
Поэзия – сері жанр. Оның өзіндік көзқарасы, ұстанымы, ойы, сезімі, танымы, ең бастысы – еркі бар. Жұмыр жердің үстіндегі тіршіліктің көркем көрінісін жұдырықтай жүрегіне сыйдыра білген паң мінезді Поэзияның да таңдауы бәріне бірдей түсе бермейтіні – жанрдың тек өзіне ғана жарасар ерекшелігі.
Кейде өзімшіл, кейде өркөкіректеу Өмір өлең тілінде сөйлейтіні – тарланбозды көп ішінен таңдай, тани алатындығының арқасы. Былайғы бір бейресми отырыс-басқосуларда жаныңа жақын, араға уақыт салып барып қайта оқитын, өзіңе жазуда ұстаз тұтатын қаламгерлерді атымен атайтын ғадет бар. Қасым, Төлеген, Мұқағали, Жарасқан, Жұматай, Кеңшілік дегендей. Және осылай айту үрдісі жазушы, драмашылардан гөрі, ақындарға көбірек жарасатындай. «Құрдасың ба, еді?!» – дейтіндер болуы мүмкін. «Жоқ!» – деп жауап қатамыз. «Енді, қалай?» – дер, артынша. Фамилиясын қосып айтуға да болар еді, бірақ бұл еренсіздіктен емес, керісінше ақындығын ерекше құрметтегендіктен, рухани жақындықтан шығар, бәлкім. Жыр атты жанартаудың тууы секілді, мұнда да кісі түсіндіріп бере алмас бір тылсым бар, әйтеуір. Сөз қонып, Жаратушы ана құрсағында жатқанда-ақ қолына қауырсын қалам ұстатып кеткен сирек дарын иелерінің бірі – Жұмекен Нәжімеденов. Бірақ біз оны – Жұмекен дейміз!..
Ақын күйінгенде күй болып, өкінгенде өртке айналатын Өлең атаулысы нәзіктік шекарасын, уақыт пен кеңістікті кесіп өтіп, дүлей күш, құдіретті құралға айналып шыға келуі де заңдылық. Абайдың запыран-зарға толы туындылары мен Құрманғазының азаттықты аңсаған, ел амандығын ойлаудан туған күйлері шайырды бүркіттің қос қанатындай демеп, шабытына шабыт, күшіне күш, екпініне екпін қоса түскені рас. Сұңғыла жырдың сұңқары – Жұмекен Нәжімеденов қазақ сөз өнерінің абыздары – Әбу Сәрсенбаев, Әбділда Тәжібаев, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Тахауи Ахтановтардың ақ батасын алып, әдебиетке ерте араласқанымен, дүниеден де ерте өтті, жарықтық. Қошалақтың құмы мен Ашақтың табиғаты ақынға еріксіз: «Мен – далама сіңіп кеткім келедіні», – айтқызды. Бұл – өмірмен бетпе-бет келгендегі шынайы шығармагердің бұрнағыдан ішіне бүккен сыры, әділ сөзі, тосын түйіні. Жұмекен жырларындағы Құдай, тағдыр, тәубе, ажал, уақыт, махаббат, ел, жер турасындағы тұңғиық ойлары еріксіз назар аудартады. Кей естеліктерде оның «бір жерге асыққандығы» жөнінде жазылған-ды. Бұл ақынның өз өлімін, көрер күнінің аз қалғанын сәуегейлікпен айта алғаны, сезгені – сирек кездесетін қасиет. «Осы мен өлгенім жоқ па екен» – деп қалам, өйткені, кей мақтаулар некролог секілді», – деуінде асқақтықтан гөрі астарлылық, өзін әспеттей көрсетуден гөрі, қара тастай ауыр әзіл-ажуа басымырақ. Ж.Нәжімеденов шығармаларында көп шайырда кезіге бермейтін – поэтикалық интуиция, жүректің баяу ғана соққан лүпілі бар. Ақын жырларын жалғыздан-жалғыз отырып оқығанда «мүмкін біз оның кілтін әлі таппаған шығармыз» деген де ой келеді екен, кейде. Ол инфаркт алғаннан соң, өлеңдерінде қорқыныш, үрей, ішкі дірілді жеңген жарық сәуле, нұр, келешекке сенім, адам ар-ұжданының аяқасты болмайтынына үмітпен қарайтын көзқарас алғашқы планға шығады. «Кеудем – бір үй: Іші – дауыл, сырты – дау, күні-түні бір бұрқырау, бұрқырау». Әдебиетіміздің тарихына «Алпысыншы жылғылар» деген атпен енген бұл кезеңдегі саяси ахуал, асау тоталитаризм сезімтал ақын жүйкесін жүн етіп, жүрегіне жүк болғаны жасырын емес. Арқаны ақпанның ақырған аязындай қарып өткен дәуір ызғарынан халқының жабырқаған жанын, езілген еңсесін жыр отымен ғана жадыратып, жыр күшімен ғана тіктеуге болатынын ұғынып, өнімді еңбек ете бастады. Кеудесінің сол жақ тұсы жиі-жиі мазалай берген ақтаңгер ақын жүрегі – Алматы аспанын найзағай бір тіліп өткен заматта – 1983 жылы, қырық сегізге қараған шағында тоқтады. Сол күні Атырау атырабы: «Жұмекен, Жұмекен!» – деп еңіреді, сол күні Қошалақ құмы: «Жұмекен, Жұмекен!» – деп толқыды. Қаламгер қараша айында дүние есігін ашып, сол қарашада дүниеден өткен екен. Өмірінің соңғы кезінде төсек тартып жатып жанын қысқан, аш бөрідей қамаған ойлары ақынды азапқа салғаны белгілі. Сағат артынан күн, күн артынан ай, ай артынан жылдар жылжып өтіп жатты, өтіп жатты. Ол «келместің кемесіне» отырып кетсе де, өзінен кейін Сөз қалдырды. Жұмекеннің ақындығынан бөлек, жазушылығы, сыншылығы, аудармашылығы бір төбе. «Ақ шағыл», «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт» романдары, «Бетпе-бет», «Домбыра және көсеу», «Аспан шақырады» повестері, «Бір үзім нан», «Абыл», «Хат тасушы», «Әй, қыз!» әңгімелері, «Іздену жолында», «Жыл қанатындағы жыр», «Шырағың сөнбесін» не айтады?» «Өлеңге қатысты сөз», «Шамағаңның шабыты» атты рецензия мен шығармашылық портреттері, Сағдидың «Бустанын», М.Лермонтов, А.Блок, В.Маяковский, А.Вознесенский, Е.Евтушенко,
П.Неруда, Н.Хикмет секілді алыптар жырының тәржімасы… Қарап отырсақ, қарымды қаламгер өзінен кейін аз дүние қалдырмаған екен. Жұмекен өзінің прозалық шығармаларында ақын екенін байқатып қояды. Кейіпкерлері жыр оқуға икемді боп тұрады және онысы сондай табиғи. «Оркиік» әңгімесіндегі: «Топқа кірер күнің бүгін емес, алда ұлы ғұмыр бар, хан сыйласын сені!» – деген Бибатыр аузынан шыққан бұ сөз тұп-тура автордың өзіне қарата айтылғандай әсерде болдық. 1993 жылы «Жас Алаш» газетінде Ж.Нәжімеденовтың дүние салғанына он жыл толуына орай жалғыз ғана Ә.Сәрсенбаевтың мақаласы жарық көргенін, о жөнінде кейін барып қана айтыла бастағанын сыншы З.Серікқалиев қынжыла жазады. Сөз арқылы ел-жұртын танытып, сөзімен ұлтын таныған үстіне тани түскен Жұмекен құбылысы – қазақ руханиятының маңызды бір бөлігі. Поэзия дейтін сиқырлы өнердің қолданыстағы бояу, реңіне ерекше мән беретін ақын туындыларындағы ойы сөзін қалай нәрлендірсе, сөзі де ойына соншалықты әсер еткенін байқау қиынға соқпас. Сыртқа қаталдау боп көрінгенімен, жаратылысынан жаны жұмсақ, ойы сергек, жан баласына жақсылықтан басқаны ойламайтын, көңілін құлазытып кеткендердің өзіне кек сақтамайтын, біреуді-біреуге айдап салуға, біреуді-біреумен кетістіруге емес, жақындастыруға, жақсының жақсылығын айтып қана қоймай, бағалауға, құрметтеуге бейім ақынмен әдебиет пен мәдениет, ғылым мен білім, оқу мен тоқу жөнінде сөйлесудің өзі рақат деседі көргендер. Зейнолла Серікқалиев шайыр туралы «Темірқазық» атты эссесінде: «Өзің кеткенде соңыңнан жалғасар ғибрат жолың қалмаса, бүкіл кешкен ғұмырың да – баянсыз тұл ғұмыр, жартыкеш ғұмыр» деген өлмеші қалам ұстаған қауымның бәріне дерлік ортақ. Ұ.Есдәулет: «Жыры жұмбақ Жұмекенінде»: «Оның жырлары жаттауға жеңіл емес еді, бірақ бүкіл халық ең болмаса бір өлеңін жатқа біледі, оның жырлары әнге арналмаған болатын, бірақ еліміздегі бүкіл ұлт пен ұлыстар оның қаламынан шыққан «Менің Қазақстанымды» оң қолдарын жүректеріне басып, тік тұрып шырқайды» депті. Расында да шығармагер қаламынан туған қай дүниесі де жаттау тұрмақ, қорытудың өзі қиындау болғанымен де, жазғандары ерекше бір ұстамдылығымен құнды. Жұмекенді тану, Жұмекенді өздігінше түсіну – әркімнің-ақ талабы. Оның әдебиеттегі ең алғашқы қадамынан бастап, бақидан фәниге озғанға дейінгі аралық ағалардың да, жырсүйер қауымның да назарында болды. Өмірге деген құштарлықтың құпиясы, романтикалық әсем әуен, кісі жанына үңіліп, көңіліндегі жылт еткен құбылысты танымпаз мінез – бәрі-бәрі шайырдың көркем шығармаларының өңгеге ұқсай бермейтін ерекшелігі саналады. Жұмекен тілі де соған сай төгіліп, сыршылдығымен өзіне тартып, нимфаларша бойдағы құмарлықты оятып, арбап тұрады. Ол адам арасындағы қарым-қатынас әсемдігін, адалдықты, Жаратушы Жаппар Хақтан бастау алатын жан сұлулығын жырлады. Өмірді сүру бар да, оны тақ-тұқ, тақылдақ тақпаққа емес, өлеңге – сөз өнеріне айналдыру бар. Ішкі ұйқас түрлеріне еркін бара алған оның басқасын айтпағанда, 15 буыннан тұратын тұтастай жолдардың өзін біркелкі ұйқас шебіне көшіріп, сюжетке құрылған, 1979 жылы жарық көрген «Жеті бояу» іспеттес күрделі шығармаларындағы диалог, эпитет, метафора, символ, ассонанс, аллитерация секілді көркемдік әдіс-тәсілдер көздеген жеріне дөп тиіп жатқанда шеберлігіне таң қалмасыңа лаж қалмайды. Ж.Нәжімеденовтің жырларында өзгеше реңк, түс, бояуға енген «топырақ» бар. Ол – «Менің топырағым». Қаламгер өзімен бірге әлі де ашылмай, әлі де айтылмай қалған ойларды, сана түбіндегі сызба-нұсқаларды арғы жаққа алып кетсе де, артына роман, повесть, әңгіме, сын, дастандар мен күйлер қалдырды. Әбіш Кекілбаев Жұмекеннің бұл еңбегін «қайсарлыққа» балапты. Сабыр ақсақалдың ұлы өз туындыларында моральді ту етіп көтергені өз алдына, өлеңін оқи түскен сайын құлағымыздан әлі-әлі күмбірлеген күй, сол күймен бірге автордың майда қоңыр даусы кетпейтіні біз үшін қызық көрінді. Бір әдеби жиында елге танымал ақын ағамыз баяндамашының: «Мұқағали – болашақтың ақыны!» – деген сөзіне ренжіңкіреген еді. Кітапханалардың каталогында «библиографиялық көрсеткішке» айналып үлгерген талай қаламгерді әлі толық танып, әлі толық аша алмай жүрген кезде әлгі кісінің мұны көңіліне ауыр алуы, шүйліге түсуінің өзі біз үшін тым артықтау секілді көрінді. Жұмекен – жапырақ, елі – тамыр, Жұмекен – жарық, елі – жылу, Жұмекен – шуақ, елі – Темірқазық бола білді. Қалай дегенмен де, шайыр шығармалары осы бір ғасырдағы қазақ аспанында жаңғыра естіліп, жаңа қырынан көрініп, бәйтерек-жырындағы соңғы жапырағы қалғанша ұлт игілігіне жарап, әлі де «гүлі болып егіліп, жыры болып төгілетініне» сенім мол. Жұмекеннің Шәмшімен достығы арқасында бүгінгі Қазақ елінің Әнұраны туды. О кезде мәтін авторы небары 21 жаста екен. Әнұран шырқалған сайын дарындардың дара бейнесі көзалдымызға келіп, еріксіз көңілің босайды екен. Себебі, бұл олардың – «Жүрек сөзі» еді. Әбіш ағамыздың былай деп жазатыны бар: «Иә, әлгі Махамбетті туған Қосуан анамыздың төркіні – Алаша ауылы еді. Сол ауылдан шыққан Нәжімеден қарияны бүкіл Нарын елі әліге дейін аңыз қылып айтады екен. Өзі де сол эпос заманынан бүтін жеткен сом асылдың сойынан секілді. Жалғыз баласы – Сабыр майданға аттанғалы жатқанда, ол жарықтық Ашақ-Мәші сорына ертіп апарып, аяғына биік тақалы әмірқан етігін кигізіп, тұзы шығып жатқан жентек сазға із түсіріп алады. Тайға басқан таңбадай сайрап түскен сыңар ізге атына өңгеріп әкелген темір қазанды төңкереді. Онысы – жаңбыр жауса, әлгі ізді су шайып кетпесін деген амал еді. Бір жағынан, қан майданнан балам атамекеніне аман оралсын деген тілекші ырым болса, екінші жағынан жалғызын сағынғанда іздеп барып, көріп, мауқын басатын көз жұбаныш еді. Жұмекен әлгі ай тақырда ізі қалған Сабырдың артындағы жалғыз ұлы, ал Нәжімеден кемеңгердің бауырына басып, тұлымшағынан иіскеп, жанына медет етіп өткен жалғыз немересі». Жұмекеннің әдебиет, мәдениет, тарихқа деген ынта-ықыласын оятқан Нәжімеден ақсақал өзінің алтыншы атасы – Қартпанбет жырау мен оның әпкесі, Махамбет Өтемісұлының туған анасы – Қосуан туралы сыр шертеді екен. Ақын 1962 жылы жазған «Менің әкеме» атты жырында: «Өздері билегендей Күн әлемін, Атанған сері жігіт, бұла келін, Несіне жасырамын Сізден мұны, Сол қазақ әкем еді мына менің!» деп толғанады. Ол бұл туындысында образ ашу мақсатында психологиялық параллелизмді өте орынды пайдаланып қана қоймай, әкесіне өлеңнен ескерткіш орнатады. Орта бойлы, тәмпіш мұрынды, дудыраған шаш иесі кей естеліктерде «жұмбақ ақын» (М.Мақатаев), кей бір тұста – сөзге сараң, ал қатарлас, достарының жанында қалжыңға мықты, «қуақы» боп шыға келеді. Бірақ оның көбіне-көп қақ-соқпен шатағы жоқ, ешкімнің алдында жалбақтамайтын, ерегес-егеске араласа бермейтін, көкауыздардың алдында көп сөйлеуді теріс көретін біртоға кісі болғанымен де, реті келсе ешкімді ренжіте қоймайтындай етіп шешендерше шешіле сөйлейтінге ұқсайды. Адам – қызық жаратылыс қой. «Кісідегінің кілті аспанда» емес пе?! Және біршама нәрсе қарым-қатынас, жұмыр басты пенденің көңілін табу, жанын түсінуге де байланысты ма дейміз, кейде. Жұмекеннің Алматыға келуі мен консерваторияға түсуіне жастайынан домбыра аспабына деген ынта-ықыласы сеп болған екен. Ақындығы өз алдына, әуелі ол – күйшілікпен, ал Нәсіп Мұстахова (Нәжімеденова) – әншілікпен әуестенген-ді. Қаламгер хал үстінде жатқан атасының ақ батасын алған соң жан жары – Нәсіп апамыз екеуі мектеп бітірместен шаңырақ көтереді. Иә, өмір жолы бұралаң-бұлтарыстарға толы. Шахмат ойынына ынтызар шайыр осынау тіршілікте талай рет цейтнотқа тап болғаны шындық… Әйкен, Қарлығаш, Тоғжан, Саида – төрт қыздан соң дүниеге ұл келеді. Мұнда да сырбаз, сабырлы, тапқыр, ұяңдау, сыпайы, терең, талғампаз, табанды да еңбекқор Жұмекен ұлының атын Мағжан деп өзі қояды. Жазушылар одағында араға апта салып барып тұрақты түрде өтіп тұратын «Ақындар сәрсенбілігінде» ойлы қаламгер жыр оқып, жұртты тамсандырып, кейін жазғандары жинаққа кіреді. Жұмекен Әдебиет табалдырығын осылай аттаған еді…
Бәріміз – пәлсапашымыз, бәріміз – ойшылмыз, бәріміз – данамыз, бәріміз – ұлымыз, өзімізше, бірақ
Ж.Нәжімеденовтың болмыс-бітімі тіпті бөлек. Ол – жалғыздық философиясын ұғынып, жалғыздық табиғатын танығысы келген, жалпы адам болмысын жан-жақты зерделеуді көздеген ақын. Оның поэтикалық ұстанымы – адамзатты емес, адамды ашу, ал адамды ашу арқылы Адамзат аталатын алтын қазынаға өз үлесін қосу. «Жазар едім гүл-өлең сызылдырып бұл несі: Соғып өтсе боз қырау – үзілді гүл сүлдесі. Емен-өлең жазар ем, ағаш-ау ол еменің, ағаш болып кетеме деп қорқамын өлеңім. Жазар едім шың-өлең асқақтатып, астырып, шошытады шыңдардың шыны-суық тастығы. Жазар едім көл-өлең, пәк болғанмен көл өңі, көлің су ғой, су болып кетер деймін өлеңім». Осынау бір балталаса да бұзылмайтын ішкі-сыртқы ұйқасқа толы жолдарды оқып шыққанда бірден әсер етпейді. Бұған қайта-қайта үңілген сайын ішінен айрышқа үн, ұлттық колорит, үндестік пен үйлесім, әуен мен әуез, өзгеше өрнек, құнарлы тіл, түрлі тағдыр иелерінің табиғатына терең бойлау мәнері мен нәзік лириканы ұдайы алмастыратын драматизм, мысқыл, психологизм көзі қарақты оқырманды еліктіріп, өзіне магнитше тарта, өзіне баурай түсетін ырғақты байқайсыз. «Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді» деген – осы. Ж.Нәжімеденов жинағының әр бетінен мөлдір бұлақтай шынайы сезім, іштегі бұрқ-сарқ қайнап жатқан қып-қызыл лава сыртқа атылып, бізді өртеп кететіндей боп тұратыны несі екен, осы?! Бұл – поэзияның күші, поэзияның қуаты, поэзияның мықтылығы. Оның сұрақ қойып барып аяқтайтын кейбір өлеңдерін өздігіңше тәпсірлеп, жауабын тапқың келеді. Алайда, ақын оқырманнан әлдеқайда биік тұрғанын осы бір тұста байқатады. Туындыгер жырсүйер қауымды ой орамдарымен таң қалдыра отыра, түпсіз шыңырауға бір құлатып, қайта шығарып алады. Сол себепті де, оны басқалармен шатастыру мүмкін емес.
Жұмекен – өз дәуірінің, өз заманының поэтикалық портретін жасау арқылы қат-қабат пәлсапалық ойды, сана мен сезімді ұштастыра білген, адам ішіндегі азап, қайғы, мұң, сарыкөбелек сағыныш пен текті жырдың тегеурінін көрсете алған алып. Оның 1961 жылы жарық көрген ең алғашқы жыр жинағы, тұла бойы тұңғышы – «Балаусадан» бастап, соңғы кітабына дейінгі аралықта ақынның өсу баспалдағын, жүріп өткен жолын, шығармашылық күш-қуатын аңғару қиынға соқпайды. Қаламгердің жалпы жұрт алдында емес, шағын топ ішінде ғана өлең оқуға деген ынтасы, қораптан суырылған шылымды езуіне қыса сорғыштап, дулы-шулы жерден алыстау әрі саяқ жүруі, күй ойнап отырғанда бәзбіреудің тыңдағысы келмейтінін байқаса, сол тұстан үзе салатын мінезі – жаратылысынан, жан әлемінен хабар берсе керек. Жұмекенді «алдыңғы толқын ағалар» ерекше сыйлады. Кеше ғана өмірден озған Мұз-ағаң – Мұзафар Әлімбаевтан бастап, «теледидарды ашып қалсаң – Ғафекең, радионы басып қалсаң – Ғафекең» – Ғафу Қайырбековтың «Жұмаш!.. Жұмаш!..» – деп еркелеткені ел есінде. Қарымды қаламгер Қазақтың мемлекеттік консерваториясының халық аспаптар факультетінен кейін өзін толықтай жазуға арнап, «Жазушы» баспасында, ҚазКСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде редактор, «Лениншіл жас» газеті мен «Мектеп» баспасында бөлім меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар одағында Әдеби кеңесші болып қызмет істеп, 1971-73 жылдары Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғарғы Әдеби курста оқып жүрсе де ақындықтан бір айныған емес. Қайта, әдебиет алдындағы жауапкершілік жүгін терең сезініп, өзінің миссиясын іштей нықтай түсті. Әлгі бір біз айтқан «жауапкершілік жүгі» қос иыққа ғана емес, жүрекке де түскен екен. 1983 жыл. Мезгіл – күз. «Атом бомба жарылса, о да бәлкім инфаргі шығар-ау атомдардың» деген жолдарды жазған автор қолы сол шақта қалтыраған-ды. Жұқарған жүйке, бірде қатты, бірде баяу соққан жүрек, мең-зең бас… Өмір – оп-оңай, өмір – қиын, бәрі қабылдауға байланысты. Оның жүріп өткен жолы тақтайдан түп-түзу болды десек, қатты қателесеміз. Дімкәс анасы, отбасы, тұрмыс, баспанасыздық, әдеби ортада аяқтан шалатын «кемталанттар» (А.Сүлейменов), барлығы әсершіл ақынға ауыр соқты.
Ғаб-ағаң (Ғабең!) – Ғабит Мүсірепов жазу үстелі үстінде отырып сөз іздеп қиналса, айналаға қарап ой іздеп, ауадағы образды қағаз бетіне түсірудің ретін таппай әлек болатындар бар. Соның бірі – Жұмекен!.. Отырып-отырып ойға алғанын жаза алмай, сықырлауық орындықты біраз қинап барып, тұрып кетеді екен… Бірақ шайыр еңбегі еленді. 1967 жылы «Жоқ, ұмытуға болмайды!» атты поэмасы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын, көз жұмғаннан кейін барып Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын иеленді. Дегенмен де, ең Ұлы ақын – Уақыт… және ең Ұлы халтурщик те – Уақыт! Неге дерсіз?.. Өйткені, оның талғамы бөлек және мінезі қырсықтау. Біреуді елейді, біреуді елемейді, біреуді сыйлайды, біреуді сыйламайды, біреуді кемсітеді, ал біреуді-біреуден артық көреді. «Мынаның аты-жөнін түртіп ал да, «энциклопедияңа» кіргізіп қой!..», – деп Тарих-ақсақалға тапсырма береді, өзі өктемдеу сөйлейді. Алайда, әлгі қыңыр Уақытыңыз да, шау тартқан Тарихыңыз да, пешенесіне туған, дүниеден өткен күндері тайға таңба басқандай етіп жазылған пенде атаулысы, табиғат, жан-жануар, тұтас «Он сегіз мың ғалам» – бәрі-бәрі – Бір Алланың иелігінде. Қаласа Өмір жылнамасында қаласың, қаламаса, ол да жоқ. Бірақ, Құдай-екем әділ де адал болғандықтан кісі ақысын жемейді. Себебі, Ол – жемқор-коррупционер емес, еңбегіңе қарай еншіңді береді. Осы тұрғыдан келгенде, Жаратушы Жаппар Хақ Жұмекен ақысын жемеген-ді. Қайта «тау алыстаған сайын биіктейді» деген қағида түбіне қазық қағып, ат байлаған… Космология, астрология, аспантану – терең ғылым. Көкке қарайсың да өзіңді Тайқазанға тасталған тарыдай сезінесің (Егер тары бола алсаң жақсы ғой, тағы!). Сондай шексіз, сондай сырлы, сондай алыс әрі сондай жақын. Әсіресе, түнгі ауыл аспанындағы сансыз жұлдыз қол созым жерде тұрғандай, дерсің. Осынау бір жұлдыздың бірі – Жұмекен. Ол – поэзия көгіндегі жұлдыз… Біз ақын деген құбылысты толықтай зерттеп болдық деп айтсақ, асылық болар, әлі де тану үстіндеміз десек, орынды шығар. XX ғасырдың ортасынан бастап өз міндетін барынша орындап, қазақ Сөз өнері кеңістігінде кесек-кесек дүниелер қалдырған қаламгер шығармаларын толық ұғынып, беймаза уақытта жазылған жырларының әділ бағасын беру, ыждаһаттылықпен оқып, терең түсіну үшін де уақыт қажет. Алайда, кезінде қазақ әдебиеті пәнінен шығарма жазып, бірақ екілік алған ақынға қазіргі қазақ жұрты бес деген бағаны аямасы анық. Қарағандыда кенші боп жұмыс істеген қарымды қаламгер қаншама «мектептің» азапты да ауыр сындарынан өтті, бірақ сынған жоқ. Өзін-өзі жоғалтқан жоқ, қайта өмірді зерттеу арқылы өлеңін тереңдете түсті. Жұмекен Нәжімеденов дегенде «тереңдік» сөзі қатарласа жөнелетіні сондықтан. Ежелгі Римде «ақын өлмейді» деген көзқарас болған-ды. Осы ұғымның тууы да бекер емес. Көбі: «Ақын – адам мен Құдай арасын байланыстырушы» деп түсінген. Бұның арғы жағында ұлы шығарма ешқашан ұмытылмайды деген идея жатса керек. Қалай болғанда да, Жұмекен халық жүрегіне ұялаған ақын. Сол себепті де, ол – барлық мақтауға лайық. Бірақ нағыз дүлдүлдер дер кезінде, көзі тірісінде бағаланса ғой, шіркін!..
Әлібек БАЙБОЛ.