Академик тәлімі
Профессор Рахманқұл Бердібай – әдебиет пен фольклордың сан түрлі мәселелерін әр қырынан зерттеп, әдебиеттану ғылымының биік деңгейге көтерілуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Белгілі бір толғақты мәселе жайында сөйлесе де, жазса да, айтар ойлары көптің көңілінен шығатын және қолдау тауып отыратын. Фольклор жайында жазған еңбектері түркі-моңғол халықтарының мұраларымен сабақтастыра кеңінен қарпып ой толғайтын.
Өрелі ғалым Р.Бердібай қабілет-таланты бар адамдарды әр кез қолдап отыратын. Соның бір ғана мысалы – айтыс ақыны марқұм Ерік Асқаровты фольклор бөлімінің аспиранты болуға шақырған-ды. Белгілі әдебиетші, ғалым Баламер Сахариев есімінің қаладағы бір көшеге берілуіне тікелей Рахаңның ықпалы болғанын білеміз. Жоғары оқу орындарында араб факультетін ашатын кездің келгенін тиісті орындарға жеткізіп, мәселе көтерген де Р.Бердібай болатын. Алматы да әл-Фарабиге ескерткіш орнату, достық кітап дүкенін ашу, ақындар айтысы мен жыршылдық дәстүрлі дамыту, «Алматы ақшамы» газетін шығару, жер-су атауларын қалпына келтіру, т.б. өмірлік мәні бар мәселелерге мұрындық болып, арнайы мақалалар жазатын, пікір тудыратын.
Ақпарат құралдарында сөйлеп, жоғары орындарға ұсыныс жіберетін. Жазушылар Одағындағы бір жиналыста шетелдердегі қазақтардың мәдени-әдеби мұрасын зерттеу қажеттігі жайында сөз сөйлеп пікір айтқан еді. Ғалым ұлттық мүддені бәрінен жоғары қоятын.
Рахманқұл Бердібай фольклор бөлімінің меңгерушісі болған жылдар фольклортану ғылымында айтарлықтай ілгерілеу жүрген жылдар еді. Зерттеу методологиясын жетілдіріп, қазақ фольклорын томаға-тұйық зерттемей, түркі халықтарының мұрасынан, тарихи-типологиялық тұрғыдан салыстыра қарауға ден қойылып, бірнеше тың зертеулер жазылды. Солардың бәріне алғы сөз, кейбіріне арнайы тараулар жазды. Ол – фольклорлық мұра жайындағы зерттеулерін түбі бір түркі халықтарының рухани мәдени мұраларымен кеңінен сабақтастыра ортақтастыра қарау қажеттігін басты назарда ұстаған оқымысты. Оның үні тарихи тамырлас бүкіл түркі әлеміне жетіп жатты. Өйткені сол тұста Баку қаласынан шығатын «Тюркология» журналының алқа мүшесі болатын.
Қарымды қаламгер фольклордан бастап көне дәуір жәдігерлерімен қазақ әдебиетінің тарихы, оның көркемдік дамуы сияқты көкейкесті мәселелер жайында көптеген күрделі еңбектер жазды. Оқымыстының қаламынан туған зерттеулердің тақырыптық ауқым аясы кеңдігімен ерекше назар аударады. Оның барлығын бір мақалада түгел қамту мүмкін емес.
Академик Рахманқұл Бердібай «Қазақ эпосы» атты монографиясында эпостанудың тарихы мен көне қаһармандық, ғашықтық және тарихи жырлардың жанрлық ұқсастықтары мен өзгешеліктерін, олардың стадиялық даму сатылары зерттелді. Қазақ халқының аса бай эпикалық мұралары мен түркі-моңғол халықтарының жырлары тарихи типологиялық тұрғыдан салыстыра қарастырылды. Эпостың түрлі дәуір шындығынан хабардар ететін «көп қабаттылығы» мен тарихилығының ерекшеліктері пайымдалды. Бұрынғы еңбектерде негізінен батырлық және ғашықтық жырларға көбірек назар аударылатын да, қалған жырлар (көне, тарихи) көп сөз бола бермейтін және жазба әдебиетке қойылатын талап тұрғысынан зерделеу басым болатын-ды. Сондықтан ғалым эпосты жанрлық, стадиялық, типологиялық тұрғыдан қарастыру қажет деп тапқан. Сөйтіп қазақ эпосын төрт топқа (көне, қаһармандық, ғашықтық, тарихи эпос) бөледі. Осы арқылы жанрлық түрлердің айрықша белгілерін, типологиялық өрнектері мен мазмұндық, прицниптік айырмашылығы әрі іштей жалғастықтарын анықтайды.
Рахманқұл Бердібай жыршыларды көп қырлы өнер иесі деп білген. Сондықтан ақын-жыршыларды қазақ фольклорының сақталуына, дамуына, таралуына өзгеше үлес қосқан шығармашылық тұлға ретінде қарастырған. Мәселен, Жамбыл, Кенен, Нұрпейіс өз кезінде эпикалық аңыздарды тамсандыра айтып, көптің көңілінен шыққандары белгілі. Тіпті арырақта өткен Маралбай мен Мергенбай ақындар да жосылта жыр айтқан жыршылар екенін еске салады.
Өте еңбекқор ғалымның жазған-сызғандары күнделікті басылымда да, түрлі журналдарда да жиі жарияланатын, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласатын. Сыншылдық пен зерттеушілікті қатар ұстанатын қос қанатты ғалым ел мен жер тағдырын бір сәт те есінен шығармаған.
Ғалымда бос уақыт мүлде болмайтын. Бір жағында ғылыми-теориялық еңбектерді, екіні жағынан күнделікті шығып жататын көркем шығармаларды оқитын. Көп уақытын жазуға арнайтын.
Зұфар СЕЙІТЖАНҰЛЫ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры.