Ескен Елубаевтың өмірден озғанына да жыл толыпты… Университетке түскеніміздің 55 жылдығына жиналғанда көріппін соңғы рет. Бастама көтеріп, қонағасы берген де Дулат Исабеков еді.
ҚазМҰУ-дың бұрынғы бас ғимаратында қазір Өнер академиясы орналасыпты. Бірақ, біз маңдайшаға қараған жоқпыз. Үйреншікті аудиторияларымызға бұрынғыдай өзімізді шәкірт сезініп кірдік. Бірінші курстағы кураторымыз Мырзатай Жолдасбеков ағай қолына журнал алып, сол елу баланы түгендеді. Уақыт шіркін өз дегенін істемей тұра ма? Біраз қатарларымыз о дүниелік болып кетіпті. Алла шарапатын тигізсін деп дастарханға отырғанда алдымен солардың рухына құран бағыштатып, бет сипадық. Ал, жер басып жүргеніміздің де кейбіреуі аурулы-сырқаулы болып келе алмады, келгендердің ішінде сенің жүзің сынық көрінді, Ескен! Бұрынғыдай әзіл айтып, елді бір күлдіріп алмадың. Сұлық сәлемдесіп, аман-саулық сұрастың да қойдың. 75-ке келсең де өңіңді бермей жүруші едің, аққұба жүзің қарабарқын тартқандай көрінді. Айықпас дерттің салған ізі-ау… Бірақ еңсең биік, етің де әлі қаша қоймаған сияқты еді. Сондықтан Алла шипасын берсе, жарығың әзір таусыла қоймас деп үміттендім өзімше.
Сен өмірден озардан бірер күн бұрын даусыңды соңғы рет естідім. Қызың Ақмаралдан телефон құлақшасын алған соң, көп сөзге бармастан ақырғы сапарға бет алғаныңды сездіріп, менімен бақұлдастың да, жұбату жауабымды күтпестен «қош, қош» деп телефон құлақшасын қоя салдың. «Даусы әлі жігерлі сияқты ғой, демек күш-қуаты бар», – деп жұбаттым өзімді. Бірақ, олай емес екен. Бірнеше күннен кейін телефон шалғанымда Ақмаралдың «папам қайтыс болды» деген шарасыз үнін естідім. Жазушылар одағы күш-қайрат көрсетіп, Тынымбай Нұрмағанбетовтей қаламдас досың ет бауыры езіліп жүріп артыңды жақсы жөнелтті. «Құдайға шүкір қызы да, ұлы да есін жиды ғой», – деп іштей шүкір еттім.
Оқу бітірген соң мен күнде шығатын газеттерде жұмыс істеп жүрдім. Сен болсаң, көбіне балаларға арналған «Қазақстан пионері» газеті мен «Балдырған» журналында, баспаларда еңбек еттің. Оның үстіне екеуміз екі қалада тұрдық. Сондықтан мақалам шығармашылығың, қызметің жайлы емес. Сенің мол мұраңды зерттеп, оқырмандарға кеңінен ашып, талдап беретін балалар поэзиясының сыншы-зерттеушісі әлі-ақ шығар. Ал мен сонау студенттік шағыңды, қала берді анда-санда кездескенде көңілімде қалған керім әсерлерді ғана жазамын. 1961 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің филология факультетінің қазақ бөліміне түскен елу баланың ішінен сегізімізді бөліп шығарды. Себебі – сегізіміздің де еңбек өтіліміз жоқ, мектеп қабырғасынан екі-үш ай бұрын ғана шыққан өрімтал едік. Сондықтан күндіз өндірісте істеп, «өмір көріп», кешке оқуға тиіс екенбіз.
Негізінде он бала болуымыз керек еді. Кейін білдік, Әлібек Мейірбеков денсаулығына байланысты күндізгі оқуға жіберіліпті. Ал, Сауық Жақанова сырттай ауысып, келесі жылы арамызға қайта қосылды. Кейін өзінің Жетісайына оралған Әлібек біраз өлеңдер жинағын берді. Ал, Қазақстанның қайраткері, атақты диктор Сауық Жақанованың үні радиодан күні бүгінге дейін саңқылдап тұр.
Қалған сегізіміздің ішінен Ескен Елубаев деген бала ерекшеленіп тұрды. Өйткені бізге қарағанда денесі де кесек, мұртын қыра бастағаны байқалады. Сөйтсек мектепті екі жыл бұрын бітіргенімен «еңбек кітапшаң жоқ» деп оны біздің қатарымызға қосып жіберіпті.
Мырзатай ағай бәрімізді қазіргі «Атакенттен» сәл төменірек орналасқан №8 құрылыс-монтаж басқармасының кеңсесіне алып келді. Кеңсе төлқұжатымызға осы құрылыс ұйымына жұмысқа тұрғанымызды куәландыратын штамп басты. Сөйтіп, біздің әрі студенттік, әрі жұмысшылық күндеріміз басталды.
Көп ұзамай Мәрия деген бір қызымыз тұрмысқа шығып, Алматыдан кетіп қалды. Енді төрт ұл, үш қыз. Ескеннен бөлек Әбіш Аязбеков және Бауыржан Жалмиев дейтін балалар, Дәржан Базарбаева, Гүлбаршын Бекмұратова, Жаңылсын Нұрлыбаева деген қыздар кешкі оқуымыз бен күндізгі жұмысымызды ұштастырып жүріп жаттық. Жоғары курсқа келгенде Дәржан журналистика бөлімінде оқитын қазіргі белгілі жазушы Берік Шахановпен отау құрды. Гүлбаршын да кейін танымал спорт журналисі болған Рабат Жәнібековке тұрмысқа шықты.
Ал бірінші курста біз ойын баласынан сәл-ақ ілгері едік. Жатақхананың дәліздерінде ойнақ салып кететін кездеріміз болатын. Сөйте тұра таңғы сағат 6-да тұрып бүгінгі Жароков көшесіндегі тұрғын үйдің құрылысына жұмысқа келеміз. Жасы үлкен, әрі орысшасы тәуір Ескен бригадиріміз сияқты. Құрылыс инженерімен сөйлесіп, бізді жұмысқа бөліп жатады. Істейтін жұмыстарымыз лай тасу, қоқыс тазалау, кірпіш әперіп тұру, дәнекерлеушінің асай-мүсейін көтеріп беру. Жұмыстан бір сағат ерте шығамыз. Кәмелеттік жасқа толмағанымыз бар, әрі бас ғимаратта кешкі сағат 6-да басталатын сабаққа үлгеруіміз керек. Ал, сабақтан сағат түнгі 10-да шығамыз. Шығамыз да қасымыздағы қазіргі Қабанбай көшесінің бойындағы нан дүкеніне жүгіреміз. Ол сағат 11-де жабылады. Соған дейін үлгеріп қалуымыз керек. Ол кезде бағасы алты тиындық көлемі әжептәуір бәліш болатын. Қарынға қанағат. Ал 14 тиындық лепешкаға ақшаң жетсе, тіпті керемет! Сөйтіп газды судың бір стаканымен соғып алып, автокөлік жүрмейтін Виноградов көшесіне (қазіргі Қарасай көшесі) түсіп алып, жатақхана қайдасың деп тартатынбыз. Шіркін жастық-ай! Кейде тамақты да, басқаны да ұмытып қазіргі Абылай хан мен Қабанбай көшелерінің қиылысындағы балалар мен жасөспірімдер кинотеатрынан кино көретінбіз. Сөйтіп жатаққа түнгі сағат 12-де ғана оралар едік.
Дегенмен бірінші курста біз үшін ең қызықтысы жұмыс та емес, лекция да емес, жатақхана болды. Өйткені үшінші курстың студенттерімен тұрдық. Олардың әңгімелері бізге кейбір министрлік қызметкерінің берген сабағынан әлдеқайда әсерлі болды. Қалай әсерлі болмасын, біз сол кезде болашақ үлкен жазушылар Марал Ысқақбай мен Кәрібай Ахметбековті тыңдап жүріппіз. Екеуі жұбы айрылмастай дос еді. Тағы бір қызылордалық Зәкім деген бала болды. Ортадағы жапсарластырып қойылған екі төсекте үшеуі жататын. Марал ағамыз біз үшін қазына. Батыстың кез келген жазушысы, олардың шығармалары туралы майын тамызып әңгімелеп береді. Ол кісі айтқан жазушыларды оқи бастағанымыз бізге көп пайда берді. Өйткені кейін олардың денін оқу бағдарламасынан ұшыраттық.
Ал, Кәрібай ағамыз әзілкеш еді. Студенттік өмірдің небір қызық оқиғаларын айтып, аузымыздың суын ағызатын. «Үш жылда бір-ақ рет жеңілген атақты боксшымыз», – деп таныстырды бөлмеге кірген курстасын Кәр-ағаң. Соншама уақытта бір-ақ рет жеңілу деген керемет қой. Біз әлгінің бойы-басына таңдана қараймыз. Әбден бізді таңдандырып алған соң Кәр-ағаң «Рас, рингке үш жылда бір-ақ рет шыққан», – деп сылқ еткізе салады. Мұнда күлмегенде қайда күлесің.
Кейде бөлмеге Өтежан Нұрғалиев келеді. Біз мектепте оқып жүргенде Өтежанның өлеңдері жиі басылып тұрды. Жас ақынның таланты жайлы әңгімелер де еститінбіз. Сол Өтежан әлі студент екен. Бас ғимараттың акт залында өткен үлкен жиналыста алғаш мінбеден көрдім. Өлең оқыған жоқ. Жалпы, бұл саяси-идеологиялық жиын еді. Ол сөзін жиналыс төрінде отырған Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің хатшысы Камал Смайыловқа арнап айтты. «Сіз қай жерде сөйлесеңіз де мені оқудан шығып кеткен студент ретінде сынайсыз. Менің аты-жөнімді баяндамаңыздан алып тастайтын уақыт жетті деп ойламайсыз ба? Өйткені сіздің дерегіңіз ескірді. Мен әлдеқашан оқуыма қайтып кіргенмін. Тіпті, кілең беске оқып жүрмін. Сенбесеңіз, қасыңызда отырған «деканымыз Тауман Амандосовтан сұраңыз», – деп шүйіле сөйлеген.
«Мен Розаға арнап өлең шығардым», – деді бір келгенінде Өтекең. Роза өздерімен бірге оқитын қыз, Сәкен Жүнісовтің қарындасы.
Біз, әрине, ақынның теңеуіне таңданып, зілсіз әзіліне күлеміз. Ал ол болса, ары қарай орыс ақындарының өмірінен небір қызық деректер айтып кетеді. Біз осылай жоғары курспен бөлмелес болғанымыздың арқасында көп білім жинадық.
Стипендия алған күні ағаларымыз біраз желпінеді. Бірақ, ондай күндер ұзаққа созылмайды. Ақшалары тез таусылып, біздерден бірінші курстықтардан қарыз ала бастайды. Біз де «жоқ» дегенді білмейміз. Соңғы тиынымызды бөлісіп, өзіміз де «отырып» қалатын кезіміз болады. Жағдай осыған жеткенде Ескен: «Қой, ауылға барып қайтпаса, болмады», – деп жолға жиналатын. Ол, Отар стансасынан еді. Пойызбен үш сағаттық қана жол. Сенбіде кетіп, жексенбі күні қайтып оралады. Ескен үйінен келді дегенше бөлмеге береке кіреді…
Оқуға да, жұмысқа да алаңсыз кірісеміз. Бірақ жұмыс бізге
еңбекақыны өте аз төледі. Әйтеуір жарытпады. Күн суып, қар түскен соң жұмыс басына келіп жағдайымызды көрген Мырзатай ағай күйініп: «Жарытып ештеңе төлемесе, мына суықта жұмысқа шықпай-ақ қойыңдар. Бәрібір сендерді ешкім оқудан шығара алмайды», – деді. Сол сөз себеп болып, қыста жұмысты тоқтаттық. Бізді іздеген де ешкім болмады. Осылай бірінші курсты бітіріп, өзіміздің үйірімізге қосылдық.
Ескен, Дулат, Әділ Дүйсенбек бәріміз бір бөлмеде тұрдық. Енді ойлап отырсам, бұл бәріміздің шығармашылыққа шындап бет бұрған кезіміз екен ғой. Көбіне бірдеңе жазып, не оқып отырамыз. Бұндай кезде бөлмеде шыбынның ызыңы естілетін десем, артық емес. «Қазақ әдебиеті» газетінде алғашқы «Үш жүрек» атты әңгімесін жариялаған Дулат «Жолда» атты әңгімесін жазды осы кезде. Бұл әңгімесі жинаққа енді. Содан соң ол «Шойынқұлаққа» кірісті. Көбіне, жатақхананың жертөлесіне түсіп кетеді. Оның дәлізі жап-жарық. Бір үстел және орындық тұратын. Міне, сол үстелге отырып алып түннің бір уағына дейін сілтейді. Кейде мен қызық үшін төмен түсіп көріп қайтамын.
Ал, Әділ бөлмедегі үстелді иемденеді. Сонда отырып өлең бұрқыратады. «Жұлдыз» журналының кезекті санына бір өлеңі жарияланған соң тіпті қанаттанып алды. Сол өлеңнің бірі «Шопан таңы» деп аталды. Ол өлең ауылында бір-екі жыл қой бағып келіп оқуға түскен жалғыз Әділдің ғана емес, алпысыншы жылдардағы бозбалалардың баршасының көңіліндегі көріністер.
Кейде бөлмеге курстасымыз Марат Отаралиев кіреді. Көтеріңкі көңілмен кіреді. Марат та республикалық басылымдарға өлеңдері жариялана бастаған. Бірақ, оның студенттер арасындағы даңқы жарияланбаған өлеңімен шықты. Ол өлең мынау:
Көмбеңдер мені өлгенде,
Көмуге мені бола ма?
Шалықтап жүрген өр кеуде
Сияр ма, сірә, молаға?Сөнер-ау рас күн сәулем,
Бірақ та қайдан от өлсін.
Өкіріп көрден тұрсам мен,
Өзің де шошып кетерсің.
Қылықты сол бір ұнатам,
Сонымен жаным көрікті.
Ол аздай түртіп оятам,
Жанымда жатқан өлікті.
Өліктер сосын ұғысып,
Ұғысып бірге мың тілек,
Содан соң аздап сыра ішіп,
Оқимын өлең күркіреп.
Өлікке басқа бақ қайда?
Жылынар өлең отынан.
Ақын деп таңдай қаққанда,
Мас болып мүлгіп отырам.
Асылы мені көмбеңдер,
Айтатын басқа ойым бар.
Қаңғып бір жүріп өлгенде,
Араққа салып қойыңдар!
Ол өзі бұл өлеңді Т.Шевченконың «Өсиетінен» тудырдым дейтін. Солай екені көрініп те тұр. Бірақ, бұл жалаң еліктеу емес. Бұл сыра ішіп бұрқырап жүрген өмірді дәріптеу де емес.
Өмірдің ащысын да, тұшысын да татқан жасымда қазір ойлап отырсам, бұл өлең Мараттың жүрегіндегі жарылыс екен-ау? Қоғамдағы ғаламат әділетсіздікпен бетпе-бет келген әр ақынның жүрегінде жарылыс болады. Бірақ сол жарылыс әр ақынның шығармашылығында әртүрлі көрініс береді. Марат ақынның жүрегіндегі жарылыс осылай көрініс берген.
Ал Ескен Елубайдың бұл ақындардан табиғаты бөлек. Оның жүрегі Мараттың жүрегіндей жарылмайды. «Па, шіркін, таңым неткен сүйіктісің», – деп Әділ құсап тамсанбайды да. Бір қарағанда прозашы Дулат құсап жол үстінде кездескен арлы мен арсызды, ұятты мен ұятсызды, қайырымды мен қатыгезді, тәрбиелі мен тәрбиесізді өмір сынына салып, «Адам» деген аса күрделі құбылыстың қыртыс-қатпарын ашудың машақатынан өзін аулақ ұстағандай болып жүреді. Есесіне Ескен балаларды Дулат суреттеп отырған үлкен өмірге дайындады. Ол біздердің ортамызда жүргенімен өмір бойы балалар әлемінде өмір сүрді. Бізге әзіл тастап қойып, өзі сол балалар әлемін жан серігі етіпті. Ес-ағаңның көп адаммен араласпай оңашалау жүргенді қалайтыны содан болса керек. Біле білген адамға балалар әлемінен артық әлем бар ма? Бірақ, бұндай адам бала тірлікті болып қалады деген сөз емес. Керісінше, үлкендер әлеміне араласқан адамдардың қартайғанша бала көңілін сақтап қалуы ерекше қасиет. Сондықтан да балалар әлемін жырлап, жырларында жүрегі езіліп, махаббаты сезіліп тұрады. Ол балалармен бірге сүйінеді, қуанады, ойланады, ойнайды, ренжісе де шәй орамал кепкендей тез жадырайды. Оның төсегі шифонердің қалқасында тұрушы еді. Сол төсегінде отырып жазатын. Жылдар өтті. Үлкен ақын атанды. Енді оның талантына өнердің өзге түрлерінен де сұраныс түсе бастады. Ол қуыршақ театрына арнап пьесалар, киноға арнап сценарийлер жазды. Бірақ, бәрібір балалар әлемінен айнымады.
1964 жылдан студенттік құрылыс отрядтары жасақталды. Үшінші курсты бітірген жылы Солтүстік Қазақстан облысына аттандық. Сулы деген стансадан түсіріп, әр шаруашылыққа таратып жіберді. Біз Тимирязев ауданының бір кеңшарына бөліндік. Алғашқы күні жататын жай, төсек-орын дайын болмай клубтың маңында ошарылып қалдық. Кеңшардың бізге жауапты адамдары не істерін білмей жүргенде амалды осындағы бір қазақ жігіті тапты. «Бұл кеңшарда бес-алты қазақ үй бар. Соларға бөлініп қонып шығыңдар», – деді ол. Танымайтын үйге қалай барамыз? – Өзім ертіп барып орналастырамын, – деп ол жаңағы бес-алты үйдің иелері кімдер екенін айтты. Біреуі бас зоотехник екен. «Біз сол үйге барамыз», – деді Ескен бірден. Сөйтті де баратын балаларды топтады. Баяғы кешкі оқитындардан Бауыржан Жалмиев екеуміз, арамызда бірінші курсты бітіргендер де бар еді. Солардың бірі жерлесім, әрі сыныптасым Рафаэль Ниязбеков болатын. Пойызда осы курстан ақын Жұматай Жақыпбаев та купелес болып келген. Өзі менімен түйдей құрдас екен. Ескен дереу осы бесеуімізді бөліп алып, бас зоотехниктің үйіне тарттық. «Сендерге ет жегізем», – деп қояды қуақыланып.
Бас зоотехник бір текті салынған шағын ғана үйде тұрады екен. Отыздың ішіндегі келбетті жігіт. Жұбайы да, анасы да жатсынбай жақсы қарсы алды. Бірақ, Ескеннің ойлағаны болмады. Алдымызға арқа қазақтарының дәстүрімен ет толы астау қойылған жоқ. Кәдімгі өзіміздің ауылда соғым таусылған кезде жейтін нансалма келді. Үстінде ұсақтап тураған шөкім еті бар. Таңдансақ та, сыр бермеуге тырыстық. Дегенмен, біздің жайымызды үй иесінің өзі ұқты. Бәрімізден жекелеп сұрады. Бауыржан ақтөбелік, қалғанымыз Алматы мен Жамбыл облысынан едік. «Мен Алматыда оқу бітіріп, сендердің облыстарыңда практикадан өттім. Онда мал көп. Әсіресе, уақ мал. Демек, зоотехниктің үйі етсіз болмайды. Ал, біз астыққа негізделген шаруашылықпыз. Осыдан бір-екі шақырым жерде тауарлы-сүт фермамыз бар. Сондағы ірі қараның анда-санда біреуін сойып, теңдей үлесіп аламыз. Сондықтан осы берген дәмді қанағат тұтыңдар», – деді.
Әрине, бәріміз сыпайылық білдіріп жатырмыз. Дегенмен, Жұматайдың езуіне мысқыл үйіріліп, Ескенге қарады. Ескен оған «тыныш отыр» дегендей қабағын түйіп қадалды. «Жасыңыз үлкен ғой, дәмнен алдымен сіз ауыз тиіңіз», – деп Жұматай езуіндегі мысқылды емеурінмен ғана жеткізді. Әзілді әдемі қабылдайтын Ес-ағаң жадырап күліп алды да, қолындағы қасығын жайпақ табаққа созды.
Дегенмен, Ес-ағаңның бізді таңдап бөліп алуының пайдасы да тиді. Таңертең клубқа қарай өтіп бара жатқанымызда кеңсенің алдынан бір кісі қайырылды. Прораб екен. Оған осындағы кейбір нысандарды қысқа әзірлейтін құрылыстан хабары бар жұмысшылар керек екен. «Біз құрылыстың не екенін білеміз», – деді Ескен. «Бірінші курста құрылыста жұмыс істеп жүріп оқығанбыз». Сонымен не керек, басшылықтың ұйғарымымен осы бесеуміз құрылыс бөліміне жіберілдік. Тіпті, орнымыз да бөлек болды. Бір пәтердің кеңдеу бөлмесіне бес төсекті сықастырып қойып берді.
Біз жұмысқа ұйқымызды әбден қандырып, сағат 9-да келеміз. «Құрылыста істегенбіз», – деп ұрандатқанымызбен жайымыз белгілі. Ол кезде істегеніміз қара жұмыс болатын, мына жерде шын шебер керек. Сол шеберлік ешқайсымызда жоқ. Бригадиріміз Ес-ағаң «істейік» деп бізді құлшындырғанымен өзі көп нәрсенің көзін таба алмайды. Жұматай да ағашты шегелегеннен гөрі айналасындағыларды сөзбен шегелегенге бейім. «О, өмір қолың емес, мойның емес денеңмін, Пушкин емес, Горький емес, Әлімжанов Еленмін», – деп жұмысқа бар пейліммен кірісіп кеткен мені бір көтермелеп қояды. Содан соң ынта-шынтасын салып жұмыс істеп жатқан Рафаэльді мақтайды. Рафаэльдің азан шақырып қойған аты Рәпілбек болатын. Оны «Рафаэль», – деп Жұматай атады алғаш. Жұматайдың аузы дуалы болды. Сол Рәпілбек қалың қазаққа Рафаэль ақын болып танылды кейін.
Күндер осылай өтіп жатты. Кешкі тамақтан соң қол бос. Ауысымнан шыққан қырмандағы ұл-қыздармен қосылып, көл жағалап қыдырамыз. Түрлі ойындар ойнаймыз. Ал кейде төсегімізде отырып алып әркім өз тірлігімен айналысады. Мен көбіне кітап оқимын. Үш ақын өлең жазады. Бәріміздің қағазға үңіліп қалғанымызды көрген Бауыржан: «Бәрің ақын-жазушысыңдар (Сол жазда «Таңғы шық» атты жинақта менің тұңғыш «Ән сыры» атты әңгімем жарық көрген)». «Ендеше мен музыка шығарамын» деп, қолына таяқша алып, соны тербетіп отыратын.
Жұматай өзін ақын ретінде оқырманына кең танытқан «Ләйла» цикліне дейін қыздар туралы көптеген әзіл өлеңдер шығарған.
Ал Рафаэль болса әзілден гөрі бабалар рухына бойлап кетіп:
– Бабам менің жақсыны көп тізіпті,
Желге төсін айқара өпкізіпті.
Бір садақтың бір оғын егескенде,
Он жүзіктің көзінен өткізіпті.
Кәсіп етті білмедім өзге немен,
Атағына өмірі сөз келмеген.
Түсірсе ол түсірген бір-ақ атып,
Өзгелердей екі рет көздемеген, –
деп шамырқанады.
Студент Рәпілдің студенттер арасында сұрапыл ақын атанып жүрген кезі еді бұл.
Ес-ағаң басын тауға да, тасқа да ұратын жігіт шағында да ол өзінің тілге жұмсақ, жүрекке жылы тиер әзілін, ойнақы өлеңдерін жазды. Бәлкім оның шығармаларының арасында қыздарға арналған ғашықтық жырлары да бар шығар-ау. Мен әйтеуір оның махаббатының тұрақты болғанын жақсы білемін. Химия факультетінде оқитын Әсиямен қалай танысты, солай екеуі өмір бойы қол ұстасып жұбын жазбай өтті. Әсиямен біздің танысуымыз да есте қаларлықтай болды. Әбіш екеуміз жатақханамыздың қарсы бетіндегі «Никольский» базардан шықсақ, Ескен бір қызбен келеді екен. «Қазір мен оны қатырамын», – деді Әбіш. Сөйтті де «ай-шай» жоқ Ескеннің қасына ентелеп келіп: «Іздеп таппай қойып едім, сен тағып кетіпсің ғой; қане шеш, «галстугімді», – деп қиғылық салды. Ескенді осылай жаңадан танысқан қызының алдында қысылдырмақ болғаны. Оған қысылатын Ескен бе, асықпай қарқ-қарқ күліп алды да:
– Әй, ана бұтыңдағы шалбар менікі ғой, – деп өзіне жармасты. Орысшалау болса да Әсия достардың әзіліне түсінді.
Солай, Ескен әзілді айта біліп қана қоймай, көтере білетін. Тіпті көп адамның өз әзілін өзіне бұрып жіберіп, түк жұқтырмай тұра білетін кезі де болатын.
Рафаэль үшеуміз жатақхананың ауласында тұрғанбыз. Ескен қарап тұрмай Рафаэльді сөзбен шымшып алды. Рафаэль ыза болып, тілдеп салды. Ес-ағаң түк болмағандай «қатырдың, ә» деді қасымыздан өтіп бара жатқан екі қызды нұсқап. Сөйтіп, Рафаэльді әлгі екі қызды боқтаған етіп көрсетіп жіберді. Екі қыз Рафаэльге ашуланды, Рафаэль Ескенге ашуланып, шап-шәлекей болды, ал Ескен болса, миығынан күліп қойып қарап тұрды.
Алайда, қашан көрсе әзіл айтып ортасын күлкіге бөлеп, ал оңаша қалғанда балалықтың ауылына сапар шегіп, бүлдіршіндермен ғана сырласқанды ұнататын Ескеннің бар болған-біткені осы деп келте пікірге келуге болмайды. Ес-ағаңның мақсатын орындамай бір тынбайтын табандылығы, қайсарлығы, керек болса, жүректілігі де жетіп жататын.
Жоғарыда сөз болған Солтүстік Қазақстанда бір күні кешкілік асханада шу шықты. Оны бастаған курстың старостасы, ал осындағы бригадиріміз Ермек Демешов. Ермек әскери борышын өтеген, өзі павлодарлық болғандықтан тың игерген ауылдардың да жай-күйін жақсы білетін еді. Ол бізге беретін тамақтың сапасыздығына наразылық білдіріп, студенттерді де, жүргізушілермен бірдей тамақтандыруды талап етті. Көп ұзамай асханаға бір топ жергілікті жігіт кірді. Ішінде сары шашы дудыраған біреуі қызу. Ең денелісі де, белсендісі де сол. Олар «бергенді ішіп-жеп» жайларыңа жүріңдер деп біздің балаларға тиісе бастады. Тіпті, «сен массың» деп бетіне сөйлеген бір қызымызды тірсегінен теуіп те жіберіпті. Не керек, у-шу, ұмар-жұмар болып сыртқа шықтық. Ескен әлгі дәуді ұстап алды. «Қызда нең бар, қолың қышып жүрсе менімен төбелес», – деді оған. «Сен төбелес дегеннің не екенін білесің бе», – деді әлгі.
– Ал, сен ше?
– Мен білемін.
– Ендеше мені ұр, – деді Ескен. Мен кезегімді беремін. Содан соң ұрамын.
Бірақ, әлгі дәу ұрмады. Көп сөйлеп кетті. «Төбелеске көп сөздің керегі жоқ. Не қыздан кешірім сұрайсың, не біз сені ұрамыз», – деді Жұматай сөзге араласып.
Дәу, талдырмаш денелі, бойы да пәкене Жұматайға менсінбей қарап:
– Сен бе, мені ұратын? – деп сұрады.
– Мен, – деді Жұматай.
– Ты, крошка! – деп ұмтылған дәу Жұматайдың иегінің астынан ұстады. Сол кезде Жұматай оның иегінің астынан көз ілеспес жылдамдықпен перді дейсіз. Дәу кескен теректей сұлап түсті. Орнынан тұрайын деп басын көтеріп, қолын жерге тірей алмай қайта құлады. Жанындағы жолдастары көтеріп әкетті. Жұматай бірінші разрядты боксшы еді. Ал, Ескен боксшы болмаса да, қыз намысын алдымен жоқтап, қайтпайтын қайсар екенін көрсетті.
Астық жинап оралған соң көп ұзамай мен әскер қатарына алынатын болдым. Бұл да Хрущев заманы, оның тұсында көптеген жоғары оқу орындарының әскери кафедралары жабылып, студенттері армия қатарына шақырылды.
Осы тыңдағы құрылыста бауыр басқан топ мені әскерге шығарып салу кешін ұйымдастырды. Кеш Жұматайдың ағасы Құлтай Жақыпбаевтың бір бөлмелі пәтерінде өтті. Ағасы мен жеңгесі үйде болған жоқ. Студенттік кештің көңілді өткені сонша таңның атқанын білмей де қалыппыз. Қоштасар сәтте Жұматай мен Рафаэль курсының (армиядан оралған соң өзім де солармен бірге оқыдым) Сәлима, Әтен, Жақсылық атты жас қыздары көздеріне жас алды. Оларды көріп, менің ақкөңіл Рафаэлім де «арысым-ай» деп кәдімгідей дауыс шығарып қалды. Сонда Ескен: «Сендер көп жылап қимасаңдар Елен бірінші Алматы вокзалынан түсіп қалып, қайтып келеді Марат құсап. Әлі құтыла алмайсыңдар бұдан», – деп күлдіріп еді. Марат Отаралиевты бүкіл курсымыз болып әскерге екінші Алматы вокзалынан шығарып салғанымызда, ол «сендердің шығарып салғандарыңды қимадым», – деп бірінші Алматыдан түсіп қалып қызық қылғаны бар.
Әскер университетке мектеп қабырғасынан бірден келіп түскен мені тез есейтті. Ал, бесінші курсқа көшкен менің достарымның алды үйлене бастады. Сонау Таллин қаласында жүріп Дулат пен Нұрғайшаның үйлену тойына шақыру билетін алдым. Келмесем де естіп-көріп қуанып жүрсін деп салған ғой. Тура сол кезде маған демалыс берілмесі бар ма? Сөйтіп, досымның үйлену тойына арнайы келіп қатыстым. Ал, әскери борышымды мерзімінен бұрын өтеп, Мәскеу арқылы Алматыға ұшып келгенімде Ескен мен Әсияның тойының үстінен түстім. «Ниеттерің қалыс екен», – деп жатады ғой мұндайда. Бұдан кейінгі өмір бөлектеу. Бәріміз де отбасылымыз, оның үстіне қызметтеміз. Басқаша айтқанда, бұл үлкендер өмірі. Ал, үлкендер өмірі дегенің студенттің бір оқытушыға ғана тапсыратын емтиханы емес, мың-миллион адамға тапсыратын Алланың сынағы. Бұл сынақ жанын қысқанда өсек те, өтірік те айтып, небір қулық-сұмдыққа баратын, жақынына жала жабатын кезі де көп кездеседі жұмыр басты пенденің. Біз үлкен өмірде бір-бірімізге деген бала көңіліміздің шырқын бұзған емеспіз… Сөйтіп мен өзіңді тек адам ретінде білдім. Ал, өмірден озған соң ақын ретінде қайыра көргім келіп, облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасына келдім. Ескен кітапхананың қақ төрінде тұрып қарсы алдың мені. Кәдімгі қара костюм, ақ көйлек киген портретің. Кітапхананың директоры Гүлфайруз Қапар деген қызың сенің 75 жылдығыңа байланысты 2017 жылды өз жүйесінде «Ескен Елубаев жылы» деп жариялағанын айтты. Соған орай барлық аудандар мен қалаларда «Ескен Елубаев оқулары» өтті. Оның біразына қатыстым. Сөйтіп мен ақын Ескенді мектеп оқушылары арқылы таныдым. Оқушылар сенің өлеңдеріңді бірінен соң бірі жатқа оқып жатты. Сахналық көріністер, кинодан үзінділер көрсетті. Ал менің көз алдымнан екеуміздің бірге жүрген өміріміз тізіліп өтіп жатты…
Елен ӘЛІМЖАН
Тараз қаласы.