«Рухани жаңғыру» журналы
Салмақты сараптамалар мен бай мазмұнды қамтитын
«Рухани жаңғыру» атты республикалық журнал жарық көрді.
Басылымның тұсаукесері Талдықорған қаласында өтті. Жаңа басылымның ұстанған бағыты – рухани құндылықтарды дәріптеу, мәдениетімізді, әдебиетімізді зерттеп, зерделеп жария етуге мол мүмкіндік жасау. Журналда ақпараттық материалдар мен күнделікті хабарламалар басылмайды, тиісінше, руханият пен тарихқа қатысты құнды, ұрпаққа ой салар тың сараптамалар қамтылмақ.
Алматы облыстың өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бас редактор Бақтияр Қабасов әріптестеріне сүйінші данасын таныстырды.
– Тарихымызды таразылап, төл мәдениетімізді қайта жаңғыртуға тың серпін берген Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы негізінде жаңа басылым – жаңа идеямен жарыққа шықты. Мемлекетіміздің жаңғыру жолындағы жетістіктері мен жеңістерін, еңбекке үлгі болған жандардың ұстанымдары, көне көрікті қалаларымыз бен тарихи ескерткіштеріміз, мәдени мұраларымыз жайлы жан-жақты мағлұмат ала аласыздар, – деді Б.Қабасов.
Әзірге 1000 данамен басылып шыққан түрлі-түсті журнал еліміздің жаңғыру жолындағы жетістіктері мен жеңістерін паш етпек. Ақылдастар алқасы да зиялы қауымдардан, елге танымал азаматтардан құралған. Шеф редактор Алмат Исәділдің айтуынша, басылым алдағы уақытта 3 тілде жарияланатын болады. Ал жаңа әліпби нұсқасы толығымен бекітілсе, латын қарпіне көшу жоспарда тұр. Сонымен қатар, «100 жаңа есім», «Қасиетті Қазақстан», «Туған жер», «100 жаңа оқулық» жобаларының кейіпкерлері осы басылым арқылы жасап жатқан іс-тәжірибелерін халықпен бөлісе алады. Журналға қазірдің өзінде жазылу жүріп жатыр.
ПІКІРЛЕР1