Шерхан Мұртаза шығармалары түрік тілінде
Қазақстан Республикасының «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасы және Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы аясында Түркияда ай сайын шығатын «Кардеш Калемлер» (Бауырлас қаламдар) атты әдеби журналдың жаңа саны Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның шығармашылығына арналды.
Журналға Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлының «Классик жазушы», Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуб Омароғлының «Анасына ескерткіш тұрғызған жазушы», жазушы Мархабат Байғұттың «Шыңдағы Шерағаң», жазушы Нұрғали Ораздың «Қазақтың ұлттық манифесті», журналист Талғат Сүйінбайдың «Шерағаңа сыр ақтарып қайтқанда…», түрік қаламгері Емруллах Өздемирдің «Түркіге ортақ туынды» атты мақалалары, Ш.Мұртазаның «Ай мен Айша» романы және «Қызыл Жебе» роман-эпопеясының үзінділері енді. Материалдарды түрік тіліне аударып баспаға дайындаған жазушы Мәлік Отарбаев. Еске сала кетейік, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза биылғы жылы «Түркі әлемі әдебиетіне қосқан үлесі үшін» арнайы сыйлығымен марапатталған еді. Сонымен қатар, қазақтың белгілі әдебиет сыншысы, көрнекті қаламгер Сағат Әшімбаевтың туғанына 70 жыл толуына орай жазушы Ғаббас Қабышұлының «Асықпай жүрген емес» атты мақаласы жарық көрді.
ПІКІРЛЕР2