Қараша өткен жоқ
Мұхтар МАҒАУИН,
Қазақстанның Халық жазушысы,
Мемлекеттік сыйлықтың иегері
Жазушы Әнес Сарайдың сонау 1969 жылы жазылып, жарияға шыққан «Қараша өткен соң» хикаятының финалында өзгеше бір көрініс бар. Ерекше жағдай, тосын ахуал, бәлкім, бұрын-соңғы қазақ прозасындағы жүйке шымырлатар, үрей – әсерлі, қапысыз суреттердің бірі. Шағын қайықпен үш күн бойғы тынымсыз жүріс кезінде дарияның сан-саласынан, иірімі мен тұйығынан, ағысы мен толқынынан қажымай өткен қарт қазақ ақырғы түні аязды теңізге шығады, қайығы қатып қалған соң, тамақтағы аралға мұз үстімен өтуге мәжбүр болады. Жаңа ғана сірескен, қабыршақ көкше мұз.
«Бір кезде аяқ асты қаңылтыр басқандай дыңғырлап қоя берді. Қарт… бір аяқ, бір қолын таяуға, екінші қолын ескекке керіп жата кетті. Бір жағынан тіреуін аяқтың қырымен шала орап, ыңғайлап алды да, жылжуға кірісті… Ол бүкіл денесімен астынан ағын тепкен мұздың тамырдай лықылдаған солқылын анық сезінді. Жұқа мұз ысылдап-пысылдап қинала бастады. Былқылдап барып, піскен қарбыздай пырт-пырт жарылады. Қозғалған сайын әлдеқайдан су бүлкілдейді… Ол бәрін сезіп, есептеп келе жатты. Бірақ есептен жаңылу қиын емес…».
Дүлей тұңғиық бетіндегі қаңылтақ мұз қатерін, кері шегінбей, өзгеше бір өлермен сеніммен алға жылжыған қайсар қазақтың жан толқынысын толық аңдау үшін және қияметтің қыл көпірін нақты сезіну үшін небәрі екі-ақ беттік, бірақ өте ұзақ көрінетін мұз кешу суретін бажайлап, толығымен оқып шығу қажет болар еді. Біз әсерлі сурет үшін емес, жазушы мұраты туралы ұғым беру үшін екі ауыз үзікпен шектелдік. Енді өзімізге өзіміз сауал қояйық. Қарт Нұқы неге жаннан кешті? Сырт қарағанда әншейін-ақ нәрсе. Ақсақал қаншама заманнан бері теңіз тамағындағы аралға келіп қыстайтын балықшы кемелердің күзетшісі екен. Балық аулау маусымы аяқталып қалған, Нұқы қарт өзінің үйреншікті орнына асығады. Ақыры жетті. Қақаған аяз. Үсті-басы су. «…Жағаны жағалай, беті кібіртіктене бастаған қалың қарды қарш-қарш ойып, аралдың теңіз жақ шетіндегі кемерлі биікке шығып, парлап жанған панарды төбесінен жоғары көтеріп бұлғай бастады…». Ештеңе көрінбейді. Бірақ ауылдас ағайындары, теңіз қойнауынан еліне асыққан кемелер таяу бір маңда келе жатқаны анық. Енді адаспайтын болды. Ақсақал «ұзын шошақ сақалы дірілдеп тұрып, жіппен тартып, биік бағана басына панарды шығарды. Ол өзінің үш күн дамылсыз жүргендегі ең басты міндетін орындағанын сезді».
Әлбетте, ақиқат, нақты сурет. Сонымен қатар, бейнелі тұспалдан да тыс емес. Бәлкім, шынайы өмірден гөрі ойлы тұспал басым шығар. Хикаятты қаншама жылдан соң қайыра оқығанда мен осы, екінші байыпқа бейіл бердім. Нұқы қарттың барлық іс-әрекеті, мұрат-мақсаты – адамдық парыз көрінісі. Ауылдас ағайындар алдындағы парыз. Оның кісілік тұлғасын айғақтайтын мінез. Ендеше… бір ауыл емес, бүкіл алаштың аманат-үмітін арқалауға тиіс жазушының парызы, халық рухының жаршысы болуға кесілген қаламгердің кісілік бейнесі қай тұрғыда көрінуге тиіс?
60-жылдардың екінші жартысында қазақ прозасына екпінді бір топ келді. Дарынды, қажырлы. Білімді, парасатты. Көргені мол, ұққаны одан да көп. Ең бастысы – ұлт мұратын көкірегіне түйген. Нұры тасысын, атап айтайық: Әбіш Кекілбаев пен Сәкен Жүнісов, Қабдеш Жұмаділов пен Қалихан Ысқақов, Ақан Нұрманов пен Тобық Жармағамбетов, Сайын Мұратбеков пен Әкім Тарази, Оразбек Сәрсенбаев пен Бекежан Тілегенов, Төлен Әбдіков пен Дүкенбай Досжанов… Алды-арты ашық осы шұғыл тізімнің бел ортасында, сөз жоқ, Әнес Сараев та тұр. Көтермелеу емес, анық ақиқаты солай.
Біз жөппелдеме атаған он-он бес қаламгермен ғана шектелмейтін осы қарымды топтың серпінді еңбегі арқасында 70-80-жылдарда қазақтың жаңа прозасы жасалды. Бүгінгі заман бейнеленген, өткен дәурен кейіптелген, қазақтың өр тұлғасы жасалған, арыдағы ерлік, елдік тарихы нұсқаланған, берідегі сұм, сұрқия кезең көрініс тапқан, шын мәнісіндегі классикалық проза. Біз әзірге бағасын біліп, мәнісін аңдай қоймаған ғажайып проза. Осы бір қайратты қаламгерлер сөз ұстаған уақыт келер бір замандарда қазақ прозасының алтын ғасыры деп аталмақ.
Бұл жігіттер қиыннан қисын тапты, тіл ұстартудың өзгеше өнегесін көрсетіп, көркемдік танымның жаңа бір асуына жетті. Ұлттық әдебиетімізді жан-жақты сипатқа қанықтырып, асқаралы биікке көтерді. Жаңағы, Әнес бейнелеген қазақы қайсарлықпен жанын шүберекке түйіп, үйірімнен өтті, құрдым мен жылымнан асты, үрейлі тұңғиық үстімен, шытынаған көкше мұзда жаннан кешті, ақыры әрқайсысы өзі мұрат еткен аралына жетіп, еліне, жұртына лайықтаған шырағын көтерді, нәтижесінде қазақ атымен аталатын үлкен әдебиеттің самала жарығы жанды, ол жарық бүгінгі тәуелсіздік күніне ұласыпты!
Қас қаламгер асыл мұратынан айнымайды. Қандай қиыннан да жол табады. Ол – күш-қуатқа, ақыл-парасатқа ғана байланысты емес, білім-танымға, шеберлік тетігін игеруге байланысты. Тағы қаншама кілтипан бар. Бірден аңдамасаңыз, қайыра оқығанда көресіз. Әнесті қайыра оқыңыз. Жаңағы, шағын ғана хикаятты. Осында… 1932 жылғы ашаршылық туралы айтылыпты. Әуелгі оқығанда біз де аңдамадық, аңдасақ та, қарымды жас қаламгердің өзіне хас бір сыпаты, жақсылықтың – болашақтағы зор шығармалардың әуелгі жоралғысына балап, айрықша мән бермедік. Енді шынымен қайран қалып, алғашқы басылымға үңілдік, дәп солай:
«Колхоздасудан кейінгі – отызыншы жылдың күзі еді. Өмір бойғы тірегі, тіршілік көзі, талшығы да мал болып келген халық малдан айрылғанда қаралы күн туғандай егілді. Маусымдық кәсіпке үйренбеген олар қыстай ашығып шыққан, өлім-жітімнен де құр болмады…». Сонау 1969 жылы бұдан артық қалай айтуға болатын еді? Бәрі түсінікті. Колхоздасу деген – қазаққа сор болып келді, белдеуге бұзау, көгенде лақ қалмады, нәтижесінде қазақ жаппай қырыла бастады. Одан ары тәптіштесе, хикаят жарыққа шықпас еді. Осы, колхоздасудан соң халық малдан айырылды, өлім-жітімге ұшырады деген сүйкей соқпа, біраз көздеген жерге жеткен өзгеше лепестің қалай өтіп кеткеніне таң қалуымыз керек. Байқап қарасақ, мұндай жағдай Әнестің басқа шығармаларынан да ұшырасып отырады екен.
Жазушының тәуелсіздіктен бұрын жазылып бітіп, 1990 жылы жарияға жол шеккен «Еділ-Жайық» романында Алаш Орданың азаттық жолындағы күресінің бір ұшығы көрініс тапқан. Қызылдар ақты жеңіп, Алашты еңсеріп, ел шетіне төнген шақта: «Қайран жұртым, қазағым… – деп толғанады Халел Досмұхамедұлы. – Барсың, тірісің. Ішің жатыр қыз-қыз қайнап. Атылмаған жанартаусың. Бойыңдағы сол қуатың жеткізер-ау сені сол мұратқа. Дұрыс жол сілтей алдық па, жоқ па, білмеймін, әйтеуір сенің бақытың үшін аянып қалған жеріміз жоқ. Қатеміз болса, кешіргейсің, халқым!». Бұл – орыс үшін ғана «жариялылық» атанған, біз үшін екіұшты бір кезең еді. Жекелеген қайраткерлері халқына қайтып оралғанымен Алаш ұраны әлі аршылмаған, кейінгі ұрпақ көкейіне жетпеген. Ең бастысы – коммунистік идеология күшінде, баспасөз полициясы – цензура орнында. Соған қарамастан, Алаштың мұраты айқын аңдалады. Ал «қырағы көздерді» алдаусырататын «қателік» пен күмәнға келсек, оның да өз орны бар екен. Келесі бетте большевизмге қарсы күрестің бар амалын тауысқан Алаш үкіметі шабуылдап келе жатқан қызылдармен келіссөз жүргізе бастағаны мағлұм болады. Бұл да елдің қамы. Бірақ арты тұман. «Сонда біздің қамымызды балшабектермен бірігіп ойлайтын болғансыңдар ма? Жетіскен екенбіз, жетістірген екенсіңдер!» – дейді арғы саясаттан бейхабар, көңілі таза, қайсар қазақтардың бірі Халелге. Енді Халел қамықпағанда қайтпек. Сөзі аңдулы, жазуы тұсаулы қаламгер бұдан артық не айтпақ? Кісіге қараған күн – осы. Өмірде де, өнерде де. Ырқына көндірмесе де, ыңғайына түсіреді. Басыбайлы көнбеген, ырқына түспеген азамат кемде-кем.
Тәуелсіздікке не жетсін! Сол тәуелсіздіктің алғашқы қуанышын да, алғашқы қасіретін де біздің замандас қаламгерлер қауымы толығымен бастан кешті. Бірақ қиындық пен игіліктің ара салмағы өлшеусіз еді. Соның ең айқын көрінісі – еркін ойлы, жаңа тұрпатты, жаңа шығармалар жазыла бастады. Әнес те көптен көкейінде жүрген көлемді бір шығармасын кейіптеп үлгерді. Ол – енді ғана жарияланып жатқан шежіре-роман «Исатай-Махамбет».
Көлемді тарихи шежіре Бөкей Ордасының құрылуынан басталып, Исатайдың қазасы, Махамбеттің қазасы, көтеріліс жендеттерінің өлімі, қатардағы аламандардың бұдан соңғы тағдыры баяндалған әсерлі деректермен тәмамдалады. Яғни, Әнес романының Еділ-Жайық өңірінің Ресей езгісіндегі жартығасырлық тарихы деуге болады. Ішкі Орданың негізін салған, қазақ тарихындағы соқталы, ізгі тұлғалардың бірі Бөкейдің бейнесін көреміз: Бөкей хан ұлы, Әбілқайыр хан шөбересі Жәңгір ханның күрделі болмысына куә боламыз. Махамбеттің жендеті, қазақ тарихындағы аса көрнекті сатқындардың бірі Баймағамбет сұлтанды қайталап көргендей күй кешеміз. Міне осы, жұртшылық бұрыннан да атын білетін, бірақ затын тануға мүмкіндік болмаған хан, сұлтандардың ішінде Жәңгір кейде өзінің трагедиялық сыпатымен айрықша көзге түседі. Жәңгір – қазақ қауымының жаңа заманға бет бұрысы жолындағы алғашқы құрбан. Еуропаша білім алған, орыс патшасының жарлығымен билікке жеткен – бірақ жандайшап емес. Батыс жұрттарының жаңа болмысын таныған, қазақ қауымының, ел билеу жорасының қайтадан құрылуы қажетін ұққан – бірақ елінің ескілігінен безбеген. Жұрттың, кейінгі ұрпақты Еуропа ғылым-біліміне жетілдіруді, алаштың өрісін кеңітіп, санасын жаңартуды ойлаған, бірақ ата салтын аяққа баспаған, дінін, иманын сатпаған. Төбеден төніп Ресей тұр, төрт тарабы берік, қол-аяғы байлаулы, төңірегінде тынысы тарылған, арыны басылмаған, күн озған сайын ашу-ызасы қабындай түскен қарындас қауым. Жәңгірдің трагедиясы – осы екі аралықты мәміле болмаса да тыныштыққа келтірер қия жол таба алмауында. Халқына қастық ойламаған, түп ниеті түзу Жәңгір хан үлкен саясатта шорқақ болып шықты, көпшілігінен пендешілігі астам түсті. Әнес романында бұл жағдай шынайы көрініс тапқан. Жәңгірді тығырыққа тіреген, наразылықтың өршуіне, көтерілістің қабындауына негіз болған – онсыз да жері тарылған бұқара жұртқа хан төңірегіндегі Қарауыл қожа, Балқы би сияқты шонжарлардың айрықша тізе батыруы, хан кеңесінде жақсылардың шетке қағылып, обырлардың шектеусіз үстемдікке жетуі. Мұның ақыр аяғы ел ішінің бүлінуіне, ағайын арасындағы қантөгіске, орыстың жазалаушы әскерінің шапқынына, жұрт күйзеліп, ер-азаматтың қазаға ұшырауы, бұғауға түсуіне әкеліп соқты. Халқын жарыққа жетелемек, жаңа заманға икемдемек болған Жәңгір хан нәтижесінде осы елді біржола біріктірді. Ақыр соңында қайғыға, қасіретке ұрынып, саулығынан айырылды, ажалынан бұрын өлді.
Жазушы бұрынғы ыңғай төкпе сарыннан бой тартып, Жәңгір ханның күнгейі мен көлеңкесін бірдей байыптаса, осыған орай, көтеріліс себептеріне де жаңа көзқарас тұрғысынан түзетулер жасалған. Ішкі Ордадағы толқу тұрмыстық, әлеуметтік жағдайлардан ғана туындамаған. Бұл – ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ даласында кеңінен өріс алған ұлт-азаттық күресінің бір тармағы. Ұлттық езгіге, рухани езгіге қарсылық. Сонымен қатар Исатай-Махамбет көтерілісінің басқа толқулардан бір өзгешелігі бар, ол – бөтен тарап емес, тек осы өңірге ғана қатысты ерекшелік – Жәңгір ханның түп негізі дұрысқа саятын жаңа реформаларына қарсылық. Жәңгір хан Еуропаны өзгеше өріске шығарған жаңа заманға қарай бейімделмек еді: қала салды, мектеп ашты, сауда, қатынас жүйелерін қалыптады, батыс тарабымен байланысты күшейтті. Ағартушылық, денсаулық сақтау жүйесі, саяси, әлеуметтік өмірдегі өзгерістер – бас асаулығы басылмаған біздің жұртқа жаңару, жаңғыру емес, орыстану болып қана көрінген. Оның үстіне Жәңгір хан, жаңа айтқанымыздай игі мұратқа орай игілікті саясат жүргізе алмады. Тым құрыса Алаш арасындағы Исатай сияқты беделді батыр, билердің тілін таба алмады, олардың өзінен төмен болса да, төңірегіндегілермен тең ұстай алмады.
Осы орайда жазушы Исатай мен Махамбетке қатысты бұрынғы-соңғы барлық мағлұматты ел ішінен өзі жинаған деректерді жіпке тізе келе, көтеріліс көсемдерінің шынайы кейіпін жасаған. Халық алдында зор беделге жеткен, көтерілістің бірден-бір көсеміне айналған Исатай ханға қаншама наразы болса да, қарға тамырлы қазақтың тыныштығын және елдің ақырғы мүддесін ойлап, қантөгістен бой тартады, күші жете тұра Жәңгірдің ордасын шашпайды. Бәлкім, хан да қараша жұртымен келісім табар еді, бірақ бұл кезде қазақ сахнасындағы шешуші айғақ – Ресей үкіметі болатын. Халық Исатайдың соңынан ерген, Жәңгірмен қаны бір халық – қазақ жұрты ойран-топан болды. Жазушы көтеріліс шежіресін, сол оқиғаларға қатысты белгілі тұлғалардың бастан кешкендерін айы, күні, мекен-жайымен атап отырып, қапысыз баяндап шыққан. Әсіресіз, артық бояусыз, шынайылығымен діттеген жерден табылады. Ал Исатайдың қазасы, Махамбеттің қазасы сипатталған беттерді толқымай оқу мүмкін емес. Өліге иман бұйырды, ал тірілер алдымен жер бетіндегі тозақтан өтіпті. Романның ең соңында көтеріліске қатысты арыстардың біразының жау қолына түскеннен соңғы тағдыры туралы ақпар берілген.
Өтемістің Махамбет бастаған он ұлының тоғызы шәйіт болыпты: ұрыста өлген, дүреге, айдауға кесілген. Ұлы ақынның өз кіндігінен тараған ұрпақтан ешкім қалмаса керек. Исатай әулетінің де басым көпшілігі қазаға ұшыраған.
Өз жұртын өзімдікі дей алмай қаншама арысымыз шәйіт болды. Еділ-Жайық арасында ғана емес, кең-байтақ қазақ даласының барлық түпкірінде. Өткен ғасырда ғана емес, күні кешегіге дейін.
Тәуелсіздік! Өткендегі еркіндік, бүгінгі бостандық! Сенің қадіріңді білген қаншама ұл қапада кетті! «Білмеген соқыр, – Қайғысыз отыр. – Тамағы тойса жатуға!» – деген Абай ата сөзі күнкөріс қамы басып бара жатқан бүгінгі бізге арналғандай. Жоқ. Бүгінгі жұрт та біледі. Білген. Сол біліктің бір көрінісі – қазақ қаламгерлерінің соңғы шығармалары, оның ішінде біз тілге тиек етіп отырған «Исатай-Махамбет».
Мана айттық – үстіміздегі ғасырдың 70-80 және бүгінгі, 90-жылдарында жаңа тұрпатты жаңа қазақ прозасы жасалды. Ежелгі тарихы, бай дәстүрі бар әдебиетіміз мазмұн, түр, мұратты бағдар тұрғысында салуалы биікке жетті. Осы кезең, осы дәуір туралы сөз еткенде, төрт роман, бір зерттеу кітабы, көптеген әңгімелер мен хикаят авторы, қарымды жазушымыз Әнес Сарайды атамай өту мүмкін емес. Біз бұл шағын мақалада Әнес шығармаларындағы азаматтық әуен төңірегінде ғана сөз еттік. Қаламгердің бір ғана қыры. Әдебиетке өз тақырыбы, өз қолтаңбасымен келген Әнестің суреткерлік машығы туралы арнайы толғануға болар еді. Біз бұл арада бір-ақ мәселеге – Әнестің қазақ прозасындағы бірден-бір маринист жазушы екендігіне назар аудармақпыз. Біз – сақара жұртымыз, қазақ қаламгерлерінің жан тынысы – кең дала. Әнес шығармаларынан қазақ оқырманы теңіз суретін көрді. Алыстағы айдындар емес, өзіміздің ежелгі ұшан су – хазар – Атырау. Қазір Қазақстан шегінен шығып кеткен жайқын Еділдің жүз тарам сағасы – Алтын Орда заманындағы ежелгі қонысымыз, күні бүгінге дейін қазақ түгін тартып, суын ішіп отырған ата жұртымыз Хажы-Тархан өңірінің адамы мен табиғатын көркем кестеге түсіріп жүрген де жалғыз Әнес.
Орайлы сөз
Әкім ТАРАЗИ, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
– Әңгіме Әнес Сарайдың «Ару Алматы» туындысы туралы.
Қайран қалатын жағдай: бұл шығарманың сюжеттік желісі босаң тәрізді, оқиғалары шашыраңқы тәрізді, айтар ойы бұлыңғыр тәрізді, бірақ оқып шыққан соң кеудеңде бір жылы сезім ұялайды, кездейсоқ кездескен кейіпкерлер соңғы бетті жапқанда қимас досыңа айналғанын сезесің.
Бұл шығарма сахнаға жол тапса тек қана аса бір талантты жанның жанқияр өлермендігі арқасында жол табуы мүмкін. Мен білгішпін деп жүрген режиссерлердің талайы түсінбеуі әбден ықтимал. Мәдениет уәзіриятындағы редактор жолдастар да «Әкім-ағаға не болған?» деп таңдай қағуы заңды.
Бірақ түсіне білу шарт. Аморфно жазылған дүниенің тереңіне сүңги білу шарт. Қиын дүние, сондықтан да қинала меңгеру шарт.
Ол үшін ең алдымен – қабылдап алған жөн. Содан кейін бұл туындының өзі режиссерін іздеген жөн.
Басы артық тұстар да баршылық: мысалы – кафедра жиналысында екі ғалымның айтысы, тым жалаң, дәрменсіз жазылған эпизод. Ондай тұстарды қырнап, жонып, тазалау оңай.