ШЫН ДОСТЫҚТЫҢ ҚҰДІРЕТІН ҰҚТЫМ МЕН
Балғын балалық шақтағы әр кез ойға орала беретін cәттер ұмытылмақ емес. Болашақ үлкен өмірдің даңғыл жолы да осы уақытта қалыптасып, армандар мен талпыныстардан тұратыны рас. Алғаш мектеп табалдырығын аттау, ұстаз алдын көру, болашақтың пердесін ашатын ілім-білім алу – мәңгі есте қалатын ерекше құбылыстар. Біздің тәлім-тәрбиеміздегі басты құндылық – еңбекпен тәрбиелеу, үлкенді сыйлау, кішіге көмек беру, ұстаздың айтқанын бойыңа сіңіру, кітап оқу сияқты қағидаттар болды.
Ауыл балаларының қысқы-жазғы кезеңдерде атқаратын істері қайда да бірқалыпты болатын шығар. Жаз бойы үлкендермен бірге шөп шабу, жинау-үймелеу, қысқа отын дайындау, өріске мал шығарып, кешке күтіп алу, Жайықтан су тасу, шарбақты тазалау, үйдің сыртын әктеу, ең соңында шамдарға керосин құйып, әйнегін сүрту сияқты бітпестей болып көрінетін балаларға арналған шаруалар болатын.
1957 жылдың жаз айында менің әкемді Махамбет ауданындағы Ақжайық деген ауылға орман қорғаушы жұмысына ауыстырып, жаңа жерге көшіп келдік. Сол жылы Жайық өзені өз арнасынан асып, орман-тоғай, сай-сала суға толып, көшіп келген ауылымыз жан-жағы топан су басып, аралдың ортасында тұрғандай кері кеттік. Ауыл адамдары күні-түні топырақ тасып, ауылға суды жібермей алып қалған екен. «Қырық күн тасыған су бір сәтте қайтады» дегендей, көп су арнасына түсіп, ауыл маңында мал жайылатын, егін салатын алаң ашылып, адамдар тынымсыз жұмыстарына кірісіп кеткен.
Сол күндері есте қалатын бір оқиға туралы айтсам, осы көп суды құс өсіру мақсатында пайдалану үшін ауылымыздың маңындағы – Қарасу мен Ақтөбе көліне бір миллион «пекинтұқымдас» үйрегін әкеліп жіберді. Сулы аймақтың бәрі аппақ құсқа толып, ауыл адамдары құс фермасына жұмысқа тартылып, біз сияқты балаларға да қайықпен құс қайыру, құстарды санау, жұмыртқаны және су үстінен құс түбітін жинау, әйнек ұсақтау сияқты жұмыстар тиді. Жұмысқа тартылған балаларға еңбек күніне 20 сарыуыз үйрек балапандары берілді. Бұл жұмысқа қабылдау тәртібі өте қатал, бір орынға 5 баладан болды. Таңдау «тестісінен» өткендер – үздік оқушы, адал, тәртіпті болуы бірінші кезектегі талап болатын. Жұмысқа қабылданған біз үшін таңертеңгілік вахтаға түсерде: «Жұмыртқаны жегенім – үйректі құрттым дегенім», – деп Құс фермасының меңгерушісі Меңдіғали ағамызға ант беріп, ала арқанды аттап өтіп, міндетті ісімізге кететінбіз.
Біздің жазғы демалысымыз, осылайша, үйрек қайырып, су жағасынан жұмыртқа, түбіт жинап тез өтіп кететін-ді. Құсқа байланысты есімде қалған қызық жайт – өрістен қайтқан миллионнан артық үйректерді санау болатын. Қора алдындағы алаңшаға арасынан бір құс өтетіндей 50 қатар тас қойып айдағанда, құстар қатарларын бұзбай, таласпай тізіліп өтіп жатады. Әрбір 20 топ өткенде бір құмалақ шелекке тасталып тұрады. Бұл әдісті кім ойлап тапқанын білмеймін, әйтеуір, өте ыңғайлы болатын. Сол кездегі ауылдағы бір ғажайып көрініс – су айдыны айдай аппақ, бұрында әрбір ауладан қой-ешкі, сиыр өретін болса, енді шарбақ біткеннен барқылдаған аппақ үйректер жайылуға шығатын болды. Осылайша, жазғы демалысымыз бітіп, сабаққа баратын уақыт та таяп қалғанын ата-әжеміз еске салып қояды.
Бір күні кешқұрым малдың алдынан шығып қой келгенше доп қуып жүрсек, бір танымайтын бала келіп бізбен амандасып, өзінің осы ауылға кеше көшіп келгенін, биыл 5 сыныпқа баратынын айтып, өзін Бақтықожамын деп таныстырды. Бұл 1959 жылдың күзі болатын. Мен де оған таяу келіп: «Енді біз бір сыныпта оқитын болдық, мен де бұл ауылға 3-сынып оқитын жылы келдім, атым Мұрат», – деп таныстым.
Келесі күні біз тағы кездесіп, оған ауыл туралы, оның адамдарының мейірімді, көмекке әрқашан дайын екені туралы айттым. Бақтықожа да өзінің отбасы туралы мағұлмат беріп: «Папам Салахатдин – қазақ тілінің мұғалімі, бір інім, алты қарындасым, анам Әсима, атам Ізмұхамбет, әжем Орынша», – деп түгендеп атап шықты.
Сабақ басталғанша біз күнде кездесіп, мектеп өмірі, ауылдың табиғаты, Жайықтың балығы туралы, оқыған кітаптарымыз жөнінде ой бөлісіп жүрдік. Бақтықожа домбыра, баян тартатынын, бірнеше қазақша, орысша өлеңді айтатынын, шахмат ойнайтынын жеткізген.
Көптен күткен сабақ та басталды. Мектеп іші әрі-бері жүгірген балалар, сынып бөлмелерін іздегендер әрбір есіктерді ашып, сұрастырып жатыр. Мен де өзіміздің сынып бөлмесіне кіріп, артқы жақтағы бос партаға орналастым, қасыма ешкім келген жоқ. Бір кезде қолында кішкене портфелі бар Бақтықожа келіп: «Сенімен бірге отыруға бола ма?» – деп сұрады. Мен де қуанғаннан: «Орын бос, кел, бірге отырамыз», – деп қатар жайғастық.
Мен де, Бақтықожа да осы бір парталастығымыздың іргесі сөгілмей, өмірлік достықтың кеңістігін ашатынын сезбеген едік.
Мектеп жылдары зырлап өте берді. Біздің сыныптағы Әтшібай деген өте алғыр, сабақты жақсы оқитын, спорттың барлық түрінен жеңімпаз болып танылған бала біздің достықтың үштік тобына кірді. Ауылдағы ең қадірлі сыйлы жандар біздің ұстаздарымыз болды. Салахатдин ағайдың қазақ тілінен берген дәрісі өте қонымды, талай ақын-жыраулардың шығармаларын, қазақ тілінің ұлт үшін маңызын, қасиетін сол кезде-ақ қанымызға сіңірген еді. Қазихан ұстазымыз физика негіздерін аса мұқиятпен санамызға құйса, Нұрымғали химияның қасиеттерін әртүрлі тәжірибелермен көрсете білді, математика сабағын ауданға белгілі, жүйрік есепші апайымыз Мәуия ұқтырды, тарихтың ой-шұқырын, өзі сол замандағы оқиғаларға тікелей қатысқандай, патша сарайын құлатқан шабуылшылар ішінде болғандай етіп айтып беретін Дөкесов Жабу деген ағайымыз болған еді.
Үй шаруасымен қатар сабағымызға үлкен ниет қойып, таласа оқып, білімге деген құштарлық бойымызда әрқашан сақталып тұрды. Бізді бала кезімізден еңбекке, спортқа, кітапқұмарлыққа баулыған Қ.Тұрғарин ағайымызға әлі күнге дейін дән ризамыз. Ауылда өсіп, суыққа тоңсақ та, қиындықтан қорықпай қарсы тұруымызға сол ағайымыздың еңбегі орасан. Сол кездегі толық емес ауыл мектебінде футбол алаңы, турниктер, шыршық деп аталатын спорттық құрылғылар болатын. Қыс кезінде шаңғы жарыстары өткізіліп тұратын-ды. Аудандық жазғы оқушылар спартакиадасында біздің «Қызылүй» мектебі он жылдық мектептермен жарысқа түсіп, эстафета жарыстарында жүлделі орындарды иеленіп жүрді.
Мектепті де бітірдік, дүниеге кірпіш болып қаланатын кез келді. 1966 жылы Әтшібай Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы Политехникалық институтқа, орта мектепті үздік бітірген Бақтықожа Уфаның мұнай институтына түсіп, аталған жоғарғы техникалық оқу орнын қызыл дипломмен бітірді. Жас маман Бақтықожа мұнайшы-геолог өзінің еңбек жолын бірден бұрғышы болып бастап, сол саланың барлық сатысымен жоғарылап, Қазақ мұнай-газ институтының лаборатория меңгерушісі қызметінен, «Қазмұнайгазгеология» бірлестігінің бөлім басшысы, ғылыми лабораториясының директорына дейін жоғарылады. Ол кезде Атырау өңірінде мұнай-газ орындарын зерттеу жұмыстары шұғыл түрде жүріп жатқан болатын. Қазіргі мұнай атқылап тұрған барлық ұңғының қасында жас мұнайшы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің айшықты іздері мен істері жатқанын бүкіл мұнайшылар мен геологтар қауымы жақсы біледі.
80-жылдардың басында Бәкең Кеңес Одағы мамандары құрамында Йемен республикасында төрт жылдың үстінде өз мамандығы бойынша абыройлы қызмет атқарды. Өзге елдің аптап ыстығына, саяси жағдайының қиындығына қарамай Бақтықожа Салахатдинұлы өз міндетін адал орындап елге оралғанда біз – достары аса қуандық.
Бәкеңді алда талай асулар күтіп тұрған еді. Алғашқы қадам Қазақ ССР Геология министрлігінің мұнай қорын зерттеу, бағалау бөлімінің бастығына жоғарлауы үлкен абырой болды. Өндірістің шебер ұйымдастырушысы, жер қыртысының қыры мен сырын өте жақсы білетін маманның министрлікке келуі салаға жаңа серпін берді. Тәуелсіздік жылдарының қиын кезеңдерінде мұнайды игеру үшін елге инвестиция тарту басты бағыт еді. Қазақстанға ең алғаш болып қаржылай көмек қолын созған түрік ағайындар болды. Екіжақты мұнай кенішін игеру туралы мемлекетаралық келіссөздер басталып, Бәкеңнің тікелей ұсынысымен Қазақстанда ең бірінші біріккен «ҚазақТүрікмұнай» кәсіпорыны құрылып, оның бас директорлығына Бақтықожа Ізмұхамбетов тағайындалады. Бұл кәсіпорынның мұнай кен орындарын зерттеу, бұрғылау, өндіру географиясы Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының аумағын қамтып, 12 мыңнан астам жергілікті маман кәсіпорындарда жұмыс атқарды. Осы мекеменің көмегімен бүкіл геология саласына жан бітіп, елдің әлеуметтік жағдайын қалпына келтіру үшін үлкен қаржылар құйылды.
Бәкеңнің арғы қарай өмір жолы өзінің бала күннен таңдаған мамандығымен жалғасып жатты. Қазақстанның Мұнайгазэнергетика министрінің бірінші орынбасары, министрі жауапты қызметтерін атқарған кездегі ел үшін жасалған ерен істері соңғы жылдары қаламынан шыққан кітаптарының арқауы болды.
Тағдыр Бәкеңді тағы сынаққа салып, ғалым мұнайшының, жер қойнауын зерделеу маманының Батыс Қазақстан облысы әкімі қызметіне келуі Бақтықожа Салахатдинұлына деген – үлкен сенім, ал өңірдің экономикасы мен әлеуметтік саласын жедел көтеруге деген тапсырма болды. Жыл өтпей-ақ Орал өңірінің тамырына қан бітіп, халықтың тұрмысы, елдің жағдайы қалыпты жағдайға енді. Облыстың алыс аудандарына газ, жол жүйелері тартылып, көгілдір отын әрбір отбасына жетті. Орал қаласының сәулеті артып, жаңа тұрғын аудандар мен өндіріс орындары іске қосылды, шағын және орта кәсіпкерлік саласы қарқынды дами бастады. Ауыл шаруашылығы жедел даму жолына түсті, егін-жай, бау-бақша өнімдері артты.
Орал халқының алғысы мен құрметіне бөленген Бәкеңнің келесі шығар биігі – Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты және Төрағасының орынбасары қызметі болды. Бұл үлкен жауапты жұмыста да ол іскер, білімді, жоғары ұйымдастырушылық қабілетімен дараланды. Парламент депутаттары арасында бедел мен сенімге ие болып, әріптестерінің құрметіне бөленді.
Алда тағы да үлкен асу тұрды. Ол туған жер топырағына Атырау облысының әкімі болып оралуы еді. Сол бір қиын да шытырман кезеңде өңірдің делбесін ұстап, жағдайды қалыпқа келтіру ісі алда тұрды. Аз ғана уақытта кадрлық команданы қалыптастырды. Негізгі бағыт нысанасын өңірдің инфрақұрылымын, ауыл шаруашылығын, жергілікті өнім өндіру процессін жетілдіру, мал, егіндік мәселері күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып тұрды. Аудандардағы үй құрылысы, жол, кәсіпкерлік жұмыстарын дамыту кезек күттірмейтін шаралар қатарына енгізілді.
Бұрынғы облыс орталығын көкөніс, сүт, жеміс-жидек, бау-бақша өнімдерімен қамтып отырған Махамбет ауданы аумағындағы су жүйелерін қалпына келтіру, тамшылатып суару әдісін жаппай енгізу, жергілікті жерде шетелдік сиыр, ешкі малдарын әкеліп тұрақтандыру, қаз-үйрек өсіру, малды асылдандыру, су тоғандарында балық өсіру, алма, лимон өнімдерін тағы да басқа іргелі жұмыстарды қолға алу жоспары жасақталды. Ауыл шаруашылығы саласында көптеген шаруа қожалығы құрылып, ет өндіру, мал сою, тұздалған бақша өнімдерін шығару сияқты кәсіптер жолға қойылды. Кәсіпкерлерге бюджеттен қаржылай көмек (субъсудия) бөлу мәселелері шешіліп, кәсіпкерлердің өз ісін дамытуға деген ынталары артты.
Ауданаралық жол қатынасын реттеуге көңіл бөлінді. Жайық өзені бойынан көлік өтетін көпір, «Атырау-Индер» жолын қалпына келтіру, ауылдарға кіретін кірме жолдар мен жүргіншілер жолақтарын салу жоспарлы жұмыстары шұғыл түрде жүріп жатты. «Атырау-Астрахан» тасжолының, «Атырау-Азғыр-Сүйіндік-Балқұдық» бағыттарында ұзындығы 500 шақырымдық газ құбырын тартудың жобалық-сметалық құжаттары жасалды. Атырау қаласының маңында сәулетті, жаңа типті «Нұрсая», «Өркен», «Самал» шағын аудандары пайдалануға берілді. Қаланың басты көшелері бойындағы, Авангард ауданындағы көпқабатты үйлер түгелдей терможаңғырту бағдарламасына сәйкес жаңғыртылды.
Атырауға берілген уақыты аяқталғанда Бақтықожа Салахатдинұлы елімен қимай қоштасып, Астанаға – Парламент Мәжілісінің Төрағалық лауазымына бекітілді. Парламент қабырғасында да Бәкең өзінің өмір көрген салиқалы азамат екенін жоғары дәрежедегі өндірістік, шаруашылық саласында тәжірибе жинақтаған, әр ұсыныстары заң қабылдау жоғары органының жұмысына жаңа сипат бергенін бүкіл елге көрсете білді. Ол Парламенттің Қауіпсіздік және қорғаныс комитетінің мүшесі ретінде үлес қосып, Отанымыздың беріктігі мен қауіпсіздігіне, терроризимге, діни экстремизмге байланысты пікірлері қабылданған заңдар халықтың тиісті бағасын алды.
Бақтықожа Салахатдинұлы 2016 жылдан бері «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Осы жылдар ішіндегі ең маңызды жұмыстың бірі – «Ардагерлер туралы» ҚР заңы қабылданды. Өткен уақытқа назар аударсақ, 1987 жылы құрылған Республикалық ардагерлер ұйымдары 33 жыл бойы әртүрлі ведомствалық нұсқаулар мен ережелерді басшылыққа алып жұмыс істеген. Қазір Республикалық ардагерлер ұйымы елдің саяси-мәдени саласына, экономика мен экология, жастар тәрбиесі, діни көзқарас, тіл мен жер мәселесіне, жалпы айтқанда, қандайда болсын ел тағдырына қатысты жұмыстарға ардагерлер ұйымдарының барлық – облыстық, қалалық, аудандық, бастауыш ұйымдары қоғамның қозғаушы күшіне айналды.
Бәкең екеуміздің арамыздағы 1959 жылдан басталған достығымызға ешқандай сызат түсіп көрген емес. Біз бір-бірімізді сағына іздеп, кездесу сәттерімізді асыға күтіп жүреміз. Сүйікті жарымызға, ұл-қыздарымыз, немере-жиендерімізге, біздің достық қатынасымыз үлгі. Бәкеңнің шынайы жүрегінен шыққан «Жан досыма» деген өлеңінде екеуміздің достық қасиетіміздің айдыны, тереңдігі, жағалауы, өміршеңдігі жазылған. Осы өлең сөзіне Заттыбек Копбосынов ән жазып, қазір радио-теледидарларда өзінің орындауында айтып жүр. Осы ән – бүгінде достықтың символы, жалауы болып халық арасында кең тараған тамаша туынды. Осы естеліктің басында, біздің жас күнімізден үш дос болып өскеніміз айтылған еді. Енді сол Әтшібай досыма тоқталайын. Ол – Қазақтың С.М.Киров атындағы университетінің заң факультетін бітіріп, Алматы қаласындағы машина жасау зауытында – заңгер, 1975 жылдан Гурьев қаласындағы өндірістік мекемелерінде, облыстағы іргелі кәсіпорын «Индер» борат руднигінде заң бөлімдерін басқарды, Атырау облысы Әділет басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарды. Жастайынан алғыр, ізденімпаз, спорттың бірнеше түрінен Республикалық, облыстық жарыстардың жеңімпазы болған досымыз Әтшібай Есенғалиев жүрекке қан жетпеу салдарынан кенеттен дүние салды. Қазір біз Бақтықожа екеуміз өмірлік достығымызға дақ салмай жалғастырып келеміз. Кездесе қалсақ өткен өмірдің қызық сәттерін әңгімелеп, біздің аталарымыздың сыйластығы туралы, ата-анамыздың бір-бірлеріне деген құрметтерін сағына еске алып тұрамыз. Бәкеңнің анасы Әсима – 10 ұрпақ тәрбиелеп өсірген ардақты «Батыр Ана», елге белгілі күй өнерінің майталман шебері. Күйдің сыры мен құпиясын Дина әжесінен үйренген, «Қазақтың 100 күйі» жинағында оның орындауындағы үш күйі жазылған. Ол кісінің қара домбырасы Астана қаласындағы Ұлттық музейде сақталуда. Әсима апамыздың бір естелік әңгімесінде атақты ақын Жұмекенді бала күнінде бағып, талай арқасына салып жүргенін айтқан-ды.
Енді өзім туралы бірер сөз айтсам. Мен – Москваның заң институтының, Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының, Алматы жоғары партия мектебінің түлегімін. Өмірімнің 25 жылға жуығы комсомол, партия органдарындағы жұмыстармен тікелей байланысты болды. Атырау қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, облыстық партия комитетінің жауапты қызметкері, Индер, Жылыой аудандық партия комитеттерінің екінші хатшысы, облыстық партия комитетінің әкімшілік органдары бөлімінің меңгерушісі, 1989 жылы Қазақстанда алғашқы құрылған «Гурьев» кедені,1991 жылдары Батыс аймақтық, Атырау кеден басқармасының, Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы, 2003 жылдан өндірістік-шаруашылық мекемелерінің басшысы қызметтерін атқарып, 2016 жылы зейнетке шықтым. 2016-2021 жылдары Атырау облыстық қоғамдық кеңесінің, 2021 жылдан
Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының қоғамдық жұмысын атқарудамын. Осы жазбамда айырылмастай болған екі досыма деген сағынышымды жеткізгім келді.
Мұрат ӨТЕШОВ,
Атырау облысының
Құрметті азаматы,
«Құрмет», «Парасат»
ордендерінің иегері