Әдеби құбылыс білгірі
Әбдіжәміл НҰРПЕЙІСОВ,
КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты
Суреткердің болмысы, дүниені көркем түрде тануда, көркем түрде танытуда суректердің жан-дүниесінде болып өтетін күрделі құбылыс әдебиеттану ғылымының осы күнге дейін назарынан қағыс қалып келе жатыр. Оны шын мәнінде, әдебиет теориясы емес, әдебиет теориясымен тығыз байланыстағы жеке пән-творчество психологиясы зерттеуге тиіс.
Зейнолла Қабдолов бұрын көп ретте суреткер деген сөздің алдына қойылатын әншейін жылтырақ эпитеттер санатында саналатын ұғымдардың творчество психологиясы пәнінің негізгі объектілері екенін, ол ұғымдарсыз көркем творчествоның ең өзекті, ең табиғи, ең нәзік сипаттарын ашудың еш мүмкін еместігін егжей-тегжейлі дәлелдейді.
Соның нәтижесінде ол суреткер болмысы, талант табиғаты, әдебиеттің қоғамдық мәні сияқты өрелі проблемалардың өзегіне тереңдеп бара алған.
Әдебиеттің дүниені көркем түрде танытар құралы – сөз болса, дүниені көркем түрде танытуды жүзеге асыратын жолы образдылық.
Адам образы – әдебиеттегі образдылықтың ең керемет сатысы, шырқау шыңы. Суреткер реалистік адам образын айналасындағы қоғам өмірін жан-жақты жіті зерттеу арқылы, өзі көрген өмірлік шындықты суреткер қиялынан өткізіп елеп-екшеу арқылы жасақтайды. З.Қабдолов адам образын жасауды өмір шындығын зерттеумен қоса жазушының ойдан шығару қабілетінің атқаратын қызметін де, «шығармада суреттелер шындықтан шалғай жатқан оқыс нәрсе емес, сол шындықты сұрыптау, саралау тәсілі; шындыққа суарылған адам тұлғасын әрі жинақтау, әрі даралау тәсілі. Образға апарар жол» деп өте орыны бағалайды.
Әдеби шығармада адам бейнесін жасаудың әр алуан амалдарының ең негізгісі, ең өзектісі – көркем бейне жасауға қажет өмірлік материалды жинақтау мен әдеби тұлғаны даралау. Бұл жөнінде З.Қабдолов ұтымды тұжырғандай әдебиеттегі жинақтау– типке әкелсе, даралау – мінезге әкеледі. Автор типтендіруді «суреткер іс жүзінде өмір шындығын өз дүниетанымы тұрғысынан белгілі бір уақыт пен кеңістікке, әлеуметтік орта мен дәуірге сай талғап-тануы, таңдап іріктеуі және жинақтауы, сол арқылы өзі жасап отырған көркем бейнені сомдауы, тұлғаландыруы» десе, мінезді «адамның ішкі болмысы, белгілі қоғамдық психологиялық ерекшеліктерінің жиынтығы» деп бағалап, шынайы көркем бейне өмір шындығын жинақтау мен адам мінезін даралау арасындағы гармониялық үйлесімнен туады деп дұрыс пайымдайды.
Осыған орай образдың жасалу тәсілдері мен образдың түрлері туралы байыпты әңгіме қозғайды. З.Қабдолов әдеби сында әдетке айналған әдеби образды жағымды, жағымсыз деп екіге бөлудің ғылыми жағынан да, логикалық жағынан да онша терең ұғымы емес екенін айтып, образ түрлерін саралаудың басқаша қағидасын ұсынады. Ол образды көркемдік әдіс тұрғысынан – романтикалық, реалистік деп екіге, әдеби тегі тұрғысынан эпикалық, лирикалық, драмалық деп үшке; жасалу тәсілдері тұрғысынан – юморлық, сатиралық, фантастикалық, трагедиялық, геройлық т.б. бірнеше түрлерге бөледі де, олардың әрқайсысына тән ерекшеліктерді сара-сара сөз етеді.
Көркем әдебиеттегі мазмұн мен пішін нақты әдеби шығармада қалай көрініс табады? З.Қабдолов айтуынша: «Шығарманың мазмұны – оның ақиқат шындыққа негізделген тақырыбы мен идеясы да, пішіні – әдеби қаһармандардың өзара қарым-қатынасына, тағдыр тартысына негізделген сюжеті, композициясы және жазушының өмірді өнерге айналдырған ең негізгі құралы – суретті сөзі, көркем шығарманың тілі».
Автор осыдан шығарып, тақырыпты – жазушы суреттеп отырған өмір құбылысы жайлы айтпақ ойы, соған берген бағасы деп таниды.
Ол мазмұн мен пішін арасындағы гармониялық үйлесімнің көркем шығармада қалай жүзеге асатынын, көркем шығарманың қалай сомдалып, қалай кемелденетінін сюжет пен композиция, көркем әдебиеттің тілі, өлең сөз жайлы тарауларда егжей-тегжейлі сөз етеді. Бұл тараулардың аса бір құнды жағы – автордың белгілі сөз шеберлерінің лабораторияларына батыл еніп, әдебиеттің теориялық қағидаларын көркем творчествоның нақты практикасымен қабыстыра зерттей білгенінде, оқушысына шығарманың ұңғыл-шұңғылын жіті барлап талдаумен қоса, көркемдік дүниесінің ғажайып сырларын нақтылап тани білуіне, көркем шығармаларды таңдай-талғай білуге үйреткенінде, қысқасы, оқушы зердесіне әдебиет жайлы терең білік пен қоса әсем эстетикалық талғам қалыптастыруды айрықша мақсұт еткенінде.
З.Қабдолов әдебиеттегі қай құбылысты сөз етсін мейлі, әдебиетті қатып қалған қасаң қағидалар тұрғысынан немесе кез бен тезді қолға алып өлшейтін өлі құбылыс деп емес, ылғи жаңарып, ылғи дамып, ылғи жаңа сапаға, жаңа сипатқа көшіп отыратын тірі процесс деп қарастырады. Әдебиет құбылыстарын тарих тұрғысынан елеп-екшеу – оларға даму тұрғысынан баға беру деген сөз.
Әдеби дамудың, көркем творчествосының даму жолын жақсылап түсіну үшін әдебиеттің тектері мен түрлерін мұқият білмей болмайды. Зерттеуші әдебиет теориясында әлі күнге даусыз анықтамаға ие бола алмай келе жатқан жанр проблемасын да осы тұрғыдан қарастырады. Жанр қазіргі әдеби практикада әрі әдебиеттің тегін (эпос, лирика, драма), әрі әдеби шығарманың түрлерін (әңгіме, роман, баллада, поэма т.б.) белгілейтін термин ретінде екі-ұдай мағынада қолданылып жүр. З.Қабдолов жанр деп қарайтын қағиданы ұстанады. Мәселен, эпос – жанр; эпостың үш түрі бар – шағын көлемді, орта және кең көлемді, шағынына – очерк, новелла, т.б. орта көлемдіге – повесть, поэма, кең көлемдіге – роман, эпопея жатады деп жіктейді. Сол арқылы өзі жанр деп таныған эпос, лирика, драма, олардан өрбитін жанрлық түрлерді жеке-жеке талдап, әрқайсысының даму, өзгеру жолдарын, қайсысының қандай тенденцияда дамып жатқанын әңгімелейді. Жанр мәселесін бұлай топтап, бұлай тұжырымдау бәлкім әлі даусыз дәлеліне ие бола алмай жатуы мүмкін, бірақ бұлай жіктеудің әдбиеттің тегі мен түрін саралауға біршама айқындық енгізетіні рас.
Көркем әдебиеттің тектік, түрлік құбылуларын зерттеу – әдеби дамуды зерттеудің бір ғана бөлігі, ол – әдеби дамуды тұтас қамти алмайды, әсіресе әдеби дамудың қоғамдық дамумен байланысын қамти алмайды. Оларды жан-жақты білу үшін ең алдымен әдеби бет пен бағыт, солар арқылы көрінетін дамуды қарастырған абзал.
Көркем әдебиеттің тарихы бар, теориясы бар, көп ғасырлар бойы, көп суреткерлер арқылы жинақталған бай тәжірибесі бар, демек, объективті заңдылықтары бар. Соларды жеріне жете игере алмаған суреткер әдеби процестің даму барысы талап етіп тұрған бүгінгі күннің шығармасын тудыра алмақ емес. Оны білу суреткерлерге ортақ міндет. Бірақ ортақ заңдылықтарды бәр-бәр суреткер білгенмен, бәр-бәрінің қолынан шыққан әдеби туынды бір сипат, бір қалыпта, бір-бірінен аударып алғысыз қалыпта шықпайды. Өйткені, шығарма тудыруға автордың әдеби заңдылықтарды білуімен қоса өзінің жеке адамдық болмысы, психикасы, басқалар бастан кешпеген өмір тарихы, сол арқылы қалыптасқан өзіндік жеке-дара мінез-құлқы да қатысады. Суреткердің осы арқылы көрінген өнердегі ерекшелігін стиль деп атайды. Суреткер жанындағы рухани өзгеріске байланысты стильдің де өзгеруі әбден мүмкін. З.Қабдолов стиль – бір жазушыға тән творчестволық ерекшелік, бір жазушының дара қасиеті, әдеби беті, ал осындай ерекшеліктердің, қасиеттердің бір топ суреткер творчествосында көрінуі – ағым деп тұжырымдайды. Стильдің жалқыға тән, ағымның жалпыға тән ұғым екені, стильдің – әр жазушының дара қасиеті болса, ағым – әр алуан жазушының ортақ сипаты, стиль – әр жазушының әдеби беті болса, ағым – жазушының әдеби бағыты екені рас. Алайда, ағымның пайда болуына бір мінездес, бір тектес жазушылардың жай бас біріктіруі ғана емес, негізінен қоғамдағы таптық жағдай ықпал етеді. Сондықтан да, автордың «әрбір әдеби ағым – әр дәуірдегі идеологиялық күрестің әдебиеттегі көрінісі» – деген тұжырымы өте орынды.
Көп уақытқа дейін біресе стильмен, біресе ағыммен шатастырылып келген әдеби әдіс күні бүгін де бірыңғай түсінікке ие болғанмен, бірыңғай тұжырымға ие бола алмай келеді. З.Қабдолов ең алдымен әдістің стиль мен ағымнан басты айырмашылықтарын сөз етеді – стиль мен ағым тарихи категориялар болса, әдіс олай емес; стиль мен ағым – қайталанбайтын құбылыстар болса, әдіс – қайталанып отыратын құбылыс, стиль мен ағым құбылмалы нәрселер болса, әдіс тұрақты нәрсе… Ол көркемдік әдістің тегін суреткерлердің творчестволық ерекшеліктерінен емес, қоғамдық дүниетанымның даму сатысынан, дүниеге, қоғамдық болмысқа деген әр суреткер, әр адам емес, сол суреткерді тудырып отырған қоғам мүшелерінің ортақ көзқарасынан іздейді. Көркемдік әдіс жайлы
В.Щербина, Л.Тимофеев, Г.Абрамович, Л.Шенилова анықтамаларының орындысы мен олқылықтарын тарызылай келіп, З.Қабдолов: «Көркемдік әдіс – алдымен шындықты, шын мәніндегі суреткердің өз көзімен образды түрде тану жолы, содан соң өзі таныған шындықты бар өнерін төге, бар шеберлігін сала көркем жинақтап, өзгеге таныту жолы» деген анықтама ұсынады. Бұл анықтаманың бір бағалы қасиеті көркемдік әдісті көркем творчествоның таза технологиялық сипаттарынан, әр суреткеркердің өзіндік өзгешеліктер деңгейінен көтеріп қоғамдық дүниетаныммен, шындықты образды түрде тану жолымен байланыстыра білгенінде.
З.Қабдолов әдеби терминдердің бұрынғы аудармаларын сұрыптап, ішіндегі маңызды, мәнділерін таңдап алумен қоса, бірқатарын жаңадан аударған, әрқайсысына сара-сара мағыналы қазақша балама тауып берген. Мәселен, айқындау (эпитет), құбылту (троп), ауыстыру (метафора), астарлау (символ), мегзеу (синекдоха), кекесін (ирония), ұлғайту (гипербола), кішірейту (литота), әсірелеу (гротеск), айшықтау (фигура), дамыту (градация), егіздеу (параллелизм) т.б. терминдердің аудармасы түпнұсқадағы түсінік пен ұғымды сарқып жеткізетін баламалар. Автор, әсіресе, қазақтың әдеби терминологиясына пішін (форма) деген баламына сәтті енгізген. Бұған дейін қолданылып келген «түр» деген балама бірде орысша «вид»-тің мағынасында, бірде «форманың» мағынасында жұмсалатын. Енді З.Қабдолов «пішін» (форма, «тек» (род), «түр» («вид») деген сара-сара атаулар тауып берді.