МЕШІТКЕ БЕТ БҰРҒАН АЗАМАТТАРДЫҢ БАСЫМ КӨПШІЛІГІ – ЖАСТАР
24.11.2017
1286
0

Халқымыз «Кәпір тоқ болса мұсылман тыныш», – дейтін. Ал бүгін «дін ұстанып жүрміз» дегендерге күмәнмен қарайтын болдық. Қазақ он екі ғасыран бері ислам дінінде, оның ішінде Әбу Ханифа мәсхабында болып келді. Тіпті, Кеңес кезіндегі партияның өзі бұза алмаған таза дінімізге енді келіп өз арамыздан шыққан қаракөздеріміздің «дәлел ұсынып» бүлдіргі салуы ойландырады. Елімізге тәуелсіздіктен кейін келген «сәләфизм», «уаһһабизм» сынды жат ағымдар турасында дінтанушы Кеңшілік ТЫШХАН тарқатып айтқан еді.


Кеңшілік ТЫШХАН, дінтанушы


Қазақ ежелден Әбу Ханифа мәсһабын ұстанатыны белгілі. Соңғы кездері елімізде «сәләфизм», «уаһһабизм» секілді «измдер» қаптап кетті. Олардың ашық әрекетке кө­шуіне үкімет бөгет болуда. Бірақ идеялық, материалдық жағынан олар халықты ақша беріп, немесе басқа да жасырын жолдармен өз құрығына түсіруі мүмкін ғой?
– Жалпы, елімізде «сәләфизм», «уаһһа­бизм» деген көзқарас тәуелсіздіктен кейін тарала бастады. Бұл «ағым» ағым және көз­қарас ретінде біраз өзгерді деп айтуға бо­лады. Өйткені, «измдердің», соның ішінде радикалды бағыт ұстанушылар тарапынан жасалып жатқан іс-әрекеттерді, кейбір лаңкестік оқиғаларды, жағдаяттарды дәлел ретінде айтуға болады. Әрине, мұның ішінде байсалды боп немесе өздерін бірнеше топтарға бөліп, «біз такфирид емеспіз» деп жүргендері бар. Дегенмен бәрі идеялас, бір тамырдан тараған ағымдар. Бұл «сәләфизм», «уаһһабизм» әлемдегі лаңкестіктің өзегі, көзі болып тұрғаны жасырын емес. Ол жер­дегі агрессия, күш көрсету, халықтың салт-дәстүрін, құндылықтарын мойындамау, не болмаса тек қана «сүннит», «құран» деп өздері санада қалыптастырған шаблондар шеңберінде ғана дінге баға беру деген дү­ние­лер елімзде де біраз талас-тартыстың себепшісіне айналды деп айтсақ болады. Енді, әрине бұл ағымдағылардың қатары әртүрлі жағдайлармен толығып жатыр. Оның ішінде, «такфиризм» бағытындағы көзқарасқа соттың шешімі бойынша тыйым салынған болатын. Бірақ тыйым салынды деген сөз бұл мәселе тоқтап қалды дегенді білдірмейді. Әлі де болса қатарларында адамдар бар, лаңкестіктің алды алынып, тұтқындалып жатыр. Бұл нәрсе біраз уақыт­қа созылатын түрі бар. Елбасымыздың да ай­тып жатқаны – халықаралық терроризм мәселесі. Тіпті, бүгінде әлемнің түрлі ел­де­рінде террактілер орын алды деген хабарлар­ды жиі естіп жатамыз. Бұл жан-жаққа таралып кеткен дүние. Әлемдік қауымдас­тықтың бір бөлшегі ретінде біздің еліміз де бұдан тыс қала алмайды. Бұның бір ұшқыны бізге де тиіп жатыр. Дегенмен осының астарында үлкен мәселе болып тұр.
Ақша беріп немесе басқа да материалдық жолдармен адамдарды өздеріне тартып жатыр деп кесіп айту қиын. Әрине, әртүрлі топтарды құрықтау процесі әлі де жүріп жатыр. Яғни, ешқандай мемлекет тікелей осы ұйымдардың атын атап, түсін түстеп, тыйым салмағанымен, жалпы осы бағытты түсіндіру шаралары жүрзізіліп жатыр. Мысалы, қазір мемлекетімізде қабылданған 2017-2020 жылдарға арналған мемлекеттік концепцияның жүзеге асырылу барысында осындай мәселелер кеңінен айқындалып жатыр. Заңдарға жаңа өзгерістер мен толықтырулар енгізілуде. Оның бекітілуі осы жылдың аяғына жоспарланып отыр. Егер сол заң жүзеге асатын болса «деструк­тив­ті ағым» деген ұғымға түсініктеме беріліп, соның шеңберінде де осыған ұқсас ағымдағылармен күрес ары қарай жалғаса беретін болады. Бірақ енді ақша беріп өздеріне тартады деп айту қиын. Өйткені бұл – адамның психологиялық жан дүниесі мәселесі. Адасушылық деген сөз, яғни адам­ның басқа ағымға кіріп кетуі – ол адамның ішкі мәселесі. Ішкі мәселе дегеніміз не? Адам баласының, соның ішінде қазақ қоғамында біраз жыл кеңестік кезеңнен кейін діни тоқырау, рухани хауз орнағанына байланысты дінге қызығушылық өте жоғары деңгейде. Ал соған байланысты мешіт жа­ғалап, дін жолына бет бұрамын деп жүрген азаматтарды осындай ағымдар тезірек қолға түсіріп, өздерінің қатарына тез тартып алып жатыр. Әрине, материалдық қолдау немесе басқа да жағынан қолдау көрсету, жамағат психологиясы деген мәселелер бар. Осыған байланысты бір-бірінің хал-жағдайын білу, бауыр, аға, өзіне жақын тарту деген ұғымдар бұл жерде де бар. Сол себепті көптеген аза­маттар дінге бет бұрамын деп жүріп, қандай ағымның қатарына түсіп кетіп жатқанын білмейді. Ал біраз осы ағымда болып, осы идеялар санасына сіңгеннен кейін, адамның психологиясында бар ғой, өзі сенген нәрсе­сін ақиқат деп есептейді де қалғандарының бар­лығы жолда қалып, өздерінің көзқара­сына қайшы келген дүниелерге халықаралық қарсылық басталады. Бар мәселе осы жерде жатыр. Ал, бірақ халықаралық жоба ретінде, мұсылмандар арасында үлкен алауыздық тудыру ретінде оған қыруар қаржы бөлініп жатқаны да жасырын дүние емес. Өйткені арнайы миссиялар, арнайы адамдарды шақырып, топ-топқа бөліп, әртүрлі әрекет­тер ұйымдастырып, күрес немесе жиһад деген желеумен жан-жаққа күреске кетіп жатқан азаматтар да бар. Оның барлығы тегін дүниелер емес. Яғни, ақша бұл жерде міндетті түрде бар. Бірақ ақшамен барлығын тартып алды деуге де болмайды. Өйткені кім дәстүрлі құндылыққа сусындап, рухани тәрбие алып шыққан болса, қағынан жерімей, өзінің руханиятынан нәр алған азамат болатын болса ондай адамдарды қандай қаражатпен де, ақшамен де теріс ағымға алып кету немесе сойылын соқтыру оңайға соғатын дүние емес. Бірақ, өкінішке орай, тағы да айтуымыз керек, қазақ қоға­мында дінге бет бұру, жастардың қызығу­шылығы өте жоғары. Мешітке бет бұрып жатқан азаматтардың басым көпшілігі – жастар. Олардың барлығы діни білім алып, діни сауаттылықты жоғары деңгейде игерді деу қиын. Барлығы да дінге бет бұрып, енді ғана дін жолына түсіп жатқан азаматтар. Ал осынадай кезеңде олардың алдынан кім шығады? Кім олардың қолынан жетектеп кетеді? Міне, солардың құрбанына айналып кетіп бара жатыр. Олардың алдын алып, тоқтатып тастау оңай шаруа емес. Өйткені бұл идеологиялық мәселе болғаннан кейін, соған идеологиялық тұрғыда қарсы күресе­міз, алдын аламыз деп республикалық түсіндіру топтары немесе барлық аймақтарда сондай бағыттардағы шаралар тұрақты жүргізілуде. Қазір енді жеке-жеке азамат­тар­мен кездесетін болып жатыр. Бірақ «ол жемісті болып кетті, осыдан олар көз­қа­растарын өзгертіп жіберді, бәрі дәстүрлі дінге қарай бет бұрып кетті» деп айтуға әлі ерте. Бұл бағытта әлі де болса мемлекеттің шаралары әрі қарай жалғаса береді. Мем­лекеттік саладағы азаматтардың айтқанынай, егер бұл да нәтиже бермейтін болса, ары қарай күшейе беретін болса, әрине заңмен де тыйым салуы мүмкін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір