Алтын қима (Золотое сечение) (Назарбаевпен қалай өсіп-өркендедік)
Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ,
ақын, халық жазушысы,
мемлекет және қоғам қайраткері
І
Тақырыпты бұлайша қою республика басшысының ширек ғасырлық қызмет нәтижесіне арналған бүтіндей бір очерктер сериясына жарасқан болар еді. 1990 жылғы қазан айында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Қазақстан Компартиясының Бірінші хатшысы Н.Назарбаевты республиканың Тұңғыш Президенті етіп сайлаған болатын.
Менің ойымша, осы күзде-ақ өзімнің журналистік және ғылыми зерттеулерімнің бітік егіні пісіп жетілетін болар деймін. Газетке арналған бұл мақалада ондай тұлға тындырған істердің ауқымын үстірт қамтып шығудың өзі мүмкін емес, сондықтан саясатқа және әсіресе, экономикаға көп бара бермей-ақ, әдебиетші ретінде санамда сақталған әрі парасат-пайымының орайына келген базбір даталарды, цифрлар мен фактілерді ғана бір жаңғыртып өтейін. Қазір естеліктерімнен кітап әзірлеу үстіндемін. Онда бұл тақырып әлдеқайда кең ауқымда сөз болады және ол тіпті қазақстандық емес, даярлығы жеткіліксіз оқырманның өзіне де ауылда өсіп, мемлекет басшысы дәрежесіне жеткен, осы күнгі дүниенің көш бастаушыларының біріне айналған адамның қолымен жасалған игілік атаулының саны мен сапасын түсінуіне мүмкіндік беретін болар деймін.
ІІ
Біздің қолымыз тәуелсіздікке қалай жетті? Баршаға мәлім: 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан өзінің егемендігін жариялап, тәуелсіз мемлекет болды. Мұндай акт РКФСР құрамына кіретін Қазақ автономиялық республикасының одақтық республика ретіндегі жоғары мәртебеге ие болып, КСРО құрамынан шығудың заңды құқығын алуы сталиндік конституцияның (1936 жылғы) бір бабына сәйкес болғанын жұрттың көбі әлі күнге дейін біле бермейді. Сол бір қойаналы 1991 жылы одақтас республикалардың барлығы да ғасырда бір болатын осы мүмкіндікті пайдаланып қалды. Біз үшін бұл баптың кереметі несінде?
Конституция жергілікті дәстүрлі ұлысы немесе қазіргі тілмен айтқанда, лауазымды ұлты саны жағынан сол аумақта мекендейтін басқа халықтардан басым болған республикаға ғана одақтық болу құқығын берді.
1926 жылғы халық санағы бойынша РКФСР құрамына кіретін Қазақ автономиялы республикасындағы қазақтардың саны 6 миллион 200 мың адам болды. 1916 жылғы көтерілісті жаныштап басқаннан, революцияның, азамат соғысының қанды қасабынан 20-шы жылдардың басындағы ашаршылықтан, мемлекет құрмақшы болған Алашорданың талқандалуынан кейін қалған сарқынды халық саны осындай еді.
30-шы жылдардың басындағы ашаршылық қазақтардың жарым-жартысын жусатып салды. Ал 1936 жылы қазақтар өз жерінде ұлттық азшылыққа айналды.
Тегі, Конституциялық комиссияда қандай айрықша пайымдар басым түсті екен? Әйтеуір солардың нәтижесінде Қазақ автономиялы республикасы одақтық мәртебеге ие болып, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы атанды!
Жобаның соңғы нұсқаларының редакторы Сталин болғаны белгілі. Бәлкім, саяси мәртебенің өзгеруіне соның түзетуі әсер еткен болар? Біздің ең жаңа тарихымыздың осы бір аса маңызды тұсын ғалымдар зерттеп, зерделеуге міндетті. Ресей мұрағаттарында Конституция жобаларын құпия талқылаулардың хаттамалары қалайда сақталған болар және оларда Қазақстанның түбегейлі әкімшілік шекараларын талқылау да бейнеленген шығар. Соңғы нұсқа авторларының қандай уәждері Сталинге қисынды болып көрінуі мүмкін? Әлде оның бұл түзетуі біздің халқымызға жасаған зобалаңының өтеуі есепті болды ма екен?
Көптеген құжаттардың құпиялық белгісі 50 жылдан соң алынады. Ал кейбіреулері өмір-бақи қала беретіні де бар. Сталиндік Конституция жобаларын талқылаудың хаттамалары құпиялықтың қай дәрежесіне жатуы мүмкін?
1989 жылғы мамырда КСРО халық депутаттарының съезі жаңа уақыт әміріне сәйкес Негізгі Заңға түзетулер енгізетін Конституциялық комиссия сайлады. Комиссия мүшесі ретінде мен Сталиндік Конституция жобаларын талқылаудың хаттамаларына кіруге рұқсат алу жайында А.Н.Яковлевпен әңгімелестім – ол кезде тіпті оның қандай нәтиже берері қаперімде де жоқ. Бірақ Конституциялық комиссия жұмысын өрістетіп үлгірмей де қалды.
Қазақ халқы үшін ғаламат қайғы-қасіретке айналған 1931, 1937 жылдар мектеп оқулықтарынан лайықты орнын алыпты. Сонымен қатар, 1936 жылды да, бәлкім жарқын дата ретінде, атап айту керек шығар, өйткені ол – біздің мемлекеттігіміздің негізі болған Конституцияның қабылданған жылы.
ІІІ
Сөйтіп, біздің жаңа мемлекеттігіміздің тарихы екі бөлімнен тұрады. Алғашқысы 1936 жылдан, екіншісі 1991 жылдан басталады.
КСРО өзінен-өзі ыдырағаннан кейін барлық бұрынғы республикалардың тағдыры қалай қалыптасқанын білеміз. Жаңа мемлекеттердің бәрінде де ыдырау әсері жүріп жатты. 90-шы жылдардың басында мен бір-бірімен қырқысып жатқан «бауырлас республикаларда» – Әзірбайжанда, Грузияда, Молдавияда, Тәжікстанда болдым. Тәуелсіз мемлекет болу құқығы үшін жан беріп, жан алысқан автономиялы Шешенстанға да бардым: сталиндік конституция бойынша автономиялардың ондай құқығы жоқ болатын.
Өзін-өзі билеу құқығының індеті бүкіл дүниеге жайылуда. Өжет жігіттер демократиялық революциялардың құйынымен билікке таласып, өз халықтарын арандатуда. Тіл мен жағына сүйенген шешендер, бірақ саясат пен мемлекеттік құрылыстың иісі де мұрындарына бармайтын шалапайлар. Осындай оқиға желісінің кейбір түзетулермен байытылған жалғасын – романтиканың іскерлік прагматизммен ұштасуын – біз бүгін де көріп отырмыз. Мәселен, Украинадан.
ІV
Қазақстан тәуелсіздікке басқалардан кейін, асығып-аптықпай, байсалдылықпен аяқ басты. Онжылдықтарда кадрларын даярлап алып келді.
1989 жылғы мамырдың соңында Мәскеу Колбинді кері шақырып алды. СОКП Орталық Комитеті бұл орынға шұғыл түрде бірнеше кандидаттарды қарастырды. Олар республикаға белгілі абыройлы азаматтар болатын.
Таңдау Нұрсұлтан Назарбаевқа түсті: комсомол жұмысының мектебін көрген (жас кезінде Қазақстан Магниткасының интернационалдық ұжымдарында жұмыс істеген), партиялық өсу жолынан да өткен – обком хатшысы, Орталық Комитеттің өнеркәсіп жөніндегі хатшысы болған, өзін атқарушы билікте де көрсетіп, бес жыл республика Министрлер Кеңесінің төрағасы болып істеген. Оның үстіне өзі өндірдей жас, жұртты сөзіне ұйыта біледі. Әзілден де құралақан емес, мақсатына жетер жолда табанды, дегенмен мәмілегерлік шеберлігі де бар және сол өнерін керек жерінде пайдалана біледі. Саясаткердің басты қасиеттерінің бірі осы.
Кәсіби жағынан қапысыз даярланған басшының осы қасиеттерінің бәрі жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасының қаз тұрып қалыптасу барысында жан-жақты жарқырап көрінді. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының іргесін солқылдатқан проблемалар бізде болған жоқ. (Көз тимесін!) Біздің көпұлтты мемлекетімізде ең басты нәрсені – бірлік пен ынтымақты сақтап қалудың сәті түсті. Халқымыздың барлық ұлыстарының өзара тәуелділігі сезімін тәрбиелеуге қол жетті.
Білікті интернационалдық саясаттың нәтижесінде біз математиктер айтатын алтын қима дейтінге қол жеткіздік.
Бұл А және В шамаларының керемет үйлесімі, оны қарапайым тілмен алтын пропорция немесе үйлесімді болу деп атайды.
Сандарда бұл тіпті елу де елу, ал талайлар үшін 62 де 38!.
Бұл принципті кез келген физикалық та, әлеуметтік те шамаларға қолданып көруге болады. Жақында мен газеттен еліміздің қазақ тұрғындары 62%-ға жетті дегенді оқыдым! Ал 1991 жылға дейін одақтас республикамызда ұлттық азшылық болып келгеніміз есіме түсті.
Тек тәуелсіздікке қолымыз жеткеннен кейін ғана біз тура мағынасында да, ауыспалы мағынасында да өсіп-өркендей бастадық.
Алтын қима деген 62%-ды 100%-ға айналдыруға тырысушылық емес. Біз осы ғасырда сан жағынан 30-40 миллионға жетуіміз керек, бірақ пайыздық өлшеммен алтын пропорцияны сақтап қалуға тиіспіз. Сондайда бұл ғажап өсім мен сапалы даму болмақшы. Егер көпэтностық халқы бар мемлекеттердің әлуеметтік немесе ұлттық саясатының нәтижелерін бағалауда осы қағидат басшылыққа алынатын болса, онда шамалардың бұл арақатынасын (60-тың 30-ға қатынасын) объективті үйлесімділікке жуық деп есептеуге болады.
Демографтардың Ресейдегі, Еуропадағы, Азиядағы, тіпті Америкадағы тиісті цифрларға назар аударғандары дұрыс болар еді. Мүмкін басқа бір жерден де алтын қима кездесіп қалар?
Осы заңдылықты жете түсінген жағдайда ұлттық дамуды әлдеқайда жемістірек жоспарлауға болады. Біз, сірә, стихиялы түрде болса да нақ осындай жолмен жүргенге ұқсаймыз. Әлдебіреудің тауын аласартпай-ақ, өзіміздің жәбірленген даламызда асқақтауға тырыстық. Табысқа солай жеттік. Сөйтіп, дамудың 25 жылында қолымыз жеткен алтын қимамыз – көп ретте ұлы саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың өрелі саясатының арқасында мүмкін болған басты табысымыз.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.