Жеңіс жырлары
Биыл ақын Жеңіс Қашқыновтың туғанына мерейлі 75 жыл толып отыр. Астанадан бастау алып, Қарағанды жерінде дүбірлеген ақын тойы жуырда ата қонысы Ақтоғайда жалғасын тапты.
Алыс-жақыннан жиылған меймандардың басын қосқан өнер мерекесі қазақ күресі сайысымен өрбіді. Себебі, Жеңіс Қашқынов саналы ғұмырында спортты жанына серік етті, қазақ және еркін күрестен Қазақстанның спорт шебері болды. Ақтоғай топырағынан да алғаш болып спорт шебері атағын алған адамның бірі. Сегіз қырлы, бір сырлы жанның өнегелі өмірін жастарға үлгі еткен дәстүрлі аймақтық турнир жасөспірімдер арасында биыл бесінші мәрте өткізіліп отыр. Ақтоғай ауданы әкімдігі ұйымдастырған жарысқа жүзге жуық жас өрен қатысты. 2006–2007 жылы туған жасөспірімдер арасындағы аймақ біріншілігінде 24 келі салмақ дәрежесінде – Қуатбек Құмар, 27 келіде – Жанбол Ербол, 29 келіде – Сабыржан Сәкенұлы, 32 келіде – Әбілмансұр Жанабек, 35 келіде – Нұрслан Сапарғали, 38 келіде – Сайран Секен, 42 келіде – Асанәлі Серкебай, +42 келіде – Жаннұр Боқанов қарсылас шақ келтірмей, жеңістің тұғырына көтерілді. Барлық жүлдегерлер спорт шебері, ақын Жеңіс Қашқынов атындағы медальмен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Балуандар бәсекесінен соң, ақын рухына арнап құран оқылып, ас берілді. Мерейтойдың келесі бөлігі Жеңіс Қашқыновтың 75 жылдығына арналған «Жыр-ғұмыр» атты әдеби-сазды кешке ұласты. Сөз зергерінің замандастары, ақын інілері жырдан шашу шашқан бұл күні мәртебелі поэзия салтанат құрды. Қаламгер мерейтойына орай Ақтоғай ауданы әкімінің құттықтауын жеткізген Абылай Аманжолов аймақта өнерге үлкен қолдау жасалып отырғанын тілге тиек етті. Қарымды қаламгер туралы көсіліп сөз қозғаған Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Абзал Бөкен Жеңіс Қашқыновты туған жері еске алып, думанды кеш өткізіп отырғанына ырзашылығын білдірді.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қаламгер Сүйіндік Жанысбай, ақынның қарындасы Сара Қашқыновалар да шалқар шабыт иесін еске алып, шығармаларына ғылыми тұрғыдан зерттеу жасалатын уақыттың келгенін айтты. Өңірдегі ақындар Мүсіркеп Сейдахмет, Руслан Нұрбай, Бағдат Мүбәрак, Ілияс Мұқай, Нұрдос Кәрімдер сахнада өлеңнен самал өргізгенде ақын қалыптастырған мектеп болашағының зор екеніне анық аңғарғандай болдық.
Жеңіс ақынның осы кеште Ескендір Хасанғалиев, Темірәлі Бақтыгереев, Бағдат Омашев, Ибрагим Нүсіпбаев сынды композиторлармен бірлесе жазған «Үш арыс», «Жүрегінде халықтың», «Қазақ балуандары», «Ақтоғай», «Сүйдім сені» , «Қуыршақ» секілді әндері тыңдарман жұртшылыққа жол тартты. Кешті қорытындылаған журналист-аудармашы, ақынның баласы Ернат Қашқынов сөз зергерінің бай мұрасы, боямасыз болмысы жөнінде сыр шертіп, келген қауымға алғыс білдірді.
Олжас ҚАСЫМ.
ПІКІРЛЕР1