Рухани жаңғырудың қырлары мен сырлары
Сапар Оспанов,
философия ғылымының
докторы
Мақсатымыз – «Қазақ әдебиеті» газетінің зиялы оқырмандарымен тақырып кеңістігінде зерделесу. Тарихта аты ғана қалған небір империялар жемқорлық, имансыздық, пендешілік обырларынан күйреген. Қазақ халқының Мәңгілік ел болу тағдыры ұлттың рухани бірлігінің нығаюымен келіп, сол барда сақталады.
Ру – қандастық қана емес, ақыл-ойы, діні мен ділдері ата-тектерінен ортақ болып келгендердің өмір ортасы. Рух – рудың осындай құндылықтарының мәнін білдіретін абстракциялық түсінік. Рухани құндылықтар – рухқа тән ойлар, ұлт фольклоры мәйегі, тағлымды тарихи істер, т.б. арқылы бағалы мағыналарға ие болады. Руханият – қоғамның рухани мұрат-мақсатының ресми мәдени жүйесіне енгізілген мазмұны. Руханият – тұлға, топ, халықтың ой өрісі, мінез-құлқы, іс-әрекеттеріндегі рухтан алған қуаты. Руханияттылық – руханиятты адам сөзінің, мінез-құлқының, ісінің өзгеге тигізген әсері. Рухтың осындай қырларын «ру/х/ани/ят/тық» жазылым үлгісінде алсақ, оның алмастай жауһар табиғатынан гауһардың қырларындай «мән – мағына – мазмұн – қуат – әсер» берер мүмкіндіктері ашылмақ. Олардан тектілік, арлылық, намыстылық, ұяттылық, ұлағаттық сияқты ойтолғау мән-мағыналары ұшқындамақ. Сонда рухқа еш қатысы жоқ білгішпаздықтың бұлты тарап, жүрек қапастарында қалған діл-қазынасы шұғыласын шашпақ.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұсынған Рухани жаңғыру бағдарнамасының басты маңызын осыдан көреміз. Рухани әлеміміздің естен шығып, қазақтың рухани маңқұрт болуы – ол қазақтың соңғы екі ғасырда үш (қоқандық, ресейлік, советтік) бодандық өмір азаптарынан туды. Ал ата-тектеріміз сақтар деп аталған дәуірде, Еуразия қосқұрлығындағы империясын рухани бірлігі, сертшілдігі, адалдығы, әділдігі, қателіктен «у ішілсе, руымен ішкен» ар-намыстылығы мықты кезде сақталған.
Әдетте, рух туралы түсінік асқақ құндылықтарға баланады. Ол рас. Десек те, таза рух тек абстрактылы күш қана болғандықтан, оны билік өз мүддесіне сәйкес пайдаланылуы да мүмкін. Мысалы, кезінде, гитлеризм «көгілдір қанды арийлік рух» мифін асқақтатып, Муссолини фашизм идеологиясын ұлттық рухқа айналдырды. Ал олардың адамзатқа қандай азаптар әкелгені белгілі.
Келесі мысал өз Отанымыздың тарихымен байланысты. 1810-1856 жж. Қоқан хандығы Жетісудан Сыр өңірі арасындағы қазақ елін басып алып ауыр бодандықта ұстады. Жергілікті бектер, аймақтық беклербегі мен өңірлік кушбегілер, хан ордасына жіберілетін салықтардан өзге, өздерінің пайдасына да сыбайлас жемқорлықпен байлық жинау үшін салықтарды шексіз өсірді. Салық төлей алмағандардың бала-шағасын құлдыққа сатты. Соларға қарсы ереуілге шыққандарды аяусыз басты. Сол кезеңде Ақмешіттің батыс жағындағы Күмісқорған маңын басқарған Нияз бек қазақтарды әбден басынғаны сонша, 1852-53 ж.ж.: «Маған қазақтар күн сайын бір қыз бен бір қойын әкеліп тұрсын», – деп жарлық етеді. Өзге ауыртпалықтарға шыдап келсе де, ұлттың рухын таптағанына шыдамаған жергілікті рудың биі Түлкібай Жаңатайұлы кезекті қыз болып киініп, ішінен қылыш байлап келіп, Ниязды жатын бөлмесінде шауып өлтіреді. Соларды жазалауға Ақмешіттен шыққан 300 қоқан сарбаздары келгенде, өзін ұстамаса халықты қыратынын білген Түлкібай, жауға қарсы жалғыз шауып, солардың қолынан қаза табады.
Ер-Түлкібайдың басын алдына әкеп тастағанда, баласын намыстылыққа тәрбиелеген, өз рухы биік анасы Айқалипа, жаудың алдында ұлының рухын түсірмес үшін жыламаған. Оны жоқтай бастаған келініне: «Жылама!», – деп жекіп, баласының басының қасына тізерлей отырып, ержүрек ұлының басын төсіне басып: «Ұлтыңның рухын асырдың, арманыңа жеттің, мен ақ сүтімді кештім!», –деп баласының маңдайынан емірене иіскеген екен. Бұл уақиға туралы деректер ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатта сақтаулы. Осы бір ұлттық рухтың қайратын көкке көтерген ерлік сол кезде қазақ халқын бір сілкіндірсе де, бодан елдің ерлігін ұмыттыруды көздеген Ресей империясы мен КСРО-лық большевиктік саясат өз мақсаттарына жетті.
Қазақта адамға аң атауымен берілетін ат сондай аңдарды «ұстаушы» дегенді білдірген. Ер-Түлкібай да өзінің «Түлкібай», яғни «әлі жеткенге зорлық-зомбылық көрсететін қу-сұмдарды жоюшы» деген атын ақтаған Ер еді. Осы уақиғаның мәнісін Елбасы
Н.Ә.Назарбаевтың: «Рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы», – деген сөздерінен көріп тұрған жоқпыз ба?!
Бодандаушы билік өз ісін барлық жерде тұрақты түрде атқару үшін жергілікті жердегі адамдарды да қызметке тартады. Оларға бұқара халықтың тағдырлы жағдайларын шешу кезінде пара алуға, ал салық жинау кездерінде, қоқандық билермен бірігіп сыбайлас жемқорлыққа дағдыланады. Соған дәніккен кезде, өз қандастары қысымға шыдамай қарсылықтар көрсетіп, көтерілістерге шыққанда басқыншылардың жағында болған. Сөйтіп, қазақтың өз ішінен мемлекеттік билікке жеткендердің психологиясы өз халқын басып ұстау, сөйтіп жүйелі түрде тонау ісінде шендік биліктің амалдарын шебер пайдаланудың әдістерін қалыптастырған. Билік жүргізетін шенеуніктердің наразыларды осылай басып-таптауынан, пара бергісі келмегендерді жала жауып қудалау сияқты зорлықтардың зардабынан зәрезап болған халықта билік алдындағы «құлдық психология» қалыптасты.
Сонымен қазіргі парақорлық пен сыбайлас жемқорлық қазақ халқының ежелгі ел басқару дүниетанымына жатпайтын, кірме бодандаушы биліктердің халық ішінен шығатын парақор-жемқор пысықайларын қалыптастыруының салдары. Президент бағдарнамасындағы: «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес», – деген сөздерінің бір қыры мен сыры айқын аңғарылады.
Еліміз егемендік алғанымен, бұрынғы парақорлық пен жемқорлықтың ізі әлі жойылмай тұрғанда, оларды басқаша жандандыратын фактор өмірімізге келді. Ол нарықтық-экономикалық қоғамның заңмен де заңсыз да, қалайда пайда табу өмір нормасына, ал ақша соның құндылығына айналып отыр. Осы жағдаятты философиялық эссезим тұрғысынан зерделейік.
Пайдашылдықтың кіндіктес екі жағы – «ақшаизм-затизм» («-изм» – бір идеяның ілімге, ал оның практикалық істерді ұйымдастыру негізіне айналуын көрсететін жалғаулық, мысалы, марксизм, либерализм т.б.) идеологиясы. Олардың аббревиатурасы «а-з-изм», яғни адамды әрқашанда: «Бәрі аз! Аз!» дейтін үздіксіз ұрандаудан «Әз-әзіл» атынан, рухани әлем аңызындағы Әзәзіл келгендей. Әзәзіл – еркекті қару-жарақ жасап, соғысқа, ал әйелді әшекейлерге айыздары ешбір қанбайтын жерік етіп; солардың солығын басуға керек байлық жинау үшін өзгелерді зорлап, алдап-арбап, керегінде зинақорлыққа, құдайсыздыққа үйрететін жын-шайтандардың жетекшісі. Әзәзілдің «ағасы» – Ібіліс. Ол Адам-ата мен Һауа-ананы жұмақтан қудырғаны белгілі. Жерге солармен бірге қуылған Ібіліс, адамның жинаған білімін ең алдымен қару-жарақтар жасауға, табиғат қорын тынымсыз пайдалануға итермелейтін, солар арқылы баюға қызықтыратын делебе күшіне айналды. Сол үшін бір елді екінші елдің шабуына итермеледі. Осылардың түпкі мақсаты – Ібілістің көксейтіні – адамзаттың жердегі тіршілігін тозаққа айналдыру, заманның ақырында адамзатты жою. Ібілістің бұл «стратегиясы» – «ібілісизм», ал соны іске асыру «тактикасы» – «аз-аз-изм».
ХХ ғ. философтар (М.Хайдеггер, К.Ясперс, К.Г.Юнг, т.б.) ғылыми білімдермен ғана уланған адам санасы мен ақылының көптеген тұйықтарға тіреліп келе жатқанын көрсетті. Олар адамзаттың келешегін сақтау үшін, адам санасының ең бастапқы тектеріне оралуы керек деген ортақ ойға келді. Хайдеггер 1930 жж. басында: Неміс халқы экономикалық азаптардан шыға алмай жүр, бірақ ең «ауыры – ұлттың рухани азаптарда жүргендігін білмеу, сол үшін күйінбеу – ұлт руханияттылығының ұлы мұқтаждығы» деген еді.
Байырғыға қайта оралу дегенде, қазіргі жұрт білмейтін, ерте ғасырлардың өзінде қалған бірдеңелерге оралу деп түсінбеу керек. Олардың барлығы бүгінгі өмірімізде бар. Олар салт-дәстүрлерде, ырым-жоралғыларда, рәміз-рәсімдерде (қысқалық пен ой ұтымдылығы үшін осы қос сөздердің бірінші әріптерінен «СЫР» деген аббревиатура қолданайық). Бұл СЫР-лардың ата-тектеріміз кезіндегі айқын түсініктері халық фольклорында (ертегілерде, аңыздарда, мақал-мәтелдерде, т.с.с.), өнер шығармаларында (қисса-жырларда, ән-күйлерде), халық ойындарында (бәйге, көкпар, қыз-қуу, т.б.), қол өнер, ою-өрнектердегі символдық кодтарда сақталған. Біз ол СЫР-лардың ішкі мағыналарын емес, тек сырттай орындалу көріністерін қабылдаймыз. Біздің ұлттық ру/х/ани/ят/тықтың ұлы мұқтаждығы осында. Олар есте сақталып, орындалғанымен біздің санамызға, әсіресе мінез-құлқымыз ешбір әсер етпейді. Біреулердің дөрекі мінез-құлқы, ұятсыздығы, тіпті қылмысқа келтірер істері жасалу кезінде халық даналығының ұлттық код есебіндегі құндылығы іске қосылмайды. Қ.Сұлтанов айтқандай, қазір «ұят туралы айту ұят болып барады». Бұл нарықтық саяси-экономикалық бейтараптықтың ұлттың имани-рухани әлемін алаңсыз мешел еткендігінде.
Юнг СЫР-лардың ең терең сырлы түйіні – ұжымдық (ұлттық) архетиптік бейсаналық қуатты құрайды. Ол адам психикасының терең астарында жатады, адамның мінез-құлқының ерекшеліктерін айқындайды. Өз ұлтының СЫР-ларынан ажыраған кезде халық архетиптік «ашаршылыққа» (Хайдеггер, Юнг) ұшырайды. Ол ашық типті азғындықтарға – әлеуметтік аномияға әкеледі (Р.Мертон). Өмірінің осындай мәні кете бастағанда, ұлттық рухани әлемнен «жетім қалған» адамдардың өзіне қол салуы (суицид) жиілейді
(Э.Дюркгейм).
Осы тұста Қазақстан әлем елдері жүйесіне еркін еніп, шет елдердің колейдоскоптай көз тартар заттарымен бірге, олардың заманауи сәндік нормаларының кері, аномиялық салдарлары біздің халықта да кең етек алмай тұрғанда қазақи СЫР-сырларының антианомиялық мүмкіндіктерін барынша іске қосуымыз керек. Президент Бағдарнамасындағы: «Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», – деген сөздері, біздің жоғарыдан сөз етіп келе жатқан мәселеміздің қазақстандық СЫР мен батыстық СЫР араларында терең айырмашылықтар бар екенін, және де оларды толық сәйкестендіруге келмейтінін білуіміз және мойындауымыз керек. Онсыз ұлттық аномияға килігеміз. Осы жағдаяттың алдын алудың ерекше қыры-мен-сыры ұлттық кодтың мән-мағыналық ым-геномын (архетип түйініндегі «ділдік ойдың» ең ықтимал күйін) семемге (сөзбен айтуға келетін бастапқы мағынасы тұспалды тәржімаларға) айналдырудан басталады.
Ұлттық код (латын. Сodex – «шартты таңбалар жиынтығы») – Бағдарнамадағы аса маңызды ұғым. Онда: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», деп көрсетілген. Саясат, ғылым және практика үшін ұлттық кодтарды декодтау (мағыналарын ашу) аса маңызды. Ол СЫР сырларын тәржімалауды этнография, этномәдениет, этнопедагогика, этнопсихология сияқты көптеген ғылымдар тұрғыларынан декодтауға (ашуға) болады. Бұлар ерекше мәселелер.
Біз солардың астарында жатқан ортақ тұтас құндылықтарды жақсы бағалау үшін тағы да философиялық эссеизмдік шегініс сипатты келтірелік. Бағдарнамада: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», – деген сөздердің ым-геномдық семемдеріне үңіліп көрелік. Ұлттық қанымыздағы қасиет СЫР сырларының «діл – тіл – дін» жүйелерінің мағыналарынан туындайтын мәнде.
Діл – архетиптік әлем өзегі. Діл тамыры мен тіршілігі жүректе. Діл – тектілік тірегі. Ол адамға ана сүтімен беріледі. Оның тарихи биік үлгісін Түлкібай мен оның анасы Айқалипаның ерлікке толы эпикалық трагедияда болған жүректерінен көреміз. Ділінен айрылған адам суицидке де барады. Тегінде ділі жоқ адам – ұлт маңқұрты. Рухсыз тәнде өмір кешуші. Оның рухы ділінде емес, бас қауашағына оқумен енген, өзге ұлттардың СЫР-ларынан құрылған калейдоскоптық шытырман бояуларында.
Тіл – ұлт ру/х/ани/ят/тылығының семемдік Отаны. СЫР-лардың сыры прозалық эсседе, поэтикалық лирикада, оптимистік эпикаларда мекендейді. Қазіргі заманда ұяттан ада адамның тексіздігі мен мінезі ұяң тектінің арасын ашу қиын. Қазіргі заман, азазизм әлемі тексіздерінің ұяң тектінің ділін нілдей бұзуы сәнге айналған заман. Олардың көріністері өте көп. Рухқа қатты әсер ете алатын өнердегі, мысалы, ән эстрадасындағы махаббат лиризмінің орнына бір түндік делебені қызықтау, ерлік пен азаматтықтың орнына, гитараны сабалап, сүйексіңді қылмыстық фольклорды дәріптеу сияқты тексіздікті заманауи әдебиеттің «жағымды» кейіпкерлеріне айналдыру Елбасының Рухани жаңғыру бағдарнамасын қабылдауға мәжбүр еткен себептер.
Дін – адамзаттың рухани әлемінің ділдік және тілдік жүйелерінің бірлігінен өрілген. Қазіргі кездегі әлемдік діндер арасындағы ерекшеліктер мен әлемдік саясаттардың араларында терең байланыстар бар. Олар өз алдына мәселе. Біз үшін осы жерде керегі – Рухани жаңғырудың маңызды бөлігі – қазақ ұлтының мәдени-рухани-генетикалық кодының бір негізі дін мәселелерімен байланысты екенінде. Сондықтан оның бүгіні мен келешегіне зер салуымыз керек. Солар туралы біздің ойларымыз төмендегідей. 1) Адам-ата мен Һауа-ана жарық дүниеде екеуі-ақ болғанда, оларға қажеттінің бәрі жұмақта даяр кезінде ойды оятатын қиындықтар жоқ кезде оларға ешбір аяттардың да, қасиетті кітаптардың, да қажеттері болмаса керек.
2) Мифтік, діни дүниетанымдар адамзаттың жердегі тіршілігі барысында, адамның өзінің ішкі дүниесі мен тағдыры туралы, табиғи құбылыстарды ғажап үйлесімділіктер туралы ойлары Жаратушыны түсінуге себепші болғандығында сөз жоқ емес пе? Солардың ішінде күнделікті адам мен табиғатты оятатын, жарық беретін, жерді қыздырып өсімдіктер мен жан-жануарлардың тіршілігіне мүмкіндік беретін Күнге – «Таңғы-Іріге (Таң-іріге)» – табынуды да ғажап деуге болмайды. Адамның рухы өлгенде көкке кетеді, келесі ұрпақтардың әке-шеше, ата-тектеріне ұқсауы, солардың ру мен отбасына қайтып келуі деп түсіну (мысалы, бақсы, балгерлердің ұрпақтарына сол қасиеттердің оралуы сияқты қосымша көріністер) реинкарнациялық дүниетаным да, тек біздің емес, жалпы жер бетіндегі адамзаттың ерте дәуірлерінен қазірге дейінгі түсініктеріне жатады. Егер адам табиғи құбылыстардың реттілігін істерімен, немесе ата-тектердің рухын сақтауға деген СЫР-ларды бұзған жағдайларда Жаратушы адамдарды табиғат апаттарымен, ауру-сырқаулармен жазалайды деген түсінік маңызды болған. Сондықтан біздің ата-тектеріміз табынған тәңірлік – экологиялық-этикалық-реинкарнациялық дін, – деп анықтаймыз.
Тәңірліктен кейінгі әлемдік діндердің басты мәселесі табиғи құбылыстардан алшақтап, негізінен адамдардың арасындағы иманшарттық (моральдық) пен соның құрылымы туралы арнайы талдаулар (этика) қалыптасқанда, адамды толғандыратын ең басты нәрсе – адам жанының о дүниедегі тағдырының, оның осы дүниедегі жасаған жақсылықтары мен жаманшылықтарына тәуелді екені басты мәселе. Сондықтан қазіргі әлемдік этикалық діндер қалыптасты. Біздіңше, солардың алғашқыларының кемшіліктері ашылғаннан соң, соларды толықтыру, түзету есебінде соңғы қасиетті кітап – Құран түсіп, саған сәйкес ислам діні қалыптасты деп түсінуге болады. Әлемдегі исламды ұстанатын барлық ұлттар мен ұлыстардың, мұсылмандықтың басты бес шартын орындаудан өзге, СЫР-ларында өз ата-тектерінен келе жатқан ерекшеліктер жетерлік. Біздің ата-тектеріміз де, исламның басты шарттарының арғы тектерімізден келе жатқан СЫР-сырларымен қайшы емес екендігіне көздері жеткенде оны қабылдады деген тұжырым отандық дінтанушылар арасында басыңқы.
3) Әлемдегі діндердің қайсысы, қай кезде, қандай нұсқаларда жердегі адамзатқа келгендігін анық айту мүмкін емес. Сонан келгенде, қазіргі әлемді үлкен кесапаттарға киліктірген ИГИЛ-дықтардың ұмтылысы бізде мынандай ойлар туындатады. Біріншіден, Құранның «ла икраха фид дин» – «исламның мәнінде зорлық жоқ», – деген сөздері әлемге белгілі. Екіншіден, Мұхаммет пайғамбардың өзі: «өзіме дейін 124 000 пайғамбар болған» деген сөзінен-ақ көрініп тұр. Яғни ол өзінен бұрынғы діндердің негізін салушыларды «кәпір», «жын-пері» демейді, «пайғамбар», дейді. Үшіншіден, игилдықтардың басқа діндердің өкілдерін былай қойғанда, исламның кейбір сәттерін ерекшелеу түсінген мұсылмандардың өздерін қырғынға ұшыратты. Сонда бұл Алланың мүсілімдерін қыру емес пе? Бұл Алланың ісіне қарсылық емес пе? Төртіншіден, міне игилдықтар саяси күш және қозғалыс есебінде жойылды. Уақыт өтеді. Сонда, олардың ісі: Алланың ісін адамның асықтыруы – күпірлік, деген тұжырымның тарихи мысалына айналады. Бұл олардың тарих алдындағы бір эксперимент іспетті «оң қызметтері» болып шығады.
4) Қазіргі қазақ жастарының исламды түсінуінде, игилдықтардың идеясына ұшыраған: илсамдық түсініктерден өзге СЫР-лардың бәрін жою керек деген экстремистікке тән түсіні бар. Осындай ойдың астарында Алланың құт-ретінің алдында мынандай күпірліктер бар. Біріншіден, жоғарыда айтылғандай адамзаттың, соның ішінде біздің ата-тектеріміздің де тәңірлік дінге табынғандығы олардың ойларының қателігі емес. Ол кезеңдерде, алғашқы Адам-ата мен Һауа-анаға Құранның әлі керек болмағандығы сияқты, қазақ ұлтының (шындығында жалпы адамзаттың) Жаратушы құдіретін алдымен соның жаратқан табиғатына экологиялық-этикалық-реинкарнациялық дүниетанымының қалыптасуы керек болған болар. Егер қазақтар, басқа да көптеген халықтар сияқты, өздерінің бұрынғы аруақты ата-тектеріне сыйынса, адам жанының көптеген қасиеттерінің реинкарнациялық айналымдарда болуы сияқты қасиетті құбылыстарын сыйлау, соларға сыйыну, Аллаға деген табынудың орнын ауыстыру емес. Рухтық, реинкарнациялық, СЫР-лық құбылыстар мен солардың мән-мағыналарын Алланың жаратушылық құт-ретінің аса бір ғажап көріністері деп қарау керек. Соларды сыйлау, қастерлеу арқылы, соларды да жаратқан Алла құт-реттілігін екі еселеп құрметтеу, соларға шын көңілмен таңырқау болып табылмай ма?!! Ешбір қазақ Алла мен аруақты шатыстырмайды. Ешбір қазақ ұлттық СЫР-ларды орындай келе исламның басты бес шартын жолда қалдырмайды. Керісінше, соларды орындау барысында исламдық шариғаттар мен пәтуаларды ілгері қояды. Бұл, бір жағынан, ұлттық ру/х/ани/ят/тықтың мазмұн-мағыналық құрылымын исламдық түсініктермен нығайту болса, екінші жағынан, исламның мазмұн-мағыналық толеранттық кеңістігін арттырады. Осы бір ойлармен ру/х/ани/ят/тылықтың «діл – тіл – дін» жүйесімен байланысты қырларын шеңберлеуге болады.
Енді «діл» мәселесінің мән-мағынасын ерекше мысал арқылы сөз етелік. Сонда оның «ұлттық код» ұғымын декодтау [ашу, түсіну] үшін маңыздылығы ашылмақ. Осы мақсатта, біз ділді жер асты магмасына ұқсатпақпыз. Ал оның жер бетіндегі тіршілікке аса құнды әсері бар, – ол оның жер шарын электромагниттік өрісімен қоршап тұрады. Оның жер бетіндегі тіршілікке екі түрлі шешуші әсері бар. Біріншіден, сол жер магнитінің әсері қаттырақ әлсірегенде жүйкесі жұқарған адамдардың ашушаңдығы жиілеп немесе мысы күйзеліп, суицид (өзіне қол салу) сияқты ауытқуларға жиі баратыны, індет аурулардың тез тарайтыны, қан қысымының өзгеретіні аңғарылған. Сол кездерде ауадағы адам естімейтін, ерекше сезбейтін дыбыс толқындары бар «шулар» туындатып, миының күйіне, ойлау қабілетіне де әсер етеді екен. Ғалымдар соңғы кезеңдерде сол магниттік күш әлсіреп келеді. Соған байланысты науқастықтың түрлері көбеюде. Тек медициналық көмектің жетілуі солардың кері салдарларын көп аңғартпайды. Осы құбылыс «жер магниті полюсінің жетіспеу синдромы» деп аталады.
Осы құбылысты біз ата-тектердің ділдік әлемінің бізді қорғайтын қуатының азаюы сияқты көреміз. Қазіргі ұлттық СЫР-ларының санамызға тигізетін әсерін ұмыттыратын нәрселерге заманауи ғылыми-саяси, «мәдени», т.б. «деректер шуы» жатады. Сонан «ата-тектік рухани-магниттік полюсінің жетіспеу синдромы артуда», «рухани науқастылықтар» көбеюде деуге болады.
Екіншіден, жер асты магмасының магниттік өрісі жер атмосферасын күн жағынан 70 000 шақырымдай қашықтықта магнитосфералық плазманы құрайды. Сол, жер атмосферасының озон қабатымен бірлесіп, күн сәулесінің ағынымен, радио, рентген, күлгін және гамма сәулелердің толқындарының, жер бетіндегі тіршілікке қауіпті әсерлерін тұтып, тазартып тұрады. Жер магмасының осы бір ғажап қасиетін де адамның рух/ани/ят/тық ділімен байланысты күйінің арасын мынандай бір балама-образбен теңемекпін. Ертеден білімді, әсіресе ғылыми білімді күн сәулесіне теңейміз. Қазір оларсыз өмір жоқ деуге болады. Оның үстіне ғылыми-техникалық төңкерістер, күн бетіндегі қопарылыстардың күн сәулесі құрамындағы зиянды толқындарды көбейтетіні сияқты, адамзаттың нағыз даналығына тән рух/ани/ят/тылығына залалы сойқан толқындар әкелуде. Рухани жаңғыру бағдарнамасының мақсаты: ұлттық ділдің қуатын арттыру арқылы қазіргі әлемдегі, ешбір ұлтқа жатпайтын, мазмұны калейдоскоптың бояу-әсем сәулесіндей түрленгіш, ойды емес көзді ғана тартатын, әлемдік рухани «семулякрларға (нағыз нәрсенің орнына жүретін ауыстырғыштарға)» (Бодрияр) қарсы тұру.
Осындай жағдаятты Президенттің: «Әрбір жұрт тарихтан өзіне тағылым алады, бұл – әркімнің өз еркіндегі шаруа. Біреуге өзіңнің көзқарасыңды еріксіз таңуға ешқашан болмайды. Бізге тарих туралы өздерінің субъективтік пайымдарын тықпалауға да ешкімнің қақысы жоқ», – деген сөздерін, ғылыми ғана емес, игилдықтар сияқты, исламның да жасанды құндылықтарын ұлттық санаға күштеп енгізуге болмайтынын түсінуіміз керек.
Сөз соңында айтарымыз – ру/х/ани/ят/тықтың ең маңызды негізі келер ұрпақтың қамын ойлау. Алайда қазіргі заманда осы қасиетке төніп келе жатқан екі мысалды келтірмекпін. Біріншісі, АҚШ этологы Дж.Келхун, төрт ақ тышқандар жұбын алып, өмір сүру жағдайын жұмақтағыдай қамтамасыз етіпті. Әуелгіде олардың саны жақсы өсе бастайды. Алайда белгілі бір кезеңнен кейін олар жұптасып өмір сүруден бас тарта бастайды. «Бойдақтар» тек өздерін сылап-сипап, қажет кезінде тамақ ішу мен ұйқтауды ғана дағдыға айналдырады. Ең сорақысы, олардың табиғатына алаңсыз тән емес біржыныстылық қатынастарға түсу, өз балаларын жеу сияқты құбыжықтар басталып, ақыры, бес жылдай уақытта, сол тышқандардың ең соңғысы табиғи кәріліктен өліп тынған. Келхун осы экспериментін 25 рет қайталағанда бәрі осылай аяқталған. Соларды талдай келе, ол: ұрпақ таратудан бас тартып, бойдақтардың көбею кезеңін «рухани апаттың басталуы», – деп атапты.
Екіншісі. Келер ұрпақты дүниеге әкелетін орта отбасы екені белгілі. Сол ортаның ұлттық рухы мықты болуы жігіттің бозбала кезінен қыз баласын қастерлеу қасиетінен басталады. Бұл отбасының нағыз ұлтқа тән түсіністік ордасы болып қалыптасуының кепілі. Өкінішке орай, соңғы жылдарда әйелдерге зорлық-зомбылықтар көрсетудің ресми саны 30 000 дейін өскен. Солардан 400-дей әйел өліп, 300-дей әйел қорлыққа шыдамай суицидке барса, шамамен сонша әйел отбасындағы сондай «шайқастар» кезінде екінші жақты өлтіріп тынады екен. Мұнан біздің ұлттық рухты күйзелісті жағдайда екенін көреміз. Соған қарсы біз ұсынбақ бір күшті мысалымыз, өзіміз зерттеп ашқан Ер-Түлкібайдың ерлігінің мән-мағынасы. Ондай мысалдарды ел білетін қисса-дастандардан, т.б. өмір мысалдарынан тауып, кеңінен уағыздауымыз керек.
Президент Н.Ә.Назарбаев ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарнамасының символы қыран бейнесінің таза түстерден құралған витраждық құрылымы біздің тақырыптың бір философиялық эссеизмдік мәнін туындатады. Ол мынада. Қазіргі кезде біз «ру/х/ани/ят/тық» тақырыптары туралы сөз бастағанда оның тұтастығын жіктеуге, бір-бірлерінен ерекшелеп қарайуға мәжбүрміз. Бұл жалпы сана болмысының бір табиғи ерекшелігі. Яғни адамның білімі әрқашанда нақтылы жеке нәрселер туралы құрылған. Ойлау да соларға сәйкес нақтылы жіктерге байланысты құрылады. Онсыз дүниенің бірін бір сәтте ойлау, айту мүмкін емес. Ондай тұтастық бейсаналық, яғни ділдік деңгейде ғана бола алады. Яғни нағыз рухани адам ғана ру/х/ани/ят/тықтың қырларын тұтас сезінеді, даналық деңгейде түйсінеді. Сондықтан нағыз дананың бір образы «үнсіздікте күлімсіреу».
Ал әзірге, жоғарыда айтылғандай, қазіргі қазақ халқы нағыз ұлттық руханияттылықтан біраз көз жазып қалған. Тіпті рухани азу-тозуға жеткендіктен, соны түзетпесек болмайтындықтан Рухани жаңғыру бағдарнамасы қабылданды. Мұндай күрделі құбылысты мемлекеттік істерді рет-ретімен, жоспарлы түрде іске асырмаса болмайды. Олардың бірлігі даналыққа ұмсынған, руханияттылығы нығаю үстіндегі адамның ішкі дүниесінде ғана бола алады. Әр қазақтың ішкі дүниесін сондай болса деген тілек мемлекеттің де, әрбір шын қазақпын дегеннің де мұраты.
Сонымен, Президентіміз бастаған, қазақ ұлты үшін тарихи құндылығы аса жоғары, Рухани жаңғыру бағдарнамасының философиялық эссе мәнерінде келтірілген бірсыпыра қырлары мен сырлары осындай.