Жетісу туризмі: серпілістер мен жаңа көкжиектер
«Көрсең, көзің тоймайтын, айтсаң, сөзің жетпейтін» киелі Жетісу бүгінде жаңа тыныс алып, жаңаша кейіпке енген өңірге айналып отыр. Асқақ «Жетісу – Алатауы» мен шипалы толқыны тербелген Алакөл мен Балқаштың арасына қоныс тепкен бұл өлке – жай ғана географиялық нүкте емес, Қазақстан туризмінің алтын арқауы, табиғат пен тарихтың үндескен ғажайып мекені.

Осы бір ғажайып өңірдің туристік әлеуетін әлемге паш етіп жүрген «Visit Zhetysu» туристік ақпараттық орталығы – даму мен жаңашылдықтың басты қозғаушы күші. 2025 жыл орталық үшін тек атқарылған жұмыстардың қорытындысы ғана емес, жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан, тың бастамалар жүзеге асқан, туризмге серпін берген айрықша кезең болды.
«Visit Zhetysu» туристік ақпараттық орталығы өңірдің сұлу табиғатын, терең тамырлы тарихын және қайталанбас мәдениетін халықаралық деңгейде таныту жолында ауқымды әрі жүйелі жұмыстар жүргізіп, Жетісудың туристік келбетін жаңа биікке көтерді. Бұл – тек жетістік емес, болашаққа нық қадам, Жетісудың жарқын келешегіне бастар сенімді жол.
Бұл кезең ерекше қарқынмен, тың серпінмен шабытқа толы болды. Жыл бойы ұйымдастырылған 19-дан астам ауқымды іс-шара Жетісудың туристік әлеуетін жаңа белеске көтеріп, өңірдің тартымдылығын айқын көрсетті.
Алакөл мен Балқаш жағалауында өткен ақпараттық турлар, «Долантау–Жолбарыс» тауларына бағытталған экспедициялар, сондай-ақ халықаралық «KITF–2025» көрмесіндегі жарқын әрі нәтижелі қатысу – мұның барлығы Жетісудың туристік брендіне жаңа леп, жаңа серпін сыйлады. Әсіресе үздік стендтердің бірі ретінде иеленген марапат өңірдің мүмкіндігі мен әлеуетінің айқын дәлелі.
Алғаш рет жүзеге асқан «National Geographic Qazaqstan»-мен бірлескен экспедициялар Жетісу табиғатының тылсым сұлулығын жаңа қырынан ашып, оны халықаралық аудиторияға танытудың тиімді алаңына айналды. Ал «Таза Қазақстан» экологиялық акциялары табиғатқа деген жанашырлық пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама ретінде ерекше мәнге ие болды.
Бұл жетістіктер – Жетісудың тек бүгінгі табысы ғана емес, болашақтағы зор мүмкіндіктерінің берік іргетасы. Жетісу туризмінің басты ерекшеліктерінің бірі – оның терең әлеуметтік бағыттылығы. 2025 жыл алғаш рет ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен әлеуметтік осал топтарға арналған экскурсиялардың ұйымдастырылуы туримзнің тек демалыс емес, қоғамды біріктіретін, жүректерді жақындастыратын үлкен күш екенін айқын көрсетті.
«Алтын-Емел» ұлттық табиғи паркімен бірлесіп өткен «Парктер шеруі – 2025» танымдық сапарлар балаларға табиғатпен үндесіп, туған жердің қадірін терең сезінуге, оның әрбір тынысын жүрекпен ұғынуға мүмкіндік сыйлады. Экскурсиялар Жетісу облысының туристік нысандарында, атап айтқанда, Текелі қаласы, Талдықорған қаласы және «Алтын-Емел» МҰТП және басқа да бағыттар бойынша өткізілді. Бұл бастама мейірім мен қамқорлыққа негізделген, қоғам үшін аса маңызды қадамдардың бірі болды.
Заманауи туризм – бұл әсер мен визуалдың үйлесімі. Осы бағытта да «Visit Zhetysu» батыл қадам жасап, жаңа деңгейге көтерілді. 1200-ден астам фотосурет пен 700-ден астам бейнеролик өңірдің табиғи сұлулығын сөйлеткен көркем тілге айналды.
«Visit Zhetysu» орталығы замануи контент әзірлеу бағытында фото, видео, дрон арқылы түсірілген әсерлі панорамалар, жасанды интеллект элементтері қолданылған заманауи бейнероликтер Жетісудың жаңа цифрлық келбетін қалыптастырып, оны әлемге жаңаша қырынан танытты. Бұл – табиғат пен технологияның үйлесім тапқан, туризмнің болашағына бастар жарқын бағыт.
Ақпараттық кеңістікте де Жетісудың үні айқын әрі сенімді естілді. Әлеуметтік желілер, телебағдарламалар, басылымдар мен әуе компанияларымен жасалған серіктестік арқылы өңір кеңінен насихатталып, жаңа аудиторияға жол тартты. SCAT әуе компаниясының «Аспан» журналында облыстың туристік нысандары туралы мақала 7000 дана таралым жарық көрген материал, жолаушыларға Жетісудың көрікті жерлерін таныстырып, өңірге деген қызығушылықты арттырды. Журнал 16-дан астам бағыт бойынша ұшатын әуе рейстерінде тарады.
Инфрақұрылымдық жұмыстар да жүйелі түрде жүзеге асырылып, туризмнің сапалы дамуына негіз қалады. Жаңартылған ақпараттық сөрелер, заманауи онлайн-карталар, туристік бағыттардағы навигациялық баннерлер – мұның бәрі саяхатшылар үшін қолайлы әрі түсінікті орта қалыптастыруға бағытталды.
Ал ақпараттық зарядтау станциялары заманауи сервистің жарқын үлгісі ретінде туристерге жаңа мүмкіндіктер ұсынып, Жетісудың инновациялық бағыттағы дамуын айқындай түсті.
2025 жыл Жетісу үшін ерекше есте қалатын кезең. «Жетісудың туристік серпілісі» жобалары өңірдің туристік әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп, табиғатсүйер саяхатшыларға ұмытылмас әсер сыйлады.
«Долантау – Жолбарыс» тауларының асқақ шыңдары, Тасарал аралының тылсым тыныштығы, Ақтөбе шыңының биік рухы мен Сарыбел тауларының керемет көріністері – бұлар енді тек картадағы нүктелер емес, әсерге толы саяхаттарға бастар жол болды. Әрбір тау, әрбір көл және әрбір ауыл өз тарихы мен сырын ашып, туристерге ерекше тәжірибе ұсынады.
Бұл жолда контент рөлінің де шешуші екені байқалды. «Жетісудің мұрасы» жобасы көрерменнің жүрегіне жол тауып, жүз мыңдаған қаралым жинады. Кәсіби фотографтар мен видеографтар өңірдің бірегей визуалды бейнесін қалыптастырып, Жетісудың табиғи сұлулығын, мәдени және тарихи мұрасын кең аудиторияға паш етті.
Нәтиже айқын: Жетісу туралы контент 800 мыңнан астам қаралым жинап, өңірге деген қызығушылық айтарлықтай артты. Лепсі ауылы үздік туристер ауылдар қатарына енді. Ал «Алтын-Емел» ұлттық табиғи паркінің халықаралық «Travel + Leisure» басылымының нұсқасы бойынша АҚШ-тан тыс орналасқан әлемнің ең үздік ұлттық парктері рейтингінде 7-орында.
Жетісу енді тек көрікті жерлердің жиынтығы емес, саяхатшылар үшін рух пен шабыт сыйлайтын орынға айналды. Табиғаттың әрбір сәті, тарихтың әрбір парағы, мәдени мұраның көрінісі – туристік серпілістің айқын дәлелі.
2026 жылы «Visit Zhetysu»туристік ақпараттық орталығы Жетісу өңірінің туристік әлеуетін барынша жоғары деңгейде көрсетуге және дамытуға бағытталған жүйелі жұмысын жалғастырады. Бұл жылы біз тек туристерді тартумен ғана шектелмей, бизнес өкілдері мен мемлекеттік құрылымдармен ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ ішкі және халықаралық туризмді белсенді дамытуға ерекше көңіл бөлеміз.
Өңірдің заманауи туристік имиджін қалыптастыру басты назарда болады: жарқын әрі есте қаларлық іс-шаралар; ақпараттық турлар және заманауи медиа құралдарының кең ауқымды серіктестік ұйымдастыру; Жетісу тек көркем табиғатымен емес, мәдениеті мен тарихымен де туристерді баурайтын аймақ ретінде таныту.
Өңірдің туристік мүмкіндіктерін ілгерілетуде Жетісудың туристік нысандары әлемге таныстырылады. БАҚ өкілдері, блогерлер, туроператорлар және туризм саласының мамандары үшін ақпараттық турлар, блог-тур, пресс-тур, ірі ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып, өңірдің тартымдылығын кеңінен насихаттау. Сонымен қатар сауықтыру, экологиялық және ауыл туризміне арналған шаралар туристер үшін жаңа қызық мүмкіндіктер ашады.
Жетісу туризмін әлемдік деңгейде таныстыру үшін 2026 жылы ХХV Қазақстан халықаралық туристік көрмесі «KITF – 2026» көрмесіне қатысу және халықаралық туристік көрмелерге қатысу жоспарланған. Халықаралық көрмелерге қатысу өңірімізді әлемдік деңгейде дамытуға өте үлкен ықпал береді.
Ал табиғи мұраларды насихаттау мақсатында «National Geographic Qazaqstan» ұйымымен бірлескен экспедициялар ұйымдастырып, «Алтын-Емел» МҰТП ғажайып табиғаты арқылы өңірдің бірегейлігін көрсету. Жоғары сапалы медиа-контент өңірдің танымалдығын арттырып, туристерді қызықтырады. Цифрлық ілгерілету де басты назарда: әлеуметтік желілер, медиа-платформалар мен визуалды контент арқылы Жетісудың жаңа туристік бейнесін қалыптастыру.
2026 жылы өңірде бірқатар ауқымды фестивальдер ұйымдастырылып, туристерге ұмытылмас әсер сыйлау жоспарлануда, солардың бір қатары: «Сиверс алмаларының гүлдеуі» фестивалі, «ShaganFest–2026» фестивалі, «AlakolFest» фестивалі, «Zhetysu Balkhash Fest–2026» фестивалі Балқаш және Алакөл көлдерінің жағасында өтетін ірі туристік іс-шаралар ұйымдастыру. Бұл фестиваль мәдени шаралар мен ойын-сауық бағдарламаларын біріктіріп, демалыс пен әсерге толы ерекше атмосфера сыйлайды.
Жоспарланған барлық іс-шаралар Жетісу өңірінің туристік тартымдылығын арттыруға, туристер ағынын көбейтуге және өңірдің оң имиджін қалыптастыруға бағытталған.
Жетісу – бұл тек саяхат емес. Бұл – табиғатпен үндесу, мәдениетті тану және жаңа әсерлерге толы сапар.
Жандос НҰРИЕВ,
«Жетісу» туристік ақпараттық
орталығының басшысы