«Айқап» – достықтың алтын көпірі
24.11.2017
1306
0

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған бағдарламалық бағыттарды жүзеге асыру мақсатында еліміздің ең үздік жоғары оқу орны – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың бастамасымен бұрын-соңды болмаған әлеуметтік жобаны жүзеге асырды.

А.Байтұрсынов атындағы Қос­та­най мемлекеттік универ­си­теті­нің ректоры Қ.Уәлиев бастаған ұжы­мы қосылған делегация Ре­сей­дің Троицск қаласына арнайы ат басын бұрды. Ұлы Жібек жолы­ның торабында жатқан бұл қала биыл туғанына 145 жыл болған бел­гілі журналист, ақын, аудармашы, ағартушы-демократ Мұха­мет­жан Сералиннің атымен тығыз бай­ланысты. Ол осы қалада 1911–15 жылдар арасында қазақтың тұң­ғыш журналы – «Айқапты» шы­ғарған болатын.
Бір замандарда сауда орны бол­ған, жергілікті қазақтар бұ­рын­дары «Мағынай» атаған бұл қа­ла бүгінде бірнеше ұлттың басын қосқан, ынтымағы жарасқан мәдени-рухани орталыққа ай­нал­ған. Ғ.Мұтанов бастаған делегация Троицск қаласының башылы­ғы­ның жылы қабылдауынан кейін, қа­ладағы Мұхаметжан Сералинге ті­келей қатысы бар тарихи орын­дар­ды, атап айтқанда «Айқап» жур­налы шығарылған «Энергия» бас­паханасын, «Расулия» медресе­сін, Зайнулла ишан Расулев атын­да­ғы мешітті аралады. Ректор өзі­нің ұйымдастыруымен қайта­дан халықаралық қоғамдық-сая­си, ғылыми, әдеби-көркем журнал бо­лып шығып жатқан «Айқап» жур­налының бірнеше данасын, Мұхаметжан Сералин шығарған және 2012–2014 жылдары белгілі жазушы-қайраткер Қоғамбай Сәр­секев жалғастырған, одан кейін университет қайта қолға ал­ған үш түрлі «Айқаптың» және әр жылдардағы редакторларының фотолары бейнеленген триптих портреттерді және Мұхаметжан Сералиннің жеке портретін, басқа да танымдық естелік-заттармен бір­ге Қазақстан Президентінің кі­таптарын да қала мұражайына сал­танатты түрде табыс етті.
Қаланың қазақ тарихына қа­тыс­ты деректері де қызғылықты. Осын­да қазақ мектептерінің ал­ғаш­қы шаңырағы көтерілген; Ағартушы Ыбырай Алтынсарин «Расу­лия» медресесінің салынуына қаржы бөлген; мұнда Орал, Қос­танай, Көкшетау, Кереку, Қы­зыл­жар, Атбасардан қазақ балалары білім алған; солардың арасында қазақ руханиятына орасан үлес қосып есімін ел есінде қалдырған Сұл­танмахмұт Торайғыров, Бейім­бет Майлин, Баймағамбет Із­тө­лин, Серке Қожамқұловтар бар; Троицск циркінде әйгілі палуан Қажымұқан Мұңайтпасов 18 мәрте күреске шыққан; осы қалада 1907 жылы ең алғашқы мерзімді ба­сылымның бірі –«Қазақ газеті» жарық көргенін біреу білсе, біреу білмейді. Бұл газеттің шығуына Мұхаметжан Сералиннің де үлкен үлесі бары – болашақ зерттеушілер қаперінде болатын тың дерек. Ең бастысы – ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығында жарық көрген «Айқап» журналының осы қала­дан сонау Алтай-Тарбағатайға дейін тарағаны – сол заманғы ру­хани жаңғырудың басы деуге бо­ла­ды.
Троицк тарихы – әлі де толық ашыл­маған тың әлем. Болашақта өзара тығыз байланыс орнатып, ар­найы экспедиция ұйымдастыру мәселесі көтерілген бұл шараға Троицск қаласындағы қазақтар­дың «Айқап» және «Арман» деп ата­­латын ұлттық-мәдени орталық­та­рының өкілдері, «Ақ жайық» әншілер тобы, Қостанай қаласы­нан келген өнерпаз студенттер қосылып өнер көрсетті.
Бұл сапар екі ел арасындағы ын­тымақтастықты одан сайын ны­ғайта түсуге және рухани құн­дылықтарды қайта жаңғыртуға сер­пін бергендей болды. Осы са­парға себеп болған «Айқап» журналы екі ел арасындағы достықтың алтын көпіріне айналмақ.

Гүлнар Хайроллақызы,
Халықаралық «Айқап» журналының жауапты хатшысы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір