Ұлы жазушының шәкірті
З.Қабдоловтың әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетке келуiне, ұстаздық аталатын жолға шығуына ұлы ұстазының – М.Әуезовтің зор ықпалы болды.
1927 жылы Гурьев облысы, Қызылқоға ауданында дүниеге келген, мұнайлы Ембiнiң Доссор қаласында балалық шағы өткен, әдебиеттi жанындай сүйiп, өлең-жырлар мен айтыстарға қатысқан, күрделi iрi жанр-поэмаларға да көз тiгiп, бара-бара аты аудан аймағынан асып, облыстық көлемге танымал бола бастаған 17 жасар Зейнолла Қабдолов сол кездегi астанамыз Алматыға келiп, тау-кен институтының студентi атанды.
Арманы, егер осылай деп айтуға болса, мұнай инженерi атану болған тәрiздi. Ал бұл түскен оқу орнында мұнай инженерлерi тiптi де дайындалмайтын.
Өзінің лекцияларын тыңдау үшін басқа оқу орнынан келіп жүрген бейтаныс студентпен алғашқы әңгімесінде М.Әуезов:
– Неге бұлай? – деп таңдана сұраған.
Жауап та біртүрлі сенiмсiздеу болды. «Биылша Алматыда бола тұрып, Сiздiң лекцияларыңызды түгел тыңдап алам да, келесi жылы Москваға — Мұнай институтына көшiп кетем».
– Бәлi? – Ол көзi жасаурап бар ықыласымен рахаттана күлдi. – Е, өйткенше университетке түсiп оқымайсың ба?
Шәкiрт сөйттi. Сол жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiне ұлы ұстазының көмегiмен ауысты.
Кездейсоқтық па?
Жоқ, бұл кездейсоқтық емес-тi. Әжептәуiр ақындығын сезiнiп аты шыға бастаған жастың әдебиет әлемiне жолай алмай, жаутандауы да, мұндай инженерi болам деуi де, тек қана адалдықтан туындаған жайлар тәрiздi… З.Қабдолов үшiн әдебиет – аса қасиеттi киелi жұмбақ әлем. Ал мұнай шаруашылығы болса, көзтаныс, етене жақын, ел ішінде аса абыройлы қызмет болатын. Тау-кен институты студентiнiң М.Әуезов лекцияларына ұмтылуының да өз тарихы болды. Мұнда да кездейсоқтық, болмаса, жалған қызығушылық болған жоқ.
Оны М.Әуезов шығармаларының әсемдiк әлемiмен жолығудан пайда болған ғаламат сезiм, құпия күш жетеледi де тұрды. Ол қуатты әлеммен жолығу былай болған еді.
1940 жылы Мұнайлы Ембiдегi Доссор орта мектебiнiң жетiншi класы…
«Бас, бас! Бассаңшы аяғыңды. Өзiң немене түге, баяғы бай қатынынша әрi жуандап, әрi шабандап барасың мүлде…».
Жетiншi класс жым-жырт: қырық бала түп-түгел демiмiздi iшке тартып, қоңыр үнiн құдды құран шығаратын халфедей өзгеше сазды мақаммен соза түсiп кiтап оқыған мұғалiм ағамызды ұйып тындадық та қалдық.
Мұғалiмiмiз кәдiмгi Ерғалиев Хамит – қазiргi әйгiлi ақын; ол 1940 жылы мұнайлы Ембiдегi Доссор орта мектебiнде қазақ әдебиетiнен сабақ беретiн. Ал әлгi оқып тұрғаны — Мұхтар Әуезовтiң «Шатқалаңы»…
…Мұхтар Әуезовтiң 1935 жылы Қазақстан көркем әдебиет баспасынан «Тас түлек» деген атпен шыққан пьеса-әңгiмелер жинағының алғашқы бетiнде автордың суретi бар. Бұл бiр әсем, әсерлi сурет: қазаққа бiтпеген оқшау, кере қарыс кең, жап-жазық, әжiмсiз ақ мандай ойға толы нұрлы жүзбен дөңгелене тұтасқанда сымбат өнерiнiң шеберi әлдебiр асыл металдан құйып немесе пiл сүйегiнен ойып жасаған мүсiн бе дерсiң!..
Мен «Тас түлек» жинағын ми қайнатқан ыстық шiлдеде тас бұлақтың тiс сындырар мөлдiр суын сiмiре жұтқандай рахаттанып екi мәрте оқып шықтым да, ата-бабамнан қалған асыл бұйымдай ардақтап, сандыққа салып сақтадым да жүрдiм.
Сол кiтап әлi бар.
Сандықта «Тас түлек» жатса, кеудемде бiр арман жатты: шiркiн-ай, Әуезовтi өз көзiммен бiр көрер күн болар ма екен?..».
Бұл З.Қабдолов дүниетанымының бастауында тұрған түрткі. Әдебиет әлеміне жетелеп әкелген пәрменді күш. Зейнолла Қабдоловты КазГУ-дiң филология факультетiне алып барып жүрген де осы арман едi.
Мұхтар Әуезовпен жолығу, лекцияларын тыңдау оның әдебиет әлемiне деген сенiмiн орнықтырды. Ол өзiнiң арман әлемiне қайта оралды. Осы кездесулер мен ұстаздарының әсерi болмаса Зейнолла Қабдоловтың әдебиетке қатысы қандай болар деп ойлаймын.
«Қырқыншы жылдардың басында бiзге әдебиеттен Хамит Ерғалиев сабақ бередi.
Ол – со жылдардың өзiнде «Ақырап», «Шыңдағы сұлу» деген поэмалар жазып жариялаған, өлкеге мәшһүр ақын болатын. Оның үстiне, ол – өз өлендерiн көп алдында келiстiре оқитын, әрi домбыра тартатын, әрi ән салатын өнер иесi. Әсiресе, Махамбет өлеңдерiн домбыраға қосып, өзi шығарған өзгеше сұлу әндермен құйқылжыта жырлағанда бәрiмiз құмартып, ентелеп, ұйып, мұғалiмiмiз отырған үйдiң терезесiн сындырып, есiгiн қиратып кiре жаздайтынбыз…».
Осындай ғажайып әсерден кейiн, әдебиет пен сөз өнерiне ықыласы бар талантты жастың оның маңайынан ұзай алмайтыны белгiлi. Таланттылардың қиын, қасиеттi жолға тәуекелi де осыдан басталады емес пе!
Бүгiнгi танда мектеп, оқу-ағарту iсiнiң проблемалары мен қиындықтары туралы көп жазылып жатады. Алайда, одан құлан таза оңалып, түзелiп жатқан мектептер көп тәрiздi көрiнбейдi. Жоқ деуге аузым бармай отыр. З.Қабдоловтың ұстаздық туралы жазғандарына ой жүгiртсек, талантты шәкiрттiң үлкен азамат, адам ретiнде қалыптасуына ұстаз рөлiнiң зор екеніне көзiң анық жетедi.
Қараңыз: ұстаз түк айтпастан тура қырық бес минут М.Әуезовтiң «Шатқалаңын» оқиды, жетiншi класс селт етпей тыңдайды. Қазiргi балаларға «Абай жолының» ғаламат уақиғаларын баяндайтын небiр әсерлi тұстарын 45 минут оқысаң отырар ма едi? Бiлмеймiн. Сонда не өзгердi? Әрине, шәкiрт пен ұстаз өзгердi. Сегiз қырлы бiр сырлы, балаларды ғана емес, маңындағының бәрiн аузына қаратып ерiтiп кете алатын қабiлеттi, талантты ұстаздың нағыз қажет жерi осы… Оларсыз бiздiң мектеп туралы барлық әңгiме, әрекеттерiмiз бос сөзден аспақ емес…
Университеттiң филология факультетiн үздiк дипломмен 1950 жылы бiтiрген Зейнолла Қабдолов бiрден осы оқу ордасында мұғалiмдiк қызметке қалады. Сол күннен бастап ұстаздық қызметтен қол үзген емес. Арасында бiрнеше жыл басшы орындардың ұйғаруымен әртүрлi жауапты жұмыстарда да болды: «Жұлдыз» журналының Бас редакторы (1954-1957), Қазақстан Компартиясы Орталық комитетiнiң сектор меңгерушiсi (1957-1959), «Қазақ әдебиетi» газетiнiң бас редакторы және Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының секретары (1959-1961)…
Көп уақыт пен күш-жiгердi, үлкен жауапкершiлiктi талап ететiн осы жұмыстарды Зейнолла Қабдолов қазақ университетiндегi ұстаздық қызметiмен қоса атқарған. Былайша айтқанда, қандай жағдайда болса да ұстаздық қызметтен қол үзбеген. Сан түрлi қоғамдық қызметтер мен түрлi мәжiлiстер, жиналыстар арасынан қазақ әдебиетi мен әдебиет теориясының алуан түрлi проблемаларына қатысты лекциялар дайындауға уақыт тапқан. Аудиторияға дайындалмай кiретiн Зейнолла Қабдоловты өз басым көрген де, естiген де емеспiн.
Студент дегенiң үркек те, кiрпияз қауым. Нағыз сыншылар осылар. Лектордың әңгiмелерiндегi титтей де болса тақырыптан ауытқуды, жасандылықты қалтқысыз байқайды. Олардың бiр жоғалтқан сенiмiн қалпына келтiру аса қиын. Егер бұл мүмкiн болса?
Ендеше, 1947 жылдан бастап СССР Жазушылар одағының мүшесi атанған Зейнолла Қабдолов, 1956 жылы «Өмiр ұшқыны» аталған романын жариялағаннан кейін, қаламгерлiк қызметке алаңсыз кететiн тұстарда шыбын жанын шүберекке түйiп, асау аудиторияларға орала берген. Осы әрекетi мен қызметi туралы ұстаз толқи да тебiрене жазады.
Зейнағаңның қаламын күтіп түрған үш ірі тақырып болды. Бірі, «Менің Әуезовім» роман-эссесі, екішісі «Махамбет» туралы роман, үшіншісі «Сәулеме хат» (эссе). Соңғы шығармадан Зейнағаңның қолымен жазылған мына мәтіні қалған:
Сәулеме хат
(эссе)
Сәулем-ау, Сәулежаным
Сәулетайым…
(халық әні).
«Сәулешім!
Мен бұл хатты жаза алсам, ұзақ жазуым мүмкін.
Неге?
Сырласқым келеді өзіңмен…
Адам дегенің қызық. Өмірді өтпестей көреді. Әрине тірі кісінің өлімі құрғырды ойламағаны да бір жағынан дұрыс шығар. Қайтсын, ылғи «өлем, өлем» деп жүрсе, өмір сүре ала ма? Дей тұрғанмен, өзін біржола өлместей көріп кетеді. Сол қиын…».
Бес бетке Зейнағаңның қолымен жазылған әдемі мәтіннің жалпы мазмұнына қарағанда ағамыз өзі, Сәуле апа және заманы туралы ойларын баяндайды. Бірақ жалғасы жоқ, табылмады. Сірә, соңғы жылдарында жазуға уақыты болмай Қазақстан ғана емес, шетелдердегі алуан түрлі кездесулер мен мәжілістерге шақырылған ағамыздың аяқталмай қалған шығармасының бірі…
Зейнағаңа «Басқа шаруаны қойып, қашан жазуға отырасың», – деп, досы Ә.Нұрпейісов те Т.Кәкішұлы да үнемі айтып жүретін. Біз де ретіне орай «Сабақтарыңызды алмастырайық, жазуға отырсаңызшы» дейтінбіз. Ондайда бізге қарап тұрып: «Шырақтарым-ау, балалардан ұят емес пе, олар Қабдоловты тыңдаймыз деп келді емес пе?», – дейтін.
Сәуле апайдың да бірде ренжіп айтқаны бар: «Түніменен қызулағандай болып, тынышсызданып, ауырып шығады да, таң ата киініп, лекциям бар деп, университетке жөнеледі», – деп.
Зейнағаңның «жоғары мектепте лекция «культ» болуы керек» дегенін ерекше көніл аударар дауыспен жиі айтатын естігендер аз емес.
Ағамыздың ең қасиетті санаған орны – университет еді.
«Асылы, жер бетiнде университет секiлдi қастерлi орын сирек.
Университет – адамдар зердесiне ұшқын атып, жалын шашып, мәңгiлiк маздап тұрған Прометей оты. Бұл аз. Университет елдiң есеюi. Универси-
тетсiз ел парасат жағынан бiр түрлi олқы соғатын, артта жататын тәрiздi.
Қазақ университетiнiң бiлiм мен тәрбие, ғылым мен мәдениет тарапындағы өлшеусiз қасиеттерiнiң үстiне айрықша бiр аяулы жайы бар: заманымыздың ұлы жазушысы Әуезов Мұхтардың жарты ғұмыры осында өттi».
…«Ұстаздық – ұлы нәрсе!» – дейтiн ол…
Мұхтар Әуезов пен Зейнолла Қабдоловтың ұлылық деп санаған ұстаздық өнерi осы алтын ұяда университеттен басталады. З.Қабдоловтың ұстаздық туралы ойларының үнемi осы төңiректен туындайтыны сондықтан екен ғой.
…Осыдан 20 жыл бұрын ҚазМУ-дiң филология факультетiнiң табалдырығын ендi аттап отырған бiзге, студенттер бiзге, әдебиеттануға кiрiспе пәнiнен лекция оқуға Зейнолла Қабдолов кiрдi.
Жүректерiмiз аттай тулап күтiп отырмыз. Бұл сәттi бiз аңсағалы қашан. Студент атанғанша Қабдолов деген фамилияны бiлетiнiмiз бар, бiлмейтiнiмiз бар болғанмен, оқу алдындағы бiр айлық ауыл шаруашылығы жұмыстары кезiнде жоғарғы курс студенттерiнен бiраз әңгiме естiгенбiз. Ендi өзiмiздiң құлағымызбен тыңдауға асықпыз.
Зейнолла Қабдолов сол кездiң өзiнде бiзге үлкен, ұлы адам тәрiздi көрiнген. Қазiр ойлап қарасам, сол кезде ол 40 жаста екен ғой. Ол бiздiң тып-тыныш отырған аудиториямызға асықпай ендi де, бiрден мiнбеге барды. (Әншейiнде, шулайтын тәрiздi болсақ та тап осы кезде күбiрлей сөйлесiп, айқай шудан тиылдық та қалдық). Оның қос қапталына ауырлау тәрiздi байқалған қолдарын ақырын қойды. Ойланған тәрiздi үнсiз сәл тұрды… Аудиторияны ғаламат бiр тыныштық басты.
– Шырақтарым, әдебиет дегенiмiз ардың iсi, – деп бастаған ол лекциясын. Содан бергi 35 жылдай уақыт iшiнде Зейнолла Қабдоловтың талай тақырыпта, талай ортада сөйлеген қаншама сөздерi, әңгiмелерi жадымда. З.Қабдолов сөйлегенде қарапайым сөздердiң өзiне жан бiтiп қимылдай бастайтыны.
Маған Зейнолла Қабдолов лекцияларының көбін осылай бастайтын тәрiздi көрiнедi де тұрады.
Әдебиет – ардың iсi. Бұл Зейнолла Қабдоловтың жазушылық кредосы, қағидасы да екен.
Таяуда диплом алған бiр шәкiртiмiзбен әңгiмелесiп отырмыз. Бiрдi айтып бiрге кетiп отырсақ та, әңгiме аясы университет әсерлерiнен онша ұзамайды. Олай тарта беретiн – шәкiртiмiз. Көбiне, есте қалған қызықты уақиғалар мен ұстаздарының жақсы лекцияларына орала бередi. Көзi жәудiрей, күлiмдей сөйлейдi. Көбiне Зейнолла Қабдоловтың лекцияларынан алған әсерлерiн айтады, мен де ойланып отырмын…
Зейнолла Қабдолов сөйлеп тұр. Кезектi қайталау – эпифора туралы айтып айтып келедi де, кенет тоқтайды. Ойланып тұрғандай… Сәлден кейiн өлең оқиды.
Күншiлдер өледi
Көңiлiн от қарып,
Батырлар өледi
Борышын атқарып,
Бұзықтар өледi
Пышаққа құлшынып,
Сұлулар өледi
Құшақта тұншығып…
– Жоқ, – дейдi ол дауысын құбылтып, – 60-қа келiп тұрған жасымызда сендерге осылай дей тұрғанымыздың өзi ұят шығар, одан да басқа мысалдарға көшкенiмiз жөн болар.
Тып-тыныш отырған аудитория ду күледi. Шәкiрттердiң жан-дүниесiн билей жөнелген ерекше бiр жұмбақ, көңiлдi сезiмнен, қуаныштан сау ете қалған рахат күлкi балғын жүздердi бал-бұл жайнатып өзге бiр нұрға бөлейдi. Ол нұр аудиторияны шуаққа толтырады. Ұстаз да көзiнен мейiрiм, нұр төге бiр күлiмдейдi де шәкiрттерiн әдебиет әлемiне әрi бастайды…
Зинол-Ғабден Қабиұлы Бисенғали,
әл-Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық университетінің профессоры,
филология ғылымының докторы.