Фаризаға құрмет
Көзі тірісінде поэзия падишасына айналып, өлең өлкесіне өзіндік өрнек пен өзгешелік алып келген, халық махаббатының айдынында жүзген, бүкілхалықтық тұлғаға айналған қазақтың көрнекті ақын қызы, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері Фариза Оңғарсынова ел мақтанышына айналған дара тұлға екендігі ақиқат.
Ақынның туған жері Атырауда, 13 желтоқсанда, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде қазақтың өр мінезді, асқақ рухты ақын қызы Фариза Оңғарсынованың жарқын бейнесін жүректерде мәңгі сақтау мақсатында еске алу кеші өтті.
Ақын апамыздың рухына арналған салтанатты еске алу кешіне Республикамызға танымал ғалымдар, шығармашылық зиялы қауым өкілдері мен сөз өнерінің майталмандары жиналды. Атап айтар болсақ: Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, филология ғылымының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сейіт Қасқабасов, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, жазушы Мереке Құлкенов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Әлібек Асқар, ақын, филология ғылымының кандидаты, Еуразия университетінің доценті Оңайгүл Тұржан, жазушы, қоғам қайраткері Мырзагелді Кемел, Президент гранты мен Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көпен Әмір-Бек, «Дарын» мемлекеттік Жастар сыйлығының, Қазақстан Жазушылар одағының Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың, әдебиет саласындағы Президенттік стипендияның иегері Светқали Нұржан және Фариза апайдың туыстары қатысты. Салтанатты кеш поэзия падишасына арнап туған топырағы Атырау қаласының басты көшесіне орналастырылған ақын ескерткішіне тағзым етуден басталды. Ескерткішке кеш қонақтары, зиялы қауым өкілдері мен студенттер гүл шоқтарын қойып, естелік суретке түсті. Одан соң Салтанатты шара Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде жалғасын тапты. Оның себебі, заманымыздың биік рухты ақыны, осы жоғары оқу орнында білім алып, сонау 1961 жылдары филология факультетін тамамдаған болатын. Атырау университетінде ақын апамыздың есімін жас ұрпақтардың есінде мәңгілікке қалдыру мақсатында Фариза Оңғарсыноваға арналған естелік тақта ашу ұйғарылған болатын. Естелік тақта ашу рәсімін Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры, химия ғылымының докторы, профессор Абзал Ахатұлы Талтенов құттықтау сөзімен ашып, жиналған қауымға арнап: «Қазақтың сөз өнерін биік белеске шығарып, поэзияға жаңа леп алып келген, Махамбет жырларынан нәр алып, өзінің өршіл жырларымен дараланған Фариза апай бүгінде бүкілхалықтық шығармашылық тұлғаға айналды. Соңына өлмес, өшпес мұра қалдырған ақын апамыздың Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде 1956–1961 жылдары аралығында білім алып, осы жерден өнер айдынына қанат қаққаны біз үшін зор мақтаныш. Аяулы ақынға деген ел махаббатын үстей беру үшін, мәңгілік ғұмырын бастаған ақын даңқына бәріміз бас иіп жүруіміз үшін Атырау университетінің көрнекті жерінен Фариза апамызға арнап естелік тақта ашқалы тұрмыз. Заманымыздың заңғар ақыны ғасырдан ғасырға өткен сайын жаңа қырымен жарқырай түсіп, тәуелсіз еліміздің жас ұрпағының жаттап өсер жасампаз жырына айналары сөзсіз», – деп сөзін түйіндеп, Фариза Оңғарсыноваға арналған естелік тақтаны салтанатты ашу құрметін Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сейіт Қасқабасовқа табыстады. Танымал ғалым естелік тақтаны ашып тұрып: «Фаризаның өлеңдерінде өмірге, адамға деген махаббат мол. Оның жырлары жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Ол әдебиетке қанша ырғақ, ұйқас, шумақ әкелді десеңізші! Оның өзі бір әлем. Бүгінде Фариза өнері әлі зерттеліп болған жоқ. Дегенмен, оның поэзиясы Мұқағали, Мағжандардың өнері сынды ғасырдан ғасырға жалғаса бермек. Ол – нағыз классик ақын», – деді. Сағынышқа толы еске алу шарасы одан әрмен, Атырау университетінің акт залында елге таныс зиялы қауым өкілдері, ел ағалары студенттермен кездесіп, жыр падишасы жайлы сырларымен, естеліктерімен бөлісуге ұласты. Сырласу кешін ақын апамыздың рухтас інісі, ақын Светқали Нұржан жүргізді. Сондай-ақ, кеште К.Әмір-Бек, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ә.Асқаров, О.Тұржан Фаризаның поэзия әлеміндегі орны туралы кеңінен әңгімеледі. Ал, университет профессоры Қадір Жүсіп ер-азаматтар поэзиясы мен қыздар поэзиясы арасындағы қақпаны құлатқан Фариза екеніне тоқталды. Ол ақынның жақында жарыққа шыққан 12 томдық шығармалар жинағымен таныстырды. Университет профессоры, Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Илья Жақанов көзі тірісінде Фаризаның сүйіп тыңдайтын «Балқан тау», «Ақбөбек» әндерін орындады.
Университет ректоры Абзал Тәлтенов ақын рухын ардақтап келген кеш қонақтарына алғыс айтып, журналистика мамандығының екінші курс студенті Ақтілек Абаеваға Фариза Оңғарсынова атындағы арнайы шәкіртақыны табыс етті. Сағынышқа толы тамаша кеште поэзияға құштар студенттер ақынның өлеңдерін нақышына келтіре оқып, сөзіне жазылған әндерін орындап, шараның сәнін келтірді.
Сағынбек Аронов.
Атырау.