(ақын Есенқұл Жақыпбеков жайлы толғаныс-ойлар)
Мен Есенқұлды титтәйінен, сонау бала кезінен білемін. Аудандық «Екпінді еңбек» газетіне өлеңмен жазылған мысал, сықақтарының төрт-бесеуі шықты. Тілі тотияйындай, өлеңінде мін жоқ. Елеңдесіп, бұл кім екен деп жүргенде, өзі іздеп келіпті.
Редакцияға кіре алмай есік алдында ұялып тұр.
– Мыналарды жазған сенбісің?
– Иә… дейді.
Жөпелдеме журналистке тән қызығушылықпен бәрін сұрап жатырмын. Бірлік ауылынан, Шамалғандағы училищені бітіргені жаңа екен..
– Газетке қызметке шақырсақ қалай қарайсың? – деймін.
– Ол менің мәңгілік арманым ғой, – дейді ұяң ғана тәтті жымиған жас бозбала.
– Жүр онда, – деп алды-артына қаратпай редакторымыз Әбілғазы Тоғызбаевқа алып кірдім. Обалы не, бекер адам редактор бола ма, корректорлыққа қабылдап жіберді.
Бәріміз де жаспыз, дүрілдеген қайран күндер-ай!.. Есенқұл өлең жазады, бірінен кейін бірін ұсынады. Үстінен қалам тигізе алмай талантына бәріміз тәнті болып, бас шайқаймыз.
Аудандық газетте істейтін Жұмабай Шаштайұлы, Өмірәлі Смайылов, Сейітхан Молдахметов, Ратбек Терлікбаев, Әлімжан Дәуітов, Нүсіп Әбдірахимов, Талғат Сүйінбаев, Ержан Мұсаев, Манарбек Ізбасаров және тағы басқа да сол кездегі жастардың бәрі өршіл рухтағы қаламының желі бар таланттар еді. Оларға Жұмағали Жұмаділов, Сәдуақас Бигелдиев, Базарбек Атшабаров, Жұматай Қалығұлов, Ханымбүбі Ақжолова, Тұрсынбек Ешенқұлов, Еркін Құтпанбаев секілді сақа журналистер өз тәжірибелерін айтып, үнемі үйретіп отырды. «Екпінді еңбек» газеті – таланттарды тауып шыңдап, үлкен орбитаға ұшырып шығаратын нағыз әдебиет пен журналистиканың лабораториясына айналған ғажап орта еді.
Түрлі айтыс, кеш, диспут, конференциялар ұйымдастырамыз, мәдениет үйі, жаздық паркте жастарды жинап, поэзия кештерін өткіземіз. Міне, осындай игі істердің басы-қасында Есенқұл жүретін. Алматыдан Оспанхан Әубәкіров, Әсет Бейсеуов, Мұқатай Жылқайдарұлы тағы басқа да ақын-жазушылар, композиторлар редакцияға келіп, апталап жас журналистердің үйлеріне қонып, думандатып кететін.
Үсті-үстіне өлеңдері бұрқырап шығып, Есенқұлдың аты ауданнан асып кетті. Балғабек Қыдырбекұлы, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов секілді аузы дуалы, азуын айға білеген атақты редакторлардың өздері Есенқұлды іздейді.
Ауданды басқарған Бекболат Тұрысжанов ағай газетке шыққан әр өлеңіне таңдай қағып: «Бұл бала талай жерге барады», – дейді.
Талант қоя ма, Есенқұл домбыра тартып, қыршаңқы қиып түсер уытты жырымен айтыс додасына күмп қойды да кетті. Оның әзіл- қалжыңға толы айтқандарын ел іліп алып, ауыздан ауызға жаттап, аңыз қылды. Республикалық айтыста бүкіл елді таңқалдырып, Біржан сал атындағы бас жүлдені жеңіп алды.
Айтыстың құдіретімен Өзбек-
стан, Қырғызстан барды, бүкіл қазақ елін аралап, айтыс туын жаңа белеске көтерген алғашқылардың бірі, бірі ғана емес бірегейі болды.
Айтыс көрігін әбден қыздырып, жігіт ағасы болған шақта «Мен енді айтыспаймын, таза өлең жазамын», – дегені есімде.
Лирикалық сезімге толы өлеңдері жарық көрген сайын оқырманы молайып, жырсүйер қауым оның биік талантын бірден мойындады. Әдемі өрілген өлеңдерімен жұртты әбден мойындатты.
Белгілі мемлекет қайраткері Серік Үмбетов Жамбыл облысына әкім болғанда құттықтап барғанымда:
– Қандай тілегің бар, кітаптарыңды шығарып берейін – деді.
– Рахмет, шын ниетіңізге. Есенқұл бауырым екі папка толы өлеңдер жазып, дайындап қойғанымен кітап етіп шығара алмай жүр,– деп едім Серік Әбікенұлы:
– Екі кітабын да шығарып бер. Қаржысын өзім төлеймін, – деді бірден. Екі кітабын шығарып бергенімізде Есенқұл ақын қуанғаннан жеті қат аспанда жүргендей жыр жинақтарын құшақтап, сел-сел өлеңдерін жазды.
Ұзынағашта тұрғанымда сол кездегі Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Қалдарбек Найманбаев келіп, бір ауданда жеті Жазушылар одағы мүшесі тұратын бірден-бір өңір болғандықтан, арнайы бөлімше ашып, оның жетекшілігіне мені тағайындаған болатын. Осы лауазымды пайдаланып Есенқұлды Жазушылар одағына мүшелікке өткізуге ұсыныс жасадым. Секретариат мәжілісін өткізгенде ол келмей қалды, Қ. Найманбаев жайсаң кісі ғой:
– Жақыпбековтей ақынды қабылдамай кімді қабылдаймыз, – деп сыртынан қабылдап жіберді. Мына тұрған Алматыға келіп Жазушылар одағының мүшелік билетін де алмады, екі айдан соң өзім алып, Ұзынағаштағы үйіне апарып тапсырған едім.
***
Бұл дәл бұдан он төрт жыл бұрын болған жайт еді.
Таңертеңгісін телефон шалады:
– Нәке, елу жылдығым атаусыз кетіп барады, аудан басшылары қозғалатын түрі жоқ, өзің білесің төрт-ақ күн қалды, – дейді мұңайып.
– Сен оған қам жеме, бауырым. Бәрін өзім ұйымдастырамын, – деп іске кірісіп кеттім. Тура туған күнінде 10 қаңтар күні Жазушылар одағының конференц залын алып, кешті ашарда жиналған жұрт симай кетті. Ауданның әкімі кешігіп келіп еді, отыруға орын болмай қалды.
Мерейтойы ғажап ән-жыр кеші болып дүрілдеп өтті. Мұнда Есенқұлдың композиторлығына ерекше мән беріп, ғажап сезімдерге толы керемет әндерін айтқыздым. Тұңғышбай Жаманқұлов, Нұрлан Өнербаев, Ақан Әбдуәлиев және басқа әншілер де оның сезімге өрілген әндерін орындағанда зал жарыла қол шапалақтап, дүр-дүр көтеріліп кетті. Үш сағат бойы залдан бір адам кетпей, кеш соңында Есенқұл гүлге көміліп қалды. Қолтаңба алушылар тым көп болды. Інісі Ақан Әбдуәлиев мәшине мінгізді.
Сондағы қайран ақынның асып-тасып, көңілі көлдей шалқып қуанғаны-ай!
Аудан басшылары Ләззат Тұрлашев пен Махаббат Бигелдиевтердің көмегімен кейін М. Әуезов театрында үлкен жыр кеші ерекше серпіліспен өтті.
Өзі еңбек жолын бастаған баяғы «Екпінді еңбек», бүгінгі «Атамекен» газетіне бас редакторы болып тағайындалды.
Сенатор Л. Тұрлашев:
– Есенқұл ағайымыздың ешқандай атағы жоқ екен ғой, – деп құжаттарын сұратты. Өзіне келгенде тым жұпыны ол керекті қағаздарды жібермей, ақыры өзім жұмысына барып, көзбе-көз толтыртып, Астанаға жеткіздім. Ақыры «Мәдениет ісінің озаты» деген атақ алып, омырауына белгі тақты.
Елу жасқа толған кешін өзім жүргізіп, өткізіп бергеннен кейін:
– Бауырым, алпыс жас мерейтойыңды да кейін дүркіретіп өткіземіз – деген едім.
Сұраншы, Саурық батырларға арналған айтыста:
– Сен, Ақан үшеуіміз енді мерейтойыңды ақылдасайық, – дегенімде:
– Сіздер аман болыңыздаршы, – деген еді ол тәтті жымиып, жұмсақ қана күлімсіреп, нұрлана қарағаны есімде.
– Нақа, мен проза жазып жүрмін. Проза жазуға ниет еттім, – деді сонда.
– Оның дұрыс шығар, бірақ сен құйма таза лирик ақынсың ғой, – дегенім бар.
Қайдан ғана білейін, бұл ақын ініммен соңғы дидарласып, тілдесуім, көруім екенін. Қайдан ғана білейін тағдырдың осыншама қатыгез опасыздығын!? Қайдан білейін?..
Алпыс жылдығына орай мерейтойлық мақала жазудың орнына еңіреп, жер тоқпақтап қалдық қой. Алпыс жасына бірер ай ғана жетпей кенеттен үзіліп кетті дегенде сенер-сенбесімізді білмедік.
Бүкіл қазақ баласы, ата-баба даласы, алаш жұрты қайғы-шерден теңселіп кетті.
Кеңес Одағы қабырғасы сөгіле бастағанда ұлт ұйқысынан ояна бастаған тұста біздер Қазақстанда тұңғыш «Қазақ тілі» қоғамын құрдық. Ауданда осы орайда Орысбек Нүсіпов, Есенқұл үшеуміз жарғақ құлағымыз жастыққа тимей жүріп көптеген шаралар ұйымдастырдық.
Қазақ елінде ұзақ жылдар айтыс өнері тоқтап, тоқырап қалғанда мәдениет жанашыры Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз алғаш рет Ұзын-
ағашта айтыс ұйымдастырып, тың серпін берді. Сол айтыс өнерін биікке көтеріскеннің бірі, бірі ғана емес бірегейі Есенқұл еді. Түркі әлеміне ғана тән өзгеше де өзекті жанр – айтыста бармаған жері жоқ, алмаған бәйгесі қалмады. Тіпті, қырғыз еліне сан мәрте барып, додалы үлкен айтыстарға қатысып жүрді, Өзбек елінің шақыруымен Өзбекстан айтыскерлерімен талай-талай айтысты. Олардың айтыс ақындарын Ұзынағаштағы Есеқұлдың үйінен жиі көретінбіз.
– Түркі әлемінің әдемі де әсерлі тілі, өнері бірден магнитше өзіне тартып, баурап алады. Мен қырғыздан да, өзбектен де көп ақын достар таптым, – дейтін Есенқұл.
Есенқұл – қайталанбайтын біртуар ғажап ақын. Оның сыры неде? «Гүл өскен жерге түп өседі» демекші бүкіл түркі әлеміне әйгілі Сүйінбай, Жамбыл сынды ұлы тұлғалар туған киелі топырақ, қасиетті-мекені толғатып Есенқұлдай ақынды дүниеге әкелді. Ол жыр бесігіне тербеліп өсті, құлағынан ән-жыр үзілмеді, төңірегі түгел ән салып тұрды. Әкесі Серікбай да өлең десе құлшынып кететін ақын еді. Біздің елде ежелден кез келген жан жиын-тойда екі-үш ауыз өлеңді құрастырып, айта беретін дәстүр бар.
Есенқұл міне, сол Сүйінбай, Жамбыл салған сара жолға түсіп, ізін жалғастырушы болды. Айтысса қарсыласып алып түсті, өлең жазса күллі жұртты тамсандырып, таңқалдырды.
Оған асып-толып, буырқанып жатқан керемет дарын берді. Ол – Сүйінбай, Жамбыл, Үмбетәлі, Кенен секілді ауыз әдебиетінің алыптарын жатқа соқты, өлең-дастандарын жаттап өсті. Абайдан бастап, күллі шығыс, түркі әлемінің інжу-маржандай ақындарын іздеп оқыды. Көзі кеткен талай ақынның мұраларын іздеуші, жоқтаушысы болды.
Есенқұл – төгілтіп жазатын журналист, сезімді селт еткізер прозашы, алты алашқа аты кеткен айтыскер, әзілімен күлдіріп, күйдіріп түсетін – сатирик, тіпті Сұраншы батыр жайлы пьеса да жазды, тәп-тәуір ән де айтатын, құлағын бұрап домбыра да тартатын.
Осылардан бөлекше ерекше бір қыры – оның ән шығаратын композиторлығы. Оның соңында ешкімге ұқсамайтын, әуез-сазы жүрегіңді елжірететін сырға толы көптеген әндері қалды.
Атап айтар болсақ, «Жұлдыздар бәрін болжайды», «Алдай-ау», «Бақ пен қызыр қонған», «Барады өтіп келте өмір», «Қанағат керек бәріне», «Қара күз», «Құстар әні» тағы басқа да өлеңдеріне әуезге толы ән шығарды.
Ал оның өлеңдеріне Ербол Спаналиев, Жәкен Омаров, Берік Бөкебаев, Қадырғали Көбентай, Табылды Досымов, Қадырбек Мәлібеков, Бағлан Омаров, Бауыржан Есебаев Роза Әлқожа және тағы басқа да сазгерлер ән шығарып, олар бүгінде кеңінен орындалып жүр.
Міне, биылғы туған күні қарсаңында Есенқұлдың Түркияда түрік тілінде жыр жинағының кітап болып шығуы – тек қазақ үшін ғана емес, бүкіл түркі әлеміндегі әдебиеттегі үлкен жаналық. Қайталанбас сыршыл ақын, дүлділ ақын Есенқұлдың кітабының Анкарада шығуына үлес қосқан түрік бауырларымызға айтар алғысымыз шексіз. Көптеген игі істерге ұйытқы болып жүретін жазушы-драматург, түркітанушы, Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің жауапты қызметкері Мәлік Отарбаевтың бұл кітапты аударуда өлшеусіз еңбегін ерекше атаған жөн.
Қазақтың ақсақал абызы, сексеннің төріне шыққан Қазақстанның Халық артисі, жыршы, термеші Сәбит Оразбаев ағамен жиі кездесіп, сөйлесіп, көп жайды ұғамын, өнер, әдебиет, мәдениет жайлы арғы-бергі әңгімесіне жаным рахаттанады. Сәбит аға соңғы жаңалықты естігенде қуанып, ағынан жарылды.
– Есенқұл Жақыпбеков, артық айтқаным емес, бүкіл түркі әлемінің жауһар жұлдызы. Ондай ғажайып талант иесі сандаған жылдарда туады. Мен оның өлеңдерін оқыған сайын таң қаламын.Түркияда басылып шыққан бұл кітабы арқылы бүкіл түрік жұрты оның ғаламат жырларымен танысып, сусындайтын болды. Ол бүгінгі – түркі әлемінің нағыз ортақ тұлпар ақыны, – деп Сәбит Оразбаев аға төгіле сөйлеп, ерекше разы болды.
Түрік әлеміне есік ашқан Есенқұл ақын, төрлет қане!
Сенің жырларың – адамзат әлемінде мәңгілік.
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы.