Ой мен сөздің өлкесі
03.11.2017
1651
0

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ


***
«Ақын болу – хақтың ісі».
Дау бар ма,
Ақиқатқа аттан қосар жау бар ма?
Ақындардың көңілдері – сандуғаш,
Сайрайды олар жүрек деген бауларда.

Халқым – ақын.
Болмауға ақын жоқ хақым,
Жүрегімді қақтадым ба шоққа тым.
Құлынымда шауып едім құлдырап,
Құлагердің үйірінде жоқ па атым?

Ала шаңнан қара үзе алмай,
Демігіп,
Қалғаным ба тақпақтардан жеңіліп.
Бақталастар сан қайтарды бетімді,
Бетбақтардың аттары озды демігіп.

Ақындыққа қосты қулық, есепті,
«Алғырлардың» жыр оқыған кеші өтті.
Алтын жүген, күміс жабу жапса да,
Алайда мен міне алмадым есекті.

Есек қайтсін,
Есектерде жоқ кінә,
Қорқаулардың құпиясы – тоқтық, ә.
Мен оларға көрген жоқпын қол жайып,
Олар маған көрді байқап соқтыға.

Өтті, кетті.
Талай-талай су ақты,
Бастан кештім тұман менен шуақты.
Жыр жазбасам жауым маған дос болып,
Өлең жазсам өліп кетер сияқты,
Өлең жазбау менің үшін ұят-ты,
Ал, өлең жаздым мен!

* * *
Қариялар,
Күнбағыс – қариялар,
Істеріңе мен емес, ар ұялар.
Сарқылып-ақ бара ма дариялар,
Жақсы қайда жаңаны жариялар?

Аяқ салып «келместің кемесіне»,
Тұрсыңдар ма таласып келесіге?
Қан майданда қалды ма оралмастан,
Айналғандар өмірдің шегесіне.

Сол шалдарды іздеймін сақалы – қар,
Аласарып бара ма аталылар,
Ауызында боғауыз, нахалы бар,
Қаңбақ шалдың көбейген қатары бар,
Мінезі жоқ көбінің, атағы бар.

Сақал қайда, мұрты жоқ көсе кілең,
Тұра алмайды күншілдік төсегінен.
Арылдық па абыздық кесегінен?
Шал-шауқандар шаптығып шауып жүр ғой,
Өріс тапқан өзінің өсегінен.

Бірі – «мырза»,
Бірі – «асқар»,
Бірі – «даңғыл»,
Қайсысына сүйенер ұйыған жыр?
Алқымынан аспайды айтқандары,
Болсам дейді барлығы ұлы Жамбыл,
Кімге арзу айтады ұлыған жыр?

* * *
Аузымды аштым. Таңғалдым.
Абай емес, аңғалмын.
Қой дегенім қасқыр боп,
Саным соғып, сандалдым.

Ақ дегенім қара екен,
Көп дегенім дара екен.
Құлақ деген «шын» екен,
Көз дегенім «шала» екен.
Өмір қандай кереғар,
Көрем десең көре қал.
Шындық деген – шымылдық,
Өлем десең, өле қал.

Түгі кетпес ешкімнің,
Жап-жаңа едім, ескірдім.
Ақын деген – аңқаулық,
Оны-дағы кеш білдім.

Кеш білдім де, ес білдім,
Өлең болып естілдім.
Аттағам жоқ, әйтеуір,
Ала жібін ешкімнің.
Мен, шамасы, ескірдім…
* * *
Тантық болып көріп едім.
Оңбады.
Жантық болып көріп едім.
Болмады.
Қарабай да қарамады, паңсынып,
Барлығында өлең байғұс сорлады.

Батыраштың балтасына жабысып,
Көрсем деп ем, қаным кетті тағы ысып.
Қотыраштың қол шоқпарын алар ем,
Ол да маған берер емес қарысып.

Сұр тұманнан сығаладым жолымды,
Тану үшін оңым менен солымды.
Ыбырайдың адвокаты күшті екен,
Бер, Мырқымбай, қане маған қолыңды.

Мырқымбай да менсінбейді ақынды,
Қарны тойған, қазір қарын ақылды.
Алдаркөсе жылап отыр алданып,
Қожекеңді қожа-байлар қатырды.

Сөйлегенде ерінге-ерін жұқпайды,
Көздің жасын көлгірлікпен сықпайды.
Жетеріне жылан құсап жорғалап,
Өтіріктің өлігіне ықтайды.
Тантық та сол.
Жантық та сол,
Сақи да,
Жаутаңдаған жұртты көрсе қақима.
Халық оны атап кетті «қырт қой» деп,
Осы атаумен кетер енді бақиға.

* * *
Жұмекен жоқ.
Мұқағали, Қадыр да,
Жатыр олар
Кеңсай деген адырда.
Көп өкініш жүгіреді тамырда,
Қайран өлең, мәңгілікке дамылда.

Кеңсай үнсіз жұтып жатыр,
Жұтады,
Далба қылып дарындарға бұтаны.
Өлең өліп бара жатқан секілді,
Өлең-сымақ бұдан бәлкім, ұтады.

Кеңсай деген аты қандай суық-ты,
Ақындарды жұту үшін туыпты.
Алматыма қабақ түйіп қарайды,
Қосамын деп алыс пенен жуықты.

Алатауға тіреп алып арқасын,
Қарағайдың отап жатыр қаңқасын.
Кеңсай – жендет шайырларды шабады,
Қайрап алып қара тағдыр балтасын.

Баукең қайда күркіреген кешегі,
Күйелі әйел: «ашынам» деп бөседі.
Мүштегіне жарамайтын қатындар,
«Мына мені ұнатты» деп еседі.

Ақындар-ай,
Аңқаулар-ай, баладай,
Арттарыңнан аңыз есер жадағай.
Көлгір сөзге күлімсіреп Кеңсай тұр,
Күбір-күбір тіл қатады қарағай.
Қызыл тілде дес бермеген, ағалар,
Жатырсыңдар тіл қатуға жарамай…

* * *
Дөңгеленген дүние. Дөңгелен,
Дөңгелеп мен де сенделем.
Диагнозым – ой мен мұң,
Дәрімен қалай емделем?

Дүние деген – дүрбелең,
Дүние деген – жынды өлең.
Даурығып жүрген пенде көп,
Даусын да күнде түрлеген.

Дүние деген – сахна,
Дидары және аты да.
Дүрлігіп көшіп барады,
Дәуірдің мынау заты да.

«Дүние шіркін, дөңгелек»,
Деуші еді кім бар жөндемек.
Дағдарып тұрған әлемді,
Дұрыстап кім бар емдемек?

Дүние деген дүрбелең,
Дүбір де шықты іргеден.
Деміккен мынау уақытты,
Деміне салар кім деген?

Дөңгелек дүние, шыр айнал,
Дүрлігіп ұшсын құмайлар!
Далақтап мен де көрейін,
Дүрдие берме, «құдайлар».

* * *
Абайды танимын ба?
Күмілжимін,
Тиегін қоя алмаймын бүгін күйдің.
Тұсауын кесейін деп тарлан-жырдың,
Ақылдың қайшысымен жібін қидым.
Ілесіп дүниешіл дүрбелеңге,
Ұмтылдым бір белеңнен бір белеңге.
Қасқырдың қақпанына қоян түсті,
Иттер де алды үйреніп үрмегенге.

Қарны тоқ, итаяғы тіреліп тұр,
Үйшігі шаңсорғышпен «күреліп» тұр.
Шомылып шампунь, гельмен апта сайын,
Алабай ояздайын шіреніп тұр.

Үйшігі қызыл кірпіш, көк темірден,
Алабай ығыр болды жек көруден.
Асына алдындағы қарамайды,
Жерінген көңге сарып, боқ теруден.

Тоймайтын иттің көзі түгенделді,
Итке де иілмейтін рең келді.
Ағаштан еден салды қожайыны,
Алабай баса алмайды күрең жерді.

Бәрі бар: қарғы бауы күмістелген,
Шапаны жел тигізбес пүліштелген.
Асқан бай алабайға алғыс айтар,
«Осы деп отбасына ырыс берген».
Алабай ашуланса ісінеді,
Қабағын қара бұлттай түсіреді.
Адамға айналуға шақ қалған ит,
Ит – өмір осы екен деп түсінеді.

* * *
Ауа райы секілді құбылмалы,
Адамдардың өзгергіш бүгін бәрі.
Ақиқаттың жолында адасу көп,
Абайлаймын мен соны ұғынғалы.

 

Аузым күйді достан да, жақыннан да,
Ақиқатқа қол бердім атым барда.
Ақи-тақи шындық жоқ бұл пәниде,
Аңсап жетіп келмейді жақын маңда.

Жұрттың бәрі жүгіріс, пайдасына,
Ақылдарын қосады айласына.
Берген серті былқылдақ, айтқан сөзі,
Ұқсап тұрар көк шайдың шаймасына.

Бірі ақылды, бірі паң, бірі мықты,
Мықтылықты дәулет деп ұғыныпты.
Ақшасы бар адамның иманы кем,
Алақаны аңсаған жұдырықты.

Көзі күлген ішінде ит өледі,
Бірін-бірі шыңырауға итереді.
Жоламайды жамағат шарасына,
Жағалайды үнемі би-төрені.

Жалбаңдайды мықтыға көбелектей,
Әділдік пен әдепті керек етпей.
Боғы шығып қалады сәл нәрседен,
Сеніп жүрсең адам деп кереметтей.

Ауа райы секілді құбылмалы,
Адамдардың өзгергіш бүгін бәрі.
Ақиқаттың жолында адасу көп,
Арам болып барады ырымдары.
Алаңдаймын мен соны ұғынғалы.

* * *
Қалбаңдап бара жатыр қалбағай күн,
Жалмаңдап бара жатыр жалбағай күн.
Тат басып ұмыт қалған қол орақтай
Қараймын сұлбасына тозған айдың.

Өткен күн, қажетің не?
Өттің, кеттің,
Жас едім, келер күнге екпіндеттім.
Шығыппын алды-артымды абайламай,
Шамына тиемін деп епшіл көптің.

Ескі бұлт естен шыққан ескі өлеңдей,
Ескі дос – ең сенімді дос дегендей.
Кісінеп өте шыққан құлын – күндер,
Мен енді оралмаймын «хош» дегендей.

Жармасып жалына бұл замананың,
Жақсыны жоғалтқасын, бағаладым.
Жарып жер жарты құртты дос қалмады,
Япыр-ай, енді қайдан таба аламын?
Таң атып,
Кешікпей-ақ кеш келеді,
Жүгі ауыр. Жолы ұзақ көш келеді.
Айылдап үлгермейсің ескі еріңді,
Пайымдап үлгермейсің ештеңені.

Қалбаңдап бара жатыр қалбағай күн,
Жалмаңдап бара жатыр жалмағай күн.
Мұңайып бара жатқан мен секілді,
Қараймын сұлбасына тозған айдың.

* * *
Аңқылдаған адамдарға сенуші ем,
Жарқылдаған адамдарға сенуші ем.
Қарқылдаған жандар қазір көбейді,
Жалпылдаған жандай бәрін көруші ем.

Аузын ашсаң, көрінеді құлқыны,
Жұмбақ – жүріс, жұмбақ аяң – бүлкілі.
Бет жағына қарасаңыз күлкілі,
Көт жағына қарасаңыз түлкілі.
Адам – артист, өмір деген – сахна,
Қарамайды қамың менен қапыңа.
Кеше – кердең бүгін жермен, қарасаң,
Ей, бауырым, байқап мінші атыңа.

Біреу – ғалым, біреу – залым, бірі – бай,
Тәңірімнің өлшеп берген ұлығы-ай.
Жомарт деген жоққа қоңсы қоныпты,
Қасқыр қазір қой жарады ұлымай.

Түлкі қайда, түкең сірә, төрде ғой,
Түлкі деген – бүлкілдеген пенде ғой.
Аңқылдақтың арғы жағын көрсем деп,
Аласұрып, анталайды мендегі ой.

 

Аңқылдаған адамдарға сенуші ем,
Аңқылдақты ақындардай көруші ем.
Өлең жазу – үйренетін іс болды,
Жеңілермін, сірә енді жеңілсем…
Жан қалар ма, жармаспай-ақ шегінсем…

* * *
Іздегенге – сұраған,
Пері болды қутыңдаған бұл адам.
Ала жібін аттап кетті арлының,
Қорықпайды, қаймықпайды күнәдан.

Қорықпайды, қаймықпайды күнәдан,
Пайда қуар анадан да, мынадан.
Ақылыңа арамдықты тұғыр ғып,
Олжа көрсе орға түсіп, құлаған.

Олжа көрсе орға түсіп, құлаған,
Отаныңды пысқырмайды бұл адам.
Сырты бұлаң, іші тұман көбейді,
Көлеңкенің өзінен күн сұраған.

Көлеңкенің өзінен күн сұраған,
Бара-бара не болады бұл адам?
Арыз жазып жүрген кезде мың адам,
Өлең жазып жүргеніме қуанам.

Өлең жазып жүргеніме қуанам,
Өлең жазып жүргеніме жұбанам.
Іздегенге – сұраған,
Күлер кезде жылаған,
Сұрамасты сұраған,
Мен не дейін?
Тірілігін істейді ғой тірі адам…

 

* * *
Ақкиіз,
Бала күнім, бәрі есімде,
Мен тұрдым балаң шақтың мәресінде.
Жыл құсы секілденіп жан-жаққа ұшқан,
Жаудырап, жаутаң қаққан хал есімде.

Жаутаңдап, кетіп едім қарай-қарай,
Араға түсіп кетті-ау сан айлар-ай.
Армысың, маған сенген, ағалар-ай,
Араға жылдар түсті-ау абайламай.

Араға жылдар түсті-ау абайламай,
Құс болып ұша алмадым саған қарай.
Жоғалттым бала күнгі сан досымды,
Оларды таба алмадым қарай-қарай.

Көзім де, талды сонда жүрегім де,
Қимас күн кетті уақыттың күрегінде.
Мен ойша саған қарай сапар шегем,
Шын пейіл жатады ылғи тілегімде.

Мен-дағы талай-талай жолдан астым,
Ақкиіз, сені ешқашан алдамаспын.
Қайраңда қалып кеткен, қайран іздер,
Қайрылып, қайта келші қарбалас күн!

Достарым біртін-біртін сирегендей,
Домбырам жатыр содан күйге келмей.
Сыр бөлген сыралғылы сол достарым,
Жанымды түсінер ме күйрегендей?

Жанымды, Ақкиізім, түсінерсің,
Сәулеңді сағыныш қып түсірерсің.
Өзіңе арнап талай жырлар жаздым,
Ақын ұл бір келер деп күтінерсің.

Сол күнді сағынышпен тауып тұрмын,
Жанымның жараларын сауықтырдың.
Туған жер, аспаныңда ақ бұлт едім,
Төбеңе келдім-дағы жауып тұрмын.

* * *
Көңілімнің боздап жатыр бозінгені,
Тебірентіп, тербетеді сезім мені.
Сағыныш, бала күнім, Жем жағасы,
Соны ойлап ақын ұлың көз ілмеді.

Тамшыны талғап жұттым көзімдегі,
Жүгірді жылға болып сөз ілгері.
Әкемнің жүрген жері тұлпар мініп,
Анамның келін болған кезіндегі.

Туған жер,
Туған ауыл, исі бұрқақ,
Мен сенен өте шықтым әнді шырқап.
Сен-дағы қала бердің «қош айтысып»,
Осыны білер ме екен бүгінгі ұрпақ?

Мен-дағы бала болғам,
Аңқылдаған,
Шоғына қиындықтың шарпылмаған.
Әкемнің маған берген тәрбиесі –
Үлгі еді үлбіретіп алтындаған.

Сол үлгі, сол тәлімді ұстағанмын,
Жыр жазбау –– менің үшін ұшпаған күн.
Ертерек есейгенмен санатқа еріп,
Ере алмай ептілікке тыста қалдым.

Мен бұған өкінбеймін,
Бұйырғаны,
Табаным талай жерді шиырлады.
Туған жер, ұмыттың деп өкпелеме,
Мен саған сирек келсем қиырдағы.

Балалық қылау түспес қар екен ғой,
Әуені бұзылмаған ән екен ғой.
«Бір ұшқан ұясына қонбай кету»,
Құс емес,
Адамға да тән екен ғой.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір