«Өмір өткелдері» өркендей берсін

Нұрғожа ОРАЗ,
жазушы,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері
Алдымда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Өмір өткелдері» деп аталған кітабы жатыр. Дереу оқуға кірістім. «Ер жігіт сегіз қырлы, бір сырлы» болады деуші еді, Елбасының көркем әдебиеттегі тағы бір қырын көрейін деген ынтықтық жан-жағыма қаратпай қалың кітаптың ішіне енгізді де жіберді. Бұлай құныға ұмтылуымның бір ұшы кіріспесіндегі сілтемеден тұтанып от алған еді. Тарихта талай тарландар аттарын ғасырларға аттандырып кетті ғой. Ал қазіргі тарландар ерекше ұмтылып дүлдүл болуы керек сияқты көрінеді маған. Кеше ғана (1928 жылға дейін) көшпелілер цивилизациясын мақсат еткен қазақ қауымының генінде сол өткен өмірдің дағдысы тұр ғой. Жетпіс жыл бойы езгілегенде Кеңес үкіметі де бойларындағы сол дағдыны қуып шыға алмаған.
Ал КСРО-ның соңғы жылдарында арпалысқан айтыс-тартыстың ішінде жүріп, өзгелердің аңдызын байқап, сәті түскен күні Тәуелсіздіктің асыл ұранын еліне жеткізіп, бұрын-соңды болмаған желпініске ие етіп еді. Бостандық бар, қазына бос! Міне, сондай елді алдында айқара ашылып жатқан айнадай жол жоқ, «соқтықпалы соқпақсыз жерден» болашақтың өріне нық бастау – батыр да, ақыл да бір басқа біткен адамның қолынан ғана келер еді.
Кітаптың кіріспесін оқығанда алдымдағы жазумен қатарласа осындай ой келді. Шындығы сол – қоғамдық дамудың бір-біріне ұқсамайтын екі өркениеті бары белгілі. Соның батыстық түрі адам ақылының прогрессивті түрін таңдап алып биіктерге қарай алға басып кетті. Елбасының осы кітабында сол озық елдерге халқын жеткізу, онымен де тынбай көрінер көзге көбінен асып түсу.
Бұл шығарманы әрі қарай оқыған сайын осы кітап көркем әдебиеттің қай жанырына жатады деген ой туады. Енді ойланып көрелік – көркем әдебиетте басты кейіпкер алғаш көрінгеннен бастап әр оқиға тұсында біртіндеп толыға, дами береді ғой. Мұнда да сондай. Балалық шағындағы көріністер кітаптың оқиға аренасына оқырманын сүйсінердей іс-әрекетімен еркін басып кіреді.
Дегенмен, бұл кітаптың бұрын-соңды кездесе бермейтін құрылымы таңдандырады. Бұл өзі анау-мынау сұхбат еместігі көрініп тұр. Екі достың реті келгенде оңашада отырып сырласқанына жақындау, сырласу болғанда да барша әлемге қатысы бар ел тағдырын екшеп, соған қандай серпіліс жасалғаны еркін аңғарылады. Көркем әдебиет деудің де жөні бар, мұнда жеке тұлғалар тағдыры бастан-аяқ өрбігенін көретін болсақ – Нұрсұлтан Әбішұлының сом тұлғасы, ұлы бейнесі жан-жақты әсем де әсерлі сомдалған. Екінші бір ұлы тұлға – қазақстандық халық өмірдің өзіндей өрнектеліп көрсетілген. Тәуелсіздік алған тұста қолында ештеме қалмаған халық жетімсіреп жан-жағына алақтаумен болса, көп кешікпей Қазақстанның Тұңғыш Президенті сол жаутаңкөз халқына қолын созды. Қорқынышты ой батпағынан жарық дүниеге суырып алды. Осы екі тұлға бұл кітапты ерекше қасиеттеп тұр. Оқыған сайын санаңдағы ой сарайың кеңи береді. «Осы қалай?» деп көңіліңде көмескілеу жүрген өмір қалтарысын алдыңа әкеліп ақтарыла ашады. Сондықтан да бұл еңбек тек Президенттің жеке өмірін көрсету үшін жазылған кітап емес, жалпы республика халықтарының өсу жолы, жаңа өмірді игеру жолы демекпіз.
Бұл кітап жанр жағынан мемуарлық лебі бар, сұхбат па деп те қалатын, деректі баяндау ма деп те ойлайтын, шындап келгенде соның бәрін бойына жинаған көркем әдебиеттің интерпретациялық жаңа түрі. Созбақтап отырып алатын әлді бір шығармалардай емес, ширақы, оқырманын қызықтыра жетектеп отыратын туынды.
«Өмір өткелдері» өзінің алуан түрлі сын-сымбатымен дүниеге келді. Осылай көрінуінің өзі өмір талабына сай дер едік. Халық алдында ақжарма ақтарылғанға не жетсін! Кешегі күні демократия талап еткен Президент сайлауында елі бір ауыздан жабыла дауыс бергенде, Нұрсұлтан Әбішұлына ерекше сенім артып еді. Өйткені, осы кітапта көрсетілген алуан түрлі қиындықтарды жарып өткен Нұрекеңді халқы көріп отыр, әр асуда халқын соңына ерітіп, жеңістерді Республикасына тарту еткенін бағып отыр, жай ғана бағып отырған жоқ, онымен бірге талпынып келеді.
Ал бүгін сол ардагер асылымыз халық алдында жарияланбай келе жатқан ішкі сырын төгілте шындық күйінде ақтарып отыр. Осы кітапты сайлау алдында, бұрынырақ шығарса әлдебір әлжік оппозициянерсымақ «халықтың назарын өзіне қаратып алу үшін кітабын жариялап отыр» дер еді. Ал қазір сондайлардың өзі кітап авторын жан-жақты жете тани отырып, «байқамайды екенбіз ғой» дейтіні анық.
Біз жоғарыда бұл көлемді дүниені оқығанда екі кейіпкері бар деген едік. Әділін айту керек – үшінші бір кітаптың жазылуына қатысы бар адамды айтқымыз келеді. Бұл туындының дүниеге келуіне жан тынысымен, жүрек лүпілімен бәйек болып отырған журналистің батыл да батыр сөздері оны кітаптың негізгі кейіпкерінің бірі демеске болмайды.
Саяси деңгейі озық, білім жоғары, шығармашылық жолына биік талғаммен жетілген. Сондықтан да анау-мынау журналист батылданып кірісе алмайтын, кіріскен күнде де жаңа қоғамды тану қабілеті жете бермейтін қалам ұстартқандар бар. Ал бұл жерде тұлғалы дүниеге белсене кірісу жайын көріп отырмыз. Қоғамды, жаңа формацияны айқын біліп, сол арқылы кітап авторының ой қазынасын түкпір-түкпіріне дейін жарық түсіруде аса шебер дәнекерлік сұраулар қояды.
Нарықтық қатынас сияқты әлемге жайылған, бізге жаңа келіп жатқан қоғамдық құбылыстың идеологы, еліміздегі баспасөз көшінің басында келе жатқан, қазақстандық бірінші басылымның басшысы болғандықтан Сауытбек Абдрахмановтың қойған сұрақтары айтпасқа қоймайтындай айқын екен. Әрбір сауалы жік-жігімен, бірін-бірі толықтыра береді. Ілгері-кейін келетін іркісі жоқ. Халық атынан Елбасымызға сондай бірлестікке келіп дәнекер бола білгеніне мың да бір алғысымызды айтуға тура келеді.
Міне, осындай бірлестік, адамның өзіне қымбат жастық шақ естеліктеріне пейілді саңылау түсіру қандай адамды болса да тебірентпей қоймайды. Көңіл көтеріңкі кезде айтар ой да, жазылар жөн де көркемдікке кенеліп, тілстан толқып кететіні бар. Бұл кітаптан сол бір ерекше тебіреністі танып, білуге болады. Президент өмірін өз аузынан естіп, оның кітабын сол сымбатты ойлармен өрнектеу үшін қойылар сұрау да салиқалы сөздермен білмекші болған оқиғаларды көкейдің арғы, артта қалған жерінен оятып бері тартады. Сондықтан да Нұрсұлтан Әбішұлы шер тарқатып, халықтың алдында көкей көзіндегі ел басқарып келе жатқан іс-қимылдарының түпкі шындығын бір ақтарған екен. Халқының күткені де сол еді.
Әрине, адамның азамат болып қалыптасуы ата-ананың тәрбиесіне байланысты, оған қоса ата-баба жағынан тектіліктің де қатысы бар. Осы орайда Нұрекеңнің шешендігі анасына тартқан екен де, еңбекқорлығы әке тәрбиесінен бойына сіңген екендігін сүйсіне атап өтеді. Ал мәртебесі жоғары ұлылық дәрежеге жетуі тектілігінен. Тортай Сәдуақасов мұрағатпен көп жұмыс істеген, Омбының тарихи қоймасын діттеп атқарған ақын. Сонда Назарбай бабамыз би болғандығын құжатпен дәлелдеген.
Мектепте оқып жүрген кезінен болашақтың нышаны көріне бастайды ғой. Оның сабаққа алғырлығы, пысықтығы маңайындағыларға таныла бастауы анық. Үлкендер жағы ондай баланы дәріптеп, «Түбінде осы баладан ел сүйсіндірер талант, халық қамқоршысы болу шығады» деп сүйсініп тұратын, әр ауылда сондай адам таныр ақсақалдар болады. Сол ауыл қарттары Нұрсұлтан балаға да әлгіндей жақсы тілек арнағаны белгілі.
«Толғауы тоқсан қызыл тілдің» адамды алға бастауға айбыны мол екені белгілі. Бұл туралы автор: «Ойды өлеңмен жеткізуге шебер кісілер менің әкем Әбіш пен анам Әлжан еді. Қарапайым адамдар болса да той-томалақтарда, тіпті үйде отырғанда да ұйқастырып отыратын» (12 бет). Сол сияқты өмірде еркін жүріп еңсере басудың арғы түбінде тектілік жатыр. Қарасай батырды жасынан арқа тұтып, сол бабасындай қайратты да қайсар, алған бетінен қайтпайтын дәрежеге жеткенін ризашылықпен атап өтеді. Одақтық Жоғары кеңестің депутаты болған тұста (Меркі сайлау округінен республика Парламентіне, Леңгір сайлау округінен КСРО Жоғарғы кеңесіне) өзі сайланған жерлерде біраз құрылыстар салдырғанын, одақтық кеңестегі пәрменді сөздерінің нәтижелері халық үшін, сол кездегі республика үшін аса қажет істер. Сол атқарған жұмыстары ол кезде республика басшыларының қолынан келмейтін кереметтер. Міне, сондай дәйекті де пәрменді жұмыстар атқару кезінде арқасында тірегі бар тәрізді екпінмен сөйлеуі батыр атасының аруағы, өзі солай сезіну арқылы болатын құбылыс.
Нұрсұлтан Әбішұлын теледидар мамандары мартен пешінің жанында басына батырлар киетін дулыға тәрізді бас киіммен көрсетеді. Сөйтсе ол Нұрекеңнің болашақ өмірге құрыштай шыңдалып шығатын от-жалынды жер екен. Кітапта сол алауға қақталып, шыңдалар оқу орынын, яғни Днепродзержинскийдегі болат қорытушылар даярлайтын училище екен. Ол жайында былай дейді: «Сабақтан келісімен тамаққа тойып аласың да сәл демалып, заводқа тартасың. Онда күн сайын төрт сағат өндірісте жұмыс істейміз… (61-бет). Жас кездегі қиындықтың өзі ләззат» (61-бет).
Міне, сол оқу кезінде шыныққан жас жігіт кейіннен болатты ғана шыңдап қойған жоқ, қоғамды да – өз республикасындағы сан алуан жұмысты да жалындап жүріп атқарды. Оны біз осы кітаптың әр бетін ашқан сайын көріп, ризалықпен ойға түйеміз. Өйткені, ол атқарған жұмыс біз үшін, қазақстандықтар үшін жасалып жатыр ғой.
Біздің қадірі жоғары Президентіміз кешегі бір Одақта бірге болған тағдырлас республикаларды шет көрмейді. Өз республикасын дамытумен бірге көршілес, тіл жағынан туыстас қырғыз елінде бүліншілік болып, соның салдарынан халық сорлап жатқанда ақыл айтып қана қоймай материалдық, азық-түліктік көмек көрсетті. Бұл біздің қасиетті дінімізде де солай, тұрмысы әлсірегендерге Алланың атынан жәрдем беру парыз екенін Нұрекең хақ мұсылман ретінде жақсы білетіндігін танытты. Тарихта да солай – қырғыз, қарақалпақ ағайындар Әз Тәуке хан тұсында Қазақ хандығына қарап тұрған ғой.
Сол одақтас болған елдер ішінде Украинадағы дағдарыс жайлы өз пікірін білдіреді, тамыршыдай дәл басып, ол дағдарыстардың себебін айтады. «…Украинадағы проблемалардың бір ұштығы саясатты экономиканың алдына шығарып жібергеннен болған сияқты» – дейді. Шындығында да Абай айтқандай: «Бас-басына би болған өңкей қиқым, кетірді ғой бүгінде елдің сиқын» болып шықты ғой украин ағайындар. Өз кітабында осылай жазып отырғанда Президентіміз халыққа бір үлкен сабақ бергендей түйін танытады.
Ел бірлігі – ел болып өркендеу үшін ең басты міндет екенін өз Отандастарына да құлаққағыс етіп, алға өркендеуде қазақстандықтар бір денедей бірге болуын мегзейді.
Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіздікке жету жолында жастардың батыл да батыр қимылдарын қамқоршы ретінде еске алады. 1979 жылғы маусымда ол кездегі Целиноград деп аталатын қалада өткен СОКП Орталық комитетінің «Неміс автономиялық облысын» құру туралы шешім шығарғанына, оған қарсы ереуілге шыққан жастардың табанды да батыл қимылы жеңіске жеткені аталып өтеді. Ал желтоқсан оқиғасы өте күрделі еді. Сол күрделі оқиғаны жан-жақты тарата келіп: «Желтоқсан – ұлт тарихындағы ұлы оқиға». Қарлы қыстың қаһарлы күндерінде басқа түскен сынақ – өз билігің өз қолыңда болмауының салдары. Тәуелсіздіктің қадіріне жетуіміз керек, бақыт бағасын білгеннің ғана басында тұрады деп айтқаным содан», – дейді. Расында да, бүгінгі кейбір керауыздар тәуелсіздік әкелген бақытты сезінбейді, оның ел көркеюіне етер әсерін танып білмейді, Нұрекең соны ескерте айтып отыр.
Халқына қажеттің бәрін өтеп келе жатқан Елбасы туған халқының қажетін еш уақытта шеткері ұстаған емес. Соған орай, тіл тағдырын шешу мәселесін де атап өтеді. Еліміз тәуелсіз ел болып жарияланған тұста Президентке арналған хаттар тобы мемлекетіміздің тілі екі тілді болуын талап еткені айтылады. Қазақ тілінің қадірін арттыру кезінде өзінің ұстамдылығын, айбынын көрсетті. Бұра тартқан біреулердің қоқанлоқысынан жасқанбады, сескенбеді. Сондай айбынымен алған жеңісін бүгінгі көп қазақ ескермейді, бағаламайды. Қазақ бір мақалында «ауру қалса да әдет қалмайды» дейді. Бұрынғы кеңес кезіндегі Одаққа қараған барлық халықты бір тілді ету кезінде үнемі орысша сөйлеп дағдыланып қалған жұрт өзара – бірыңғай қазақтар тұрып орысша сөйлеседі, ескерту жасағанды жақтырмайды. Олардың ойы – қазақ жалғыз мен бе, өзгелер де бар ғой – деген ойда болатын тәрізді. Сонда әр қазақ солай ойласа арғы жағында кім қалады? Қазір ана тіліміз өте қауіпті халде. Өзгені қойып, қазақтың үйлену тойы да аралас тілде өтуді шығарды. Мен оған таяуда куә болдым. Ақша табар асабаға жеріне жеткізе айттым, бірақ ол өз бағытында қалды, мені ешкім қолдап үн шығармады. Әрбір қазақпын дейтін зиялы қауым өзі жүрген ортада үнемі, үздіксіз туған тілін қорғауы халықтығымыздың алдында, Президентіміздің алдында парызым деп білуі керек қой. Алдағы тарих асуларында қазақ тілі – өлі тілдер қатарына қосылмас үшін Нұрсұлтан Әбішұлының батылдықпен, батырлықпен алып берген қадірі биікке көтерілген тілімізді жан жүрегіміздей сақтайық, ағайын!
Үлкен тартыстан кейін ғана конституциямызға қазақ тілі беделімен енгендігі осы ардақты кітапта айтылады. «1989 жылдың күзінде қазақ КСР-індегі тілдер туралы заң қабылданды. Қазақ тілі мемлекеттік тіл, орыс тілі ұлтаралық, қарым-қатынас тілі мәртебелеріне ие болды. Бұл істе маған зиялы қауым өкілдері көп көмектесті» дейді. Парламент жанында құрылған тіл туралы комиссияда халық атынан Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Жұмағали Исмағұлов екеуміз болған едік. Көп екшеліп келіп Парламент отырысында тіл туралы заң қабылданған болатын.
Бұл кітаптағы оқырманымен сырласқан Президенттің алуан түрлі проблемаларды шешкенде көбіне ержүректілігіне риза болып отырасың. Біз мақаланың басында айтқандай Қарасай бабамыздың айбыны қанында лыпып тұрған тәрізді. Шет елдерге шығып, әр деңгейдегі елдердің басшыларымен кездескенде жанында отырған Президент Нұрсұлтан Әбішұлының алдында дәрежесі кіші адамдай құрмет көрсететінін теледидардан көріп жүрміз. Ұлы елдер қатарындамыз дейтін мемлекеттерге барғанда олардың президенттерімен тең сөйлесіп, кейде асып түсіп отыратынын да байқап, өзіміз де өсіп қаламыз. Сөйлегенде қағазсыз шешендікпен төгілтіп сөйлейді ғой. Бұл да бір ұтыс, ұлылықтың көрінісі.
Әрине, кітаптың айтар сыры көп, соның ішінде Астана қаласының астана болуына байланысты ойлар – Президентіміздің осы тұста тарихымыздың төріне өрлеген сөздері айтылады. Барша қазақстанның ұлан байтақ даласын бір орталықтан басқару үшін қажеттіліктің бәрін санамалап келіп Ақмола қаласына тоқтайды. Тарихтың көрсеткішінде «…Тәуке мен Абылай дәуірінен ұлысымыздың туы тігілген. Осы жердегі Бозоқ қаласы бір кезде Қыпшақ хандығының астанасы болған (546 бет)… Ақмоланың өзімнің көңіліме қонған тағы бір тұсы – ерке Есілдің бойында тұрғаны. Өзен деген қаланың сәні ғой» (547 бет).
Бұл жерде астана орнату көп ойдың салыстырмалы шешімі. 1992 жылы ойына оралғанымен өзге адамдарға сыр шашпай тек 1994 жылы ғана комиссия құрып қаланың тұрған жерін жан-жақты зерттеу жүргізіп барып, толық шешімге келгенін айтады.
Сондай талғам-талаппен орнаған Астана қаласы әлемде кездесе бермейтін шапшаңдықпен, құрылыстағы үлкен талғаммен сәулетті де сәнді қала болып өсіп шықты. Бұл қалаға келгендер таңданбай қоймайды, республикамыздың әр тұсынан келушілер былай тұрсын, шет елдерден келіп таңданып, тамсанып кетеді. Бұл әрқырлы, әрсырлы қала Нұрсұлтан Әбішұлының талғамы мен ой-сезімінен туған қала екені айдай әлемге аян. Қаланың сыртындағы «Жасыл аймақ» та Астананы сыртынан төгілдіре киген шапанындай жарасып-ақ тұр. Қала тұрғындарының бір ерекше демалыс орыны да сонда.
Бүгінде тартысқа түскенде, «ЭКСПО-2017-ні» жеңіп алған Президентіміздің тағы бір шетелдік өзі тұрғыластардан артықшылығын көрсетеді. Лайымда абыройлы болғай!
Осы кітапты оқи отырып, халқымыз молынан таныс болуы үшін асыға қолдарына алса деп тілек етемін. Өйткені, 80 жастың сыртына шығып кеткен мен өзім де жаңалықтарымен таныса отырып бір жасарып қалдым.
«Өмір өткелдерін» оқып танысқан адам көп өмірдің қалтарыс бұралаңынан көп дүниені бойына дарытар еді. Қысқасы, бұл кітап – бір университет, үстіміздегі өмір сүріп жатқан заманның әр қырынан мол мағлұмат алуға болады.