Қасиетті Құранда: «Іштеріңдегі зұлымдық істегендерден басқа кітап иелерімен ең тамаша жусында (ғылыми, сыпайы) талас жүргізіңдер. Оларға: «Өзімізге түсірілгенге де, сендерге түсірілгенге де иман келтірдік. Сендердің Құдайларың да, біздің Құдайымыз да біреу-ақ. Біз соған ғана бойұсұнушылармыз», – деп айтыңдар» делінген» («Анкабут» сүресі, 46-аят).Бұл – диалог жасаудағы Құран әдіс-тәсілі. Иә, Жаратушы Аллаға діндері өзге болғанмен адамзаттың бәрі де сиынады. Құдай біреу-ақ. Осындай, ортақ пікірлер әңгіменің өзегіне айналуы ислам дініндегі маңызы зор амалдардан. Бір адамның көңілін жаралап, уәжге жыққанның ешбір пайдасы жоқ. Мұны дін ислам қолдамайды.
Дініне тіл тигізу – намысына тіл тигізгенмен тең. Ендігі кезекте, бір дін өкілі басқа дін өкіліне тіл тигізсе, екі дін өкілінің арасында сөз жоқ келіспеушілік орнайды. Ал, дін өкілдері бір жерде бас қосып, өз ойын ортаға салуы адамзатты татулыққа, ізгілікке үйретеді.
Қазіргі заманда дінаралық үн қатысу, дінаралық келісімді ұйымдастыру Әлемдік деңгейде бейбітшіліктің болуын қамтамасыз етуді көздеген көреген адамдардың ісі дер едік. Ислам діні бойынша, дінаралық үн қатысу – Алла тағаланың әмірі, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) сүннеті.
Ислам діні енді ғана пайда бола бастағанда дүние жүзін екі алпауыт державалар билейтін. Бірі – римдіктер, олар христиан дінін ұстанатын. Екіншісі – Парсылар, олар отқа табынатын.
Құдайдың құдіретімен осы екі державалар сияқты кейін келе мұсылмандар да үлкен алпауыт мемлекетке айналды. Тіпті, оларды ғылым-білімде, өркениетте басып озды. Дініміз исламның алғашқы жылдарында Рим империясы парсы елі Иранмен соғысып жеңілді. Бұл кезде мұсылмандар саны өте аз болып, Мадина қаласында өмір сүретін. Сонда римдіктердің жеңілгеніне христиандармен Пайғамбарымыз және мұсылмандар қосылып қайғырулары дінаралық байланыстың жоғарғы белгісі болса керек. Тіпті, көп ұзамай кітап иелері римдіктер мен парсылар арасында соғыс болып, сол соғыста христиандардың жеңетіні қасиетті Құранда: «Рум жеңілді. Дегенмен, ең таяу бір жерде. Олар жеңілісінен кейін-ақ, жеңіске жетеді. Бірнеше жылдардың ішінде» деп хабарын беріп, христиандарға жұбату айтты. Құран хабарын бергендей көп ұзамай екі державалар арасында қайта қақтығыс болып, кітап иелері христиандар жеңіске жетті. Құранның бұл қақтығыс туралы айтқан хабары расымен орындалып, мұсылмандар мен христиандар арасындағы байланысты одан әрі нығайта түсті.
«Кім уәделескен (өзге діндегі) адамға зұлымдық жасаса, немесе оның ақысын бермесе, немесе оның шамасы жетпейтін нәрсеге мәжбүрлесе, немесе одан ризалығысыз бірдеңесін тартып алса, қиямет күні мен сол адамның кегін алып беремін» дейді. Бұл – пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) сөздері (Әбу Дауд).
Ислам дінін ұстанатын мұсылмандармен бірге өмір сүретін өзге діндегі адамдар үшін мұнан артық кепілдік бар ма? Ендеше мұсылманның міндеті – оларды дінімізден үркіту емес, керісінше өз дінін шынайы түрде жеткізе білу. Бөгде діннің адамын зорлап, яки, алдап дінге кіргізу – мұсылманның уәзипасы емес. Бұл исламға – жат нәрсе. Хақ дінге адам өз ақылымен, еркімен кіруі керек деп ойлаймын. Ақиқат әркім өз дінінің құндылықтарын паш етіп, сөзімен, ісімен, амалымен көрсете білгенде ғана айқындалады. Құран-Кәрімде: «Cенің дінің саған, менің дінім маған» деген аят бар. Бұл Ұлы Жаратушының өзге дін өкілдерімен үн қатысуға шақырған жарлығы. Яғни мұсылман өзгелерді шақырып, өз дінін айтып үн қатысуы қажет. Мұндағы мақсат өз дінін таныту, өз дініне амал жасау, дінінің бейбіт жолдағы дін екенін басқаға өз бойынан көрсете білу, көркем мінезімен өз дінінің құндылықтарын паш ету. Сондықтан, бейбітшілік орнатуға атсалысу тек қана дінбасыларымен дін ғалымдарының ғана емес, әрбір мұсылманның төл міндеті саналады.
Назар салсақ, барлық дін де рақымшылдық, жылылық, шапағат бар. Ендеше, қазіргі таңда дін адамдарының бірі бірімен алауыз болулары ұстанған діндерінің негізгі ұстанымдарына қайшы келеді. Тағы да мысал айтатын болсақ, Ұлы Жаратушы Құранда: «Расында Алла әділдікті, игілікті және туыстарына қамқорлық жасауды әмір етеді. Арсыздық, жамандық, зұлымдық жасауға тиым салады» дейді («Нахыл» сүресі, 90-аят). Оның ақырғы пайғамбары да: «Жердегілерге рақым етіңдер, сонда көктегі де (ұлы жаратушы) сендерге рақым етеді» деп адамзатты рақымшылдыққа шақырады. Жаратушы Жаппар ие Адамға үлкен баға беріп “Маида” сүресінде былай дейді: «Сондықтан, Исрайыл ұрпақтарына: «Кімде кім кісі өлтірмеген, яки, жер бетінде содырлық жасамаған біреуді өлтірсе, ол барлық адамды өлтіргенмен және кімде кім бір адамның өмірін құтқарса, барлық адамзаттың өмірін құтқарғанмен бірдей» деп жаздық» дейді. Өз дінін насихаттап, өзге дінмен бірге әлемде бейбітшілік орнату – мұсылманның басты парызы. Дінаралық татулықты қолға алу Алланың әмірі. Пайғамбарымыз хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сүннеті. Алла әмірін, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сүннетін ту етіп көтеріп, елді бейбітшілікке, татулыққа бастаған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына Алланың өзі жар болсын! IV съезд жақсы өтсін. Ел аман, жеріміз тыныш болсын!
Әлемдік дағдарыспен күрес жүріп жатыр. Бұған жұмсалған іс-шаралар көлемі 10 триллион доллардан асып түскен. Валюта резервтері кеміп, мемлекеттік қарыздар өсіп кеткен. Өкінішке қарай, соңғы жылдары әлемнің экономикалық дамуы, ғылым мен техника жаңалықтары, көбіне «үшінші әлем» елдеріне тән аштық, кедейшілік проблемаларын шешіп бере алмай отыр. Дінаралық келісімге келудің түйіні – адамзатты құтқарудың бірден-бір құралы ізгілік бастауларына қайта оралу болды. Форумда жаңа әлем құрылысының негіздері: «әділ экономикалық модель», «мемлекетаралық қатынастардың әділ саяси моделі» және «жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге деген жаңа көзқарас» аталды. Кез келген дағдарысты еңсеру үшін адамгершілік қағидалары мен моральдық өлшемдер ұстанымы алдыңғы қатарға шығуы керек. Сонда ғана қазіргі мейірімсіз адамдар санасын өзгертуге болады. Бірақ, әйгілі физик Альберт Эйнштейн айтпақшы, «адам санасын қайта қалпына келтіруден гөрі, атомды бөлшектеп, қайта қалпына келтірген оңайырақ». Басқаша айтқанда, сананы өзгерту – өте күрделі мәселе. Бүгінде әлемді жайлаған рухани жұтаңдық адамдардың қырылып-жойылуына жол ашты. Сондықтан, әрқайсымыз адамзатты сақтау идеяларына қызмет етуге ұмтылайық, ағайын.
Қазақ этикасындағы басты құндылықтардың бірі төзімділік екені баршаға аян. Төзімділік тек саяси ұстаным ғана емес, оның діни, этикалық, мәдениеттанулық және тағы басқа қырлары бар. Қазіргі кезде кейбір жеке тұлғалар «Ислам – төзімділікке қарсы дін» деген негізсіз пікір таратуға тырысады. Бұл мәселе жөнінде көп талқылауға бармай-ақ, Құран Кәрімдегі: «Мен сіздердің табынатындарыңызға табынбаймын, сіздерде менің табынатыныма табынбайсыздар. Сіздердің діндеріңіз өздеріңізге, менің дінім өзіме де» деген аятты келтіруге болады. Бұл жолдарда исламдағы төзімділіктің негізгі қағидасы анық әрі дәл тұжырымдалған. Қазақ ақын-жырауларының дүниетанымы ислам шеңберінде дамығаны белгілі. Ауыз әдебиетіміздің бай мазмұнынан да мұндай көзқарастарды табу қиынға соқпайды. Қазақ халқына тән төзімділіктің мәнін «Таспен ұрғанды аспен ұр» деген мақал танытады. Осыған ұқсас мағынаны «Сабыр түбі – сары алтын» деген мақал береді. Бұл жерде де қиын істің бәрін сабырлылықпен, төзімділік танытып, ашуға берілмей шешу қажеттілігі көрсетіледі. Яғни, қазақ халқының мақал-мәтелдері төзімділікке үндейді.
Ислам діні ең алдымен татулыққа, бейбітшілікке шақырады. Ал бүгінде дін атын жамылған ұйымдар экстремистік әрекетке бейім.Осының әсерінен базбіреулер ислам – бейбіт дін екенін әсте мойындағысы келмейді. Мұндай жайттар кей жағдайларда дін өкілдеріне қатысты негізсіз теріс пікір туындатуда. Ислам өмірге келісімен өзі туындаған өлкенің географиялық орналасуына сәйкес иудейлермен және христиандармен қажетті байланыс орнатты. Бұл байланыстар әлі күнге дейін жалғасып келеді. Яhудилер мен христиандар Құранда «Кітап иелері» деп аталып, олармен бейбіт қатар өмір сүрудің белгілі бір дәстүрлері қалыптасты.
Жанар АЛИЕВА.