Алтын артқан Әнекең
17.11.2017
1362
0

Әбіш КЕКІЛБАЕВ,
Қазақстанның Халық
жазушысы, Мемлекеттік
сыйлықтың иегері


Мен Әнесті өз өмірбаянында айтылатын Алматыға келген күнінен бастап білемін. КазГУ-де оқып жүрген кезінде Төлен, Имат, Қажығали, Шоқан, Дүйсенбектерге амандасуға барғанымда есік жақтағы бұрышта төсекте ұзынынан түсіп, күні-түні қағаздан бас көтермей ұзын бойлы бір жігіт жататын. Біз әр нәрсені айтып дауласып жатқанда да ол мән бермейтін. Сөйткен аққұба жігіт – осы Әнес Сарай еді.

1963 жылы «Лениншіл жас» га­зе­тін­де бірге істедік. Онда да үндем­ес­ті­­­гіне басады, жеті сегіз жігіт бірге ана­ны-мынаны айтып дауласып жата­мыз, ол оқта-текте бір маңқ етіп қоя­ды. Сөйткен маңғаз жігіт – осы Әнес Са­рай еді. Әнестің қандай екенін бі­лейін дегеніме көмектескендей Ре­сей­дің Қазақстандағы мәдениет күндері өтіп жатқан. Келген делегация он күн бойы тың өлкесін аралап көрді, ол күн­дер қалай өтіп жатқаны туралы Ақ­моладағы белсенді тілшілеріміз Рым­ғали Нұрғалилар майын тамызып жа­зып жатты. Мәдениет күндерінің ашылуына арнап газеттің арнайы са­нын ұйымдастырдық. Жабылу кезінде ар­найы нөмер дайындау тапсырылды. Бө­лімде тілшілер жетпей басқа бөлім­дер­ден адам тарттық. Әдетте барлығы жақ­сы өтіп жатты. Әдебиет, мәдениет, ки­но, театр, бейнелеу өнері, бәрі қам­тыл­ған, тек музыка өнері сараң жазылыпты. Мен жағалай қарап отырып, есік жақта отырған Әнеске көзім түсіп ке­тіп: «Әнеке сіз жазасыз ба?» дедім. Сәл ойланып отырып, «несі бар жазуға бо­лады ғой» деді. Сөйтіп Әнекеңді жі­­­бердік, ол кезде Алматыда жалғыз мей­­манхана бар еді, ол «Лениншіл жас­тың» жанында, Әнекең сол мей­ман­ханаға барды да көңілденіп қай­тып келді. Сосын «Әнеке жазатын бол­дыңыз ба, қашан жазасыз?», – деп қыс­тадым. «Менің адамым қазір бір көз шырымын алып алайын деді, мен рұқ­сатымды бердім. Көз шырымын ал­ған соң сұхбат аламын», – деді. Бі­раз­дан соң мен мазасыздана бастадым, уақыт өтіп барады. Сосын: «Се­нің адамың қайда?» — дедім. Әнес ор­нынан тұрып, ары ойланып, бері ой­ланып шығып кетті. Біраздан соң қай­тып келді, жүдеңкіреп, көңілсіздеу кел­ді. Мен: «Оянды ма?», деп сұрадым, «жоқ ұйықтап жатыр, ұйқысын қи­мадым» дейді. Тағы біраз отырдық. Бү­гін шығатын нөмір материалды кү­тіп тұр. Мен тызылдап, ашулана бас­тадым, Әнес ашуланған жоқ, киі­ніп шығып кетті. Сол барған бойда қо­нақ үйдің музыканттар жататын қа­натында ең үлкен бөлмеге кіріпті, ең үлкен кісіні оятыпты. Сосын: «Слу­­шайте, мен газеттің тапсырмасымен келіп тұрмын, сіз менімен сөй­ле­семін деген едіңіз, көз шырымын алап алайын дегенсіз, одан бері біршама уа­қыт болды, енді қай уақытта сөй­ле­семіз», – депті. Ол да ұяты бар кісі екен ұйқылы ояу отырып, Әнеске жарты са­ғат сұхбат беріпті. Біраздан соң Әнес көңілденіп қайтып келді. Маш­бюроға келіп, мақаланы жазып, бір са­ғаттан кейін дайын материалмен ме­нің алдыма келді. Мен оқып отыр­мын, бір бетінен соң мақала ары қарай ке­ремет тартып барады, сондай білім­ді қазақтың аузынан көп шыға қой­май­тын, музыкаға терең бойлайтын, ой толғап жазатын кісі. Мен асығып, енді аяқ жағын кім жазғанын көрейін, деп едім, Әнес: «Жоқ болды ғой, ая­ғы­на дейін оқып шығыңыз», деді. Өті­нішін қабыл алып қарап шықтым. Оқып болып, орнымнан түрегеп қо­лын алдым, сөйтсем Әнекеңнің барып жүр­гені СССР-дің Композиторлар Ода­ғының бірінші хатшысы, бүкіл елі­міз білетін Дмитрий Ковалевский екен. «Үндемей жүріп қабады» деген осы. Осы кезден бастап Әнекеңе бұ­рын­­­ғыдай емес, сергек қарайтын бол­­­дым. Бір күні алдыма әңгімесін әкел­­ді, ол әңгіме «Дауылда» деп ата­ла­ды. Әңгіме жазатынын әуелден бі­ле­тінмін. Бірақ дәл мұндай кәсіби дең­гейде жаза қояды деп ойлаған жоқ едім. Сөйтіп, ол үлкен прозаға із тастады.
«Лениншіл жас» Әнесті бірден жақ­сы көріп кетті. Көп ұзамай Батыс Қа­зақстанға тілші қылып жібердік. Ба­тыста жүріп, алдымен Маңғыстауда, Гу­рьев облыстарында ашылған бай­лық­тар жөнінде жазған ең бірінші бел­сенді тілші болды. Төрт-бес жылдан соң қайтып келді. Ол жақта да із­де­ніп жүретін ерекше қабілетін тас­та­мапты. Содан кейін барып Әне­кең­нің бүгінге дейінгі шығармашылық жо­лы басталды. Ол жолды үш салаға бөлу­ге болатын секілді. Алдымен «Дауыл­дан» басталған таза клас­си­ка­лық жол, бұл жолда әңгіме жанрының үлкен шебері болды. Одан кейін пове­сь­тер жаза бастады. «Қараша өткенде» т.б. жақсы повесьтер жазды. Шын мәнінде сол кезде орыс әдебиетінде Казаков, Тендряков сияқты үлкен жазу­шылар болды жалпы үлкен ағым­мен қоса қабат жүрмейтін өз алдына жол таңдап, таза орыс табиғатын, орыс­тық тұрмысты, орыстық мінезді ін­детіп жазатын. Кейін Распутин, Бе­ловтар қосылды. Сөйтіп үлкен жанр­ға айналды. Дәл сол бағытта оның әлі иісі шықпай тұрып, осылай жаза бастаған жазушымыз Әнес Сарай деген қазағымыз еді. Әнес Сарай­дың шығармашылығының ең құнды бөлігін берген үлкен тақырып – «Еділ-Жайық» дейтін эпикалық шығармасы. Қазіргі қазақ әдебиетінде күні кеше өтіп кеткен, бірақ біздер үшін жұмбақ, тылсымы көп буынның өмір жолын баяндаған батыл шығарма еді. Ол шы­ғармалары әділ бағаланды. Екінші са­ласы, қазақ дейтін халқымыздың есейіп кетуіне аяғынан тұрып, тыңайып кетуіне себепші болатын та­қы­рыптар – Адам ата, Хауа ана, Мұ­хам­мед пайғамбар, алғашқы әулие-әм­биелер туралы кітаптары еді. Оларды таза танымдық кітап ретінде жазды. Бұл әлем әдебиетінде бұрыннан бар та­қырып. Мұның да ізіне түсіп, түбіне дейін қазып жүйеледі. Бірте-бірте арғы тарихқа деген қы­зығу­шылық бергі қа­зақ тарихымен бай­ланысқа деген та­қырыпқа алып келді. Бұл салада ал­ғаш­қы жылдарын Иса­тай-Махамбетті жүйелеп шығу мә­се­лесімен шұғыл­дан­ды. Исатай Ма­хам­беттің арғы, бергі та­рихын түгел оқып шыққанын дәлел­де­ді. Соның бар­лығын қайтадан сарап­тап, сұрыптап қазақтың болмысына, тіршілігіне, уайым-қайғысына жақын­дат­қан жүйе­лі суреткер Әнес Сараев бол­ды. Со­сын әбден мойындатқаннан кейін үшінші жолын бастады. Бар­лы­ғы­мыз жас кезімізде әр нәрсені соңы­нан түсіп жүргенде қызығатын тақы­ры­бымыз – Таурат тақырыбы еді. Арғы бол­мысты білуді бәріміз де Таураттан бастағанбыз. Сол кездегі жазушылар­дың еңбектерін оқып, сол бағытта із­де­ністің жолына түскен тағы да Әнес Са­раев. Әнестің керемет қасиеті – өзі­не керек, қазаққа тиетін тақырыпты таң­дап алып, ол тақырып төңірегінде әлем әдебиеті жазушыларының бар­лы­ғының еңбегін саралап, талдап, конс­пек­тілеп, жеріне дейін жеткізіп жазатын жазушы.
«Асылдың сынығы», «Көнеліктер», «Ноғайлы» дейтін кітаптар осылай ту­ған еді. Бұл кітаптар – шын мәнінде оқи білетін, өзінің өткенімен таныс­қы­сы келетін адамдардың міндетті түр­де оқитын кітабы. Басқаны алмаса да осы үш кітапты алып оқыса, біз қа­зақ­тың тарихының біраз білмеген жер­лерін толықтырған болар едік. Әнес­тің тағы бір ерекшелігі – этно­ло­гия­ны планетологиямен табыстырып суреттейді.
Қоңыраттарды қоңыраттардан ар­тық, Қыпшақтарды қыпшақтардан ар­­тық білетін де Әнес Сарай. Сол сияқ­­ты ең көп зерттеліп жүрген тақы­рып – Үйсіндер тақырыбы. Ол тақы­рып­ты да індетіп қараған Әнес. Қазір ойлап қарасам, баяғыда ешкімді елемей, қағаздан бас алмай жатқаннан бері оқыған кітаптары – осы кітаптар болуы керек. Кейде Әнестің Алтыншашты қалай кезіктіргенін ойлаймын. Қыпшақтың иті түгіл битіне дейін тү­гендеп жүргенде тауып алған-ау. Кейде «Әнес кімге ұқсайды, Алтыншаш кімге ұқсайды?» деп ойлаймын. Ал­тын­­шаш арғымақ мінген безектеген қызға ұқсайды, Әнес оның жетегіндегі қанша асықтырса да асықпайтын алтын артқан сары атанға ұқсайды. Артқан алтының көп болсын, Әнеке!


Орайлы сөз

Рамазан ТОҚТАРОВ, жазушы,
ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

– Дүние айнасына көз салсақ адамзат тағдыры да, заман иірімдері де ешқашан бұл бағытта дамыған емес. Біреудің көзі шындыққа ертерек, енді біреу­дікі сәл кешірек ашылып жатады. Екеуі де әуелі өзіне сосын төңірегіне, халқына жақсы болғанды тілейді. Бірақ екеуі де ұзақ уақыт бойы жаңылыс ұғымда жүруіне тіпті сол жолда өзі де білмей, қиянат жасап жүріп өліп кетуі де мүмкін. Міне, бұл – қасірет. Адамның да, уақыт пен заманның да ке­ші­ріл­мес үлкен қасіреті. Мен жазушы Әнес Сараевтың «Жалын» баспасынан жа­рық көрген «Еділ-Жайық» атты романын оқу үстінде нақ осындай шешуі күрделі шытырман ойлардың үстінде отырдым….
«Еділ-Жайық» романында әдеби бейнелерге қоса нақты жасаған тарихи тұлғалар, атап айтқанда, Алашорда көсемдері Жанша мен Халел Дос­мұхамбетовтер, сол сияқты әйгілі қызыл комиссарлар Чапаев (Ер Шапай) пен С.М.Киров тұлғалары да ішінара көрініс беріп отырады. Жазушы соңғы екі «қаһарманға» сырттай, сөз жүзінде ғана тоқталып, олардың бет-пішінін көр­сетуге де, ішін ашуға да бармайды. Керісінше, бірді-екілі жерде ғана атал­са да Алаш көсемі Халел бейнесі ұмытылмастай есте қалады. Міне, ол: «Ор­таларында – қатырма ақ жағасының қыры сынбаған, қою қара сақал-мұрт­ты, күміс көзілдірікті Халел Досмұхамбетов. Мұндай кездесуді күтпе­ген жігіттер өре түрегеліп, «Халекелеп» қызмет қылды. Халел киімін жаңар­тып, түк көрмегендей, ине-жіптен жаңа шыққандай жап-жаңа болып отырады».
Қысқарта айтсақ, осы Халел қас пен көздің арасында таптырмай жоқ бо­лып шығады. Күнімен айнала төңіректі қарап, іздеу салып әбігер болады. Сөйтсе, «Халел ешқайда кетпепті, тіпті бекеттен ұзамаған да, суат маңын­да Ойылдың лайланып көпіршіген арнасына телміре қарап отырған жерінен тауып, ілестіріп алып келді. Оны жар басынан басқалардан бұрын көр­ген жасақшы Тоқаға оңашалап сыр шертті. Халел ойылға қарап көз жасы тамшылап жылап отыр екен»…
…Әнес Сараевтың бұл романы – өз жүрегінің де, аумалы-төкпелі заман келесінің де шындығын сарапқа салатын, жазушы қаламының анық тө­селіп, қарымды дүние жасауға құлаш ұрған және сол ниетін абыроймен то­лық атқарып шыққан құнды туындысы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір