«Eх, бостандық…»
14.12.2022
3292
0

Шірік алма дәмді болады, бұтағынан үзіліп жерде жатқан жеміс топырақ татып тұрады. Топырақтан тәт­ті не бар жер бетінде? Тәт­ті тірліктен бөлініп, түрмеден қайтқан жарым көңіл адамның әңгімесі де қоспасы жоқ қою болады, ол темір торда жүріп, бостандықты сырт­тай бақылап, еркін өмірге сынай қарап, майда-шүйдені сөз етпейді. Ұзақ отырып келгендер өзі туралы айтпайды, тек өзгелерді тыңдайды. Олар үшін еркіндікте жүрген адамның әр сөзі қымбат, жалғанды жалпағынан басқан қызу көкіректен көзін алмай таразының кілт-кілт еткен қызыл сызығын сырт­тай бақылап отырады.
Мен қолын алып, сәлемдесуге келе жатқан Құдабай көкем де – осындай кісі. Алғаш сот­талғанда біз әлі дүние есігін ашпай, әкеміздің белінде жүрген қан екенбіз. Бұл – соғыстан кейінгі ашқұрсақ заман. Шиелінің бары мен жоғына алыс Кавказдан дөң асып келген шешен жұрты бас ие боп, қара-құраға күш көрсетіп ұстап тұрыпты. Оларды сенімсіз ұлт деп Сталин қанішер соғысқа шақырмай Орталық Азияға жер аударды. Сол көштің бір керуені біздің мамыражай елге келіп қоныс тепті. Терісі кең қазақ қолда барын құдайы қонақтың алдына қойып, аузына тосты. Өзі ашқұрсақ жүрсе де, «жер ауып келген көңілі жарым жандар ғой» деп ауыздарынан жырып берді, тіпті анда-санда аруаққа Құран бағыштағанда да соларды діні мұсылман деп төрге шығарып, асқа бата сұрады. Олар жүре келе момын елді басынып, басқа тепті. Еркегі жоқ ауылда түн жамылып, қорадағы арық-тұрық қой-ешкіге қол салатын болды. Қамбаның салбыраған қара құлпын аяқпен теуіп ашып, күріш пен бидайды қоржындап үйіне тасыды. Ешкім де «қойыңдар!» деп тіс жарып, араға түсе алмады, белдерінде салбырап тұрған қанжарынан сескенді. Сөйтіп жүргенде, соғыстан ақсаңдап Құдабай келді. Бойы көк теректей ұзын, кең иық, алшақ кеуде, «мен жігітпін» дегеннің кес­кіні осындай-ақ болар. Домбыра шертісі қандай, қырылдап шыққан дауысымен ән салғаны да өзіне жарасып тұрады. Тек соғысқа сау кетіп, ақсақ боп оралды. Тізесі шор боп катып қалған, бір адым жерді шоқырақтап бір-ақ ат­тайды.
Бұның бәрі жұрт­тан естуім, естіген құлақта жазық жоқ. Ауыл-ел түрмеге қанша түссе де Құдабайды кінәламайды. «Пешенесіне жазғаны ғой, әйтпесе жігіт­тің төресі ғой» деп аяныш білдіріп, ақтап отырады. Сонымен Құдабай көкем соғыстан келген бет­те ел-жұрт­тың көңіліндегі кірбіңді байқап, басынғандарды тәубесіне келтірмесе болмас деп тіке шабуылға шығады. Жексенбіде базарға келген сыптығыр шешен бір әйелдің тұмсығы көкке қараған торлама қауынын әй-шәй жоқ сары қабына салып, кетіп бара жатады. Қосағы соғыстан қайтпаған жесір әйел көзі жыпылықтап, демін ішінен алып, сүлесоқ тұра береді. Бәрін байқап тұрған Құдабай әлгіні ақсаңдай қуып жетіп, алқымнан алып, «Ақшасын неге төлемейсің?!» десе, анау «Сен кімсің?» дейді ежірейіп.
– Мен қазақпын!
– Мен шешенмін!
– Өй, қатынды басынған шешеңнің… – деп көрші шымкентше мақамға салып сыбап жібергенде, анау белінде салбыраған қанжарына қол салады. Білегін қағып жіберіп, қанжары жерге ұшып түсіп, әлгі еңкейе бергенде көк желкеден түйіп қап, шешен сол күйі етбетінен түсіп, жер жастанып қалады. Сол-ақ екен, сол маңға үйірілген бүкіл бөрік кигендер бір қазаққа тап бергенде біреуі сары қауынын, біреуі үп-үшкір бәдіренін, біреуі топ-томпақ қызанағын, енді біреуі былтырдан қалған иір-шиір қауынқағын өткізе алмай екі аяққа салмақ сап тұрған қатын біткен базарды тастап тұра қашыпты. Құдабай оңға келгенін оңға, солға келгенін солға ұрып түсіріп, қанжарына сенген тапал адамдар жерден тұра алмай тыпырлап жатады.
– Арқамды қорғаңдар, – дейді Құдекең жиналып қалған екі-үш қазақ жігітке. Олар шойқаңдап жүріп төбелескен қазаққа әжептәуір қорған боп, арт жағынан келгендердің аузы-басын даладай қан қылады. Сол сәт төбелестен хабардар болған базардағы бүкіл шешен қаумалап келгенде, ат мінген бір қазақтың дарбазадан шауып кірген сұлбасы көрінеді.
– Атқа мен мінейін! – деп айқайлайды Құдабай.
Тізесі шодырайған ақсақ аяғын үзеңгіге іліндіріп, жүгенді қолына алған ол қанжарлары жалаңдап, жиналып қалған бөріктілерді қақ жарып, тоғыз өрім қамшымен бас пен көзге сабалап, арлы-берлі ойқастап өтеді. Осыны естігенде ескі клубтан көрген Буденный туралы фильмді көз алдыма елестет­тім. Сонан кейін «Амангелді» деген киноны көргенде де Құдабай көкем көз алдымда тұрды. Қағанасы қарқ боп жүрген шешендерді осылай қан базарда тырқырата қуып жүріп сабапты, ауылдарына қашқандарды ат бауырына алып дүрелепті. Қан базарда суы сорғалап, шопағы ақтарылған сары қауын мен қызылы быршып қара жерді былғаған қызанақ, көк бәдіреннің сорайған тұқылы қалады. Қара жерде көкірек керген кірмелердің қызыл қаны біразға дейін көңілге кірбің боп басылып жатады.
Кірмелер тыншыды, бірақ жергілікті билік аласұрып, алқымнан алды. Интернационалдық достықтың арасына жік салғаны үшін деген бап соғыстан желпініп қайтқан Құдабайдың мойнына ілініп, темір торға тоғытылды. Кеудемсоқтық жасап басынғандар бәле-жаладан аулақ, сүт­тен ақ, судан таза боп шықты. Енді базарда тұрып ұсақ сауда жасап, гүлдей үлбіреген шала жетімдерді асыраған қатын-қалаш пен түнде қорадағы байлаулы баспағынан айырылған момын жұрт Құдабайды аңсаумен болды. «Әлі-ақ келер Құдабай, сонда көресіңдер» деп еріндері күбірлеп, іштерінен тынды. «Заң да құдайсыздардың жағына шығып кеткені ме? Ұрлық істеп, халықты тонаған кірмелер неге сот­талмайды?» деп, Ажаркүл деген бетпақ әйел жалпы жиналыста колхоз бастықты алқымнан алыпты. Мен үш байға тиген қатынмын, ештеңеден қорықпаймын, істеріңді істеп ал!» деп аяқтапты сөзін. Жиналыс бітісімен «үндемес мілитса» алып кетіп, бір ай қамауда ұстапты.
Құдабай көкенің алғаш бостандықтан айрылуы осылай болған екен. Ол кезде шыр етіп дүние есігін ашпасам, қазір түбіт мұрт жігіт – студентпін. Түрмеден шығып, ауыл шетіндегі інісінің үйіне түскен көкемнің қолын алмаққа алабұртып келе жатырмын. Естіген сөзімнің бәрі көрініс боп көз алдымнан сырғып өтіп жатыр. Жол бойы қара топырақ, балағым бес батпан шаң, бірақ көңілім шапқан ат­тай алып-ұшады. Ес білгелі бұл кісінің түрмеде тұтқынның қара кәстөмімен түскен суретін ғана көріппін. Қалтасында қылмыстың бабы жазулы, көкемдікі бір-ақ бап – «адам өміріне қасақана қауіп төндіру». Темір торды қолымен ұстап, айналасына күлімсіреп қарайды. Үсті-басы қараға малынып тұрғасын ба, суретке кешқұрым мезгілде түскен сияқты көрінді.
Көкем екінші рет тағы да темір торға түседі. Соғыс бітіп, бүлінген шаруа­шылықты қалпына келтіру жылдарында колхоз күріш егіп, Орталық Азия Ресейді күрішпен қамтамасыз ету үшін еңкейген кәріден бастап, үйшік ойнаған бала-шағаға дейін қолына кетпен мен орақ ұстап, тыртыңдап жұмысқа кіріседі. Бір күн жұмысқа шықпасаң – «халық жауысың». Құдабай алғаш сот­талып келгенде кірмелер біраз тыншып қалған екен. Ер-азамат соғыстан оралып, төменетектілердің өңі кіріп, басқаша сөйлей бастапты. Әкелер бала-шағаның маңдайы­нан иіскеп, ат болып арқасына мінгізіп, ауылдың еркек иісі бұрқырап, іргесі беки бастапты. Дегенмен ұрлық тиылмаған. Заң-зәкүн әлі кірмелер жағында, қара қазақ құқықтан қорқып, жетім баладай жалтақтап күн кешіп жүр. Құдабай келгесін ұрлық кілт тиылды. Баяғы өзі базарда желкесінен ұрып жер жастандырған шешен ауруханада есін жия алмай, о дүниеге ат­таныпты. Соның ержеткен баласы келіп, сәлем беріпті. «Әкемді өлтірген адамды көріп, қолын алайын деп едім» депті шімірікпей. Бір жағынан ызасы, бір жағынан ризалығы бар сияқты келбетінде. «Осыдан сақтаныңдар! – депті Құдабай көкем әлгі бала кеткен соң. – Бұлар кекшіл келеді».
Ұрлық тиылғанмен атқамінерлер тісінің суын сорған қара бұқараны сталиндік тәсілмен тізеге сап бас көтертпей тұрған ауыр шақ елдің еңсесін езіп жіберді. Қит етсе айтатыны – «сен халық жауысың, Сталин жолдасқа қарсы әрекет істеп жүрсің» деген жала мен жат­танды сөз. Адам түсінбес ереже мен заң-зәкүн соғыстан ыңыршағы айналып шыққан еңбекқор елді ығыр қылды. Құдабай темір торда абыройы асып келгенмен ауылда «түремшік» деп артынан сөз ерді. Ушаскелік мілитса да ұры мысықтай соңына түсіп қоймады. Заң күштінің жағында, жүні жығылып, іштей тісін қайраумен жүрді. Келе жүгері екті. Шыжыған ыстықта егістіктен шаршап кеп үш шақырым жердегі Шиеліге барып, бір-екі саптаяқ сыра ішіп, жан шақырсам деп аялдамаға келсе, томпақ автобустың төбесі көрінбеді. Кеңсе алдында колхоз бастықтың брезентке оранған жеңіл «легковайы» желпініп тұр. Шопыры рөлді құшақтап ұйқысырап отыр. Құдабайды көргенде селт етіп сергіп, ұйқысы ашылып кет­ті.
– Кет­тік! – деді.
– Қайда?
– Шиеліге. Мені сырахананың алдына жеткізіп таста.
Шопыр бала моторға от берді. Кеңседен асығып шыққан колхоз бастық мәшинесіне қол бұлғап қала берді…
Үш шақырым жолдан қайтып келгенде, колхоз бастық Рахмет Нұрекеев қақпағы бүлкілдеген қазандай бұрқ-сарқ етіп тұр екен.
– Қайда құрып кет­тің?
– Құдабай мініп кет­ті.
– Сенің бастығың мен бе, Құдабай ма? Ертеңнен бастап жұмыстан боссың!
Ертеңіне Құдабай бәрін де естіп, сылти басып колхоз бастыққа келді. «Ассалаумағалейкүм!» деп кіріп келгенде, Рахмет орнынан ұшып тұрды. Өзі салмағы жетпей соғыстан қалған әлжуаз еді, бірақ бір адамға жетерлік сауаты бар, алғырдың ішіндегі алшысынан тік тұрар асықтың нағыз өзі.
– Неге келдің?
– Өзіңе шопыр болайын деп келдім.
– Менің шопырым бар ғой.
– Оны кеше шығарып жіберген жоқсың ба? Екінші дәрежелі мүгедекті үш шақырым жерге жеткізіп салғаны үшін… Енді мені ал. Мен темірді де, адамды да зыр қақтырамын.
Рахмет жапалақ көзі шарасынан шығып, үн-түнсіз тілі байланып тұрып қалды.
– Сонда екінші дәрежелі мүгедекті үш шақырым жолға жеткізіп салғанда мәшинеңнің қанша литр майы шығын болды? Соғыста сендейлерді үкімсіз-ақ командир қақ маңдайдан тарс еткізеді, – деп қолын қалтасынан шығара бергенде, колхоз бастық табанына тікен кірген баладай шыңғырып, аядай бөлмені басына көтерді. Ауызғы бөлмеден парторг жетіп келіп, сілейіп тұрып қалды.
– Парторг жолдас, мынау мені өлтірейін деп тұр, – деді Рахмет өзіне-өзі келе алмай қалшылдап. – Соғыс көрген, түрме көрген мынау мені…
– Баланы қайтып ал, – деп, бұл бастық пен парторгке ала көзімен атып бір қарады да, ақсаңдай басып есіктен шығып кет­ті.
Ертеңіне екі қызыл жаға Құдабайды егіс басынан алып кетіп, өкімет адамына қастандық жасауға әрекет жасағаны үшін және өкімет көлігін заңсыз пайдаланғаны үшін деген баппен тағы да үш жылды арқалап кете барды. Сот­та парторг куә, шопыр бала жәбірленуші боп сөз сөйлеп, бәрін де мойнына қойып берді…
Құдабай көке мені тани ма екен? Ол кісі үшінші рет сот­талғанда, мен жеті жаста екенмін. Анда-санда бір көргенде «Әпшуіңді көрсетші, насыбай берші» деп күлімсірей қарайтын. Соңынан ерген жалғыз інісі жылына бір кездесуге барғанда өзі елден кеткенде іңгәлап туған ауылдың баласы мен еңкейген кемпір-шалына дейін сұрайды деп айтып келген. Сонда мені де сұрады ма екен? Менің көз алдымда көкемнің шәпкесін қисайта киіп, қара кәстөмінің қалтасында қылмыс бабы жаз­улы бейнесі ғана тұр. Үкім шығарардың алдында соңғы сөз бергенде: «Рахметке рахмет, мені сот­татып жіберген. Бірақ мына баланы жұмыстан шығарма» депті. Үш жыл деген қол-аяғы сау ер-азаматқа көзді үш рет ашып-жұмғанмен бірдей, оның үстіне бөтен жер емес, өзі көжесін ішкен қара қазан, Құдабайдың темір торға берген абыройы тағы бар. Бір жеңгесі шәй беріп отырып: «Енді ол жаққа бармайтын шығарсың?» десе, «Ол жаққа да адам керек қой» депті іркілмей.
Ел-жұрт­ты шулатып, ішіп отырған шайларын жинап тастап, демін іштерінен алып, ер-азаматқа Алладан өмір тілеген оқиға – Құдабайдың үшінші рет сот­талуы болды. Мен мектеп есігін енді ашқан, тай-құлындай тапырақтап жүрген кекілді баламын. «Құдабай Шиелінің ресторанында бір орысты алқымнан орып жіберіпті» деген сөз желдей есіп, ағайын қоғадай жапырылды. Мен сияқты сөмке асынған кекілділер сол күні сабаққа бармай қалды. Әке-шешеміздің аузына қарап, бір белгісіз үрей бойымызды биледі.
Құдабай көке тумысынан кетпенші, кетпенді адал сермеп, адал шабады. Колхоз сеніп күріштік жер беріп, егін егіп, елдің алды боп жүрген. Ел де артық өнім алып, жетісіп қалған шақ еді. Оның үстіне бойына өнер дарыған шертпе күйдің шебері, Әлшекейдің күйлерін тартқанда үлкендер тамсанып, кейбіреулер иегі селкілдеп, бойлары босайды. Ауданда құрылған «Жас дәурен» домбырашылар оркестрінің бас иесі де – өзі. Тек шаңырақ көтеріп, үйлі-жайлы болмаған пақыр ғой деген соңынан ерген селкеу сөз бар. Ұрғашы біткен көркіне көз тойдырып, сөзіне қорғасындай балқығанмен Құдабай атын естігенде мұздай боп тітіркеніп қалады. «Түрмеден келген» деген атақтың қақ маңдайына өшпес таңба боп басылып қалғанын қайтерсің. Әйел заты әнін тыңдап, күй шертісіне көңілін алдырғанмен түрме деген сөзді естігенде тұра қашады.
Сол күні егістіктен түс ауа үйіне келгенде, сыныптас досы Ақкенже мимырт басып кеп есігін ашты. Бір партада отырып, бір төсекті жамылып, Айға қарап армандап өскен құрдас: «Кет­тік, Шиеліге барып 100 грамдатып қайтайық» дейді ақшасы көп адамдай қолды-аяққа тұрмай. Құрдастың сөзі қымбат, соңынан еріп жүре берді.
Ресторанның іші бос, екеуі төрге жайғасты. Бір кезде екпіндеп кіріп келген сары шашты, көк көз дембелше орыс күні кешегі атылған оқ пен жарылған снарядтан аман қалған сәт­терді айтып, желпініп отырған екеуге тақап келіп:
– Төрге мен отырамын. Қазақтың орны босаға. Орынды босатыңдар! – дейді, әй-шәй жоқ шүйлігіп.
– «Оу, Шиеліде Құдабайды білмейтін пенде жоқ еді, мынау аспаннан түскен қандай аждаһа?!» – деп Құдабай сол қолын сермеп жібергенде, анау сілейіп тұрып қалды, бірақ тілін тартпады.
– Сендей қазақтың екі аяғын бір етікке тығамын, – деді ежірейіп.
– Мә, мынаны бауыздау керек! – деп құрдасы қалтасынан шығарған өткір шаппаны намыспен ұстаған оң қолы орыстың алқымын орып жіберді. Көз алдында – мойыннан аққан қызыл қан, құлағында – «сендей қазақты, сендей қазақты…» деп қайталаған кемсіту сөз. Дәмді асты ауыздарына ала берген қасындағы қара-құра сыртқа қарай құйындай ытқып, даяшы екі әйел алжапқышы желпілдеп, қаңбақтай зыта жөнелді. Сыныптас құрдас та сергек екен, досын тастап, екі аяққа ерік беріп, беталды безіп кет­ті. Алқымынан қан саулаған бейпіл ауыз шовинист қырылдап біраз жатып, жан тапсырды. Құдабай көкем қызыл жағалылардың келуін күтпей ақсаңдай басып мілитсаға өзі барды. Тағы да интернационалдық достыққа кереғар әрекет көрсетіп, ұлы халық өкілінің өмірін жазықсыз қиғаны үшін сот ату жазасын берді. Біз жеті жасар тұлымы желкілдеген баламыз, тек құлағымда әкемнің айтқан сөзі: «Үкімнен кейін қолына кісен сап әкеткенде: «Қош, ағайын! Ауыр сөзім болса, кешіріңдер!» – деп сөйлеп бара жат­ты» дейді…
Жоғарғы сот коллегиясы соғысқа қатысқан екінші дәрежелі мүгедектігін, «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапат­талғанын ескеріп, істі бұзып, қайта тергеуге жіберіп, жазаны 15 жыл мерзімге ауыстырды. Пышағын беріп, өзі қашып кеткен сыныптас досы да ұсталып, қылмыстың негізін салушы ретінде алты жылды арқалады. Анау «төр менікі» деп асқақтаған кеудесінде бір қап желі бар сары орыс – Саратовтан інісінің үйіне қыдырып келген Шиелінің қонағы екен. Жесір қалған жұбайы сотқа үлгере алмай кешігіп келіп, «Күйеуімді өлтірген адамның түрін көрейінші» деп өтініш айтыпты. Изолятордың сықсиған есігінен сақал-шашы өскен ауыл қазағына көз алмай, ұзақ қадала қарап қалыпты…
Мен түбіт мұрт жігітпін, енді бір айда университет бітірем. Он бес жыл көрмеген көкеме есіктен не деп кірсем екен? Ол кісі түрмеде жүргенде әкесі дүниеден қайт­ты. Көңіл айтсам ба екен? Жас басыммен әкемдей адамға қалай көңіл айтам? «Әкесі баласының қызығын көре алмай кет­ті ғой, – деді көкем үйден шығарда. – Әкесіне көңіл айт. Бұл – ата салты. Құдабайдың қызығын халқы көрді. Оның аты аталса бәрі селт тұра қалады, ешкім де жамандыққа қимайды. Ол – елге тұтқа болды ғой». Әкемнің дауысы құлағымда күңгір-күңгір естіліп келеді. Есік алдына жақындай бергенде, сұлбасы биік өскен қара ағашпен тайталасып, ағаш діңіне қолын салып біреу тұр екен. Қолындағы шылымын қайта-қайта сорғыштайды. «Мынау Құдабай көкем ғой». Ішім шым ете қалды. «Мені тани ма екен?» Жақын келгенде «Беломорын» түбіне дейін сорып, ақсақ аяғының табанына тастады.
– Ассалаумағалейкүм!
– Әликсалам!
Бетіме шұқшия қарап біраз тұрды да:
– Қуантайсың ба? – деді.
Мен басымды изедім.
– Уәлшерден айнымай қалыпсың.
Ең үлкен ағам Уәлшер соғыстан қайтпады, екеуі құрдас екен, қолындағы 1923 деген терісін тесіп жазған жазуға көзім түсіп кет­ті.
– Үйге кірейік, – Бұл кісі інісінің үйінде тұрады. Бөлек босаға, бөлек қазан-ошақ бір басына бұйырмаған. – Қонақ келді, шай қой, – деді келініне қарап. Келінінің жүріс-тұрысынан келім-кетім қонақтан әбден зәрезап болғаны байқалып тұр, қабағының қыртысы жазылмай самауырға шоқ салды.
– Үлкен әкемнің арты қайырлы болсын, – дедім төмен қарап.
Түрмеде ұзақ отырғандар өзі туралы айтпайды, өзгелерді тыңдайды деп естігем. Шукшиннің кейіпкерлері де сондай ғой, өзінің мінін жасырып қалмайды, бастықтың алдында да, баланың алдында да бірдей сөйлеп, тең отырады.
– Жігіт бопсың. Уәлшер екеуміз соғысқа бірге кетіп едік, ол сол жақта қалды, мен ауылға келдім. Бірақ менің де ауылда болғанымнан болмағаным көп боп тұр ғой…
Көкем уыт­ты сөзге ұста деп естігем, мені баласынбай өмірінің қисық жолдарын тіл тигізіп жеткізіп отыр. Бұрқылдап келген болыскей самауырдағы шайдан бір кесе іштім де, кетуге ыңғайландым.
– Сіздің қолыңызды алайын деп… Ертең Алматыға жүрем.
Ол қолын ұсынды. Саусақтары тарам-тарам, қырым еті жоқ қу сүйек. Терісін тесіп жазған 1923 деген жазу өзім көрмеген ағамды тағы да еске салды. Көйлегінің түймесі ағытулы ашық көкірегінен терісін тесіп жазған тағы бір сурет­ті байқап қалдым. Жайқалған екі бау бидайдың ортасында «Казахская ССР» деген жазу тұр дөңгеленіп. Еліміздің Елтаңбасы. Орысша жазылса да қу сүйек көкірекке көрік беріп, өзіне тартып тұр. «Инемен тесіп, денеге сурет салу үшін де шыдам керек шығар».
– Көке, мен жүрейін.
– Жол болсын! – деп ту сыртымнан қарап қала берді.

* * *
Құдабай көке кеңсе алдында тұрғанда, зыңылдаған бағанға ілінген қалпақ қара радио қақсап қоя берді. «Бүгін Алматыда бұзақылар мен ұрылар, арамтамақтар мен нашақорлардан құралған қазақ жастары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Пленумының шешіміне қарсы көшеге шығып, арандатушылық әрекет­тер жасауда. Бұзақыларға құқық қорғау органдары тыйым салып, қалада тұрақты жағдай қалыптасуда. Бұзақылар мен нашақорлар, арандатушылар әділ жазасын алады. Партия мен совет органдары, еңбекші халық өкілдері ұлтшыл топтардың бұзақылық әрекет­терін қызу талқыға салып, ой-пікірлерін білдіруде. Мәселен, Алматы үй құрылысы комбинатының озат балташысы Вячеслов Носов былай дейді…
Кеңсені қоршаған жұқа шарбаққа сүйеніп тұрып темекі тартқан Құдабай ақсақ аяғымен қайта-қайта жер тарпып, теңселіп кет­ті.
– Соры қайнаған қазақ балалары-ай, сорлайтын болдыңдар-ау. Енді атып-асып, аямайды ғой сендерді. Торға түскесін тісін қайраған көккөздер көресіні көрсетеді-ау сендерге. Ех, бостандық… мен де сол жақта жүргенімде… – деп кемсеңдеп қалды.
Жұрт қайыңның безіндей қат­ты Құдабайдың екі езуі бүлк-бүлк етіп кемсендегенін көріп, қайран қалды. Қалпақ қара радио бір айтқанын қайта-қайта қайталап, ҚазТАГ хабарын жүйткітіп жатыр. Ол ащы «Беломорды» бірінен кейін бірін тұтатып, бұрылып алып, шоқырақтап жүріп кет­ті, тас төселген ойқы-шойқы жолда қайда бет алғанын өзі де білмейді. Сыздай бастаған тізем демалсын деп, сіркіреп жауған жаңбырдан кейін зыңылдап ток жүрген жұмыр бағанға алақанын тигізіп сәл тұрды да, қара жерге гүрс құлады. Соңына дейін сорылмаған ащы «Беломор» ернінде қалды, «Ех, бостандық…» деп аяқтай алмаған сөзін де ешкім естімеді.

* * *
Оқуды бітіріп туған түтініме табан тіредім. Әкемді көргенде айтқан әңгімесі былай болды:
– Өзің жақсы көретін Құдабай көкең бағанға сүйеніп тұрып, жан тапсырды.
– Басына барып Құран оқимын.
– Бар. Дәретпен бар. Бүгінгі жұмысың осы болсын. Құдабай адамзат­тың тазасы еді ғой…
Ауыл шетіндегі көне зират­ты сидам өскен сары қамыс қаптап кетіпті. Ақ қырау үпелегі ұшып кеткен шошақ төбесіне қонақтап, аруақтар жатқан киелі мекен де қыс ызғарын қарсы алып тұр. Бояуы оңған тұщы шөптер қар астында қалса, қара жусан мен алабота секілді ащы шөптердің төбесі қылтиып көрінеді. Ең шет­те томпиып жаңа үйілген жас топырақ жатыр, желтоқсанның жаңа жауған ақ қары топырақ бетін пышақ елі көмкеріпті. Бас жағындағы тасқа қашалған көрінер-көрінбес жазу көзіме от­тай басылды. «Құдабай Бекәліұлы. 22 маусым 1923 – 16 желтоқсан 1986 жж.». Көкем дәл Желтоқсан көтерілісі басталған күні жалған дүниені тастап кетіпті. Бұл күні Қайрат­тай қыршынға бір мас орыстың қаны жүктеліп, теңдік үшін текетірескен талай қазақ баласы темір торға тоғытылды. Осыны естіген Құдабай көкем төбесіне қара торғай қонақтап, зыңылдап ток жүрген бағанға сүйеніп тұрып, бостандыққа қолын бір сілтеді. Тұрағы жоқ қара торғайға төменнен қарап, «Сен қай күні торға түсер екенсің?» деп жүрегі қан жылап тұрып жөнеп кет­ті…
«Біссімілла» деп бастап, Құран бағыштадым. Көк тасқа қонақтаған ақ қарды алақаныммен сипадым. Су сорғалаған тастағы «16 желтоқсан 1986 ж.» деген жазу көз алдымда көлемі үлкейіп, көк тасты көмкеріп бара жат­ты. Саяхат­тап жүріп көрген Николай Рубцовтың басындағы «Россия, Русь, храни себя, храни!» деген өлеңі де көз алдымнан жалт ете қалды. «Осыдан, бір айдан соң алғашқы айлығым қолға тиісімен, «16 желтоқсан 1986 ж.» деген жазудың астына «Ех, бостандық…» деп аяқтай алмай кеткен сөзін қашап жаздыртам. Басқа сөздің керегі жоқ. Жұрт онсыз да жалған дүниеге қалай келіп, қалай кеткенін бес саусақтай біледі» Қамыс басы жалаңаштанып, жел тұра бастады. Біздің жақтың ауа райы сондай қиын. Жазы ыстық, қысы суық. Күз түспей жатып қамыс басы сыбдырлап, жапырақты жел ұшырып кетеді. Адамдар бәріне төзеді, туған жерін тастап қайда барады? Көне бейіт­тің есігін жауып, алыстай бердім. Бір айдан соң келемін.
…Желтоқсанда сот­талып, түрмеден келген сурет училищесінде оқыған ауылдың Дайрабай деген баласы бағанға сүйенген Құдабай көкемнің бейнесін картина ғып салып, зыңылдап ток жүріп тұрған дәл сол бағанға қыстырып қойып­ты. «Бұның не?» десе, «Түрмеде салған суретім еді» депті жауап алған ушаскелік мілитсаға.

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір