Дін саласындағы татулық
мемлекет үшін өзекті
ҚР Парламенті Сенатында «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңды іске асыру барысына арналған дөңгелек үстел отырысы өтті. Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Бірғаным Әйтімова діни саладағы тұрақтылықты сақтау, конфессияаралық келісім мен толеранттықты нығайту, діни экстремизм мен радикализмнің кез келген түріндегі идеологиядан жергілікті халықтың қорғанысын қалыптастыруда мемлекет нақты шаралар қабылдағанын атап өтті.
Талқылауға ақпарат және коммуникация министрінің орынбасары Алан Әжібаев, ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі департаменттің бастығы Атығай Арыстанов, «Нұр Астана» мешітінің бас имамы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының наиб-мүфтиі Наурызбай Өтпенов, Қазақстан Православ шіркеуі Астана шіркеу округінің қызметкері архимандрит Сергий (Карамышев), Философия, саясаттану және дінтану институтының бас ғылыми қызметкері Анатолий Косиченко және басқалар қатысты. Пікірталаста сенаторлар Серік Бектұрғанов, Сергей Ершов, Бақытжан Жұмағұлов, Нариман Төреғалиев, Динар Нөкетаева, Төлеубек Мұқашев, Нұржан Нұрсипатов, Ерік Сұлтанов және басқалар өз ойларын ортаға салды.
Б.Әйтімова 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң діни бірлестіктердің қызметін құқықтық реттеуде маңызды рөл атқарғанын айта келе, Қазақстан Республикасының 2017-2020 жылдарға арналған діни саладағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасы осы саладағы нормативтік-құқықтық актілер, әлеуметтік-экономикалық, саяси және басқару шаралары жүйесін одан әрі жетілдірудің негізіне айналуы тиіс екенін тілге тиек етті. Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданғаннан бергі уақытта елімізде және әлемде елеулі өзгерістер, жаңа қатерлер мен қауіптердің пайда болғанын атап өтті. Қазір Парламент алдында дін туралы заңнаманы уақыттың талабына сәйкес келтіру міндеті тұр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «радикалды идеологиялар ғасыры келмеске кеткені» туралы маңызды идеяны айтқан болатын. Сонымен бірге Б.Бекназаров «Қоғамды іштен бұзатын діни радикализм толықтай жойылды деп айта алмаймыз» деген қауіпін де білдірді. ҚР Сенат Төрағасының орынбасары жаңа заңда қоғамды радикалды дүниетанымнан және кез келген бүлдіргіш іс-қимылдан қорғауға көмектесетін шараларды қарастыруға шақырды. Б.Бекназаров «Діни қызмет туралы» заңдағы «Мемлекет дін және діни бірлестіктерден бөлек» деген 3 бапты қайта қарау қажеттігі туралы ұсынысын айтты. Сенат Төрағасының орынбасары мемлекеттің діннен бөлінісі туралы мұндай үзілді-кесілді анықтама кеңестік кезеңнен туындағанын мысалға келтірді. «Мемлекетте діни сенімге бой ұратындар, діни бірлестіктер мен діни қызметшілер және сыйыну орындар саны күн сайын ұлғайып келе жатқанда, олардың қызметін реттеу үшін мемлекет арнайы министрлік құрылып, заң қабылданса, оны бөлек деп айтуға бола ма?», – дейді Б.Бекназаров. Қазақстан Республикасының 2017-2020 жылдарға арналған діни саладағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасының қабылдануы да мемлекеттің діни салаға назары туралы айғақтап отыр. Осыған байланысты Б.Бекназаров шараға қатысушыларға «Діни қызмет туралы» заңның 3 бабын өзгерту мүмкіндігін талқылауды ұсынды.
ҚР Дін істер және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев сенаторларға өз мекемесі қызметінің қорытындылары туралы баяндап, діни қызмет туралы заңнамаға енгізу ұсынылып отырған түзетулер туралы кеңінен айтып өтті. Министрдің айтуынша, талқылауға 12 заңнамалық актіге 50-ге жуық өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Барлық түзетулерді үш бөлікке топтастыруға болады. Алғашқы бөлік дінді бүлдіргіш мақсатқа пайдалануға жол бермеуге бағытталған. Атап айтқанда, заңнамаға «бүлдіргіш діни ағымдар» мен «діни радикализм» секілді құқықтық ұғымдар енгізіледі. Заң жобасы бүлдіргіш ағымдардың белгілері мен сыртқы көріністерін пайдалануға және жария түрде көрсетуге, олардың идеологиясын таратуға тыйым салумен қатар бірқатар шараларды қарастырады. Екінші бөлікте мемлекеттік органдар қызметін нақтылауға қатысты ережелер бар. Мемлекеттік қызметкерлердің діни бірлестіктердің мүддесіне қызмет бабын пайдалану мүмкіндігіне жол бермеуге қатысты талаптар нақтыланды. Діни қызметке мониторинг жүргізуге қатысты жергілікті мемлекеттік органдардың (ең алдымен аудандық әкімдіктердің) міндеттері ұлғайтылады. Үшінші бөлікте діни бірлестіктердің жұмысын оңайлатуға және түсінікті етуге бағытталған. Ол, мәселен, аймақтық діни бірлестіктерді тіркеуге қатысты талаптарды оңайлатуға қатысты.
«Елімізде соңғы 25 жылда діни ахуал біршама өзгерді. Бүгінде қазақстандықтардың 87 пайызы Құдайға сенеміз десе, олардың ішінде тек 16 пайызы ғана діни жоралғыларды тұрақты ұстанады. Біз рухани құндылықтардың көзі ретінде діни сенімге қарсы емеспіз. Барлық діни сенімдерде моральдық-этикалық нормалары айтылған, олар бізді қайырымдылыққа әрі шыдамдылыққа үйретеді. Біз діни бірлестіктермен қоғамның рухани дамуының міндеттерін шешуде әріптестік қатынастар құрудамыз, бірақ ол үшін бірқатар шарттар сақталуы тиіс. Біріншіден, дін әркімнің өзінің жеке ісі, ол саясиланбауы және заңдардың орнын алмауы қажет. Екіншіден, дін тек рухани құндылықтарды дәріптейді, өзге көзқарастағыларды кемсітпейді әрі айыптамайды. Діндарлықтың өсу қарқыны тиісті мәдениет пен білімнің қалыптасуынан озып кетсе, ол рухани адамгершілік құндылықтарды бұрмаланып түсінуге әкелуі мүмкін. Дінді фанатизммен және сөзбе-сөз қабылдау – көп жағдайда радикализмге жол ашады», – деп пікірін білдірді министр.
ҚР Дін істер және азаматтық қоғам министрі кейбір мемлекетердің тәжірибесі көрсеткендей, деструктивті ағымдар фундаментализм мен ескірген догмаларды тарататынын тілге тиек етті. Соның салдарынан олар дінді саясиландырып, оның ықпалын қоғамның барлық саласында күшейтуге тырысады. Ал дін саласын саясиландыру мен діни ұйымдарды саясатқа араластыру әдетте негативті нәтижеге апаратыны белгілі. Мемлекет, қоғам және діннің қарым-қатынастары жүйесіндегі бұндай үрдістер бүкіл әлемге тән. Соңғы онжылдықта олар Қазақстанда да байқалған. «Өткен жеті жылдың ішінде біздің елімізде террористік белсенділіктің бірнеше фактілері орын алғаны белгілі. 2010 жылдан бері 16 сондай факті болды. Кейбір дінге қатты беріліп кеткен азаматтарымызға біздің халқымызға тән емес діни идеологияның ықпалы күшейді. Діндарлық желеумен адамдардың медициналық қызметтен бас тартып, балаларын мектепке жібермей, басқа елдерге тән қара жамылғы киім киіп, көпшілікке әдейі көрінуі фактілері көп», – дейді Н.Ермекбаев. Осы орайда ведомство басшысы бүгінде мұндай құбылыстар Қазақстанның көп өңірлерінде кездесетінін, ол белгілі бір деңгейде жергілікті мемлекеттік органдардың жұмысына да байланысты екенін жеткізді.
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңды іске асыру барысына арналған дөңгелек үстелдегі пікірсайыс барысында дін және құқық тәртібін қолдану тәжірибесі саласында бірқатар нақты ұсыныстар айтылып, тиісті мемлекеттік органдарға жіберілетін болды.