«Әсеттің ән мұрасы»
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының ұйымдастыруымен әнші-композитор Әсет Найманбайұлының туғанына 150 жыл толуына орай Әсет әндерінен шеберлік дәрістер, «Әсеттің ән мұрасы» тақырыбында студенттермен талқы-кездесу, «Әсеттің асқақ әндері-ай» атты гала-концерт өтті. Шара барысында осы білім ордасының аға оқытушысы Әлия Сабырованың «Ежелгі дәуір қазақ музыкасы» және аға оқытушысы Мақсат Медеубектің KOBYZBOOK электронды оқулықтары; доцент, Мәдениет қайраткері Талғат Мұқышевтың «Сыбызғы үйрену мектебі» оқу құралы таныстырылды.
Қазақстанның халық артисі, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Қажыбек Бекбосынов, Мәдениет қайраткері, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының әншісі Абылайхан Қармысов, Әсет Найманбайұлы атындағы әдеби-мемориалдық музейінің директоры, Мәдениет қайраткері Әбен Разуев және басқа музыкатанушылар мен ғалымдар Әсет Найманбайұлының өмірі мен шығармашылығы жайлы келелі әңгімелер қозғады.
Талқы-кездесуге қатысушылар ақын мұрасына шолу жасай отырып, Әсеттің «Інжу-Маржан», «Қаракөз сәулем көз көрген», «Қысымет», «Мақпал», «Үлкен Ардақ», «Кіші Ардақ», «Майда қоңыр», «Еркем-ай» әндері халық арасына кең таралғанын, ақын шығармаларының құндылығы бүгінде музыканың классикалық үлгісіне айналғанына тоқталды.
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының ұстазы Нұржан Жанпейісов жүргізген кездесу барысында, сондай-ақ «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасы студенттерінің сұрауымен дауыс қою, дауысты шыңдау тәсілдері мен дәстүрлі ән өнерін оқытудағы мәселелер де кеңінен талқыланды.
«Әсеттің асқақ әндері-ай» гала-концертіне Қазақстанның халық артисі Қажыбек Бекбосынов, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының әншісі Абылайхан Қармысов, Әсет Найманбайұлы атындағы әдеби-мемориалдық музейінің директоры Әбен Разуев қатысып, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Рамазан Стамғазиев, Нұржан Жанпейісов, Шолпан Даржанова, Мұрат Әбуғазы, Еркін Шүкіманов, Ардақ Исатаева, Құралай Шаяхметова, Талғат Әбуғазы, Ұлжан Ағлақова6 Амангелді Күзеубай және студенттер ансамблі әнші-композитордың танымал шығармаларын тарту етті.
Шырын САРЫМБЕКОВА.
ПІКІРЛЕР1