«Алаш сенген жастар»
«Тәуелсіз ел жастары» қоғамдық қоры 18-19 қараша күндері «Алаш сенген жастар» атты II Республикалық жас ақындар мүшәйрасын өткізді.
Аталған іс-шараның Қазақстан Жазушылар одағында өткізілуінің өзі республиканың әр аймағынан келген жас ақындарға рух бергендей әсер етті. Мүшәйраға қатысушылар екі өлеңдерін додаға салды. Бірі – Алаш арыстарына арналған туынды болса, екіншісі – еркін тақырыпқа арналды. Жас ақындарға әділ баға беріп, өлеңдерін сан қырынан талдап, шын жүйріктерді анықтаған қазылар құрамында ақын Серік Қалиев, актер Әсет Иманғали, журналист Жарқын Сәленұлы болды. Республикалық жыр мүшәйрасының бұл жолғы жүлдесін Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданынан келген Азамат Қайырбеков иеленді. Жан-жақтан жиналған шәкірттер Алматы шаһарын аралап, қаланың тарихи, мәдени орталықтарын тамашалады.