«XXI ғасыр кітапханасы: жастар стратегиясы»
«Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге. Артық білім кітапта, Ерінбей оқып көруге», – деп Абай атамыз айтқандай, XXI ғасыр жастарының жан-жақты білімді, сауатты, яғни интеллектуалды деңгейі жоғары болуы үшін кітаптың алатын маңызы зор. Бүгінгі күні жас ұрпаққа берілер білім мен тәрбиенің сапалы болуы бірінші кезекте. Осыған орай, еліміздегі бірден-бір руханият ордасы – ҚР Ұлттық кітапханасының алар орны ерекше. Тәуелсіз Қазақстанның келешегі жас ұрпақты тәрбиелеп отырған мектеп дейтін болсақ, кітапхана осы міндетті бірге атқарады. Кітап – адамзат мәдениетінің ең ұлы туындысы, кітапхана – киелі орын, ал кітапханашы – қоғамның рухани жоқшысы. 2015 жылы ҚР Ұлттық кітапханасына «Ақпараттық ресурстар» бөліміне жас кітапханашы болып қызметке тұрдым. ҚР Ұлттық кітапханасына келіп түскен құжаттарды «РАБИС» бағдарламасы негізінде электронды каталогқа енгізумен айналысамын.
Ұлттық кітапханаға мектеп оқушыларынан бастап жоғарғы оқу орнын енді аттаған студенттер, ғалымдар мен оқытушыларға дейін өздеріне қажетті әдебиетті іздеп осы киелі мекен – кітапханаға соқпай кетпейді. «Қазақстандықтар – жасампаз және жас ұлт: республиканың әрбір екінші тұрғыны 30 жасқа толмаған жастар. Қазақстанның болашағы Қазақстан жастарының даму деңгейімен, олардың қоғамға ықпалдасуымен байланысты», – деп Елбасымыздың мақаласында айтып өткендей, ҚР Ұлттық кітапханасында жұмыс жасайтын мамандардың
70 %-ы жастар екендігі қуантады.
ҚР Ұлттық кітапханасында мәдениет пен озық өркениеттің дамуына өз үлестерін қосу, жас ұрпақтың бойында ұлттық патриотизм сезімін қалыптастыру мақсатында «Қазақстан кітаптары» қызметі жанынан құрылған «Парасат» жастар клубының белсенді мүшесі екендігімді мақтан етемін. Аталған клуб бүгінгі күні бірқатар маңызды көпшілік іс-шаралар мен жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Атап айтсақ, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, отаншылдықты қалыптастыру мақсатында Ұлы Отан соғысының батыры Бауыржан Момышұлын еске алу кешін жоғары деңгейде ұйымдастырды. Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың әдеби мұрасына арналған әдеби сайыс, ақиық ақын М.Мақатаевтың 70 жылдығына орай ұйымдастырылған кеш, қазақ жазушысы, драматург Қалихан Ысқақовтың 80 жылдығына арналған «Қазақ прозасының қара нары» атты еске алу кеші де аталған кеңестің келелі жұмыстарының бір көрінісі.
Клуб мүшелері кітапханаішілік іс-шаралармен шектелмей, Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты спорт түрлерінен өткізіліп отыратын түрлі сайыстарға қатысып, айтулы жүлделерге ие болды.
Сонымен қатар, клуб жастары «Ән салады мамандар» музыкалық жобасына қатысып, «Өнерлінің өрге жүзетіндігін» де байқатты. Кітапханашы мамандардан құрылған «Парасат» жастар клубының алға қойған жоспары: оқырмандарды, жастарды ұлттық және әлемдік мәдениетке тәрбиелеу, өз қоғамына тығыз байланысты және сол қоғамды жетілдіруге ұмтылған тұлға қалыптастыру болып табылады.
Сондықтан парыздарымызды асқақ абыроймен, аса адал орындау арқылы ұлтымыздың іргетасын бірге нық тұрғызайық. Еңселі еліміздің ертеңі біздің қолымызда. Қазақстанды биікке жетелейік, жеткізейік. Жарқын болашаққа қадам басып келе жатқан халқымыз үшін Тәуелсіздігіміз мәңгі жасай берсін дегім келеді.
Үміт ЕРҚАНАТҚЫЗЫ,
ҚР Ұлттық кітапханасы «Ақпараттық ресурстар қызметінің библиографы».