Тарихи ақиқат аясындағы әдеби тұжырым
03.11.2017
1627
0

2016 жылы Алматыдағы «Ценные бумаги» баспасынан «Шыңғыс-Қаған» атты роман жарық көрді. Авторы – этнограф, саятшы, құсбегі, ғалым Данияр Әлбозым. Кітапқа Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының екі бірдей ғалымы таныстыру жазып, көзқарас білдірген. Бірі, академик, жазушы, әдебиеттанушы Нұрдәулет Ақыш, екіншісі, М.О.Әуезов атындағы «Әдебиет және өнер» институтының ғылыми қызметкері, жазушы Ерболат Баят. Романның әдеби құны, әлеуметтік маңызы және сюжет құру шеберлігі, т.б. туралы жоғарыдағы екі маман өзді-өз тараптарынан теориялық пікірлер айтқан екен. Біз бұл арада, тек шығарманың тарихи деректік шынайылығына қысқаша тоқтала кетпекпіз.

Аңдатпада өзі айтып өткендей, автор ро­манға «Шыңғыс қағанның қузауыры», яғни «Құпия шежіре» атты әйгілі тарихи құжатты арқау етіп алған екен. Алайда Дәкеңнің қаламының көсіле шабуына қарап бір ғана дерекпен шектелмегенін аң­ғаруға болады, еңбектің өн бойынан Р.әд-Дин, М.Дулати, Қ.Жалайыри, Ә.Бахадұр, П.Карпини, Г.Ру­брук, М.Поло қатарлы Шығыс пен Батыс ав­тор­ларының рухы менмұндалап тұрады. Айталық, ав­тор Шыңғысханды Іле бойының, Жетісу өл­ке­сінің тумасы ретінде суреттеген. Шынында да «Құпия шежіре» дерегі бойынша ұлы қаған Жете және Ілеті деп аталатын өлкеде өмір сүрген. Десе де Шыңғысхан өмір сүрген мекенде Құлжа, Нарат, Шаты, Алмалық, Те­кес, Бұрқан, Түрген, Жәркент (Яркен), Қар­қара, Шарын (Шарғын), Қапшағай (Зерен-Қапшағай) қатарлы жерлердің болғанын білу үшін, оған («Шыңғыс қағанның қузауырына») қоса, ең кемінде «Жәмиғ ат-тауарихты» оқу керек болады. Ал Алатаудың солтүстік жақ етегінде, Қой­лықты өз ішіне алған аумақта Орған атты өлке бар екенін, сондай-ақ Қа­рақорымның да жоғарыда аталған жерлердің маңында болғанын білу үшін аталған үш батыстық авторды оқуға тура келеді. Демек, қаламгер бұл еңбекті жазуға мығым даяр­лық­пен келген.
Романды оқи отырып Шыңғысханның Тұран­ның тұнық тумасы, Түркістанның төл перзенті екеніне көз жеткізесіз. Бұл әдебиет сыншылары айта беретіндей, жалпы түсініктегі «көркем шын­дық» қана емес, көркемдік деңгейге көтерілген на­ғыз тарихи құжаттық болмыс. Шыңғысхан әу­ле­тінің Орда тарихшысы Атамәлік Жувейни осы­нау ұлы әулеттің Тұранда, яғни Түркістанда туып өскенін, сондағы жергілікті халық өкілі екенін, сондай-ақ тегі түрік, діні ислам болғанын көптеген деректерді баяндау барысында тіке немесе жанама түр­де көрсетіп отырған. Одан соңғы тағы бір Орда тарихшысы Рәшид әд-Дин Шыңғысханның же­тінші атасы Қайдау (Қайду) ханға дейінгі бабалары Сыр бойы, Арал маңындағы Борсық, Қарақұм деген далаларды, Ұлытау, Кішітау бөктерлерін, сон­дай-ақ Сайрам (Шымкент), Талас (Жам­был) өл­келерін мекендегенін, сонда билік құрғанын анық­тап, таратып жазып кеткен болатын. Егер «Жә­миғ ат-тауарих» Қазан (Ғазан, Азан) ханның ба­қылауында, Р.әд-Диннің жетекшілігінде жазылғанын, одан сырт басқа да хан-солтандар мен әлемнің әр түкпірінен келген тарих ғалым­да­рының тал­қы­сынан өткенін ескерсек, ондағы де­рек­­тердің шынайылығын да мойындауға тиіс­піз.
Данияр Әлбозымның Шыңғысханды түрік, қа­зақ, оның ішінде жалайыр деп көрсет­кеніне кел­сек, ол да тарихи құжаттық дәйекке негізделіп ай­тылған көркемдік шешім. «Жәмиғ ат-тауарихта» Шыңғысханның ататек шежіресі «Жалайыр руы» тарауында таратылған әрі бұл арыстың ішінде төре, төлеңгіт деген рулардың бар екені анық атап көрсетілген. Ал «Құпия шежіреде» Қайдау ханнан тараған тәйжігіт (тайшығұт) руын жалайыр деп таратады. Ен­деше Қайдау ханның тіке ұрпағы, тақ мұрагері Шыңғысханның да жалайыр екеніне ешқандай талас жүрмейді. Бұдан сырт көптеген тарихи деректерде Шыңғысханның жақын туыс­тары жалайыр деп көрсетілген. Айталық, «Алтын ше­жіреде» Жамұқа шешенді «жалайырдың Жамұха­сы» десе, Шыңғысханның тағы бір туысы «Жәмиғ ат-тауарихта» «жалайыр Саба батыр» де­лінген. Демек Дәкеңнің көркемдік деңгейде баян­даған тарихи, шежірелік таратуы – нақты құжаттық дәйек­тер негізінде, ғылыми ақиқат аясында жасалған әдеби тұжырым.
Романда Шыңғысханның билік құру ба­ры­сындағы күрестері негізінен Жетісу өлке­сінде өткені туралы суреттеулер жиі кездеседі әрі ол шығарманың басынан аяғына дейін дерлік үздіксіз жалғасып отырады. Бұл, әсте «қоламтаны өз күл­шесіне қарай көсеу» сынды пендешіліктен туын­даған тыраштану емес, қайта тарихи деректің аясында сызылған кезіндегі нағыз өмірдің көркем суреті. Шың­ғысхан әулетінің тарихын жазған ең алғашқы Орда тарихшыларының бірі Атамәлік Жөбеней Қарақорымның топографиялық орнын: Алма­лық, Қойлық, Еміл (Алтынеміл) сынды үш нүктені басып өтетін шеңбердің өзегінде деп сипаттаған. Жан-жақты білімдар тарихшы Шыңғысхан астанасының жағырапиялық координатын осындай геометриялық заң­дылық­пен, барынша дәлдікпен бейнелеп көрсетеді. Әрине бұған негізделіп Қарақорым­ның жұртын бірден таба салу оңай болмас, десе де оның осы аймақта, Жетісуда болғанына ендігі жерде еш күмән қалмайды. П.Карпини мен Г.Рубрук те Қарақорымның топографиялық орнын Балқаш-Алакөл ойпатының оңтүстік жағында деп сипаттаған. Ал М.Поло Каспий бойы­на келген соң таяу маңда, Шыңғысханның атамекенінде мұрагерлер ара соғыс жүріп жатқанын естіп бұрыс жол басуға, Ханбалыққа (Бейжіңге) бару үшін Ферғана арқылы Қаш­ғария мен Бәркөл өлкелерін басып өтуге мәжбүр болады. Р.әд-Динде де атал­мыш соғыс, яғни Құбылай, Арықбұқа (екеуі ағайын­ды, Төле әулетінен), Қайдау (Үкітей әуле­тінен) және Дуа (Шағатай әулетінен) арасындағы тақ талас Іле бойында болғанын жазады. Соңғы замандағы ғұлама тарихшы Құрбанғали Халиди Ақорда территориясы Қазақстанның оңтүстік бөлігі мен Ферғана аймағын қамтығанын, Шың­ғысханның атажұрты да осы аймақ ішінде екенін тарихи дерекке сүйене отырып атап көрсеткен-ді. Сондай-ақ, Ысық (бәлкім Есік) деген көл аңға­рында орталық қала болғанын, оны кейін тасқын қиратып кеткенін жазған. Демек роман авторы тарихи құжаттық деректердің аясынан шықпаған. Қаламгер көркем шығарма жазып отырғанын сылтауратып, тарихтану ғылы­мына қиғаш тір­лікке бармайды, тек дәйектік негізі бар нақты құ­жаттық ақиқатты айна ете отырып үлкен пано­ра­маның бір бөлік көркем суретін салып шық­қан.

Тілеуберді ӘБЕНАЙҰЛЫ
ҚР ҰҒА-ның Құрметті мүшесі,
тарихшы, аудармашы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір