Исабеков әлемі
10.11.2017
12852
2

Күнделікті күйбең тіршілік қамымен жүріп, кейде сезім мен сана беру арқылы Тәңір басқалардан ерекше етіп жаратқан Адам баласы екеніңді ұмытып та кетуің мүмкін. Міне, осындай кездерде мейірім мен шапағатты, достық пен махаббатты әр адамның жүрегіне қасиетті қаламы арқылы қайта егетін қаламгерлер болады. Қазақ әдебиетіндегі саусақпен санарлық көзі тірі осындай суреткердің бірі – Дулат Исабеков. Бүгінде жетпістің бел ортасына қарай беттеген жазушы қаламы әлі де талай өзінің өлмес кейіпкерлерін тудыратынына ешқандай күмән келтірмейміз.
Осы орайда газетімізде жазушының портретін жасамақ ниетпен Қазақстанның Халық жазушысы Әбдіжәміл НҰРПЕЙІСОВ, ҚР Халық әртісі Есмұхан ОБАЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Смағұл ЕЛУБАЙ, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, аудармашы Бақытжан ҚАНАПИЯНОВ сынды еліміздің таңдаулы әдебиет және мәдениет қайраткерлерінің пікірін назарларыңызға ұсынамыз…


Әбдіжәміл НҰРПЕЙІСОВ,
Қазақстанның Халық жазушысы

Дулат туралы сөз

…Дулат творчествосындағы жазушылық ұстанымына тән бір ерекшелігін айтпай кету­ге болмайды. Ол – Дулаттың түптің түбінде кішкентай адамдардың тағдыры жөнінде үлкен бастауды Бальзактан алып, оны кейін орыстың ұлы жазушылары Гоголь, Достоевский, Чехов, Горькийлер мейлінше же­ріне жеткізіп, жан-жағынан алып, кең қам­тып жазып еді. Оны бізде, кезінде өзінің әң­гімелерімен Мұхтар Әуезов, Бейімбет Май­лин, енді бүгінде Дулат Исабеков әлем әде­биетінде үлкен орын алған осы тақырыпты атақ­ты үш повесі «Дермене», «Сүйекші», «Тір­шілікке» бірыңғай арқау қылып алып отыр.

Дулат – қаламгер. Дулат – жазушы. Тәңірі сый­лаған таланттың тірлікте не істеу керек еке­нін «жазушы» деген жалғыз ауыз сөз өзі­нен-өзі паш етіп тұр. Ендеше, өзін күллі жұрт­тан, семьядан бөліп тастап, есікті тарс жауып, өз кабинетіне өзін қамаған осы бір тым-тырыс, жым-жырт сәтте өз ойы, өз сезі­мімен арпалысып отырып, ол енді тап бір тәңі­рінің өзімен тайталасқандай, кешегі Зейнолла Қабдолов айтатындай, өмірден – өнер жасайды. Өзі жасаған өнердің құ­ді­ретімен дүниеде тірлік кешіп жатқан адам­дар­дай, кәдімгідей адамдар туғызады. Олар­дың да кәдімгі адамдардай әр қайсысы­ның өзіне бұйырмас таланы, тағдыры, болады. Олардың да ішінде жолы болғыш бақыт­тысы, иті үнемі қырын жүгіретін бақытсызы болады. Не істесе де, қалай талпынса да, ілгері бас­қан аяғы кейін кететін қарабақтар болады. Сондай қарабақ, бейшара, пақырлар Ду­лат қаламына көбірек ілігеді. «Сүйекші» со­лай. Тірліктегі бар өмірі өліктерге қабір қазумен өткен нағыз сормаңдай.
«Дерменедегі» жетім шал. Әке-шешеден ер­те айырылған жетімек кішкентай немере. Бұлар осынау адамның адамды аяуы күн санап азайып бара жатқан заманда, рахымсыз қатал адамдардың арасында өмір сүрген, әлгі бір қой аузынан шөп алмайтын момын, мүсәпір, бейшаралар…
Бұлар әдебиетіміздің тарихына аты, затымен соны, жаңа үн, жаңа гуманистік рух әкел­ген шығармалар. Адам бойындағы жана­шыр­лық, аяушылық сезім, бұл, шын мәнінде адамның адамгершілігін көрсететін, биік пара­сатты ұлы қасиет. Демек, аяушылық бар жер­де, адам бар. Дүниені ұстап тұрған да әрі-бе­ріден соң осы аяушылық сезім. Тілге тиек етіп отырған үш повестің үшеуі де басынан ая­ғына дейін қоғамнан да, адамдардан да зә­бір көрген, жапа шеккен кішкентай адам­дарға деген үлкен жүректің лүпілдеп соққан жа­нашырлық сезімі байқалады. Осы үш по­вес­ті жақында мен қайта оқығанда, әр беті­нен жазушының көз жасын іздеп отырдым.
Жаратушы иенің құдіретімен дүниеге кел­ген сүйекші, дерменеші шал, кішкентай не­мере мүмкін, татар дәмі таусылып, дүние­ден әлдеқашан өткен шығар. Бәлкім, қазіргі ұр­­пақтың есінде жоқ та шығар. Бірақ, әулие­лер мен әмбиелерге Отан болған оңтүстіктің қасиетті топырағынан жаралған талантты пер­зенттің қаламы дүниеге әкелген сол сүйек­ші, сол дерменеші шал мен оның кішкен­тай немересінің сомдап соққан образы, ал, бұлар – тірі. Бұлар бізбен бірге өмір сүріп ке­ле­ді. Бізден кейін де талай-талай ұрпақ­тармен бірге жасап, өмір сүретін мәңгілік образдар…
…Шыны керек, бұл жазушыны мен жақсы кө­рем. Ол жөнінде көп ойланам. Өзі қара­пайым. Баспадан шығып жатқан том кітап­та­ры, бұрқыратын жазатын мақалалары, ала-бөле кейінгі жылдарда еліміздегі елуден аса театрларда үздіксіз қойылып жатқан пь­се­лары болмаса, жайшылықта оның көй­ле­гінің түймесі салынбай, етегі жиналмай, қо­бырап-собырап жүрген түріне қарап, кө­ше­де кездесе қалғанда, жазушы екен деп сірә да ойламайсың.
Бірақ таланттың аты талант. Әлгідей етегі жиыл­май, қобырап жүріп те, біз түгіл, біздің сыр­тымызда жатқан елдерде, сонау Болгарияда, ол, ол ма Санкт-Петербургтің, Орынбор, Омбының менменсіген тәкаппар театр­ларының сахнасының төріне қазақтың кү­пі­сі, тымағымен талтаңдап шығатын бол­дық. Соның арқасында, олар бұл күнде бізді мойындады да, қазір біз оларға емес, олар біз­ге кеп, өнердің осы саласында алғаш рет «Иса­беков әлемі» деген соны, жаңа ұғым пай­да болып, өмірге келді. Алматыда жеті күн бойы дүбір салып, ел-жұрттың құлағын елең­детіп, рухымызды тағы да кешегі Лондондағы Олимпиададан кейін, іле шала, енді өз елі­мізде, өз халқымыздың ортасында қуа­ныш­қа кенеліп, мәре-сәре болып едік. Енді қазір түк болмағандай, селт етпей, қыбыр етпей үн­сіз жатып алсақ, бұл әрине, өркениетті елі­мізге лайық мінез болмас еді.


Есмұхан ОБАЕВ,
ҚР Халық әртісі, профессор, режиссер

АУҚЫМЫ КЕҢ ДРАМАТУРГ

Бүгінде қазақ драматургиясында жемісті еңбек етіп, көп шаруа тындырып жүрген драматургтер көп емес. Дегенмен, осы салада қазақ театрларының репетруарына азық болып келе жатқан, ұзақ жылдан бері сахна төрінен түспейтін қазақтың іргелі театрларының көбі қойып жүрген пьесалардың басым көпшілігі – құрметті Дулат Исабековтыкі. Дулат драматургияға ерте келген. Содан бері өзінің тың тақырыбымен, творчестволық ізденістерімен, сахна мәдениетін биік меңгергендігімен танылып келеді. Мен өзім режиссер болғалы бері Дулаттың қаламынан шыққан пьесаларының басым көпшілігін қойғанмын. Сондықтан, бір кісідей Дулатты драматург, жазушы, азамат ретінде, жалпы өзінің болмысын көптен бері қадағалап жүрген адам болғандықтан оның творчествосына, бүгінгі бір кемел жасқа келіп отырған кезінде қуанышына ортақтасқым келеді. Шабыттың шауқарында, биікте отырған қазақ қанына тән патриот адамның қазақ сахнасына әлі де талай дүниелер әкелетініне сенемін.

Дулат Исабеков тақырып таң­дауда алдына жан салмайтын дра­матургтердің бірі. Ол әртүрлі та­қы­рыптарға бара алады. Ең бірінші, адам проблемасын қозғайтын шы­ғар­маларды сахна төріне алып ке­леді. Ол режиссермен отырып жұ­мыс істеген кезде спектакль сахнаға шы­ғып, премьерасы өткеннен кейін де шығарманы бірнеше рет то­­лықтырып, көрермен қалай қа­был­дады, не істеді, қай жері кем­шіндеу, қай жері артықтау, қай жері на­нымға келмейді деген тұстарында ыл­ғи да ісденіс үстінеде отырып, қай­талап жазуға ерінбейтін адам. Ау­қымы кең драматург. Бүгінде «дра­матургия жоқ, театрда пьеса жоқ» дейтіннің бәрі бос сөз. Рес­публикадағы қазақтың жиырма шақты театрында Дулаттың пьесаларын қойып шықса, соның бәріне ұзақ жыл азық болар еді деп ойлаймын. Дулаттың драматургияға кел­­гендегі алғашқы туындылары­ның бірі «Әпкенің» тақырыбы – өл­­­мейтін тақырып. Күні бүгінге дейін қырық-елу жылға таяу қазақ театр­ларының сахнасында алма-ке­зек қойылып келеді және осы пье­саға көрермен көп жиналып, қат­ты толқып, тебіренеді. Өйткені бұл – жетімдер проблемасы. Бауыр­мал­дық, отансүйгіштік проблемасы. Сол үшін де көрерменді қатты қы­зықтырады. Мысалы, інілерін, же­тім қалған балаларды сүйреп, әп­кесі өз тағдырын шешпесе де, ба­лалардың тағдырына араласып, со­лар үшін жанын пида еткен Қа­мажай сияқты адамдар бүгінде си­рек. Бір үйде тұрып ағайынды екеу сиыспайды, ал үлкенді-кішілі бір топ бауырдың басынан өткен оқи­ғалары адамның жанын тебі­рен­теді. Бұл – драматургтың күші. Мысалы, соңғы екі-үш жылдың ішін­дегі шығармаларын алар бол­сақ, М.Әуезов атындағы драма театрында екі бірдей қойылымы жүріп жатыр. Бірі – Мағжан туралы фи­ло­софиялық пьесасы. Осы пьесаға кел­ген көрермен талай жылдан ашылмай жүрген дүниелерге көзі же­теді. Ұлы тұлғамен сырласады, қай­ғырады. Халқының жоғын жоқтап жүрген, жазықсыз жапа шек­кен ұлы тұлға – Мағжанның тағ­дыры театр сахнасында өте жо­ғары дәрежеде қойылған. Дулаттың анық, ашық жанайқаймен айтқан диалогтары көрерменге керемет әсер етеді. Мысалы, келген актриса Мағжанның әйеліне: «Сіздің ро­ліңізді ойнаймыз. Біздің елде, Солтүстік Қазақстан облысында, Сәбит Мұқанов атындағы театр ашылып жатыр. Соған шақыра­мыз», – деген кезде ол кісі қатты тол­ғанып: «Ойпырым-ай, Сәбиттің атын­да да театр бар. Ал Мағжан, се­нің атыңда театр тұрмақ, көше де жоқ қой. Елеусіз қалдың-ау, есіл ер…», – деген сияқты сөздерге адам­ның жүрегі қалай тебіренбейді, қа­л­ай ойланбайды? Міне, осы пье­саның өзі бүгінде бізде аншлагпен жүріп жатқан пьеса. Мысалы, жа­қын­да ғана М.Әуезов театрының Дулат бастаған, оның қасында қою­шы режиссер мен бармын, үл­кен тобы Англияның Лондон қа­ла­сынағы Дулат пьесаларының фес­тиваліне барып қайттық. Бұл – қазақ драматургінің шет мемлекетте өткен авторлық фестивалі. Бұрын шетелде өткен осы сынды дүниені естімегенмін. Дулаттың пье­сасына ағылшындардың «Аққу-Жі­бекті» ағылшын тілінде орын­дағанын көргенімде тағы да мынадай ой келеді: драматургтің қау­­қары, ой-елегінің тереңдігі, сахна әлемін, адамның жан әлемін терең білетіндігін көрсететін шы­ғарма. Лондон еліне барған Ду­латтың осыдан төрт-бес жыл бұрын қойылып, әлі күнге дейін сахнада жүріп жатқан Балуан Шолақ туралы «Жаужүрек» деген пьесасы жер мәселесін, егемендік тақырыбын, ұлттық патриотизмді көтереді. Мысалы, халқын переселен орыс­тар­дан алып қалып, ауылын, елін, жерін қорғаймын деп он рет түр­меге түскен ұлы композитор, күрес­кер, патриот Нұрмағамбет Баймыр­заұлы туралы шығарма. Елі мен же­рін қорғаған осындай азамат туралы керемет пьеса жазған. Сол пье­са күні бүгінге дейін жүреді. Сон­да орыстың генерал-губер­наторына келіп: «Менің елімнен переселендер кетсін. Жерімді қал­дырсын, қазақ қалай жерсіз жан бағады? Оларға жер керек», – деген кез­де генерал: «Өй, өңшең надан қа­зақтар», – дегенінде Балуан Шо­лақ қарғып тұрып: «Сіз олай де­меңіз!», – деп орысша: «Когда Рос­с­ия ходила без штанов, вслепись уже с увала государства Туран!», – дейді. Міне, осындай ойлы қойылымдарды бүгін ойлы көрер­мен жақсы қабылдайды.
Дулат ізденімпаз адам. Мұның драматург ретінде жаны жұмсақ. Мен өзім ойлаймын, кейде ол пьеса жазып отырған кезде көзінің жа­сын сығып алатын да кездері болуы керек. Бұл кісіні адам, азамат ретінде қанша уақыт білемін, со­дан бері: «Мен мынадаймын!», – деп кеуде қаққанын көрген емес­пін. Режиссермен жұмыс істеп, бір­ге отырған кезде аяқ астынан ұтымды шешімдер қабылдайды. Біздің өнер академиясында Дулат секілді драматургтердің лабараториясы болуы керек. Қазір сол лабараториясында Дулат үшінші-төр­тінші курстағы бес-алты ба­­ла­ны драматургия класы бойынша оқытып жатыр. Солар ертең Дулаттың ізін қуып, қазақ сахнасына пьесалар әкелетін болса, Дулат сияқты тақырыптарды қоз­ғайтын терең драматург болса екен деймін. Дураматург, жазушы, прозайк, отансүйгіш азамат ретінде Дулаттың шаруасы бір қаламгерге жететін үлкен жүк. Сол жүгін арқа­лап келеді. Шабыты шауқар болып, аман-есен жүрсін деп тілеймін.


Смағұл Елубай, жазушы
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Тың тақырыптардың тарланы

Жазушы Дулат Исабеков дегенде ең алдымен, оқырман ретінде тұңғыш таныған «Тіршілік», «Сүйекші», «Дермене», «Гауһартас» тәрізді хикаяттар еске түседі. Тіптен әлі күнге дейін «Сүйекшінің» халі, сюжеті көз алдымызда тұрады. Қаламгердің осы шығармасын кемінде екі-үш қайтара оқығанбыз. Көркем прозаның бір құдіреті бар ғой, егер де шын талантты қолдан туған проза болатын болса, адам оны бір ғана оқып тастамайды. Оқырман оған бірнеше рет қайта айналып соғатын болады. Ал ондай шығарманың авторын классик деп есептеуге болады. Әрі ол туындылар қазақ қара сөзінің жауһарлары болып саналады. Демек, Дулат Исабековті де сол қатардағы жазушы деуге әбден болады.

Алғаш әдебиетке келген кезінде жазу­шы Дулат Исабековтің өзге­лер­ге ұқсамайтын бір ерекшелігі болды. Ол – Тіршілік атты тулаған теңіздің та­банында жатқан кейіпкерлерді тауып алатын жазушы екен. Адам елей бермейтін, көптеген қаламгерлер жанынан жәй ғана өте беретін кейіп­керлер болады. Ал Дулат Исабеков сол кейіпкерлерді байқап, соның ада­ми қасиетін мөлдіретіп қағаз бе­ті­не түсіре білуімен дараланды. «Сүйек­ші» атты шығармасының бас кейіп­кері қабір қазушы. Үй-күйсіз, әйел, бала-шағасыз жүрген бейшара адам. Шағын қаланың шетінде таң ат­қаннан кешке дейін қабір қазады да жүреді. Жазушы сол бейбақтың тағ­дырына үңіледі. «Тіршілік» атты по­весінде де қазақ ауылындағы на­шақор кемпір мен шалдың адам шо­шырлық тағдырларын көз ал­дың­нан өткізіп отырады. Міне, бұл біздің әде­биетте бұрын кездеспеген та­қы­рып, бұрын кездеспеген кейіпкерлер болды. Бүгінгі әдебиетіміздің үлкен тұл­ғасына айналған Дулат Исабеков ал­ғаш рет оқырманды жалт қаратқан әлгіндей жаңа, тың тақырыптарымен кел­ді. Содан бастап, біз оқырман ре­тінде Дулат Исабеков әңгіме немесе ро­ман жазса да оны асыға күтіп жүре­тін болдық. Дулат Исабеков тек про­замен ғана шектеліп қалмай, дар­матургияның ауыр жүгін көтерген қа­рымды қаламгерге айналды. Дулат Исабековтің жазған пьесалары сонау Сеулден бастап, Лондонға дейін оның ортасында Санкт-Петербург, Орта Азия бар осынау Еуразия құр­лы­ғын түгелдей игеріп жатыр десек, артық болмайды. Күні кеше ғана Лон­донда Дулат Исабековтің спек­такльдерінің фестивалі болды. Сон­дай-ақ ағылшын тілінде екі-үш кі­та­бы жарық көрді. Бұл жазушының екі жанрда да шығармашылық тұлға ре­тінде қалыптасқанын және белгілі бір деңгейге көтерілгенін аңғартады. Жазушы Дулат Исабеков көптен бері киносценарилерін жазумен де айналысады. Бұл салада тырнақалды туындысы «Гауһартас» хикаяты фи­ль­мінің сценариі болды. Аталмыш фи­льм әлі күнге дейін телеэкрандарда көрсетіліп жүр. Сонымен қатар, «Жаужүрек», «Балуан Шолақ» туралы киносценарилері де көрермен назарына ұсынуға дайын деп ойлаймын. Төртінші қыры ол – көсемсөз де­ген жанрдағы көрінген қайрат­кер­лі­гі. Әсіресе Тәуелсіздік тұсында кез кел­ген қазақ Ел, Тіл, Ұрпақ, Дін, Әде­биет тағдырына басқаша бір көз­бен қарайтын заман басталды. Өйт­кені біз бодандық формациядан құ­ты­лып, Тәуелсіз ел ретінде туымызды көтердік. Тәуелсіздік туын көтеру бір бас­қа да Тәуелсіз Қазақ халқын қа­лып­тастыру бөлек әңгіме. Әсіресе Тәуел­сіздікті ұстап тұратын, дамыта­тын, ол үшін күресетін Ұлттық сананы қалыптастыру әлі күнге дейін үл­кен қиқумен жүріп жатқан үдеріс. Ұлттың тағдыры жасалып жатқан кезде қаламгерлер сұрапыл еңбек сіңірді деп білемін. Бұл – үлкен күрес еді. Тәуел­сіздік үшін, Ұлттың қайта жаңғыруы үшін күресу жалғыз ғана жазушылар­дың маңдайына біткен жазмыш емес, кез келген азаматтың па­рызы. Осы тұста қайраткер, қалам­гер Дулат Исабеков аянып қалған жоқ. Ұлттың сан алуан қиындықтары бар. Соның бәрі туралы кез келген мін­берден Дулат Исабековтің ондаған жыл­дарға созыл­ған жанайқайы ес­тілумен келеді. Бұл ұлтқа қызмет ету­дің ең бір шапшаң мобильді түрі деп білемін. Әрбір жылымыз ғасырға татырлық заманда Дулат Исабеков ха­лыққа қажетті қа­лам­гердің бірі бо­ла білді. Сан жыл­дарғы қажырлы ең­бегінің арқасында Дулат Исабеков Әдебиетіміздің аса көрнекті, ірі тұл­ғасына айналды.


Бақытжан ҚАНАПИЯНОВ,
аудармашы, Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты

Мәңгілікке барар жол

Дулат Исабекұлының әңгімелері мен повестері, романдары мен пьеса, ки­носценарилері әдебиет жарық жұл­дыздарының қатарында әлемдік кеңістікте шарықтап жүргеніне де, міне анау-мынау емес, жарты ғасыр асып­ты. Және оның шығармалары қай кезеңдерде де, қай кеңістікте де өз оқырмандарымен, өз тыңдарман, өз кө­рермендерімен тіл табысып, үн­де­сіп, бірге жасап келеді. Олар әри­­не, әуе­лі өз Отанында танылып, одан соң алуан тілдерге тәр­жі­ма­ла­нып, алыс-жа­қын шетелдердегі оқырман, кө­рер­мендерімен көзайым боп қауыш­ты.
Бәлкім, жазушы дегеніңіз қашан­да адам жанының көз жетпес көк­жие­гінің жиһангері жолаушысы бол­­­­­ғандықтан ба кім білсін. Әдебиет әле­міне бет алған бұл ұлы сапар оның «Жолда» (1963 ж.) деп аталатын ша­ғын әңгімесі мен «Бекет» деген жұ­қалтаң ғана тұңғыш кітабынан (1966 ж.) бас­талды.
Дулат Исабековтің тырнақалды туын­дыларынан бастап-ақ күні бү­гінге шейін оның жүрегіне әбден ор­нығып, жанына әбден етене жақын болған бір тақырып бар. Ол бас-аяғы жоқ қу тірліктің ырқымен өмірдің аумалы-төкпелі аласапыранына ара­ласып кететін «кішкентай адамдар» образын жасау, солардың өмірлік тақырыбы. Ол – ежелгі бір ізбен ғана жүріп, бір қалыптың ішінде өтетін өмір емес, керісінше бұрылысы мен бұ­ралаңы көп, «соқтықпалы, соқ­пақ­ты» өмір тақырыбы. Ал үлкен қа­ламгер өмір құбылыстарының алуан қырын ашуға шарасыз мұндай бі­різділікке, бірқалыптылыққа қа­шан да өзінің тегеурінді талантымен, үлкен дарынымен қарсы тұрады. Бұл – бұлтартпас шындық. Баяғы Антон Чехов та сөйткен. Василий Шукшин де, Фазыл Искандер де сөйткен. Бү­гінгі Дулат Исабеков те сондай. Бұ­лар­дың бәрінің басын қосып, бір ар­наға тоғыстыратын да әлгі өздері кіп-кішкентай болса да жүрегі үлкен, жаны жазира жәй ғана адамдар. Олар­дың бүкіл жан дүниесі бітім-бол­мысы нағыз сөз зергері келтірілген бол­машы ғана деталь арқылы, қажет же­рінде ұлттық уытты тілі мен ащы мыс­қыл арқылы және түптеп келгенде Дулат Исабеков сияқты үлкен дарын иесінің қаламынан туған про­задағы кейіпкерлердің ішкі жан сы­ры монологы арқылы ғана көз ал­дыңызда кең де көркем бір әлем ашыл­ғандай болады. Ол «Гау­һар­тас­та­ғы» жас жеткіншек Қайыркен мен пе­ризаттай Салтанаттың әлемі. Ол – адам-пенде әу баста маңдайына не жазылса, өмірі солай өтетініне әбден мойынсұнған сүйекші Үндеместің әлемі.
Дулат Исабеков кейіпкерлері не­гізінен ана жағы Қаратау, Сайран, мы­на жағы Бөген мен Арыс өңірінің тұр­ғындары. Олар әдетте, өкімет, би­лік жақтағылардан іргесін аулақ ұстауға тырысады. Ал енді соларды өз­дері сияқты ауылдастары мен құр­бы-құрдастарының ортасында көр­сеңіз ше? Онда сіз өзіңізді бірде бі­рін-бірі әзіл-қалжыңмен қағытпалап, бірде өткір де отты сөзбен шарпып өтіп қым-қуыт өмірдің қазанын қай­натып жүрген мінез-құлқы әр алуан адамдардың ортасына түсіп кеткендей күй кешер едіңіз. Және осының өзі әлгі айта беретін неше түрлі үгіт-на­сихат, қос стандарт дегендерден әл­деқайда қымбат та құнды бір қазы­на­дай екеніне көз жеткізер едіңіз.
Иә, әр күні қым-қуыт қарама-қай­шылыққа толы біздің ХХІ ға­сы­рымызда ауыл дейтін ауыл да қалмай барады. Қалған болса, оның өзі де Дулат Исабековтің за­­­мандастары мен қатар құрбылары, бү­гінгі көзі тірі қазақ қаламгерлерінің тұтас бір буыны куә болған, мінез-құл­қы, тіршілік қам-қарекеті таңға­лар­лық адамдары ғайып боп кеткен басқа бір заманның ауылдары.
Иә, бүгінде өзіміз өтпелі кезең деп жүрген өкпек желдей ескен біздің заманымызда (айтпақшы, жазу­шы­ның бір повесі «Өкпек жолаушы» деп аталады) олар біздің көз алдымызда емес есімізде ғана, жүрек түкпірінде ғана елес болып қалғандай. Дулат Иса­­бековтің повестері мен әңгі­ме­лерін бүгінгі ХХІ ғасыр оқырманының жүрегіне жеткізуге де сол есіміздегі­лер ғана көмектесуде. Олар біздің ұл­тымыздың рухани мұраларын ға­сырдан-ғасырға жалғап, Мәңгілікке жол ашатын алтын қақпаның құ­діретті кілті десек те болады.

ПІКІРЛЕР2
Аноним 22.11.2019 | 19:04

Менде Ленин жолы ауылында туылып 10 жасқа дейін тұрғанмын. Ауылымыз көкмайса, талдары мен жеміс ағаштары көп, арықта су толып ағатын. Адамдары өте мейірімді, бір-бірінсіз тамақтарын да іше бермейтін. Ұлкендерді құрметтейтін. Сол кішкентай ауылдан Дулат бағамыз,Атақты дәрігер Орынбаев Тұрмахан, Рамашовтар әуетінен 5 кісі бірдей,Дулат ағамыздың өзі жаза беретін досы-полиция қызыметкері Амангелді көкеміздер шықты. Ол кезде тыйым салынбаған көкнар ішкендерді көріп өстік. Киабанда суреттелген сыпайы көкнар ішетін кісі біреу келе қалса көкнарының бетін аппақ шүберекпен жаба салатын ата менің Ахметбек атам-ау деп жұрмін. Дулат ағамыздың бір кездесуіне бара алмай жүрмін. Помидордың ұрығында әкеміздің аты Нәметай жазылған. Аға,ұзақ жасаңыз кездесуіңізге барып қалармын. Сәлеммен Ахметова Шарипа Наметайқызы-Хожамжарова Шарипа Наметайқызы.

Аноним 05.01.2020 | 18:58

Апппрпппппп

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір