Баланың өскен бесігі – кең дүниенің есігі
«Баланың өскен бесігі – кең дүниенің есігі» дейді дана қазақ. Шиеттей балаларымен Алматыдан қуғындалып, Семей асып сергелдеңде жүрген жылдарында Фатима Ғабитова анамыз киелі Меркі өңірінен пана тапқан екен.
Сүт кенжесі Мұрат Мұхтарұлы да шөбі шүйгін, суы шипалы осы өңірде дүниеге келеді. Қазақ даласының басынан өткен талай қилы замандардың қай-қайсында болмасын, аты да, заты да өзгермеген, келген-кеткен халықтарға аларынан берері мол Меркі өңірі талай тарихтың куәгері екендігі сөзсіз. Тоғыз жолдың торабында орналасып, тоқсан ұлттың мәдениеті тоғысқан өлкеде түрлі өнер мен мәдениеттен сусындап өскен Мұрат Мұхтарұлының төл бесігі-кең есігіне сапары.
«Менің Меркім!» дегендегі Мұрат Мұхтарұлының әдеттегі қасаңдау жүзінде еріксіз пайда болатын жылылық күз айларының мизамшуақ күндерінің шапағатымен шырайлана түскендей. Күннің бе екен, әлде өзінің ұлын асыға күткен Жер Ананың ба екен, әлде сол ұлдың әңгімесін тыңдауға асыққан Ата жұрттың қызуы ма екен, әйтеуір елден ерек жылылық жиынға жиналған жасты да, кәріні де, хакімі мен әкімін де жақындатып жіберді.
Мәдениет үйіндегі Меркінің ел ақсақалдары, ардақты аналары, бетке ұстар азаматтары және жастармен болған қауышу әңгімелер, аудандық мұражайдағы Мұрат Әуездің өмір жолына арналған бұрыштың ашылуы мен «Времен связующая нить» және «Ділім» кітаптарының тұсаукесері, одан кейінгі жаңа мектептің ашылу салтанаты, ағаш отырғызу рәсімі, аталарымен бірге суретке түсуге кезекке тұрған бүлдіршін балалардың әппақ адал пейілдері қашанда бірқалыпты, байсалды Мұрат Мұхтарұлының бала көңілін оятып жібергендей болды.
Қалдыгүл Жаныбаева.