Киік киесі немесе құралайдың салқыны
Дәурен Құдайбергенұлы
Қазақстанда Тас дәуірінен бері тіршілік ететін бір жануар бар. Ол – ақбөкен. Оның басына сан мәрте қара бұлт үйіріліп, қанша зобалаң заман орнаса да миллиондаған жылдан бері жойылмай келеді. Қазақстандық зоологтар үшін ақбөкендерді одан әрі сақтап қалу – жауапкершілік жүгі ауыр үлкен сынақтың бірі болып отыр. Әр облыста қорықтар ашылып, ұлттық парктер мен мемлекеттік табиғи резерваттар құрылуда. Ал ең қуаныштысы – Қазақстан Үкіметі киіктерді аулауға 2020 жылға дейін мораторий жариялады.
Мақала National Geographic Қазақстан басылымында жарық көрген. Басылым сайты: nat-geo.kz. Әлеуметтік желіде: facebook, vk, instagram-да (@natgeokaz) байланыс жасауға болады.
Күздің алғашқы суық лебі сезіле бастағанда біз Сарыарқаның сайын даласына «Қорғалжын» мемлекеттік табиғи қорығындағы бөкендерге қарғыбау тағу шарасына бардық. Бұл шараны Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының өкілдері (ҚБСА) ұйымдастырған болатын. Жер серігі арқылы бақыланатын қарғыбаулар осы күнге дейін отыз киіктің мойнына байланған.
Күннен қуат алатын жаңа қарғыбаудың пайдалану мерзімі 2,5-нан 4,5 жылға дейін жетеді деп есептелген. Бағасы 1500-2500 еуро аралығында. Олардың барлығы Каспий Құбыр Консорциумы (КҚК) қаржысына сатып алынған. «Біздің мамандар бұл қондырғының көмегімен тәулігіне бір мәрте бөкендер туралы мәлімет алып отырады, – дейді Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының жетекші маманы Альберт Сәлімгереев. – Қондырғының қуаты таусылғанда өз бетімен ағытылып, мой-нынан түсіп қалады».
БӨКЕННІҢ БАС СҮЙЕГІ
Киіктер сағатына 60-70 шақырым жылдамдықпен жүгіре алады және өкпесі қызбайтын санаулы аңдардың бірі. Жаңа туғылған лақ екі сағаттың ішінде аяғынан тік тұрса, ал туғанына екі күн болған құралайды жаяу жүгіріп, қуып жету мүмкін емес.
Аталық: салмағы 37-49 кг, дене тұрқы 126-150 см,
Аналық: салмағы 22-37 кг, дене тұрқы 109-127 см,
Бекітілген ережеге сәйкес, бір бөкенге қарғыбау тағу жұмысы үш минуттан аспауы керек. Мотошабандоз табыннан бөлініп қалған бөкенді 57 секундта қуып әкеп, жер бауырлап жатқан төрт адамның тұзағына түсіруі тиіс. Торға түскен бөкеннің ең алдымен дене температурасы өлшенеді. Егер қызуы қырықтан жоғары болса, ондай бөкенге қарғыбау тағылмайды. Себебі стреске түскен аң өліп кетуі мүмкін. Ал дене қызуы қалыпты бөкеннің бойы мен салмағы өлшеніп, қаны алынады да қарғыбау тағылып, еркіне жіберіледі. Ондай кезде айналада артық дыбыс, артық қозғалыстың болмағаны абзал. Сондықтан біз де аяғымыздың ұшымен жүруге тырыстық.
БӨКЕН МИГРАЦИЯСЫ
Тас дәуірінде ақбөкендер Батыс Еуропаға дейін тараған. Қазір тек Қазақстан, Моңғолия, Қалмақ автономиясында ғана сақталып қалды. Ал бар бөкендердің 90 пайызы Қазақстанда өмір сүреді. Атап айтқанда, мұнда олардың бір-бірінен жеке дара бөлінген үш тобы мекендейді. Олар: Бетпақдала, Үстірт және Орал топтары. Мұндағы киіктер нағыз қазақстандық түр болып саналады және басқалардан дене бітімінің ірілігімен ерекшеленеді.
Бетпақдалада қасқыр көп болған жылдары табынға ілескен ауру киіктер ілуде-біреу болатын. Себебі ондай аң көп ұзамай қасқырдың жемтігіне айналады. «Ал қазір қасқыр саны азайғандықтан ауруға шалдыққан бөкендер табынға кіріп-шығып, басқаларына жұқтырып жүр, – дейді бар өмірін табиғатты қорғау саласына арнаған, «Қорғалжын» табиғи қорығы директорының ғылым жөніндегі орынбасары Алексей Кошкин. – Бұрындары эпидемия 10 жылда бір рет қайталанып тұратын, ал қазір жылда тіркеледі».
Биыл, жыл басынан бері 36 қылмыстық топ жауапқа тартылса да, мұздай қаруланған кейбір браконьерлер қорықшының өзін жаралап кетеді. Қарақшылардың бұндай тәуекелге бекер бармайтыны белгілі. Себебі дәл қазір қара базарда бөкен мүйізінің әр килограммы бір млн. теңгеге (3500 USD) дейін бағаланады.
Ақбөкен жұп тұяқты жануарлардың ішіндегі ең өсімталы, жылына бір рет, мамырдың алғашқы жартысында төлдейді. Көбіне егізден, кейде үшем туады.
Киік мүйізінің емдік қасиетін халықтық медицина ертеден білген. Одан жень-шень, мускус тәрізді дәрі-дәрмек жасалып, өкпе қабынуы, жүрек қан тамырлары және сал ауруына ем ретінде қолданылады. «1840-1850 жылдары Қазақ елінен Бұхар, Хиуа хандығына 750 мың киік мүйізі өткізіліпті. Ол кезде бір аңның мүйізі бір жүйрік аттың немесе түйенің бағасымен теңестірілген» деген дерек бар.
Бөкендердің бір күндік
миграциясы 30-40, ал жылдық миграциясы 3-4 мың шақырымға дейін жетеді.
Қазақстанда бөкендер 2015 жылдағыдай қырылып қалмағанда осы күні жарты миллионнан асып түсуі әбден мүмкін еді.
Құралайлар қасында енесі жоқ болса, мүлдем тіршілік белгісін бермей тапжылмай жата алады. Оларды тіпті, 2-3 метр жерден де көрмей қалуыңыз әбден мүмкін.
Бөкендердің қырылу фактілерін зерттеп жүрген қоғамдық белсенді, заңгер Мақсат Ілиясұлы сол жылы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп жазады: «Осы жылдың 16 мамырында Байқоңырдан ұшырылған «Протон-М» зымыраны жерден көтерілгеннен кейін, арада 500 секунд өткенде апатқа ұшырады. Ал киіктердің алғашқы өлексесі протон құлаған күннің ертесінде табылды. ҚР Ауыл шаруашылық министрлігі «Ырғыз-Торғай» табиғи резерватында бір тәулік ішінде 4 киіктің өлексесі табылғанын растап, ресми мәлімет таратты. Әрине, мұның барлығын кездейсоқтық деп айта алмаймыз».
Бұл деректі биология ғылымының докторы, Ресей ғылым академиясы Экология және эволюция мәселелері институтының аға ғылыми қызметкері Евгений Ротшильд те растап отыр.
1970 жылдардың басында қазақ жеріндегі киіктер саны бір миллионға дейін жетіп, 1972 жылы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында киік етін өндіретін мемлекеттік шаруашылық құрылған болатын. Ал қазір керісінше сол Ырғызда киіктерді қорғайтын ғылыми мәртебесі бар мемлекеттік табиғи резерват ашылды. Ресми мәліметтер бойынша, 1955-1981 жылдар аралығында 4 млн. 137 мыңнан астам ақбөкен ауланыпты. Нәтижесінде 71 мың 112 тоннадай ет, 3 млн. 614 мың тері өндірілген.
Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясының атқарушы директоры Сергей Кляренко: «Байқоңырдан протон зымыраны мамырдың 16 ұшырылса, киіктердің қырылуы 10 мамырда басталған. Сол жерде зерттеу жұмысын жасаған мал дәрігерлерінің айтуынша, киіктер 10 мамырда өлсе, ауруға шалдығу уақыты шамамен 4 күн бұрын болған. Сондықтан зымыранның ұшуы киіктердің қырылуының себебі болуы мүмкін емес», – дейді.
Қазақ халқы киіктің жаппай төлдеуі, төлін аяқтандыруы табиғаттың құбылмалы, салқын кезіне дөп келгендіктен бұл кезді «құралайдың салқыны» деп атайды. Құралайдың салқынында күн күрт бұзылып, таулы, шоқылы жерге қарай бұлт үйіріледі. Мұндай қолайсыздық бір аптаға, кейде он күнге дейін созылады.
Мәселе кезінде біршама қоғамдық резонанс туғызып, әр түрлі болжамдардың пайда болуына түрткі болды. Бірақ оқиғаның негізгі себебі әлі күнге дейін анық емес секілді. Эколог мамандардың пікірінше, 1 грамм гептил 1 шаршы шақырым жерді улайды екен. Қалай болғанда да болар іс болды, ендігі мақсат – алда ондай келеңсіз жайттарға жол бермеу. «Сол үшін де Каспий Құбыр Консорциумы қазақстандық ғалымдардың жұмысына қаржылық қолдау білдіріп, Қазақ Елінің символына баланатын осы бір дала еркесін сақтап қалу үшін бар мүмкіндікті жасауға бел байлап отыр», – дейді компания өкілі Айна Жетпісбаева.
(фото: Ерболат Шадрахов, Альберт Сәлімгереев, Абдулазиз Мадьяров).
ПІКІРЛЕР1