ОЛ КҮНДЕР – КӨЗ ЖЕТПЕЙТІН ЕРТЕ КҮН ҒОЙ…
Қайсыбір тұстарда аға қадірін, іні тынысын, әпке мұңы мен қарындас назын түсінуден де қалып бара жатырмыз ба, деп күрсінетінім бар. Кеше ғана ыстық-суықты бірге тартысып, ыңғайына қарай арқаңнан қағып, қамқорлық жасаған аға-бауырларыңа ірге бөліскен соң, уақыт өте келе суық тарта бастайтының неге екен?! Әлде «бірге тумақ болса да, бірге өлмек жоқ» деген тәмсілдің ағайындық аражікті алшақтата түсетін болғаны ма.
Өзекті өртеген өзге ағайларымның өлімдерін айтпағанның өзінде, кешкі уақыттың бірінде тұрғылас көрші кемпір-шалдармен есік алдында әдеттегідей әңгіме-дүкен құрып отырып, үлкен әпкем Қайынжамалдың үн-түнсіз арғы дүниеге аттанып кете барғанын айтсаңызшы… Маңдайынан сипай да алмай қалдық қой. Өзімнен үлкен тетелес ағайым Ахан – Аханғали ертеңгі алпысқа толар күні алдындағы түнде, таң ата жарық дүниенің есігін тас құлыппен тарс жауып кетті. Қол алысып қалуды Алла Тағала пешенемізге жазбапты.
Ал, ортаншы ағай – Ақли – Ахметқали Жаппасұлы Кіршібаев, Сізді ауру көп шырғалады. Ұл-қыздарыңыз ештеңелерін аяған жоқ, емдетудей-ақ емдетті. Бір айландырса, шыр айландыратын сұм ажал соңыңыздан сүмеңдеп қалмай қойды. Адал жарыңыз Нұрзағи Әнтайқызы қиналған сәтіңізде ағаш орындықта, қасыңызда отырып, ауруханада таң атырды. Өзіңізді ел-жұртыңызға Ақли атандырған Ерланыңыз бен Мәншүк, Дәулетжан, Думан, Ерлан, Нұрландар ұйқыларын ұмытып, жұмыстарын тастады. Былайша айтқанда аурумен Сізбен бірге күресті ғой. Бірақ, бедірейген бетсіз аурудың беті еш уақытта бері қарамайды екен.
Бірге туған біздер Алматы сынды алып қаланың ана шеті мен мына шетінде өмір сүріп жатырмыз. Айлап қол алыса алмаған кездеріміз көп болды. Қалта телефоныңызды мазалай беретінім рас еді. Тіпті, ауру меңдеп, жатып қалғаныңызда да тіл қатынастырушымыз осы қалта телефоны болды ғой. Жаратушы Иемізден «Оңалта гөр, сауықтыра гөр» деген тілегімізді тілеп отырып, бірер таңды қасыңызда атырдым. Бірақ… Иә, бірақ, деміңіз үзілер сәтте қасыңызда бола алмағаным қандай өкінішті!.. Менің тарапымнан кеткен қатыгездік пе, әлде өмір қағидасы осылай ма еді?
Арабтар әр батқан күнге тізерлеп бас ие отырып, өлімге тағы бір күн жақындадым-ау деп жылайды екен. Жастың ұлғая бастағаны болса керек, оңаша бір қалған сәттерде жаныңды сағыныш кернейтіні рас. Десе де осы «сағыныш» деген не өзі? Қазіргі заманда сол сезім адамдар жүрегінен табыла ма? Құлазып, елегізіп, туысқандық бір түрткінің ықпалымен әсіресе, мереке күндері олар іздей қоймаған соң (Нұркамал әпкемнен басқа) іні-қарындастарыма «Айшылық алыс жерлерден, Жылдам хабар алғызатын» пәлені «жұмсайтыным» бар. Қайсыбірі ана бір, мына бір басқосуларда отырғанын айтып, әңгімені келте қайырады. Ондайда жүрегі құрығыр сызда-ап қоя береді. Дұрыс қой, бәрінің де асырап, бағып отырған бала-шағалары бар, сығымдап ұстап, желкеден қысып тұрған қызмет, жұмыс тағы бар. Таң атса, күн бататын мына жалған дүниеде мұршаң ештеңеге жетпей жатады. Әрі қазіргі жастар әлеуметтік, экономикалық «сағынышқа» ұшырағандар ғой. Оған, әрине, қоғам мен үкімет кінәлі. Жастарға Араб елдеріндегідей жағдай жасалса, олар туысқандық сағынышты жүректеріне қайта ұялатып алатындары даусыз.
Қоғам демекші, Ақли Сіз қоғамнан өз орныңызды тапқан адам едіңіз. Немістің атақты математигі Карл Гаусстың «Арифметика математиканың, ал математика ғылымдардың патшасы» дегеніндей… ең қиын – математика мамандығын таңдаған едіңіз. Еркіңізше игергендігіңіз соншалық – бақылау, емтихан есептерін ережеден тыс тәсілдермен қысқаша үлгіде шығара беретінсіз. Әріптестеріңіз: «Осы Сіз бүйректен сыйрақ шығарып жүреді екенсіз», – деп таңданатын. Әсіресе, мектеп директоры кезіңізде аудандық, облыстық оқу басқармаларынан, министрлік тарапынан апта құрғатпай алмасып жататын тексерушілер әкіреңдеп, ақиланып келіп, кетерінде «Ақлилап» аттанатын. Өйткені қызметіңізден қылау таппайтын. Бір отбасының балаларындай араласып-құрмаласқан ұжым мүшелері арасынан қаңқу сөз естілмейтін.
Бір көрген адам сізді томаға-тұйықтау мінезді деп ойлауы әбден мүмкін еді. Жөбішеңгі адамдарға сырыңызды жуықта алдыра қоймайтынсыз. Шешіле келе нағыз әзілқойдың бірі екеніңізді танытатынсыз. Тұрғыластарыңыз Мұратжан Тоқпанов, Бақтұрсын Смағұловтар сіздің қылжақ әңгімелеріңізге іштерін баса, ауыздарын аша күлісіп, айыздары қана тыңдайтын. Ешкімнің ала жібін аттамайтын Сіз оқушыларға қашан да қуаныш сыйлауға тырысатынсыз. Тіршіліктің тынысына қарай қайсыбір безбүйректерге «Таспен атқанды аспен атудың» шынайы үлгісін көрсете жүретінсіз. Кез келген ауылда біздің халқымыздың телісі мен тентегі қоса жүреді ғой. Бірде кешкісін мектептен шығып, үйге қайтып келе жатқанда содырлау мінезді бір «ағайын»: «Менің балама «айналайын-ау, оқуыңды түзесеңші», – депсің, олай деп неге айтасың? – деп ат үстінен қамшы үйірді. Соңыңыздан келе жатып лақтырған тасым аттың шабына тиді. Үрке, мөңки, ауыздығын жұла тартқан аттан өзі аударылып түсіп қала жаздаған бейбақ қайта қайырылмастан кетті. Сонда Сіз:
– Бекер тиістің ғой, бейшара аударылып қала жаздады. Шай іш деу керек еді, – дедіңіз.
– Еш кінәңіз жоқ Сізге қамшы үйіріп тұр ғой… – дедім.
– Бар түсінігі сол, бөлімшенің шабаны ғой, – дедіңіз.
Көрінген жерде шешіліп сөйлей бермейтінсіз. Тұрғыласыңыз марқұм Самат Әмірғалиевпен пікір-таласқа түскенде ағытылар едіңіз. Қоғам, өмір, тыныс-тіршілік жайлы, оған саясатты тұздықтай араластырып, көсілгеніңізде Сәкең:
– Ал, Ақлиды енді тоқтатып көріңдер! – деп, ризашылықпен қос танауын делдитіп, күлімдей бетіңізге қарап отырар еді. Республика бойынша шалғайдағы 70 ауданның, әлеуметтік жағдайы өте нашар отыз ауданның санатында болғандықтан ауылда теледидардың да, радионың да өрістей қоймаған кезі.
– Осыншама хабар-ошарды осы сен қайдан аласың? Аспанмен тілдесетін бір пәлең бар-ау, – дейтін Сәкең.
Осының бәрі математикалық есеппен астасып жатады. Ара-жігін ажырата білу керек, – дейтінсіз.
Әдебиет ауылымен де аралас-құраластығыңыз мол болатын. Тарихи шығармаларды жата-жастана оқитынсыз. Ілияс Есенберлиннің, Әбіш Кекілбаевтың, Мұхтар Мағауиннің шығармаларына айналаңыздағылармен пікір-талас ұйымдастыратынсыз. Есенберлиннің «Қаһарын» кітапханалардан құрттырып жатқанда қатты налыған едіңіз.
– Бұл ұлттың рухына, халықтың кешегі тыныштығы мен тұтастығын сақтаған тұлғаларына жасалып жатқан шабуыл ғой. Ара түсерге шама жоқ, – деп булықтыңыз.
Ауылға жиі ат басын тірейтін ақын-жазушылармен тез тіл табысатынсыз. Аудандағы белгілі жазушы Ахмет Жүнісовтың үйіне келіп қонақ болатын қаламгерлерге Сіз, Қатайым – Ахметқазы Жаппасұлы екеуіңіз де шаңырақтан дәм татырмай жібермейтінсіздер. Ахмет ағайдың повесіндегі «Бозторғай көкке ілініп қалған» дейтін суретті сөйлемін: «Бұл – шеберлігіңіз ғой», – деп бөлектеп айтқанда:
– Сен әдебиетті жақсы танисың, кітапқа рецензияны саған жаздырту керек, – деп мәз болатын.
«Сайтан көпір», «Қасқыр ұлыған түн», «Біздің жақта қыс ұзақ», басқа да шығармалары туралы дәйектей сөз қозғағаныңызда Оралхан Бөкеев шалқақ басын аққуша иіре риясыз рахаттанатын. «Сайтан көпірдегі» жаны мұрнының ұшына қамалып, қылкөпірден өткендей қиналып бара жатқан кейіпкерге басараздығы бар, шалағайжолдас, пендеәуи кейіпкердің айқайлай тау жаңғырықтырып, қар көшкінін жасататын тұсын мысалға келтіріп:
– Ореке, адамға адам бұдан артық жауыздық жасар ма! Шығарманың қаны шапшыған «жанды» тұсы – міне, осы, – дегенде Ор-ағам:
– Ахметқали, сен математикада не іздеп жүрсің? Қайт әдебиеттің ауылына, – деп қушыкештене, көзін алайтқан болып, темекісінің түтінін көкке үрлейтін.
– Ол ауылдың төріндегілердің бірі болып Сіз отырсыз ғой, ризамыз соған, – дейтінсіз.
«Қайран жастық» жинағындағы өлеңдеріндегі сөз қолданыстарын ежіктей екшеп, ескілікті сөздерді нәрлендіре пайдаланғанда өлеңі ерекшелене өрнек тауып, оқығандарды рахат күйге бөлейтінін айтқанда Қажытай Ілиясұлы тыпыршып, орнында отыра алмай, насыбайын астыңғы ерініне бір салып, оны оң қолының бас бармақ пен балаң үйрегімен қысып ұстаған қағазымен шымши тазартып, шақшасын төплиінің өкшесіне тық-тық қағып қойып, сол алақанға салып, насыбайын қайта ататын.
– Ей, Ақли, негізі мықты баласың, ауылда неге қаңғып жүрсің? – дейтін Қаж-ағам көзін үшбұрыштандырып.
– Алматыңыздың бір тамыры ауылда жатыр емес пе. Ауылдағылардың ауызы ашутастың суымен шайылып, тазартылған. – Бұл Ақлидың жауабы. Қаж-ағамның «Маймылдың мәдениеті» әзіл, сықақ жинағындағы «Ешкінің құйрығы неге қайқы?» мазақтамасынан бастап біраз сықақтарымен айналасындағыларды күлкіге бөктіріп алатын. «Қыстың қамын жаз ойламаған», тоққарынға мәз, салдыр-салақ бір совхоз директорын «Сыр сұлуы» әнінің ізіменен жазған өлең-фельетонымен іреп, сойған сықағын есіне салғанда Қаж-ағам екі алақанын бір-біріне ысқылап қойып:
– Ахметқали, сені математиканың «бұғауынан» босаттыру керек, – деп алдындағы «көңілашар» сусынды көмекейлете тастап жіберетін.
Хо-о-ош! Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Жаратушы Жан Иеміз үшін адам өмірі қас қағым сәт қана дейді. Сол қас қағым сәтте қай пендесін өмір – өлшемінің қай бөлігіне қойғанын тағы да Жаратушымыз біледі ғой. Жиырма жастың жалынына шарпылып жүрген кезімде «бір ораған шарфысын үш ораған» дегізген ақ шарфты да, ақ тиіннің терісінен тігілген ақ қаптамалы тонды да (Нұрзағи жеңгем екеуіңіз) сатып әперіп, жігіттікке ұмтылдырған Сізді жоғалтып алғалы да, Ақли, бір жылдың жүзі болыпты.
Жалпы қазір менен бастап адамдардың жүрегінде жылу қалмаған ба деп сезіктенемін. Бірге туған ағайындастар бірімізді біріміз іздеуден қалып барамыз. Барымыз да, жоғымыз да – бәрібір. Өйткені, қоғамға да адамның еш қажеті жоқ секілді. Мағжан Жұмабаев атамыз:
Ол күндер – көз жетпейтін
ерте күн ғой,
Ерте күн – ертегідей ерке
күн ғой, –
дегеніндей, ертегідей ерке күндер өтті, кетті.
Енді қалғандарымыз, отбасымыз, жалпақ жұрт аман болса екен.
Еркін ЖАППАСҰЛЫ.