Бостандық пен Алаш ұраны
1917 жылы ақпан төңкерісін қазақ зиялылары үлкен тарихи оқиғаға балады. Ахмет Мәметов «Алашқа салем» («Қазақ», 1917ж. 17 наурыз) өлеңінде:
Иіліп сәлем бердім бүгін, алаш,
Алдағы өзгеріске күтін, алаш…
…Ал қазір халық күшті алды, алаш,
Бұрынғы қыспа таяқ қалды, алаш…
Ақ алаш, азат алаш, даңқты алаш! –
деп осындай шаттық лебізін білдірсе, Сәбит Дөнентаев «Азаттық күні» («Қазақ», 1917 ж. 12 сәуір) өлеңінде «А, Құдай, ұзағынан жаза көр деп Іркіліп көзге жастың келген күні» деп алашының көптен күткен арманының орындалғандығын қуанышпен жырлайды.
1917 жылы ақпан төңкерісі жеңіске жетіп, уақытша үкімет орнағанда саясаттан алыстап, оңашаланып кеткен Шәкәрім де осы жайттарға өз көңілін білдіреді. Осы 1917 жылғы ақпан төңкерісінің жеңісі жұртына бостандық әкелді деп ойлаған ақын «Бостандық таңы атты», «Бостандық туы жарқырап» сияқты өлеңдерін жазады. Бұл өлеңдерінде де ақынның ертеңгі күннен күтер үміті зор. «Бостандық туы жарқырап» өлеңінде елінің келешегіне алаңдаған ақын:
…Еркін тиіп қонысы,
Кеңір ме екен өрісі.
Не болады орысы,
Соны ойлайық бағалап… –
деп жер мәселесіне қатысты түйткіл ойларын да жайып салып, алысқа көз тастайды.
Қалай болғанда да осы азаттықтың таңы ақынға күдік ұялатады.
Бұл еркіндік тым-ақ жас.
Бір қалыпты тұра алмас,
Кейде айығып, кейде мас, –
Бостандықты жағалап.
Мұндағы «жас еркіндік» деп отырғаны уақытша үкімет еді. Оның «кейде айығып, кейде мас» болып «бостандықты жағалаған» түрінен шошыған ақын оған толық сенім артпай, алысты болжай білетін көрегендігін байқатады. Бұл тарап та «Мезгілсіз ерте туған таңнан қорқам» деп Ғұмар Қараш та сенімсіздік танытқан еді. Расында да осы үкіметтің «бір қалыпты тұра алмағанын» тарихтың өзі де көрсетіп берді емес пе?!
Ұлт тағдырына қатысты осы ірі оқиғаны Мағжан Жұмабаев та шығармаларына арқау етті. Бұл тарапта ақынның «Бостандық» деп аталатын өлеңіне зер салсақ, мұнда ақын алдымен 1918 жылға дейінгі оқиға көз тастайды.
Жер жүзін қан басқанда,
Көбігі шығып аспанға…
Қызыл қанға мас болып,
Жүрегі қара тас болып,
Айырылып естен адамзат… –
деп бірінші дүниежүзілік соғыстың өршіген кезеңін осылайша сипаттап алады да, әрі қарай ізгілік ұмыт болып, жауыздық тамырын жайып бара жатқанда келген 1917 жылғы ақпан төңкерісіне айрықша мән береді.
…Көк есігі ашылды,
Жұмақ нұры шашылды.
Келді ұшып бостандық,–
деп қуана жырға қосып, ұшып келген бостандықты жүзі ғарыш нұрлы, сөзі кәусар жібек, әдемі, алмас қанатты етіп суреттейді. Одан әрі «Аппақ нұрға оранып, Ақырын ғана дем алып, Құрметпенен тұрысты. Сәуле көрмей, шеккен зар, Аш-жалаңаш сорлылар Қуанысты, күлісті» деп ақын ақпан төңкерісін жасаған большевиктер партиясының құрметпенен ақырын ғана орныға бастаған келбетімен қоса, сол бостандықты халықтың қалай қарсы алғанын да шынайы таныстырып өтеді. «Тез жалындап суынған, Жұмақтан да қуылған, Адамзат бір әуреде» деп бірінші дүниежүзілік соғыс тұсындағы бірде жеңіп, бірде жеңіліп әуре болып жатқан Ресей мемлекетін назарға алып қана қоймай, Уақытша үкіметтің тосынан келген бостандыққа «есін жиып күйленіп, әбден бойы үйреніп алғаннан соң», қайтадан ескі әуеніне басқанына ақын наразылық танытады:
Баяғысын бастады,
Ұжданды былай тастады,
Бостандықта жоқ жұмыс.
Зар еңіреді талай жас,
Сел боп ақты қызыл қан,
Өтірік, талау, өлтіріс.
Әрі қарай бостандықтың арқасында «шірік жүрек сасықтардың» айы оңынан туып, олардың арманы орындалып жатқанына ызаланған ақын «қыбырлаған қоңыздар, қорсылдаған доңыздарды» енді тіпті «көктен келген» бостандыққа «тілін, қолын тигізді» деп сөгеді, жауыздықтың өршігенін қаламайды. Сонда бұл өлеңдегі ақынның «қыбырлаған қоңыздар, қорсылдаған доңыздар» деп отырғаны кімдер? Бұл жөнінде Ж.Аймауытовтың «Мағжанның өсiп келе жатқан бостандық тамырына Сiбiрдi алған патшашыл жандарал Колчак балта шапты. Патша заманының қара күнi қайта туды. Казак-орыс атамандары Сiбiрдегi қазақ даласын шарлап, қазақтың басына әңгiртаяқ орнатты. Мағжан көрiне түсiп жоқ болып бара жатқан бостандықты жырлады» деген пікірі мен «1918 жылы Сібірде реакция дәуірінде жазылған» деген автордың өз ескертпесінің сәйкестік танытуы осы өлеңнің сырын тез ұғуға мүмкіндік әкеледі. Яғни, осы деректерге сүйенсек, ақынның «қыбырлаған қоңыздар, қорсылдаған доңыздары» патшашыл жандарал Колчак, казак-орыс атамандары болып шығады. Алайда, ақынның «баяғысын бастады» дегенімен қоса, «Ізгі елшісі жұмақтың, Қасиетті қонақтың Ақ қанатын кірледі» деп қынжылып қана қоймай, қыбырлаған қоңыздар мен қорсылдаған доңыздарға «тілегің болды – қуан, күл» деп ашуға булығуы Қазан төңкерісінің жеңіске жетуін меңзеп тұрғандай көрінеді.
Бостандық – ізгі періште
Кетпекке ұшып ғарышқа
Ақ қанатын қомдап тұр, –
деп өлеңін түйіндеуінде де үлкен мән жатыр.
Ұлт жоқтаушысы Нарманбет ақынның да 1917 жылдан бастап жазған өлеңдері басқа сарынға ауыса бастайды. Яғни, осы жылғы тарихи құбылыстар да ақын назарынан тыс қалмады. Бұл кездерді жырлаған «Тілекті хақтың берген күн», «Құрылтайға барғанда», «Ұран» сияқты өлеңдерінің бәрінде Нарманбеттің шынайы тілегі, келер күннен күтер үміті сезілетіні анық. «Тілекті хақтың берген күн» өлеңінде «Әлемді жұтқан айдаһар Мерт болып бүгін өлген күн» деп патшаның тақтан түскеніне шаттанған ақынның зор қуанышы байқалса, «Құрылтайға барғанда» өлеңінде «Алаштап қарақшыдан өткізейік!» деп ұрандап, «Алашорда» сайлауының дұрыс өтуіне ізгі ниетін аңғартады. Осындай қарқынмен жазылған «Ұран» өлеңінде «Ұйықтап жатқан алашты Оятуға қозғалық!» деп, барша қазақты бірлікке шақыра отырып, «кел, ұйқыдан тұралық» деп қозғау тастайды. Сөйтіп, ақын «…Ортамыздан бек сайлап, Ынтымақпен көп сайлап, Қарақшыдан озалық!» деп «қарақшыны» тағы да еске алып өтеді. «Алаштап қарақшыдан өткізейік!» немесе «…Қарақшыөдан озалық!» дегендегі ақынның «қарақшы» деп отырғаны қазақ жерін тонаған келімөсектерді мегзесе керек. Жалпы, Нарманбет алаш қозғалысына қатысты ел ішіндегі түрлі саяси мәселелерде өз ойын ашық білдіріп отырды.
Ақпан төңкерісін қуанышпен қарсы алған ақындардың бірі Ғұмар Қараш та «Күн туды, алаш, күн туды» деп еліне ұран тастап, «Алаш азаматтарына» («Ұран», 1917, №6) өлеңімен жастарды рухтандарып отырды. Ұлт зиялыларының ісіне бар ықыласымен қолдау көрсеткен ақын ел-жұртының да оларға «Қол соғып қошеметтеп» қостағанын қалайды. «Күн туды» өлеңінде де «Алаш» деп ұран шақырып…» деп қазақ азаматтарын елін қорғауға үндеп қана қоймай, оларға сенім артады.
Осы жылдары Алашорда үкіметіне үлкен үмітпен қараған Ғұмар Қараштың «Неден қорқам?», «Саған не болды?», «Көреміз бе?», «Өтер ме екен?», «Келер ме екен?» сияқтыөлеңдер жазып, тақырыптарының бірыңғай сауалдарға құрылуының өзі тегін емес еді. «Неден қорқам?»өлеңінде ақынның сол уақыттағы тарихи құбылыстарға деген көзқарасы тұспалды түрде сипатталады. Қоғамдағы жаңа саясатқа көндіге алмағандығын ішке бүкпей, сыртқа шығарған ақын «Құрылған аяқ асты аудан» не үшін қорқатынын да ашық айтып, «алты басты аждаһадан» елін сақтандырғысы келеді. «Мезгілсіз ерте туған таңнан қорқам…» деген өлең жолдарынан ақынның ел-жұртының ертеңін ойлаған салмақты ойлары жатқаны анық. Ал «Саған не болды?» өлеңінде сол кездері көпшілік қауымның не «Алашқа», не большевиктер партиясына қосыларын білмей адасқанын көріп қынжылса, «Өтер ме екен?» өлеңінде ұлт зиялыларының ел мүддесі жолындағы армандарының орындалуын тілейді. «Келер ме екен?» өлеңінде де ұлт жолында өздерін құрбан етуге дайын алаш азаматтарының ұлы ісін дәріптеуді өзіне парыз деп санайды. Мұнда ақын «сарғайып сағындырып қолға түскен» Алашорда үкіметінің құнын білуге шақырып қана қоймай, сол «асылдан» айырылып қалмауын уағыздайды. «Көреміз бе?» деген өлеңінде де «Алаш» атты орда құрып шалқығанын» көріп, қазақтың азат ел болуын аңсаған ақын арманы арқау етіледі. Сонымен, қазақ елінің өз алдына жеке мемлекет болуын қалаған Ғұмар Қараш ұлтының болашағы үшін Алашорда үкіметінің ғұмырлы болуын тілейді.
Елінің азаттығын аңсаған Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, әсіресе, 1917 жылдарда жазған өлеңдерінде ерекше серпіліс, көңілінің қуанышы анық сезіліп жатады. Патша тағынан құлағанда отаршылдық езгіде қалған қалың елінің еңсесі көтеріледі деп қуанған зиялы қауымының ішінде Сұлтанмахмұт та болды. «Сарыарқа» газетінде жарық көрген «Сарыарқаның жаңбыры» (1917,10 қазан) деген өлеңінде 1917 жылғы ақпан төңкерісін қурап жатқан меңіреу далаға жан бітіріп, елінің көсегесін көгерткен жаңбырға теңейді.
Ақпан төңкерісінен кейін елінің толық азаттығына қол жеткізу үшін алаш қайраткерлері Алаш партиясын құрып, батыл қимыл-әрекет жасауға кірісе бастаған кезінде Сұлтанмахмұт «Сарыарқа» газетінде «Алаш ұраны» (1917ж. 21 қараша) атты өлеңін жариялайды. Яғни, 1917 жылдың 20 наурызында Петроградтан жолдаған Әлихан, Мұстафа, Міржақыптың «Алаш ұраны» атты мақаласындағы: «Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бүгін теңелдік. Қам көңілде қаяудай арман қалған жоқ. Неше ғасырлардан бері жұрттың бәрін қорлықта, құлдықта ұстаған жауыз үкімет өзгеге қазған оры өзіне шағын көр болып, қайтпас қара сапарға кетті…» («Қазақ», 1917 ж. 12 сәуір) деген алаш қайраткерлерінің зор қуанышы Сұлтанмахмұт өлеңінде де жалғасын табады.
Расында да «Алаш» партиясының саясатына зор үмітпен қараған ақынның бірі С.Торайғыровтың «Алаш ұраны» сол уақыттарда Алашорданың гимніне айналды. Ақынның әр топтаманы «Алаш туы астында» деп бастап, соңын «Жасасын, Алаш, жасасын!» деген ұранымен аяқтап отыруы өлең рухының биіктігін асқақтата түседі. Бес топтамадан тұратын бұл өлеңнің алғашқы бөлімінде қазаққа құлдық қамытын кигізген отаршылдықтың шынайы келбетімен таныстыра отырып, сол залым патшаның құлағанына шексіз қуанышын жеткізеді. Екінші топтамада «…Заң жасайтын орынға, Жұртпен бірге барамыз! Қатардан орын аламыз!» деп Алаш партиясынан бөлек, ел мәселесін шешетін үлкен құрылтайларда өз мүддесін өзі қорғай алатын қазақтың да орны болды деп жүрегі жарыла шаттанады ақын. Ал үшінші топтамада алашты көркейту үшін жанын құрбан етуге де даярларды паш етсе, төртінші топтамада «…Не жақсылық, не қайғы, көрсек бірге көрдік біз!» деп алаш үшін өлуге дайын жандардың ауызбіршілігін қалайды. Соңғы топтамада ақын:
Алаш туы астында
Күн сөнгенше сөнбейміз!
Енді ешкімнің алашты
Қорлығына бермейміз!
…Өлер жерден кеттік біз,
Бұл заманаға жеттік біз,
Жасайды алаш, өлмейміз!
Жасасын алаш, жасасын! –
деп алаш қайраткерлерінің қазақтың өз алдына жеке ел болу идеясын қолдайды. Сол заман ақиқатын көз алдымызға анық елестеткен бұл өлеңнің ең өзекті түйіні десек те болады. Жалпы, ақын «Алаш туы астында» жиналған қазақ зиялыларының көксеген асыл мұратын қолдап қана қоймай, олардың ең жанашыр тілекшісі бола білді.
Ұлт зиялыларының бірі Бейімбет Майлин «Алашордаға» («Сарыарқа», 1918 ж. 3 шілде) өлеңінде «…Жарық сәуле ендіретін қазаққа Мәңгі жылдар жасасын қазақ Алаш ордасы!» деп Алашорда үкіметінің қазаққа жарық сәуле әкелетініне халқын сендіреді. Өйткені ақын сол кездегі қай жолды таңдарын білмей, дағдарған жұртына осылай жөн сілтеуді өзіне парыз санаған тәрізді. Сондай-ақ Алашорданың ғұмырлы болуын тілеп қана қоймай, одан үлкен үміт күтетінін де жасырмайды.
Алаш қайраткерлерінің бірі Жүсіпбек Аймуытовтың «Абай» журналында басылған «Ұран» (1918, №1), «Әскер марсельезасы» (1918, №6) сияқты өлеңдері де қазақ халқының азаттық, тәуелсіздік жолындағы күресінің ұранына айналды. Патша құлағаннан кейінгі үмітін Алашордаға артқаны байқалады. «Ұраным, қорғаным, сен Алаш!» деп жалынды рухпен жазылған «Ұран» өлеңінде ұлтының болашағы үшін елін күресуге шақырып, азаттық идеясын көтереді. «Әскер марсельезасы» өлеңі де бүкіл алаш жұртының маршы іспеттес болды.«Алаштың ақ туын Қолға ұстап ақырып, «Алаш» деп шапқанда Жауға ойран саламыз» деп ұлт мүддесі жолында жанын қиюға дайын ер ұландардың қайсар мінезін таныта түседі. Ең бастысы Жүсіпбек Аймауытовтың «Жасасын, сақтасын Алаштың ордасын» деп Алладан Алашорда үкіметінің мызғымас беріктігін тілегені қазақ жастарына рух беріп, шабыттандырған еді.
Түйіндей келгенде, ел дегенде еміренетін алашшыл ақындарымыз қай тақырыпты сөз етсе де ұлтының тағдырын бір сәтте болса есінен шығарған емес.
Күнімжан Әбдіқалық,
ҚазМемқыз ПУ доценті.