Сағындым ғой, қаламгер, қайран досым!
24.11.2017
1995
1

Сол бір жылдың жазында, Түрксіб темір жолымен тауар таситын күрең түсті вагонмен тоғыз жолдың торабы саналатын Аягөз стансасынан Алматы шаһарына екі тәулік жүріп жеттік-ау. «Тақ-тақ-тақ-тақ-таққа» басып мезі қылған жолаушылар таситын составтың паровоз түтінін будақтата тастап, жер апшысын қуырған қалпын бара-бара бәсеңдетіп, Алматы вокзалына келіп тоқтады. О кезде, діттеген жеріңе алып баратын троллейбус та, қазіргідей қаптап жатқан автобустар мен жеңіл таксилер де жоқ. Әупірімдеп, қолжүгімізді алып, бір ескі автобусқа тоғытыла кеттік.


Сұрай-сұрай Меккеге де барады дегендей, сол кездегі Совет кө­­­шесі бойына орналасқан Қаз­ПИ-ге де жеттік.
Танауы таңқиған жасы қы­рық­тар шамасындағы тапалтақ, та­қырбас орыс өзін:
– Мен Павел Семеновичпін, – ҚазПИ-дің комендантымын! – деп шекірейе қарады (П.С.Ро­маненко).
– Құп, мейлі…
– Кәне, залға қарай, – деп бізді инс­титуттың үлкен клубына ертіп кел­ді. Клубтың едені сырлан­ға­ны­на көп болмағаны сезіледі. Бояу исі аңқып тұр екен. Орын­дық­тар жоқ. Әдейі шығарып таста­ған секілді. Залдың іші де вагон­да­ғы кейпімізді елестеткендей бол­ды. Жүктері мен шабадан, дор­ба­ларын ығы-жығы жайғастырған аби­туриенттер.
– Қайдансың? – деп қалды ма­­­ған бадырая қараған көзілдірікті жі­гіт.
– Семей облысының Шұбартау ау­данынан.
– Өзің ше?
– Көкшетаудың Рузаевынан, атым Айқын, әкемнің аты – Нұр­қат, – деді ол.
– Мына қасыңдағы ше? – де­дім.
Ұзын бойлы, келбетті жігіт кү­лім­сірей қарап:
– Мен – Нығмет Ғабдуллинмін, Ай­қын Нұрқатов екеуіміз бір ауыл­­данбыз. Институттың тіл-әде­биет бөліміне түспекпіз, – де­ді.
– Мм…
– Өзің ше? Қай факультетке түс­пексің? – деді Нығмет.
Маған қарағанда жас мөлшері сәл егделеу екенін ескеріп:
– Ныға, мен де сіздер түсетін бө­лімге, – дедім.
– Жарайды, жарайды! – деді Нығаң.
Құдай аманат, содан бастап Ны­ғмет Ғабдуллинді бақиға озға­нын­ша «Нығаң» деумен өттім.
О басында Айқын мен Нығмет Шы­ғыс Қазақстанның Катон­қара­ғай ауданынан келген Баламер Сахариев, Ұйғыр ауданынан кел­ген Қожахмет Садуақасов, өзге де көптеген, бас-аяғы тоғыз студент кең бөлмеге жайғастық.
Кейін Баламер, Нығмет, Ай­қын, халық ақыны Төлеу Көб­ді­ков­тің немересі Жеңісбек Есен­ға­раев бесеуіміз бір бөлмеге ор­на­ластық.
Әдебиеттен дәріс беретін ұс­таз­­дарымыз – Мұхтар Әуезов, Қа­жым Жұмалиев, Темірғали Нұр­тазин, Қайнекей Жармағам­бетов­тер болатын.
Қаныш Сәтбаевтың күйеу ба­ласы Қайнекей Жармағамбетов әрі аға оқытушы, бір жағынан Қа­зақ­стан Жазушылар одағы басқар­ма­сы хатшыларының бірі. Институтта әдебиет үйірмесіне жетек­ші-­
лік ететін.
Сол 1948 жылдары әдебиеттің ірі өкілдері – Сәбит Мұқанов, Ға­бит Мүсірепов, Әбділдә Тәжібаев, Тайыр Жароков, Қалижан Бекхожин, Жақан Сыздықов, тағы бас­қа­ларымен жиі-жиі кездесіп тұр­дық.
Біздің қаламымыздың қ­а­таюы­­на сол кезде әрі «Жұлдыз» жур­налының Бас редакторы бол­ған Қайнекей Жармағамбетов көп кө­мегін тигізді. Серік пен Айқын­ның сыни мақалалары, Ғафу мен менің өлеңдерім, Нығаңның «Ал­ғаш­қы сапар» атты хикаяты осы жур­налда жарияланып, оқырман қауымның назарына ілінді. Нығаң ме­нен үш жас үлкен-тін. Жазушылар одағына да менен екі жыл бұрын мүше болды. Ол «Алғашқы сапар» хикаятын жазарда темір жол стансасына жиі баратын. Те­мір­жолшылар өмірімен, жалпы жол көлігінің қиындыққа толы қам-қаракетін зерттеумен болды. Сабақтан қолы босай қалса-ақ сонда барып, жатақханаға кешігіп келетін.
…Нығаңның хикаяты «Әде­биет және искусство» журналында басылғанда қомақты қаламақы алғаны есімде.
– Кәне, хикаятыңды жу – де­ге­німіз сол екен, онсыз да қолы ашық Нығаң бірнеше шөлмек ша­рап алып келді. Жатақханада дас­тар­қан жайып, мәре-сәре бол­дық.
Көңілденген кезімізде Ғафу: «Қайда екен, қайда, Дариға, сол қыз­ға» басты. Мен күй тарттым. Мұн­дай өнерден мақұрымдау Ай­қын ғана:
– Бәрекелді, бәрекелді! – деп қол соғып, қуаттап қояды.
…Осы бір сәтте Нығаң да қарап қал­майды. Оның әдемі баритон дауысы болатын. Ағайынды Абдул­­линдерге еліктеп, Абайдың «Кө­зімнің қарасы» мен өзге де әндерін ке­лістіре шырқайтын. Бір сәт Ны­ғаң орнынан оқыс тұрып, паровоз болып «қышқыра» жөнелді. Сонан соң орнынан жылжи жөнелген ауыр состав секілді аяқ-қолын «ер­беңдетіп», «тақ-тақ-таққа» ба­са жөнелді. Тура жолаушы пойызын көзалдымызға елестеткендей болдық.
…Нығаң ҚазПИ-ді тәмамдаған соң, танымал жазушыға айналды. «Жі­гер» романы, «Сарғайған жа­пы­рақ», «Өмір, қымбатсың маған» өз­ге де көптеген хикаяттары, «Ме­нің достарым», «Қызық дәу­рен», «Құрбылар» кітаптары, «Махаббат жыры» таңдамалы шығармалары жарық көрді. Көптеген басы­лым­дар­да абыройлы қызметтер атқар­ды. «Қазақ әдебиеті» газеті­нің Бас редакторы болып қызмет істеді. Өмі­рінің соңына дейін отыз бес жыл­ға жуық өзі тәмамдаған қарт ғы­лым ордасында ұстаздық қыз­метін атқарып сексеннің сеңгіріне тая­ған тұсында ауыр сырқаттан бақиға озды.
Қайран Нығаң! Ұлы ұстазы Мұх­тар Әуезовке еліктеп, шәкірт­теріне дәріс беретін. Қазақ прозасына қабырғалы еңбектерімен үлес қосқан Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, қа­ра­сөздің шебері, инабатты ұстаз, қарапайым да кішіпейіл азамат еді.
Нығаң өз шығармашылығы арқылы мол мұра қалдырып кетті. Оның келбетті тұлғасы мен адами асыл қасиеті қашанда есімізден кетпек емес.
* * *
…Сол бір кездің «Студент» атан­ған төлдері жасыл жапырақ жа­мылған терек бұтағына жапа­тар­мағай жайғасып алып, қата­ры­нан төрт жыл бойы сандуғаштай сайрап-сайрап оқуларын тәмам­дасымен дуылдаса диплом алып, қиындығы мен қызығы мол төңі­рек­тің төрт бұрышын бетке алып пырр етіп ұшқан құстардай елес­тейді көз алдыма.
Фәни жалған секілді ғой қас-қа­ғым.
Қатарластар қара жерді жас­танды.
Қалған-құтқан бауырлардан жоқ хабар,
Қайдасыңдар? Тіл қатсайшы дос­тарым!
Әттең күрмеуге кел­мейтін қыс­қа дү­ние-ай, егер Нығаң тірі бо­лса оның 90 жыл­дық торқалы тойын өзімен бірге атап өтер едік-ау…
Құдайға шүкір оның артында қалған тұя­ғы Асқар, немерелері бар.
Нығмет Ғабдуллин ха­қында академик Се­рік Қира­баев:
– Нығмет «Қой ау­­­зынан шөп ал­мас» дер­лік өте сыпайы, ақ­­жар­қын азамат бо­ла­тын, амал қанша аяу­сыз ажал аяулы до­сымызды ер­терек алып кетті», – деп еске ал­ды. Нығметтің үлгілі ұс­таз бол­ға­ны жөнінде Қаз­МУ-дың әдебиет ка­фед­расының меңгерушісі, филология ғылымың докторы, профессор Темірхан Тебегенов, өзге де көзін көрген ұстаздар ерекше естеріне алады.
«Өлді деуге сия ма ойлаң­даршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» –
деген ұлы ақын өлеңі осы Нығмет Ғаб­дуллинге де қатысы бар екені сөзсіз.

***
…Нығмет студент кездің өзінде ұс­тазы Мұхтар Әуезовке еліктеп дә­ріс оқитын.
Бастабында сәл ойлана іркіліп ал­ған соң, бас бармағымен мұрны­ның ұшын бір сипап қойып мөң­кіген Мұхит іспетті тебірене, тол­­ғана, сөз тіркетерін төге жөне­ле­тін.
«Өмірдегі мол мінді, сан сора­қы­­ны, көп көргенсіздікті неге көр­­­мейміз, неге білмейміз» деп бір тө­­гіл­се:
«Пәлі, драматургтер ішінен мен Ғабит Мүсірепов есімін алабө­тен атаймын. «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу», «Ақан сері – Ақтоқты», «Қыз Жібек» іспетті лиро-эпостық шы­ғармалардан шабыттана туын­датқан пьесалары күні бүгінге дейін театр сахналарының сәні мен мәніне айналғанының куәсі еке­німізді жасыра алмаймыз!», – дейтін.
Нығаң ұстазына еліктеп өзі оқып тәмамдаған қазақ оқу орны­ның қарт шаңырағыңда өзі дәріс берген кезде де төгіле, шешен сөй­леуге әдеттеніп алғанының куә­сі­міз.
Бір кездегі Мұхаңның шәкірті өзі де ұлы ұстазына ұқсап бағуға ты­рысатын еді…

Мыңбай Рәш.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 12.03.2020 | 21:00

күшті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір