Қадірлі қаламгерлер!
Баршаңызды есігімізден енгелі отырған Жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын!
Өткен жыл Тәуелсіз Қазақ Елінің саяси-экономикалық және мәдени-рухани кеңістігі үшін ірі тарихи оқиғаларға толы жыл болды.
Сіздер мен біздер – мыңдаған жылдық ұлы тарихы бар сөз өнерінің өкілдеріміз. Тамырымыз тереңнен бастау алар тағдырлы қазақ әдебиетінің кешегі ұлы мектептерін болашаққа лайықты жалғау жолында еңбек етіп жатқан әр буын өкілдеріне, осындай бір ерекше заманалар тоғысында тұрып, әріптестерімізге ең әуелі шалқар шабыт, сарқылмас баяндылық тілеуге рұқсат етіңіздер!
Қазақ әдебиеті – әлемдік биікке көтерілген шын мағынасындағы ұлы әдебиет. Бастауында Заратуштра, Анарыс, Майқы би, Тоныкөк, әл-Фараби, Асан Қайғы, Ақтамберді, Бұқар, Шалкиіз, Дулат, Сүйінбай, Махамбет, Абай, Шоқан, Ыбырай, Жамбылдар тұрған, сондай-ақ, жасампаздық рухты ұлт бойына еккен Алаш арыстары мен алыптары тұрған қазыналы бай әдебиеттің жаһандану дәуірінде басқаша болуы мүмкін емес. Біздің кешегі жеңістеріміз бен жетістіктеріміз бүгінгі әдебиет жасаушы, ойлы, зерделі, қаламы жүйрік ұрпаққа үлкен жауапкершілік артатыны белгілі. Өз дамуының жаңа дәуіріне өткен тәуелсіз мемлекетіміздің Президенті іргесін бекітіп, болашағын межелеуге бағыттар Рухани жаңғыру идеясы ұлы әдебиетімізге де үлкен кеңістік ашары даусыз. Бұл – қолына қалам ұстаған әр буын өкілінің сөз өнерін өрістетудегі міндеті мен мақсатын айқындайтын басты ұстанымы болуы тиіс.
Келер 2018 жыл еліміз үшін де, еліміздің көшін бастаған Елбасымыз үшін де табысты жыл болғай! Әрқайсыларыңыздың отбасыларыңызға береке-бірлік, бастарыңызға амандық, шығармашылықтарыңызға толайым жетістіктер тілеймін! Иесі халық, киесі елдің рухы саналар ұлы әдебиетіміздің өрісін кеңейтер, жаңа дәуір талаптарына сай шығармалар жазайық! Отанымыздың іргесі берік болып, елдің іші даудан, сырты жаудан аман болғай!
Құрметпен,
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы.