Қоғам қайраткері, публицист, журналист Сауытбек Абдрахманов саясат, өнер салаларымен қатар, әдебиет тақырыбындағы еңбектерімен де кеңінен танымал. Алғашқы рецензиясы университетке түспей тұрғанында, сонау 1970 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланғаннан бepгi жарты ғасырға жуық уақыт аралығында көптеген терең ойлы мақалалар жазған. Ғабит Мүсірепов, Сергей Михалков, Шыңғыс Айтматов, Әбіш Кекілбаев, Олжас Сүлейменов сынды сөз зергерлерімен тағылымды сұхбаттар жасаған. Пушкин шығармашылығы жайындағы зерттеулері үшін Ресей Сөз өнepi академиясының «Ревнителю просвещения» медалімен марапатталған. Жекелеген еңбектері ағылшын, араб, түрік, өзбек, тәжік тілдерінде басылған белгілі қаламгердің әдебиеттанушылық еңбектері жоғары бағаланып, ол Ұлттық Ғылым академиясы Төралқасының 2017 жылғы 11 қазандағы шешімімен «Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының Құрметті мүшесі» болып сайланды. Біз қаламдас әріптесімізді ғылым жолындағы жаңа жетістігімен құттықтай отырып, ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл толуына орайластырылған мақаласын оқырман назарына ұсынамыз.
Сауытбек Абдрахманов
Өткен ғасырдың басты оқиғасы – адамзат өркениетінің бір сипатқа ауысуының аяқталуы. ХХ ғасырда отырықшылдық пен көшпеліліктің талай-талай ғасырларға созылған бәсекесі біржола түйінін тапты. Отырықшылдық түпкілікті жеңді, көшпелілік тарихтың еншісіне айналды. Көшпелі жұрттың күні өтті, дәурені бітті. Ол дәурен айта қалғандай дәурен еді. Заманында атқа алдымен қону, үзеңгіге алдымен аяқ тіреу, бүгінгі ұғыммен айтсақ, атом қаруын алғаш иелену сияқты ғаламат артықшылық болатын. Біздің бабаларымыз әлемдік дамуға орасан зор қозғау салған. Мына әлемнің ұстын тірегі деп Адамды таныған түркілер кісілік қасиетті бәрінен де биік қоя біліп, адамшылықтың асқақ аңсарларын қалыптастырды. «Жаным – арымның садағасы» деген ұлы ұғым тудырды. Бірақ, бәрін дерлік экономикалық қуат шешетін заман келгенде көшпелі дүние отырықшы әлеммен тіресте шыдас бере алған жоқ. Басқасын былай қойғанда, соғыс техникасы дегенiңiз де айналып келгенде экономиканың iсi ғой. «Батыр – бiр оқтық» болды да қалды. Түтеп тұрған зеңбiрекке жалаң қылышпен қарсы шапқан даланың ержүрек ұлдары әп-сәтте жүз-жүздеп оққа ұшып жатты. Ақыры бостан күн кетіп, бодан күн жетті.
Кешегі бұла халықтың басынан бағы бұл-бұл ұшты. Ғасырлар бойғы арман-үміт алдап кеткендей, бағзы бабалар өмірдің жолын дұрыс таңдамағандай түсініксіз бір сезім билеп алды сахара санасын. Бала Мұхтар басында билігі жоқ халықтың қандайлық сорлы күйге түсетінін, жұрт қатарлы дәулетті, сәулетті өмір сүре алмайтынын, о баста бойына бітпеген сатқындық, намыссыздық, күншілдік, жағымпаздық, жасықтық дерті жұртты жаппай жайлап бара жатқанын Абай атасының жырларынан оқып-білген еді, есейе келе соның бәрін де өз көзімен көрді. Бара-бара адамның жаны ғана емес, даланың сұрқы да өзгере бастады. Қазан төңкерісінен кейін қазақтың қара қазаны да төңкеріліп түскендей болды. Сол тұста жас Әуезов Әлихан, Ахмет, Міржақыптай ағаларының жанына барып, «Алаштың» қатарына қосылды. Сондықтан да Әуезов өзінің көз алдында болып жатқан жайлардың жалпы өркениет тағдыры тұрғысынан алғандағы мән-мағынасы туралы басқалардан ерте, басқалардан терең толғанған ойшыл болып қалыптасты. Иә, Әуезов феноменi ата-бабаларымыздың тамаша қасиеттерiн, ең алдымен азаттық аңсаған асқақ рухын өзiнiң ойы мен бойына, қаны мен жанына сiңiргенiнен басталған. Әуезов – жиырмасыншы ғасырдың бас жағында-ақ тәуелсiз қазақ мемлекетiн құру мақсатын алға қоя бiлген, біз биыл жүз жылдығын атап жатқан «Алаш» тұлғаларының бiрi болатын. «Алаштың» ардақтары жас Мұхтарға ерекше сенiм артқан. Өздерiнiң ақыры атылатынына көзi жеткенде Ахаңның – Ахмет Байтұрсыновтың: «Мұхтарды сақтаңдар!», – деп аманат айтатыны сондықтан. Қазан төңкерiсiнен кейiнгi оншақты жылда о баста дана туған Әуезов жаңа өкiметтiң сыр-сипатына әбден қанығып болды. Ташкентте, Ленинградта оқып, бiлiмдi де жинаудай-ақ жинады. Халқы үшiн күресудiң заманына сай амалын ақыры тапты да. Жазушының «Абай жолына» кiрiсуге отызыншы жылдарда Алматы абақтысында жатқанда бекiнгенi тiптi де тегiн емес. (Бұл жайында бiздiң 1997 жылы жасаған «Париж. ЮНЕСКО. Әуезов» атты деректі фильмiмiзде Мұрат Әуезов жерiне жеткiзе айтқан). Көз алдыңызға елестетіп қараңызшы. Өзi абақтыда. Темiр тордың сыртынан жетiп жатқан хабар жаныңды түршiктiредi. Жаппай коллективтендiру. Ғасырлар бойғы сараланған санаң, даналыққа толы дәстүрлерiң ай-апта арасында табанға тапталып, былғанып барады. Мыңдаған жыл қалыптасқан өмiр салты мiне-мiне жер бетiнен көшкелi тұр… Бiржола. Мәңгiге… Сөйтiп жүргенде аштықтың хабары дүңкiлдей бастады. Халық қынадай қырылып жатыр. Ендi салт-санаң, дәстүрiң тұрмақ, жалпы халқыңның болу-болмауы таразыға түсетiн түрi бар.
Әуезовтанудан аздап хабары бар оқырман қаламгердің әуел баста Абылай туралы жазуды ойластырып келгенін біледі. Иә, дәл сол жылдарда, дәл сол айларда абақты терезесінің арғы жағында жаһандық мәні бар ғаламат катаклизм, ұлы сүргін жүріп жатқан еді. Ойдан-қырдан жиылған киіз үйлерден «көшелер» тізіліп, алты қырдың астындағы төрт түлік мал ортақ қазанға салына бастаған еді. Мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан, жүздеген буынның ойлау жүйесі жұмсалған өмір салты Жер бетінен көшкелі тұрғанын, енді қайтып келмейтінін, ешқашан келмейтінін Әуезов елден ерте білді.
Қаламгер романды жазу барысындағы өз еңбегін әлдеқашан көшіп кеткен керуеннің жұртына келіп, күл ортасында жылтырап қана жанған әлсіз шоқты үрлеп, от тұтатпақ болған жолаушының әрекетіне ұқсатқанын барша жұрт жақсы біледі. Бұл теңеудің көркемдік тұрғыдан аса дәлдігіне қоса басқаша астары да бар. Терең астары бар. Оның мәні жазушының тағдырдың темір талқысына түсіп, жер бетінен біржола жоғалуға айналған тұтас өркениетті, енді қайтып келмейтін, енді ешқашан болмайтын әлемді көркемдік тәсілмен болса да сақтап қалуға ұмтылуында жатқан еді. Ол әлемді ендігі жерде тек санада ғана сақтап қалуға болатынын данышпан Әуезов әбден түсінген. Сонан да көз алдында жылыстап, қолынан аққан судай сусып бара жатқан дәуірді қағаз бетінде бейнелеп қалуға, уақытты сөзге көшіріп тоқтатуға, тарихтың тінін сөз кестесіне өріп жіберуге ұмтылған.
Әуезовті Әуезов еткен себептер көп. Мұндай ұлы тұлғалар, ғаламат құбылыстар табиғаттың, тарихтың, тағдырдың таң-тамаша қаларлықтай тоғысуымен ғана дүниеге келеді. Оларды бір мақалада аша қою да оңай емес. Ең негізгі себеп қазақ даласында мыңдаған жылдар бойында қалыптасқан алып ауқымды, алуан бояулы дәстүрлі әлемнің құрдымға кеткендей драмалық тағ-дыры, сол алапат трагедияның керемет кернеуі деуге де болар еді. Бұл – берi салғанда. Әрiден тартсақ, Әуезовтi Әуезов еткен негiзгi себеп – Жер бетiнен, дүние дидарынан көшпелi өркениеттiң көшуi, бiржола өшуi.
Қаламгер өзiнiң қолға ұстатқандай нақтылығымен, өмiршеңдiгiмен таң-тамаша қалдырарлық бейнелерi арқылы сырлы сезiмге толы тұтас әлемдi, дүние жүзiнiң оқырмандары бұрын-соңды көрiп-бiлмеген,танып-түйсiнбеген тың әлемдi суреттеп, айырықша күрделi көркемдiк мiндеттiң үдесiнен шыға алды. Дала төсiндегi тiршiлiктi экзотика ретiнде ғана қарайтын, ал адамдарын шетiнен мал соңында жан бағып жүрген қарабайыр бiреулер немесе жаугершiлiктiң алыс-жұлысынан қолы бiр босамайтын жалаңқабат жаужүректер етiп суреттейтiн, түз тынысын негiзiнен бiрыңғай идиллиядан немесе тұп-тұтас қаратүнектен тұратын ап-айқын дүниедей сипаттайтын қызғылықты хикаяттардың орнына құрылымы жағынан өте-мөте күрделi, көркемдiк тәсiлдерi әбден кемелiне келген прозалық эпопея туды. Қазақ әлемi, дұрысырақ айтсақ, кеңiрек алсақ – дала әлемi адамзаттың мәдени арсеналына тұңғыш рет терезесi тең күйде қосылды.
Әуезов қаламының құдiретiмен жер бетiндегi әдеби шығармашылықтың ең көркем, ең келiстi үлгiлерiнiң бiрi дүниеге келдi. Сөз сиқыршысы жасаған осы нақтылы әлемде ғасырлар бойы зорлық-зомбылық көрген, миллиондаған қандастарынан көз алдында айырылған, ұлттық жады жанышталып, билеушi режим тарапынан мәңгүрттiкке итермеленген халық ендiгi жерде өзiн өзi тоталитарлық қоғамның, отаршыл ортаның сан түрлi сынағына салынатын тобыр ретiнде емес, еңсесi тiктелген ел ретiнде тани алды. Әуезовтiң әлем алдындағы басты еңбегi өмiрден өшiп бара жатқан тұтас бiр әлемнiң суретiн сөзге салып, мәңгiлiкке қалдырғаны, адамзаттың рухани игiлiгiне айналдырғаны десек, қазақ алдындағы басты еңбегi халықтың қадір-қасиетiн алдымен өзiнiң ұлтына, сонан кейiн бүкiл дүниенiң жұртына айдай айғақтап бергенi деймiз. Халықтарды дәп малға ен салғандай етiп «алдыңғы қатарлы», «бұратана» деп бөлетiндердiң сандалма сөзi әлi өтiп тұрған заманда қазақ өзiн адамзат қауымының кемелiне келген, толыққанды өкiлi ретiнде сезiне алды. Әуезовтiң сиқырлы сөзiмен сипатталған ұлт өмiрiнiң осыншалық кенеулi келбетi, оның сезiмге, көркемдiкке, ақыл-парасатқа толы керемет кернеуi халықтың өзiне өзi қайтадан құрметпен қарай бастауының бiр себепкерi болды. Бiр перзентiнiң қолымен «Абай жолындай» ғажайып дүние туғызған халық ешқашанда қадір-қасиетiнен айырылмақ емес.
Әуезовтiң қазақты әлемге танытқанынан да бұрын қазақты қазақтың өзiне танытқанын алдымен айту дұрысырақ сияқты. Өйткенi, эпопеяның алғашқы кiтаптары жарық көрген қырқыншы-елуiншi жылдар ұлттың ұлы мұраттары табанға тапталып, елдiң еңсесi езiле бастаған бiр кер кезең болатын. Ата-бабаңның көшпелi ғұмыр кешкенi сүйекке түскен таңбадай саналатын, «Октябрь революциясына дейiн халықтың 2 процентi сауатты болды» деген сөзге ғалымдардың өзi сенетiн шақ едi ол. Басқасын былай қойғанда ауыл молдасынан хат танып шықпайтындар, сүйген адамына өлеңмен хат жаза алмайтындар некен-саяқ, iлуде бiр екендiгi талайдың ойына да келмейтiн. Осындай тұста жазылған «Абай жолы» ұлттық сана-сезiмдi орнықтыруға орасан қызмет еткенi өзiнен өзi түсiнiктi. Бұл эпопея әрбiр қазақтың бойында ұлттық мақтаныш сезiмiн оятады, туған жерге, ана тiлiмiзге деген перзентiк махаббатымызды маздатады, халықтың ертеңгi күнiне сенiмiмiздi арттырады, болашаққа үмiтiмiздi үкiлендiре түседi. Иә, жазушы өмiр бойы өзiнiң шығармашылығы арқылы туған халқының рухын көтерумен, еңсесiн тiктеумен өттi. Оның тамаша туындыларының арқасында қазақ рухы тарихтың небiр қия белдерiнде жасымай, қайта жанылып шықты. Дәстүрлi дүниенiң басынан бағы ауып, күнi бата бастағанын елден бұрын байқаған Әуезов ғұмыр бойы сол сәттiң сұрапыл суретiн салумен болды. Ол жүздеген жылдар iшiнде қазақ даласында бейбiт күйде сақталып келген рулық жүйенiң өзiнен-өзi осындайлық сергелдеңге себепкер болмағанын айқын түсiндi. Оның негiзгi себепкерi әлемнiң әлiмжеттiкке негiзделе бастаған саяси сипаты мен даланың географиялық тұрғыдан орналасуының трагедиялық тоғысуы салдарынан қазақ елiне өркениеттiң жат үлгiсi сырттан, өзгелерден де ертерек таңыла бастағанында едi. Бұл үлгi Әуезовтiң пәнидегi тiрлiгiнiң тұсында-ақ тоталитаризмнiң қанды қырғынына ұласты. Тарих аспан аясындағы даланың еркiн перзенттерiне қандайлық қауiптi тор құрғанын қаламгердің соншалықты сергек сезiнгендiгi оның алғашқы әңгiмелерiндегi дүрбелең сарыннан-ақ айқын аңғарылады.
Өзiнiң өлмес-өшпес эпопеясын жазып шығу арқылы Әуезов адамзаттың көркемдiк картасында бұрын-соңды беймәлiм құрлықты ашып бердi. Ол құрлықтың аты – түркi әлемi. Шыңғыс Айтматовтың «Абай жолы» жайында былай дегенi бар: «Бұл кiтапты мен қазақ халқының бүкiл адамзаттың көркемдiк қазынасына қосқан тiкелей үлесi деп санаймын. Ол-ол ма, бұл роман бүкiл түркi тiлдес халықтардың, оның iшiнде өткендегi көшпелi халықтардың да адамзат мәдениетiне қосқан зор үлесi деп бiлемiн. «Абай жолы» эпопеясы – бiздiң көркемдiк және әлеуметтiк энциклопедиямыз. Бұл – бiздiң ортақ мандатымыз, бiздiң ұлы Евразия кеңiстiгiнде өткен бүкiл өмiрiмiз үшiн, тауқыметтi тарихымызда бастан кешкен қияметтерiмiз үшiн, өзiмiздiң қасиет тұтар, қастерлер қазынамызды қалыптастырып, өзiмiздiң әсемдiк әлемiмiздi, парасат байлығымызды, өзiндiк көшпелi мәдениетiмiздi, өзiмiздiң ұлы поэтикалық сөзiмiздi дүниеге әкеле жүрiп қол жеткiзгенiмiздiң барлығы үшiн берiлген ортақ есебiмiз». Иә, Әуезов рухының мұншалықты биiкке самғап шығуының тағы бiр себебi тап осында – оның жиырмасыншы ғасырда тарихқа есесi кеткен бүкiл түркi жұртының атынан қалам толғауында едi.
Сәуір айында жарияланып, сәуірде дала төсінде есетін алтынкүрек желдей жанымызды тазартып өткен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев біздің рухани мәдениетіміздің үйренерлік үздік үлгілерін атағанда «Әуезовтің ғұламалығын» ауызға алған болатын. Иә, ғұлама академик Әуезов – Жаңғыру дәуіріндегі ұлы суреткерлердің сипатындағы, титан тұрпаттас тұлға. Драматург Әуезов қазақ сахнасына классикалық дүниелер сыйлады, осы жанрды әдебиетте орнықтырып кетті. Ғалым Әуезов қазақ әдебиеттануын қалыптастырып, әлемдік ғылымның сара жолына салып берді. Сыншы Әуезов талай талантты туындыны тамыршыдай тап басып, даусыз дарындарды даралай алып шықты. Аудармашы Әуезов тәржіманың маржан үлгілерін мұра етіп қалдырды. Ұстаз Әуезов әдебиеттің сан жанрында еңбек еткен, қазір де ұлт мақтанышына айналып отырған небір тамаша тұлғаларымызды тәрбиеледі. Сүйегіне сөз сіңген Семейдің қара тілінің қазанында қайнап шыққан шешен Әуезов ағыл-тегіл арындаған ой ағысының ауыздан шыққанда да көркін кетірмеуге болатынын көрсетіп берді. Сері Әуезов өмірді, өзіне соншалықты көп қиянат келтірген өмірді жан-тәнімен сүюдің, сезімнің қадірін білудің үлгісін көрсетті, қоғамнан, заманнан көрген қиянатының орнын махаббатпен, жан ләззатымен, тән ләззатымен толтыра білді. Жазушының «Мен махаббат мәселесінде чемпионмын, гроссмейстермін» дейтіні басқалардың арзан мақтанындай емес, өмірде бәрін көрген, бәрін білген, бәрін сезген адамның, айналып келгенде мына жарық жалғандағы жалғыз панаң жар құшағы, сезім сұлулығы екенін басқалардан байыптырақ бағамдаған адамның адал сырындай естіледі.
Адам жанының зергер зерттеушісі, ғажайып психолог болғандықтан да Әуезов романында шын данышпан ғана айта алатын ойлар, шын мәнiнде ұлы суреткер ғана жаза алатын тұстар баршылық. Бір ғана мысал келтірейік.
Үшiншi томның «Оқапта» деп аталатын тарауында Абайдың дос-жарандарын ертiп, салбурынға шығатын кезiн еске түсiрiңiзшi. Бақанастың бауырындағы сол саяттың аяғы ат құлағы көрiнбейтiн ақтүтек боранға ұласып, аңшылар адаспайтын ба едi. Қарлы далада Абай адаса-адаса келiп, өлдiк-талдық дегенде түн iшiнде бiр ауылдың үстiнен түспейтiн бе едi. Сол ауыл сонау бозбала күнiнде арманда болған, арман боп қалған ару Тоғжанның ауылы болып шықпайтын ба едi. Тұла бойын суық буған, ессiз-түссiз Абай дәл сол үйге тап келмейтiн бе едi. Абай он күндей өлiм мен өмiрдiң ортасында арпалысып жатқанда Тоғжанның күйеуi қала жаққа сапарлап кеткен болып шықпаушы ма едi. Сонда ғой Тоғжанның қоштасарда айтатыны: – Тағдыр бiздi қоспады. Тым құрыса, осы жолы сау келсең… уаз кешкен болар ем. Өмiрiмдегi бар ұзақ арман, ауыр зар бұл жолы да сенi маған ауыртып әкеп, тоқтамын салды. Ендi сүйген көңiл қайтары жоқ. Бiрақ серiгiм сабыр болсын дедiм. Осы күйде, өзiмiзге тыйым салған күйде өмiр бойы жеткiзбеген арман ерiп кетсiн. Көрге бiрге, имандай таза арманым боп кетсiн. Асығыңмын, сол асық күйде көзiмнiң жасын жұтам да кетемiн, жаным! – деп.
«Абай бар ынталы жүрегiмен түйсiнгендей болды.
– Барды айттың. Өзiңнiң де, менiң де барымды айттың. Бүйтпесең сен Тоғжан болар ма ең. Бұдан ары қажасам, азғандығым болар едi. Айналдым арызыңнан, ғашық жанмен айтылған арызыңнан! – дедi де, Тоғжанның маңдайынан сүйдi. Үнсiз ғана бетiн басып, екi қолына маңдайын таяп, отырып қалды. Тоғжан ақырын ғана жылжып жүрiп кеттi. Артында үнсiз, тықырсыз тыныш қана жабылған есiк қозғалысы бiлiндi. Абай осы отырғаннан таң атқанша тапжылған жоқ. Көзiнен оқта-текте үнсiз ыстық жастар шығып, сорағытып жылып ағады. Кейде өксiп, дем тартқанда екi иiнi, кең кеудесi толқын ұрған талдай дiр-дiр етедi. Шарасыз дерттiң зiлдей ауыр мол толқыны, шер толқыны…».
Классиктер ғана осылай жазады. Данышпандар ғана мұндай түйiндi осылай шешедi. Әуезов – сондай классик. Әуезов – сондай данышпан.
Әуезов арқылы дала номадтары туралы ежелгi гректер қалыптастырып, сан ғасырлар бойы қасаң қағидаға айналып кеткен, кейбiреулер тiптi ғылыми сипат беруге тырыса бастаған ұғымдарға шындап күмән туды. Дала перзенттерiнiң төлтума мәдениетi мен бiрегей болмыс-бiтiмiн қазақтың өзiн-өзi тануы тұрғысынан емес, жалпы адамзаттың өзiн-өзi тануы тұрғысынан суреттегендiктен де, Әуезов баршаға ортақ қаламгерге айналды. Дәуiрге сай көркемдiк тәсiлдердi қолдана отырып, Әуезов қазақтың ұлттық санасына да, бүкiл адамзаттық санаға да жаңа ұғымдар орнықтырды. Осы арқылы қазақ халқын бiлу, оның тыныс-тiршiлiгiн бiлу жиырмасыншы ғасырдағы пайымды деген адамның мәдениетiн айқындайтын белгiлердiң бiрiне айналды. «Абай жолы», берi қойғанда кешегi Кеңес Одағында, адамның парасат парқын, зиялылық сипатын айқындайтын кiтаптардың қатарынан орын алды. Әуезовтiң халық алдындағы тағы бiр еңбегi қазақ тiлiнiң ғажайып мүмкiндiгiн, шетсiз-шексiз байлығын айқара ашып, ағыл-тегiл таныту арқылы да халықтың рухын көтере бiлгенi. Бұл ендi бiрер сөзбен қайыратын жай емес. «Абай жолы» – түркi әлемiне деген көзқарасты төңкерiп түсiрген дүние. Ең алдымен, өткен ғасырға дейiн негiзiнен фольклормен сусындап келген, әдебиетпен кәсiби тұрғыда айналыспаған делiнетiн халықтардың тiл байлығы туралы түсiнiк қайта қаралды. Төлтума мәдениеттiң аясында тiршiлiк кешкен кез-келген қазақ тiлдiң көркемдiк құбылыстарын, астарлы, терең мағынасын тиiсiнше сезiнiп, бағалай алатыны таң қалдырды. Қойшысының өзi хандар сияқты сөз саптай алатыны сұқтандырды. Ал, шынтуайтына келгенде, таңданатын да, сұқтанатын да дәнеңе жоқ болатын. Қазақ санасының ерекшелiгi де осында, бұл тiлдi миллиондаған адамдар, бүкiл халық қосыла жасайтынында. Экстенсивтi мал шаруашылығы жағдайында, рулық құрылым тұсында төрт түлiктiң соңында ауылдың аз ғана адамы жүргенi мәлiм. Әрине, осы арада сөз соңын «Қалған жұрт ауыз әдебиетiмен айналысқан» деп әзiлге сүйей салуға да болар едi. Бiрақ, мәселенiң мәнiсi тереңдеу. Оның мәнiсi – қазақ халқының өткен ғасырлардағы рухани қуат-күшi расында да негiзiнен сырлы сөз бен сұлу сазға жұмсалғанында. Әуезов тiлiнiң әсiресе, «Абай жолында» татаусыз төгiлген қазынасы шын мәнiнде ауыз ашқызып, көз жұмғызатын құдiрет. Қаламгердiң көркем сөздi алақанында ойнататын шеберлiгiн, зергерлiгiн былай қойғанда, лексикалық байлығының өзi айран-асыр қалдырады. Өткен ғасырда 200 томдық «Әлем әдебиетiнiң кiтапханасы» жарық көргенде бүкiл дүние дидарынан 9 ғана авторға екi томнан тигенiн, сол тоғыздың бiрi қазақ жазушысы Мұхтар Әуезов болғанын айтсақ та, бұл шығарманың адамзаттың рухани мәдениетiнде алар орнын аңғартуға жарап жатқан сияқты.
«Абай жолы» – жалпы көшпелілер өркениетінің ғажайып панорамасы, ұлы картинасы. Оны ой көзімен оқыған адам автордың небір тұспалдарын таба алады. Мынандай бір әңгіме бар. Леонид Соболев «Абай жолын» аударып жүргенінде бір жолы Мұхаңнан: «Мұхтар Омарханович, сіз ғой мына кітапта Бөжейдің асын керемет суреттегенсіз, айтары жоқ, мен де қолымнан келгенше шабыттанып тәржімалап жатырмын. Құдай-ау, бұл неткен құдірет, адамды мұншама құрметтеуге де болады екен ғой деп таң-тамаша қаламын. Сонда да… шыныңызды айтыңызшы, осындай ас өмірде дәл осы күйінде болған ба, жоқ, бұл сіздің туған халқыңыздың асыл қасиеттерін ардақтау үшін қосқан көркемдік қиялыңыздың жемісі ме?» деп сұрапты. Сонда жарықтық Мұхаң айтыпты: «О не дегеніңіз, дәл осылай болған, мұнан да артық болған, мен қайта жеріне жеткізіп жаза алмадым ба деп қысылып жүр едім», – деп. Осыны естігенде Леонид Соболев шыдай алмай кетіп: «Извините, на кой черт вам тогда социализм?!» – деген екен дейді…
Ойланып оқитындар қай кезде де болған, Әуезов романының Батыстың талай тіліне аударылып, әлемнің көптеген елдерінде ерекше бағалануының бір сыры осы ойланып оқитындардың барлығының арқасы. Ойланып оқитындар осындай ғажап дәстүрлері, адамды ұлықтаудың ұлы салты бар елді болашағы бұлдыр социализмге сүйрелеудің қаншалықты қатерлі қателік боларын білген, білмесе – сезген. Осындай астары бар туындыға тап тартысын тұздықтап жүріп, социалистік реализм әдісінің талаптарын сақтағансып жүріп, күнделікті баспасөз бетінде «Коммунист партиясының жетекшілік рөлі» туралы мақалаларын жаза жүріп, ақыр аяғында бір кезде өзін түрмеге тыққан сол системаның қысқаштай қолынан елдің ең басты сыйлығын – Лениндік сыйлықты жұлып алуы Әуезовтің тасқын талантының ғана емес, асқан ақылының да арқасы. Аман қалудың өзі олжа болатын жерден Әуезов жеңіспен шықты. Бұл бүкіл қазақтың жарқын жеңісі еді. Осы арқылы Әуезов қазақ мәдениетінің дүниелік доданың қандайына да шыдас беретін шын мәніндегі ұлы мәдениет екенін баршаға кәміл көрсетті.
Әуезов армандаған, өмір бойы өз амал-тәсілдерімен сол жолда күресiп өткен, ақыры өзі көрмей кеткен Тәуелсiздiк баршамызға орасан жауапкершiлiк жүктейдi. Бiз тағы да тарихтың тар тұсына келiп тұрмыз. Дүние қайтадан тарыла бастады. Қосполярлы әлем қалпына келетіндей де сияқты, тіпті. Ширамасақ, ширықпасақ, шамырқанбасақ болмайтын түрі бар. Мұндайда тағы да Әуезовтiң халыққа деген шексiз перзенттiк махаббатынан, туған елiне кәмiл сенiмiнен тағылым алғанымыз абзал. Әуезов әлемін танып, сол әлемнен бойымызға сенім ұялатқанымыз абзал. Тамыры тарихтың тереңінен бастау алатын рухани кодты танығанымыз абзал.
«Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады», «Заманауи әлемдегі бәсекелік қабілет – мәдениеттің де бәсекелік қабілеті деген сөз» – Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты. Мұхтар Омарханұлы Әуезов – қазақ мәдениетінің шын мәнінде әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін нақты дәлелдеп бергендігімен де айрықша ардақты. Сөзді түйіндейтін тұста Әуезовке дейiн арғы-бергi әлем әдебиетiнде маңдайына дәл осындайлық сұрапыл мiндетті атқару миссиясы жазылған суреткерлер сирек екенін атап айтып, басын аша көрсету қажет-ақ. Тегiнде, өркениеттiң санын Тойнби қаншаға дейiн созса да, айналып келгенде оның негiзгi түрi екеу-ақ — көшпелiлiк және отырықшылық. Сол екi өркениеттiң бiрiнiң дүние дидарынан кетуi Мұхтар Әуезов өмiр сүрген тұсқа тап келдi. Көшпелi өмiр салтының әбден кемелденген үлгiсi осы – Еуразия даласында дүниеге келсе, оның небiр келiстi көрiнiстерi қазақ жерiнде орнады деп ойлаймыз. Сонымен қатар, көшпелiлердiң тарих төрiнен тайдырылуының ең соңғы, ең бiр трагедиялық түйiнi де қазақ жерiнде өткенi тағы рас. Сондықтан да осынау миссия басқаның емес, тап қазақ қаламгерiнiң маңдайына жазылуы табиғи нәрсе болатын. Бұл керемет – жер бетiнен өшiп бара жатқан өркениеттiң соңғы сәттерiн қағаз бетiне түсiрiп қалу, сол қайта оралмайтын, қайталанбайтын әлемнiң сырлы да сұрапыл суретiн сөзге салып қалу кереметi — Әуезовтiң қолынан келдi. Оның шын ұлылығы да, анық даралығы да өркениетті өшірмейтін өнер жасай алғандығында.