Құстар салған ән
19.08.2015
1602
0

546Қазақтың Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Құстар фестивалі» фарс-комедиясының премьерасы өтті. Белгілі жазушы-драматург Дулат Исабековтың бұл қойылымын Сафуан Рысбайұлы сахналады.

Патшалықтың жағдайы жақсарды, енді мәдениетімізді ойлауымыз керек деп шешкен құстар әміршісі Бүркіт ән фестивалін ұйымдастырмақ болады. Жағдайымыз жақсарды деп ойлағанымен, құстар арасындағы алауыздық, жемқорлық, үлкеннің кішіге әлімжеттік көрсетуі әлі тоқтамаған. Үлкен байқау өтеді деп жанталасқан, атақ пен даңққа қызыққан барлық құс ән сала алатын, алмайтынын елеп-екшемей, байқауға қатысып қалуға жанталасады. Мұнда Қарға да қарқылап әнін салып жатыр, Әтеш те өзінің «Әпитөгін» шырқағысы келеді. Ән сала алмайтынын білетін Тауыстар сұлулығына ғана сенгендіктен, бас жүлдеден үмітті. Құстардың әрқайсысына жүлдені сырттай үлестіріп жүрген Сауысқан әрқайсысынан бір «сыйлық» алып, делдалдыққа жарап тұр. Қылықты Тоты мен жағымпаз Жапалақтың «ұмыт қалдырып» кеткеніне қарамастан қазылар алқасының мүшесі Атақаз бұл байқауға Бұлбұлдың да қатысуы керегін, Бұлбұлсыз байқаудың еш мағынасы қалмайтынын айтуын айтқанымен, сайысқа Бұлбұл қатысса, жүлдеден айрылатынын білетін Қарғалар оны байлап-матап кетеді. Жұмыртқасы мен мекиендерінің мамық жүнін «құрбан» қылып, бас жүлдені өзі алмақшы Әтеш те жанталасып бағуда. Көкектің айтар әні жоқ болса да, түсініксіз бірдемені шатып-бұтып, көпшіліктің көңілінен шығуға ол да барын салады. Өнерге былық пен шылықтың араласып кеткені Бүркіт пен Атақаздың ғана жанына бататындай, басқаларды өнердің тазалығы емес, атақ пен даңқ қана қызықтырып жүр…
Премьерадан соң жазушы Дулат Исабековке жолығып, қойылым туралы пікірін сұрағанда: «Қойылымның өзіме ұнағанына өзім қатты қуанып тұрмын», – деді, – «Қойылым көңілімнен шықты. Әуелгісінде ұнатпаған едім. Менің сын-пікірлерімді ескеріп, жинақы, жұп-жұмыр дүние жасапты. Ол үшін театр ұжымына алғыс айтамын. Иә, өзі азғантай дүниенің кейбір жерлерін қысқартқан тұстары бар екен. Онымен келісуге де, келіспеуге де болады. Бұлбұлға бас жүлдені беріп тұрып Бүркіттің: «Әнді айтып тұрған жұдырықтай құсты, мен бұрын көрген жоқ едім», – дейтіні бар. Сонда Бұлбұл: «Тақсыр, мені көрмейтініңіз белгілі ғой. Сіз тым биікте ұшасыз, ал мен тоғай мен орманды паналайтын кішкентай құспын. Сондықтан мені байқамайсыз», – деп жауап береді. Қазір де кейбір таланттарымызды байқамай жүргеніміз, қарғалардың қарқылдап-ақ жүлделерден құралақан қалмай жатқаны бар ғой…».
Бұл спектакль Сафуан Рысбайұлының үлкен театрдағы алғашқы қойылымы. Бас-аяғы жиырма күннің ішінде сахналанған шығарма туралы режиссердің өзі: «Театрда қайнаған жұмыс, өзгерістер, қапылыстар болуы заңдылық. Аз уақыттың ішінде көп нәрсеге үлгеруіміз керек болды. Спектакль қаншалықты ойлы, сәтті шықты – көрермен өз бағасын бере жатар. Біз өз тарапымыздан көрерменге ой салғымыз келді. Кәсіби өнер мен көше әндерінің бір деңгейде өнер деп бағаланып, тобырлық әндердің бәйгелерді бермеуі кәсіби деңгейдегі маман­дарға соққы болып тиді. Сол мәселелерді айтқымыз келеді. Көкекте «кө-кек» дегеннен басқа ән де жоқ, бұлбұл күніне бес жүз түрлі үнмен сайрайды екен. Сол «кө-кек» дегеннен басқа үн айта алмайтындар бір күнде танымал болып кетті. Кәсіби өнерін шың­дап, жиырма, отыз жыл еңбек еткендер тасада қалып қойды. Олардың кәсіби дауысы, алтындай таза өнері ешкімді қызық­тыр­майды. Көрерменге осыны айтқы­мыз келді. Жалпы, ре­жиссер­дің, театрдың мақсаты – халыққа ой тастау, бағаны солар берсе екен дейміз», – деген пікірін білдірді.
Бастапқыда балаларға арналған қойылым ретінде қолға алынған бұл спектакль кейінірек ересектерге қажетті дүние болғандықтан, бағыт-бағдарын өзгертіп, о баста спектакльді қоюды қолға алған режиссер өз еркімен кері шегініп, театр дирек­торы Сәбит Әбдіхалықов пен театрдың көркемдік жетекшісі Мұрат Ахмановтың ұсынысымен қойылымды сахналау Сафуан Рысбайұлына тапсырылыпты.
Спектакльдің қоюшы-суретшісі – Қуат Түстікбаев, композиторы – Болатбек Нұрқасымов. Балетмейстер – Ринат Билибаев, сахна сайысын қойған – Мақсат Рахметов.

Қарагөз Серікқызы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір