Уілдейсің нені жоқтап, қайран жел…
Нұржан Қуантай
Ақ жауынды әуез
Cор қайдан:
Жапыраққа сарғайған
Аяқ сүртіп кіріп келді жүдеу Күз,
Ұялғаннан сонда сол Жаз сап-сары боп қол жайған,
Қонақ күтпей біреуіміз…
Әй, кезбе,
Індетсеңші жайды өзге,
Іздеп жетер мұратына ел, жаным,
Көк пен жердің арасынан өрмек құрып сол кезде
Тік шаншылды ақ жауын.
Отырып,
Рұқсат сұрап өтініп,
Күзден бата ап кетті Жазым кезіп қыр,
Ол кетсе де, жүдеу қонақ төрге озам деп бекініп…
Ақ малтасын езіп тұр.
Бақ білген:
Қайран әлем тәтті үнмен
Қалбалақтап қанатында құстардың,
Аңқылдаған ақ жауыннан сырлы әуезді таптым мен,
Сол шіркінге құштармын.
Кім шыдар,
Қайран көңіл сыңсыған,
Жыла, жыла, беу, қонағым, біз екеуміз құрдаспыз,
Жапырақтар дірілінде өмір тұрса тыншыған,
Күркілдейді дімкәс Күз.
Жаңбыр леп
Күмбір де күмбір, күмбірлеп,
Күпті көңіл күлбілтелеп ойымды,
Әуесінен күздің түсті әуезді өлең бір-бірлеп
Шымырлатып бойымды.
Бір басы
Бізден биік тұрғасын,
Сарғайған Жаз әлі-ақ келер жарқылдап,
Жауындатты демі суық, өңі сынық құрдасым,
…Ал дүние салқындап.
Қарлы әуез
Күшіктеп
Айға қырау түсіпті
Ішін тартып ұлығанда ақ боран
Қалбатаудан қаба жауып қарға тықса үсікті
Сары майдай сақтаған
Қар жауып…
Қаба жауып, қар жауып
Иендегі жетім ауыл бұйығып
Төрт бұрышқа қашты бейуақ жарқ еткенде шам жанып
Қыршынынан қиылып.
Бораны
Ұйтқығанда жол, әні,
Жол емес-ау, ақжал таулар қонады.
Терезенің сыртында шындық жүрсе шарпысып,
Телевизор қызыл сөзге толады.
Жел үрлей
Ат құлағы көрінбей,
Жетім ауыл жәутеңдейді бейшара.
Қоғам шіркін кеудесі зор, қысыр жеген бөрідей,
Не амал бар, не шара…
Дұрыстап
Дәрі берсе уыстап,
Деп ойлаған шеше байғұс әбігер.
Күйіп-жанып жатыр бала қос өкпеден тыныстап,
Жапанда жоқ дәрігер.
Айдала,
Қайда, қайда, қайдалап,
Бұрыштағы бейуақыттың қос өкпесі сырылдап.
Шытыр-шытыр от жанады пеш көмейін аймалап,
Ал түтінін түн ұрлап.
Әлдилеп,
Дүлей боран дүниеге қарды үймек,
Жентек-жентек қардан жетім жас парлап.
Арса-арса қу бұтақтар қол жаяды зар илеп,
Бедірейген аспанға.
Қар жауып
Қаба жауып, зар жауып
– Не болды екен сол ауылдың күні,
айтшы, ау, жаным
– Біле алмадым, әй, бауырым,
Біле алмадым ол жағын…
Күзгі назды әуез
Неге сені ұнатам, неге, неге, сары күз,
Көңіл шіркін жетті ме кенереге, сары күз,
Таусылмас деп жүргенде алаңғасар бәріміз
Опа бермес өмірді орталаппыз, сары күз.
Ұрттап-ұрттап өмірден шала
мас боп қалыппыз,
Сүйтсек, айналайынды несиеге алыппыз…
Бұлықсыған бұла күн буырқанып өтті ме,
Қос самайға із тастап жастық
шағым кетті ме,
Айтшы, айтшы, сары күз,
қайда кетті сол күндер,
Қайырылып қарасаң, біреу бар ма көрдім дер?
Шағылмай-ақ тауымыз, сынбаса да сағымыз,
Сағындырды-ау сол жылдар, сарала бақ,
сары күз.
Жапырағы сарғайып, қызарып тұр шоқтайын
Жол жағалай жарыса сап түзеген көп қайың.
Шөп ішінен сары мысық шыға келді үсті кір,
Салбыратып мойынын тістеп алып құсты бір.
Күздің сәні – сары тоғай,
сары тоғайды көрмек пе:
Көлеңкесі ақ бұлттың баққа кірді еңбектеп.
Таудан түскен қар кешіп таңғы
ауаның сызын-ай!..
Мөлт етті ме бір тамшы, тоңазыған күзім-ай..
Көз жасыңды қайтейін, сарала күз, сал дәурен,
Көңілім бос менің де, өңім суық болғанмен.
…Саржайлауға шықсам да,
шығатын-ақ шағымыз,
Неге сені ұнатам, неге, неге, сары күз?..
Тұманды кештің әуезі
Бауырымдап түскенде бұлттар
шыңнан көксерек,
Бауырдағы қалаға ауыр тұман шөксе кеп.
Ауыр тұман шөксе кеп аударылып бөктерден,
Ауық-ауық дым бүріксе аусар ауа көк белден.
Кеш батқанда кеулеген қою тұман өзі артық —
Жарқыраған фонарьдың екі көзін бозартып.
Бағаналы көшенің баған-баған шамдары
Боз тұманға оранса, адыра қап арманы.
Күнің қайда еңселі нұр төгетін кешегі,
Сәулесі жоқ фонарьдың маңдай соры бес елі…
Төңірегің боз тұман, жоғалтқанда бояуды
Жалғызсырап қосылар жанды егілткен
жаяу мұң.
Жалғызсырап қосылса жанды егілткен
жаяу мұң,
Сең қозғалып, дариға-ай, сені еске алам, аяулым!
Сені еске алам, аяулым, үнсіз ғана егіліп,
Мына жалған дүние не түсінер, не біліп!..
Тарам-тарам жас шықса, тас көкірек ашылар,
Қоңылтақсыған көңіл тыншығар да басылар.
Сезімімді ұғар ма: күзгі кештің сыз демі
Тұмсық сұғып қойныма әлденені іздеді.
Бір уақытта… шіркінім сырлы әлемге құмар ма:
Жанды егіліп, дариға-ай, кетті-ау
сіңіп тұманға.
Содан бері, ғажап-ай, сырлы сезім оянды:
Тұман түссе, болғаны, сен келесің, аяулым.
Желді күнгі әуез
Үууілдеп,
үу-уі үу-уі үууілдеп,
үуілдейсің нені жоқтап, қайран жел,
сарыуайым сарын салып сақарада тұр үрлеп
сандал таудан, сайран бел,
еңселім,
уайым емес, жел сенім,
әкелмей ме, қайталанған жәйт неше,
бұ жалғанда екі туып бір қалғаның мен сенің,
неге келдім әйтпесе!..
сол жаққа,
алып кетші сол жаққа!..
жел-ағатай, мені жалғыз тастама,
мен сенбеймін алдамшы күн, арзан өмір, оңғаққа,
сеніп қалсам – масқара…
асқарым,
асыққан жел – асқақ үн,
әлденеге шөлдеп келед қу өмір,
жер бетіне жерік күндер — қас-қағым сәт, қас-қағым,
сол сәттерді сүйе біл,
әуез деп,
әуез-ау, әуез, әуездеп,
самал желге жанымды ашып тастадым,
үуілінен ырғағы мен уәзінін және іздеп,
тауып алдым асқағын,
өмірлім,
нені ұға алдың, не білдің,
апырай, ә, сенейін бе шынында:
сабасынан ақтарылған асқақ мына өмірді,
сүргендеймін бұрын да,
жай табар,
көңілімде байтақ ән,
жолаушы боп келдік, сәулем, екеуміз,
екеумізге жолығу жоқ жер бетінде қайтадан,
қайта нұр боп кетерміз,
жек көрме,
салауат айт өткенге:
кешіппіз-ау бақыт суын ең тұнық,
сені жоқтап екі көзім өксіп-өксіп кеткенде,
жел де жетер ентігіп,
… ал содан соң…
…құржаңдап,
нұржан, нұржан, нұржандап,
жел-бауырым омырауымнан аймалар,
тұңғиығында көк аспанның
өзім сүйген бір жан бар,
деп көңілім жай табар,
таңғалсын:
мына адамзат аңғарсын,
тек өзіңнің бар екенің, еңселім,
…өмірден тыс, уақыттан тыс сен барсың ғой, сен барсың –
көңілімді жұбатпай ма сол сенім?!
……………………………………………………………..
өмірімді уатпай ма сол сенім.
Аспандағы әуез
…ұзақ түн…
салоны ұшақтың
алқынған көңілді тұсап мұң
сезімді жасаулап ғашыққа ұзаттым,
ұзақ түн
салоны
ұшақтың, әлемі
аспанның түннен де әдемі!
шымырлап шыққанда сезімім әуелі
нау еді…
арман-ай,
шіркінді алдамай,
көңілге сенбей-ақ алғадай,
берсемші, батамды, беу, бағын байламай,
әй, бала-ай…
жолықтық,
көңілдің жарықтық
емес пе қонағы, жаңа ұқтық,
аз күндер өткізді сезімім сауық қып…
соң ұқтық
сақтар ма,
дәл сол бір шақтарда
түнге де қой дейтін дәт бар ма:
көзінен мөлт етіп бір жұлдыз аққанда,
бақтарға…
жалғанда,
ұғатын жан бар ма?
қанаты ұшақтың талғанда,
жүк болмай, шіркін-ау, ұшар ма ем арманға –
сол жанға…
асықтық,
мұң шіркін жасық қып,
ұшақпен жетпессің, рас, ұқтық
ғажап-ау, Тәңірім берсе егер нәсіп қып,
ғашықтық…
ұсақ мұң,
жөні ме ісі ақтың:
ақ таңға асыққан ұшақты,
жеткізбей жүйткіген не деген ұзақ түн!..
…жаным-ау, ұзақ тым.