Иран тұрақтылығының маңызы
12.01.2018
1403
0

Ирандағы жаппай наразылық салдары төңкеріске ұласып кете ме деп дүниежүзі көз тігіп отыр. Сарапшылар Иран наразылығының биліктегі жүйені жаныштап, халықтық төңкеріс орнатуға дәрменсіз екендігін айтады. Мұсылман әлемінің кіндігі саналатын Парсы жұртында орын алған оқиғаға түрлі саясаттанушылар әр түрлі болжам білдіруде. Біз де осы мәселе төңірегінде арнайы маман пікірін сұрап көріп едік…


Әлкей МАРҒҰЛАНҰЛЫ,
Халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы


– Соңғы жылдары халықара­лық саяси аренада Сириядағы жағдай әлемнің үрейін алып еді. Енді оған Парсы елі қосылды. Иранда болған жағдайға нақты себеп не?
– «Араб көктемі» атауымен ха­лы­қаралық қатынастарда орын ал­ған Таяу Шығыстағы төтенше жағдай саяси, экономикалық, әлеуметтік қайшылықтарға толы кешенді үрдіс болды. Бұл үрдіс 2012 жылдан бастап Сирия секілді эконо­микасы тұрақты, саяси билік жүйесі супер-прези­дент­тік жүйемен бас­қарыл­ған мемлекет­тік аппараты бар елді де айналып өтпеді. Бүгінгі күні Сирия толыққан­ды соғыс жағ­дайында өмір сүріп жат­қаны тағы да белгілі. Дегенмен, Ирандағы орын алған жағдайды да сыртқы саясатта болып жатқан ке­шен­ді байланыс­тардан бөлек қарас­тыра алмаймыз. Себебі 2016 жылғы Иран Президенті Рауханидің билік басына келуімен Иранның халық­-
а­ра­лық изоляциядан шыға бастауы, Иран Ислам Респу­бликасына қарсы Еуропалық Одақ пен АҚШ-тың санкцияларды шарт­ты түрде тоқта­туы­мен аталған елде экономикалық өсімнің жаңа лебі пайда болды. Бірақ жаһандану дәуі­ріндегі эко­но­микалық интеграцияға қо­сылу тек қана сауда көлемін арт­тыру секілді макроэкономикалық мақсаттарды ғана қамтымайды. Өз кезегінде аза­маттық қоғамды дамыту, саяси институттардың тиімділігін арттыру, үкіметтік емес секторды қолдау секілді саяси инклюзивті реформа­лар­дың қажет екендігі се­зіл­ді. Себе­бі, Иран Ислам Рес­пу­бли­касының халқының басым бөлігі – жастар екенін ұмытпау керек. Ал 1979 жыл­ғы Ислам Революциясынан кейін орын алған бүгінгі күнгі мем­лекет­тік жүйе кей жағдайда жастар­дың да талаптарына сай келіп отыр­мады. Одан өзге Ирандағы жағдайға қатысты көптеген ақпарат құралдары негізгі себепті Батыс елдерінен із­дей­­тінін жарыса жазуда. Оның өз себебі бар. АҚШ Таяу Шығыстағы қауіпсіздік белдеуін қалыптастыруда негізгі одақтастар ретінде Израиль, Сауд Арабиясы, Иордания, Египет секілді елдерді атағаны бар. Аталмыш елдердің Иран Ислам Республи­ка­сына қатысты өзіндік мемлекеттік позициялары бар. Аймақтағы көш­басшылық мәселесіне де келгенде, Иранды көшбасшы ретінде қабыл­да­майтын позицияны Дональд Трамп 2017 жылғы мамырда Эр-
Рия­д­та өткен Араб ислам саммитінде де сездірген болатын. Сол себепті, Ирандағы орын алған жағдайды ішкі саясаттағы қордаланған мәселелер мен сыртқы саяси күштердің өзара ымыраласуынан туындаған сце­на­рий­дің нәтижесі ретінде емес, өзге де призмалардан қарастырған жөн.
– Ирандағы жаппай наразылық акциясы Орта Азиядағы геосаяси жағ­­дайға қаншалықты әсер етуі мүмкін?
– Иран аймақтық дәрежеде гео­сая­си және геоэкономикалық про­цес­терге өте қатты әсер етеді. Саяси дең­гейде көршілес Сирияда мем­лекеттік тұрақтылықты қамтамасыз ету және шииттік азшылықты қолдау саясатын жүргізсе, геоэкономикалық тұрғыда Иранның қорғаныс өнеркә­сібі, бейбітшілік мақсатта атом
өн­ер­­­кәсібін дамыту, өнеркәсіптік са­ла­­ларды көтеру бойынша саясаты аймақтық ойыншыларды ойландыр­май қоймайды. Одан өзге сауда әріп­­тесі ретінде Қытай, Ресей, Еуро­па­лық Одақ та Иранда саяси тұрақ­тылық­тың болуына мүдделі. Мұнай, уран, асыл тастарға салынған мил­лиард­таған инвестициялар тыныш­тықты талап етеді. Орталық Азия ел­дері, оның ішінде Қазақстан да Иранның экономикалық өсуіне мүдделі. Ортақ Ислам дінінің өр­ке­н­иет­тік белдеуінен бөлек, мемлекет­терімізді трансұлттық көлік дәліздері байланыстырады. Қазақстан мен Түркіменстан Иранмен Каспийді бірге бөліседі. Бұның бәрі екіжақты және көпжақты форматта Орталық Азия елдерінің сыртқы саяси күн тәртібінде Иранның маңыздылығын аңғартады.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір