Алматының рухани келбетін айшықтаған кеш
09.01.2026
78
1

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің концерт залында Алматы қаласының әкімдігінің қолдауымен, Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен «Алматы – арман қала» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Қала жұртшылығы мен өнерсүйер қауымды бір арнаға тоғыстырған кештің ашылуында Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы Данияр Әлиев, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов сөз сөйлеп, әсем шаһардың қазақ әдебиеті мен өнеріндегі айрықша орнына тоқталды. Алматының ғасырлар бойы қаламгерлер мен өнер иелерінің рухани ордасы болып келгенін, қазақтың көптеген классик ақын-жазушыларының шығармашылық жолы осы қалада қалыптасқанын атап өтті. Сондай-ақ мұндай әдеби-сазды кештің ұлттық руханиятты дәріптеудегі және жас қаламгерлерге қолдау көрсетудегі маңызына ерекше мән берді.
Әдеби-сазды кеш Алматының көркем келбетін, тарихы мен рухани тынысын бейнелейтін бейнематериалмен ашылды. Алатаудың ақ бас шыңдары, жасыл желекке оранған көшелері мен қала өмірін айшықтаған көріністер көрермендерді бірден Алматының ерекше рухани әлеміне жетеледі.
Кеш барысында қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлінің Алматыға арналған жырлары оқылып, шаһардың көркем бейнесі поэзия тілімен өрнектелді.
Сонымен қатар кеште «Алматы – арман қала» республикалық жыр мүшәйрасының қорытындысы шығарылып, еліміздің әр өңірінен қатысқан ақындар арасынан үздік деп танылған авторлар марапатталды.
Әдебиет пен әуен астасқан «Алматы – арман қала» әдеби-сазды кеші Алатаудың алтын алқасы – Алматының рухани келбетін айшықтап, көрермендерге ерекше әсер қалдырды.

Қазақстан Жазушылар одағының
Баспасөз қызметі

ПІКІРЛЕР1
Аноним 10.01.2026 | 03:30

«Арман қаланың» экологиясы қашан сауығады екен, білмейсіңдер ме….

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір