Ақын – туған жерінде
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Қалибек Шайжанның 70 жасқа толуына байланысты, Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Бірлік ауылында қаламгердің мерейтойы өтіп, Мойынқұмдықтар өнерлі перзенттерін ардақтап, мәслихаттың шешімімен «Құрметті азамат» атағын беріп, оны әкімнің орынбасары тапсырды.
Шараға Алматыдан халықаралық дипломат, ардагер ақсақал Қуатбек Тәжібаев, «Сезім» атты жаңа кітаптың жарыққа шығуына демеушілік көрсеткен Талғат пен Қабылан секілді кәсіпкерлер, сондай-ақ ҚЖО мүшелері Нұрмұқан Жанұзақ, Саят Қамшыгер, Дәулетбек Байтұрсынұлы қатысып, қаламгерлер атынан одақ Төрағасының арнайы құттықтау хатын тапсырды. Бір басына бірнеше өнер тоғысқан Қ.Шайжан гармонмен құйқылжыта ән салып, домбырадан күмбірлете күй төгіп, жадырап-жайнап өлеңдерін жатқа оқыды. Бұл күнде Алматыда тұратын ақындарын ауыл сағынып қалған екен, жылы сөз, жымдасқан көңілдер, айқасқан құшақтар араларынан жібергісі келмей, кеш соңында ағайындар кете алмай біраз бөгелді. Осылайша атақты желтоқсаншы, «Халық қаһарманы» Қайрат Рысқұлбеков өмірге келген өңірде азаматтарын ардақтаған, ұрпаққа ұлағатты кеш өтті.