Радикалды діни көзқарасын өзгерткен…
ҚМДБ Діни істер және талдау бөлімінің мәліметіне сәйкес, еліміз бойынша 940 адам дәстүрлі Әбу Ханифа мәзһабына қайтқан. Дәстүрлі діни мектепті таңдаған азаматтар саны бойынша Ақтөбе облысы бірінші орында. Облыс бойынша 308 адам радикалды діни көзқарасын өзгерткенін ресми мәлімдеген. Алматы қаласы бойынша 127 адам радикалды діни райынан қайтқан. Қарағанды облысында 123 адам ханафи мәзһабын таңдаған.
Бұл туралы мәлімет Алматы қаласында өткен Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының 2017 жылғы қорытынды есебінде ресми жарияланды.
«Жат ағымға кеткен азаматтарға уағыз-насихат, түсіндіру шараларын жүргізу – Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы жұмысының негізгі жұмыс бағыттарының бірі. Бұл бағыт бойынша жұмыстар жыл сайын жанданып келеді. Имамдар теріс жолға түскен азаматтармен бірнеше сағат сұхбаттасады, кездеседі, түсіндіру шараларын жүргізеді. Сонымен қатар, дін қызметкерлері деструктивті діни ағым өкілдері арасында мәдени, рухани, спорттық іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Мақсат – жамағатты мешіт төңірегіне топтастыру, бірлікке, ізгілікке ұйыту. Соның нәтижесінде 940 адам дәстүрлі дінге оралды. Бұл бағыттағы жұмыс жыл бойы жалғаса береді», – деп атап өтті Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Қазақ дүниетанымынан ажырағысыз, бір-бірімен біте қайнасқан ұғымдар – Дін, діл, дәстүр, мәдениет екені белгілі. Қазақы болмысымызға сай ата дінімізге кереғар бағытты ұстанған кейбір діни ағым өкілдері ел ішіне бүлік салып, ұлт арасын араз қылып, бүтін қоғамды пікір қайшылығымен екіге бөліп жүргені алаң көңіл туғызатыны рас. Ата-бабаларымыз ұстанған дәстүрлі Ислам діні – қашан да өміршең. Әділдік пен бейбітшілікті ту еткен дініміз адамзат баласына имандылықты, парасат пен пайымды, кешірім мен келісімді, шапағат пен мейірімді, қанағат пен рахымды, білім мен еңбекті насихаттайтындықтан, мұсылман адамға көптеген жауапкершілік жүктейді. Шынайы дінімізді насихаттау, қоғамды ізгілікке шақыру – басты мақсаттардың бірі. Тарихымызды парақтар болсақ, халқымыздың қандай да бір діни алауыздықтарға жол бермегенін байқаймыз.
Алматы қаласында өткен Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының қорытынды есебінде алдағы жылы да діни ахуалды жақсарта түсу үшін көптеген ағартушылық жұмыс жүргізілетіні жайлы айтылды.
Назгүл Әмірбек,
Қазақ Халықаралық қатынастар және Әлем тілдер университетінің
Журналистика факультетінің 2-курс студенті.