Түркістан туризмі
Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы Шымкент қаласында өтіп жатқан «Ontustik Tourism. Invest 2017» туристік және инвестициялық форумы аясында қытайлық делегация Түркістан қаласына барды.
Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған топ форум жұмысы басталмастан бұрын ұлттық өнер көріністері мен
туындыларын тамашалады. Шетелдік қонақтар халықтық кәсіп пен қолөнер бұйымдарынан жасақталған көрмені аралап, қазақ әндерін тыңдады, көне шаһар тарихымен танысты.
Биыл Түркістан қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы атанғанын тілге тиек еткен Жансейіт Қансейітұлы: «Түркістан – қасиетті әрі көне қалаларымыздың бірі. Ер түріктің алтын бесігі болған Түркістан бұрын қандай маңызға ие болса, бүгінгі таңда да сондай аяулы шаһар. Іргетасы XV ғасырда қаланған кесене халықаралық ЮНЕСКО ұйымының тізіміне енген. Мұнда жыл сайын мыңдаған турис келеді. Алдағы уақытта біршама жұмыстар атқарып, межені арттыратын боламыз», – деп сөзін түйіндеді.
Шетелдік делегация тобы Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне ат басын бұрып, ондағы көне жәдігерлер мен қазақ халқының тарихи тұлғаларымен танысты. Арнайы топты бастап келген ҚХР-дың Мемлекеттік туризм басқармасы төрағасының орынбасары Ду Цзян Оңтүстік Қазақстан облысында туризмді дамыту үшін әріптестік танытатынын жеткізді.
«Кез келген аймақтың шырайын ашатын ең әуелі – адамы. Бұл тұрғыда мен Оңтүстік Қазақстан халқының қонақжайлылығына, жылы шырайлы адамдарына тәнті болдым. Бұл – туризмді дамыту үшін аса қажетті фактор. Біз келісім орнату үшін еліміздегі әрбір аймақтан туристік қауымдастықтарды, агенттіктерді алып келдік. Болашақта екі ел арасындағы жаңа авиабағыттарды ашуды жоспарлап отырмыз», – деді Ду Цзян өз сөзінде.
Халықаралық форум аясында өңірдің туризм саласын дамыту бағытында бірнеше екіжақты келісімдер жасалатын болады.
Шырын Сарымбекова.