалам­гер­дің жарқын жүздері, әдемі әзіл­дері көз алдыма елестеп, кеудеме са­ғыныш ұялатады.
Зейнолла Серікқалиұлы 1938 жы­лы Атырау облысының, Құр­ман­ғазы ауданындағы «Нұржау» ауылында ақпан айының 10 жұл­ды­зында дүниеге келген. Орта мек­тепті алтын медальмен аяқтап, Қаз­МУ-дың филология факуль­те­тін бітірген. «Қазақ әдебиеті» га­зе­тінде, «Жұл­дыз» журналында М.Әуезов атын­дағы әдебиет институтында жауапты қызметтер атқар­ған.
Зейнолла Серікқалиұлы көзі тірісінде көптеген жақсы да, жай­саң жандармен араласты, сыр алыс­­ты. Сый-құрметтен де құр­ала­қан қалмады. Халықаралық «Алаш» және Абай атындағы Мем­ле­кеттік сыйлыққа ие болды. Бұ­рын­ғы Семей облысына қарасты Абай ауданының «Құрметті азаматы» атанды. Қызылордадағы Қор­қыт ата атындағы Мемлекеттік уни­верситеттің құрметті профессоры болып сайланды. Атақ-даңқы алысқа кеткен ағаның артында онға тарта кітабы қалды. Ол шы­ғар­малардың әлі талай оқырманды ойға жетелеп, дүниетанымының артуына арқау болары сөзсіз.
2013 жылдың 14 сәуірінде Қа­зақ­стан Жазушылар одағында Зей­нолла Серікқалиевтың туға­ны­на 75 жыл толуына орай алқалы жиын болды. Оған сыншының кін­дік қаны тамған Атырау облы­сының Құрманғазы ауданынан бір топ азамат ат арытып келіп, Зекең­нің жары Майра жеңгемізге сый-сыяпат тапсырды. Осы жиында зе­рек сыншының сыйлас, сырлас бол­ған қаламдас серіктері сөз сөй­леді.
Бүгінде Атырау облысы, Құр­манғазы ауданының орталығы Ганюшкино селосындағы бір орта мектеп және Алматыдағы Алатау ауданының аумағындағы бір көше З.Серікқалиұлының есімімен ата­ла­ды. Бұл «Жақсының аты, ғалым­ның хаты өшпейді» деген тәмсілдің ақиқаттығын аңғартса керек.
Дегенмен, оның көзін көрген, қоңыр даусын естіген біздердің көңі­лімізде өкініш те жоқ емес. Қай­ран, Асыл аға! Жұмыр жердің үс­тін­де 66-ақ жыл ғұмыр кешті, 70-ке де жетпей кетті. Әй, тайқы маң­дай тағдыр-ай, десеңізші…

Мінуар ӘКІМХАНОВ,
ақын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір