ӘСЕТТІҢ ҚЫЗЫЛАРАЙДАҒЫ БІР ТҰЯҒЫ
10.06.2022
291
0

Әулиеге қарасам, жан-жүйем әлем-тапырық болады: соноу Адам-Ата – Хауа-Ана жаралғалы не көрмеген әулие тау бұл? Мұның тұсынан сонау Ақтабан Шұбырынды – Алқагөл сұлама заманы аттарының тұяқтары Арқаны дүбірлетіп, Абылай хандар өткен! Қылышынан қан төгіліп қызыл келіп, ақ қашқан. Исі қазақтың бағына алтын айдарлы ұл туған алтын ұя – бұл! Аспандағы аққуға үн қосып, әуелетіп ән салған Әсеттің кіндік қаны тамған жер, Алашорданың атасы Әлихан Бөкейхан мен қазақтың осы күнгі шекарасын белгілеп беріп кеткен Әлімхан Ермековтің, Алаштың алғашқы заңгері – Ақпайдың Жақыбы туған жер, Пайғамбар тумады демесең, бәрі бар бұл жерде.

Қазақтың басынан өткен күллі өткелек, тар жол тайғақ кешулер, байларды қуып жүріп тәркілеп, жаппай ұжымдастыру, отызыншы жылдардағы аштық пен қанды қасап репрессиялар, Ұлы Отан соғысы, тың жерлерді игеру дейтін аты шулы советтік науқандар да осы таудың етегінде өткен. Етегін төсек, жеңін жастық қылған нешеме ұрпақ осында қара нардың жүгін қасқайып көтерді! Осы топырақтан туғандардың бойында, әйтеуір, Ақсораңның бір киесі жүреді.
Бақытбек Қарағанды Мемлекеттік университетінің заң факультетін үздік тәмамдап, қаршадайынан атқа мініп, құқық қорғау органдарында қызмет атқарды. Әділетсіздікті көргенде отқа тиген күкірттей лапылдап жанып кететін жігіт. 1987 жылы Ақалдыр аудандық халық судьясы болып сайланды. Сол кезде Совет одағындағы ең жас судья болған. Ақтоғай, Шет аудандары мен Сәтбаев, Жезқазған қалаларының сот төрағасы, Астана қалалық Алматы қылмыстық істер соты қызметтерін абыроймен атқарған азамат.
Әлиханның Алашорда идеясы мен Әсеттің қара өлеңінің дуасы қанына дарыған азамат 2000-жылдары Әулиенің етегіне ақшаңқан киіз үй тігіп, немере ағасы Әсет Найманбайұлының 140 жылдық торқалы тойын дүркіретіп өткізген-ді. Той Түріксойдың шешімімен Түркияда жалғасты. Сол жылы Бақытбек Әсет дүниеден қайтқан Қытайда жамағатқа ас беріп, ақын Ғалым Жайлыбай да барып келді. Сол сапарында Бақытбек туған жерінің бір уыс топырағына зар болған Құлжадағы ақын мазарына Қызыларайдың топырағын салып қайт­қан болатын.
Сондағы Ақсораңдағы тойға Алаштың енді қайта тумайтын ерен шайыры, марқұм Жәркен Бөдеш келіп еді:
«Сенің Қызыларайың менің Жайыр тауымнан аумайды екен! – деп еді, Жәркен Бөдеш Ақсораңға аң-таң боп қарап тұрып, – Қызыларай қасқайып қасыңда тұр! Жайыр тау Шығыс Түркістанда қалды. Қажықұмар көкем есіме түсіп, көңілім құлазып тұрғаны…»
Ақынның көзінен бұршақ-бұршақ жас атқып-атқып кетті…
Қажықұмар Шабданұлы – ғұмыр бақи Қытай түрмесіне байланған қазақ жазушысы, «Қылмыс» романының авторы.
Тағдырдың қилы-қилы жазуы бар,
Ірісі сол жазудың Қажықұмар:
Абақтыда – марқайды,
Абақтыда – қартайды.
Абақтыда – бел жазып,
Абақтыда – жантайды…
Абақтыға апарып,
Қамағалы қапа ғып,
Шыққан ізі жоқ әлі,
Кірген ізі – ап-анық.
Әсет елге оралды. Қажықұмар көрер көресінін көріп, Қытайда шейіт болды! Алла жазса, бір күні осы жерге ол да бір келеді ғой?!
Есіме қайта-қайта осы Ақсораңның бір аңызы түсе береді.
Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде, осы Ақсораңның етегінде, ұшқан құс, жүгірген аңнан басқа көзге түк шалынбайтын сайын далада бір жолаушы бір жұтым суға зар болып келе жатса, алдынан хан сарайы шыға келген екен. Сарайға жанұшырып жетіп, босағаға отыра кетсе, алтын тақта хан отыр, қасында – Ай десе аузы, Күн десе көзі бар ханшалар!
– Уа, кімсің? Не іздеп жүрсің? – дейді, хан.
Сонда жолаушы шөлдеп келе жатқанын ұмытып:
– Сіздің ханшаларыңызға ғашық болып келдім! – дейді.
– Ей, мынау не деп оттап отыр?! – дейді хан аң-таң болып, – босағадан бері келші?
Сонда босағадан бері шыққан жолау­шыға ес кіріп:
– Бір жұтым су болса? – деген екен.
– Сені шалқытып сөйлетіп отырған алтынның буы ғой? – депті хан. Сөйтсе, босағаға алтынын тығып қойған көрінеді.
«Алтын Орда құлағанда біздің Ақсораңға соның алтыны көшіп келген екен…» – деп еді маған өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Боздақтың Әубәкірі – ол да осы Бақытбектің бір әкесі. Сол рас!
…Бүгін менің сол Бақытбек бауырым алпыстың асқарына шығып отыр!
Бұл жыр Әсеттің қазақтағы соңғы тұяғы Бақытбек Сыздықовқа арналады.

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

АЛТЫННЫҢ БУЫ
(Алтын Орда – Ақсораң)
Бақытбек бауырыма

Неге осы мына тау төске өрлейді,
Етек жиып, неге елден сескенбейді?
Алтын Орда бір кезде құлағанда,
Ақсораңға алтыны көшкен дейді…

Жан баспаған тау, тасы, сылқым бұлақ,
Көрген елді басына ұмтылдырад;
Алпыс миллион тонна алтын жатыр,
(Алпыс триллион болуы мүмкін, бірақ)

Алтын оның тау, тасы, жоны, қырат,
Сайы гауһар-маржанға толы бұлақ.
Құпия көп… (Мына сұм заман кетпей,
Мен де айтпаймын ешкімге оны, бірақ!)

Алтын Орда –
Алтынмен егіз деген,
Содан қалған аңыз жыр – теңіз дер ем;
Ақсораңнан туа сап Әсеттер мен,
Әлімхандар әлемнен нені іздеген?

Көкке қашқан көк орай нуыменен,
Өз-өзінен өзектен туып өлең,
Ақсораңнан мен де асқақ лебіз айттым,
Астымдағы алтынның буыменен.

Қазынасы жатқан бір түгесілмей,
Жеті атамның осы жер киесіндей.
Анда-санда бір барсам Ақсораңға,
Алабұртам алтынның иесіндей.

Шыңға шығып кетемін, тұрмай дөңде,
Асау жүрек астамсып, тулайды өрде.
…Анда-санда бір барам Ақсораңға,
(Күнде бару қауіпті мұндай жерге…)

03.06.2022 ж. Қарағанды.
Күнгей

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір