немесе қояншық тақырыбына қалам тартқан жазушы
Қуандық Түменбайдың үш әңгімесі туралы
Осы жазушыға таңғалам. Кілең тың тақырыпты жазады. Көркем туынды – ол әлеуметтік тапсырыс емес, жанын қинап туған шығарма, оқып біткенше жаның жай таппай отырады. «Адам» деген әңгімесі сол заманда – коммунистік қоғамда біраз талас тудырып, газеттің бір беті авторды қаралап, мемлекеттік қауіпсіздік комитеті соңына түсіп, біраз әуреге салғанын білемін. Сондағы нәпсі тілеген қол-аяғы жоқ мүгедек перзентіне анасының айтқан сөзі: «Ұлым, тілегіңді мен орындасам қайтеді?!» Қауіпсіздік комитетінің шыр-пыры шығып соңына түсуі – кейіпкер Ауған соғысының мүгедегі. Бұл – социализм тұсында қараша үйдің құпиясын сыртқа жария етумен бірдей жағдай.
Аманхан ӘЛІМҰЛЫ
Біздің бүгінгі айтпағымыз – қояншық тақырыбы. Орыста Достоевский мен Гоголь жазған, қазақта құдай біледі Қуандық ғана қолға алған осы тақырыпты ол қалай игеріп, қалай алып шықты екен?
Ең әуелі – қояншық дегеніміз не өзі? Энциклопедияға қарасақ, бұл қоян қашқандай мезетте ес-түсін жоғалтқан талма ауруы. Бұл кеселді Достоевский мен Гоголь, Сократ, Платон, Нобель, Флобер, Ван Гог, Нострадаумстар басынан кешірген екен. Бұл тізімге қолбасшылардан Наполеонды да кіргізіпті. Тегін нәрсе емес. Оны жазу үшін бастан өткеру де керек сияқты.
Жалпы, үш әңгімеден де байқағанымыз, қоян қашқандай мезетте өте шығатын қояншық – бұл тазалықтың кеселі. Адам кірге малынса, осы аз ғана уақытта өзін кіршең дүниеден айырып, тілін тістеп, үнсіз қалады. Ес-түссіз адам о дүние мен бұ дүниенің арасындағы бір есуас пенденің күйін кешеді. «Қояншықта» кейіпкер Доғалақ – тіс жұлатын мекеменің күзетшісімен кездескенде: «Тіршілігің, түтін түтетіп, нан табатын орныңның кірсіз болғаны ғанибет, жалпы, адамзат кірден қашып, таза жүрсе көп кедергі болмас еді», – деген алғашқы толғамымен танысамыз.
Доғалақ біртүрлі жігіт. Сол арқылы уақыттың қадіріне де жетеміз. Қарыз ақша алған Ұлтан қайнағасын күткен ол бір сағатта жер түбіне кіріп кете жаздайды. Сонда оның ойлайтыны: «Бір сағат дегенің бір адамның өмірі емес пе? Адам екі минөтте су астында тұншығып өледі; уағдадан екі минөт кешіккені үшін талай шабуыл басталып та кеткен. Осы біздің ағайындар қызық, – деп көз қысып мазақтаған сағатқа қарады. – Алматылықтар Токиоға барыпты. Саяхатқа алып шығатын автобус сағат сегізде екен, бұлар сегізден үш минөт кешігіп келіп, аттанып кеткен автобусты даулап, айқай салыпты. Сөйтсе қырық бесінші жылы құмға малтығып қашқан жапон ұрпағы көзін сығырайтып қана езу тартыпты: «Бізде автобус екі минөт сайын жүреді». Қандай ой, қандай логика. Осы логикалық астар мынадай эпизодпен ұштасып кетеді. «Қарсы есіктен біреудің жан даусы шықты. Жұлды азу тісті. Қан бұрқ ете қалған шығар. Адамдар езуін көпіршітпей, тісін жуып таза жүрсе осылай азаптанар ма еді; осы күнгі адамдар тісіне емес, жүректеріне құрт түсіп жатқанын білер ме екен? Бәрі адамның өзінен…». Есімі қызық адамның ойлауы да қызық. Мұндай кейіпкерлер бізде көп емес.
Біз қояншығы ұстаған кейіпкермен бірінші рет кездестік. Біздің күткеніміз де осы емес пе? Өзінен қарызға ақша алған қайнағасы Ұлтан келмеді. Бір сағат тапжылмай күткен Доғалақ ақырында ес-түссіз қалып, езуінен аққан қан қызыл еденге тамшылады. «Бұл – адамзаттың кірлі дүниеден қажып, бір сәт бәрінен азаттық алып, кіршіксіз аппақ дүниеде өзімен-өзі болып, кірпік айқастырып жатқан бір сәті еді», – дейді автор. Біз қояншық кейіпкермен бірінші рет осылай жүздесеміз. Сөйлей алмайды. Мынау кіршең дүниеде оның сөзін кім тыңдасын?
Доғалақ әуелі өзінің мұндай күйге түсуін шаршағаннан шығар деп жүрді. Кейін жүйке ауруын емдейтін дәрігерге көрінуін автор былайша суреттейді: «Жүйке ауруын емдейтін дәрігер тәптіштеп сұрап, әр тал шашын ток жүгірген жіңішке сыммен орап, басына қоқиған қапсырма кигізіп, қапас қуыста көп ұстады. Сосын қасына шақырып алып:
– Наркомансың ба? – деді мізбақпастан.
– О не дегеніңіз?
– Қоздырғыш дәрілер қабылдайсың ба?
– О не дегеніңіз?
Қолына сиырдың тіліндей бір парақ қағаз ұстатты. Көз жүгіртіп қарап еді, «себеп-салдары анықталмаған қояншық» депті.
Автор барлық уақытта уақытқа қояншық кейіпкерінің көзқарасы арқылы барлау жасайды. Онысы сәтті дейміз. Өйткені, шығарманы оқыған жұртшылық, әдебиет сүйер қауым кейіпкердің қылықтарын аузынан тастамай айтып жүреді. Мысалы, осы әңгімеде кейіпкер Доғалақ бір жерде 25 жыл жұмыс істеп, үй ала алмаған Турабол Құлпейіловті кездестіріп қалады. Соны былайша суреттейді.
«– Баспана сатып алдыңыз ба?» болды Доғалақтың алғашқы сауалы.
– Қазір зейнеттемін. Мешітке барып тұрамын. Әнеукүні мешіт имамы бұрын басшы қызметте болып, зейнетке шыққасын дін жолына түскендерді жинап келіпті, суырылып шығып сөз сөйледім. «Сіздер партияны бүлдіріп келіп, енді дінге тиіспексіздер ме?» деп төтесінен бір-ақ тарттым. Имам ренжіп қалды…», – дейді. Ал Төменгі Тагильден Алматының ауа-райы жанға жайлы деп көшіп келген Светофоров деген жұмысшы көп істемей төрт бөлмелі даңғарадай үй алыпты. Құлпейіловтің кеудесінде Еңбек Қызыл Ту және Октябрь Революциясы ордендері бар. Ол үй сұрап директорға кіргенде болмайтынын айтқан бірінші басшыға: «О, бүйткен Октябрь революцияңның да, сенің де…» депті. Жазушы уақыт сырын жан-дүниесі жарым, бірақ түйсігі бәрінен озық адам арқылы дәл беріп отыр. Риза боласың, арасында қазақы юмормен миығың тартып қояды.
Доғалақ әкесін де көрмеген бейшара. Бұл бір сорлы бейне. Әкесі іште жатқанда тастап кеткен. Соның елес бейнесімен тілдестіргенде заманның да құйтырқы кінәсін ашқандай болады.
«Доғалақ: – Әке, мен қырыққа таяп қалдым. Қашан да қолдарыңызды былғап алып, заманды күстаналайсыздар. Заманның бағыт-бағдары адамдар емес пе?
Әкесі үнсіз қалды.
Доғалақ жұдырығын түйіп, қайта жазды. Салалы саусақтары жұдырық боп түйілгенде қарсы алдындағы мүләйім бейнеге қорғасындай ауыр сөздер айтқысы келді де, өлі әруақты сыйлап, тілін тартып алды. Мүләйім бейненің ерні жыбырлады.
Әкесі: – Шешең қалай? Ол ауыр күн кешті. Қазіргі күні де мәз емес. Адамзаттың, сен айтып тұрған заманның ауыртпалығын айналып келгенде мүләйімдер, жаны тазалар көтереді. Сенің шешең де, сен де соның қатарындасың…
Мүләйім бейне көз алдынан жоғалды».
Заманның ширығуы осы емес пе? Осыдан артық не керек.
Ұлтан қайнағасы қарызын қайтармай-ақ кетті. Алған ақшасын заманға сай процентке салып қойыпты. «Мейлі, бір қайтарар» деп, перзенті мен жұбайын тезірек көргісі кеп үйіне келгенде, «Не могу жить вместе с эпилептиком. Тастуйгын, Сардар» деген тілдей қағазды көрді. Бұны ұлы Сардар жазбасы белгілі, бұл сауаты барлардың тірлігі. Осы сәтті, адамзаттың арашаға түсер қиын сәтін жазушы жаны қинала отырып, қарапайым түрде суреттейді. «Доғалақ жәймен ғана кереуеттің ортасына қисайды. Қызыл тілді отыз екі тістің таңбасынан тазалауға тырысты. Мұндайда Наполеон аузына жұмсақ орамал тістей қояды екен. Доғалақта жібек түгіл жыртығын жамар бөз орамал да жоқ. «Әулекі дыбыс тиылып, Доғалақ естен танған бейсана күйге ауысты… Ол санасын ойрандаған зіл-заладан арылу үшін жерден шуағын аямаған Көкпен тілдесіп, көк аспаннан көмек сұраған тілеуқор күйде еді». Тың тақырыпқа қалам тартқан қаламгердің арғы-бергіні оқып, көп ізденгеніне көзіміз жетті. Бастан кешкен байырқауы да жоқ емес. Бұл – сәтті дүние. Бұған тағы бір себеп – шығарма төңірегінде оқырманның таңқала сұраған тосын сауалдары дер едік.
Көптомдығына енген тағы бір шығармасы – «Қасқыр мен қояншық» атты әңгіме. Тағы да осы сөз етіп отырған сезім, осы психология. Автор адамзат неге бір-біріне қасқыр деген сауал қояды, соны қояншық Міржақыптың іс-әрекеті арқылы дәлелдейді. Міржақып қояншықтың бейнесін ол былайша көрсетеді: «Қояншық Міржақыпқа жиырма бес жасында жабысты. Бастауыш сыныптың мұғалімі боп сабақ беріп жүргенде, бірінші сыныптың тықырбастарына «П» әрпін үйретіп тұрып, «Пайғамбар» дей бергенде екі құлағы шың-ң етіп, әлдекім «Пайғамбар, Пайғамбар» деп әлденеше рет қайталап, дүние шыр көбелек айналып жүре берді. Сосынғысын білмейді. «П» әрпіне қол шошайтқан күйі қызыл еденге сұлап түсті, қара тақтаға арбиған-арбиған әріптерден түзілген «ПАЙҒАМБАР» деген сөз жазулы қалды. Сосын басқалардан бөлекше жүретін осы бір кесел иесі – дүниеге өзгеше боп жаралған адамдар арқылы көп нәрсеге қанығамыз. Жазушы бұл әңгімесінде де кейіпкері Міржақыпқа анықтама береді. Оны мектепте жұмыс істеуге болмайды деп жұмыстан босатты. Ол бұған өкпелі емес, тіпті жаны рахат тапқандай. «Бұл өзі жұрт үшін кесел, мектеп үшін қорқыныш, ал өзі үшін жанын рахатқа бөлеп, қоянның қаша жөнелгеніндей қайталанбас сәт; белгісіз біреулермен тілдесіп, сыр бөлісу, басқа әлемге барып-қайту. Есін жиғанда Көктен Жерге аман түскен ғарышкердей жанында тұрғанның бәрін құшып-сүйгісі келеді. Сонан кейін өзін Жер үстінде қалқып жүргендей сезінеді, оның себебі – кірлі дүниеден аз да болса алыстап кетіп, жанының тазарғаны, баз кешкен көңілінің баяу саябыр тапқаны». Сонан кейін қасқыр мен қояншық арасындағы қайшылықты тағатсыздана күтеміз. Мынадай әңгімеде, мынадай кейіпкерді көріп отырып, адам жаны тағат таппай бір шешімді аңсайды екен. «Бір жаманаты көп, әйтпесе шапағаты мол пендені қара жер қойнына берген күні ләқат жанындағы жарманы кеңейтіп, противогаз-демалғышпен, рациямен, әйтпесе ұялы телефонмен, қарумен, ас-сумен, қолшаммен біздерді бірге көмсе… Иә, олар жер астында қиналса да бір түнеп, сол түні Үңкір-Мәңкүрдің пендеден алған жауабына куә болса, жұмақ пен тозақтың жолын көрсе, Жұмақтың жақсылығы мен Тозақтың азабын көрсе… Соның бәрін көріп тұрып, рациямен жер бетіне хабар берсе… Олардың ішінде өзім болып, ләқат талқысына куә болсам… сосын көргенімді жер бетіндегілердің үрейін ұшырып отырып жыр ғып айтып берсем… Жердің бетіне ештеңе жетпейді ғой, тірі шығуымызға да кепілдік берсе…». Бұл – Міржақыптың ой-арманы. Осыны бір көрсе тылсым дүниенің құпиясын да көргендей болар еді. Осылайша «Қасқыр мен қояншықтағы» әрекеттер арқылы адамның мейірімі мен қасқырдың қасқырлығы ашыла түседі. «Менің сенен артық жерім – тілім бар, оның тілі – ұлу» деп, қасқырша ұлып жібергенде, өзіне-өзі таң қалады. Қасқыр алданып қалды. Адам қасқырды да алдап жіберді. Адамнан бәрі шығады. Қасқыр адамға алданып тұрғанын білмеді. «Кеше біреудің мүйізді малын жеп едім, күйі жоқ екен, өңкей шандырды асқазаныма салып әкеп бөлтіріктеріме құсып бердім. Қара қойдай қайдан болсын. Қайда кетті екен сол шабын жарсам да қыңқ етпес жұп-жуас момақан жануар?!» Қасқырдың айтып тұрғаны шешесі жаһаннамға жар салып жоқтаған Міржақыптың үйінің жалғыз сиыры. Оған Міржақыптың онша жаны ауырмады. «Табылады аман болса тағы бір мүйізді», – деді де қойды. Оның таңырқағаны – Жазылбек ата өсірген «ел тілегі – елу» миллион қара қойды қасқыр да жоқтап отыр. Мүйіздінің етін менсінбейді. Зиялы қасқыр мен қазақтың тілегі бір жерден шығып отырғанын қарашы. Бұны қойдың жауы – қасқырдың нысап-ниеті арқылы білесің. Әңгімені оқи отырып осыған көзің жетеді, бір жағынан автордың шеберлігіне тәнті боласың.
«Қасқыр мен қояншық» әңгімесі ақырына жетіп қалды. Оқыған адам соңын күтіп, екі аяқты мен төрт аяқтының кездесер сәтіне асығады. Көркем шығарма, әдетте, осылай аяқталады. Қояншық Міржақып қасқыр келген күні ауыл шетіндегі көне зиратқа келіп, қасқырлармен қасқырша тілдеседі. «Ау-у-у» деген дыбыс шықты. Қасқыр даусы. Мұңлы дауыс. «Мені алдап ұстап тонға жаға қыла көрме. Мен оған жарамаймын, қылшығым түсіп, терім көрініп тұр. Апанда аяқтанбаған күшіктерім жатыр» дейді ол жігітке еміреніп. «Бізге тонға жаға емес, елге аға керек» дейді қояншық.
Бұл – әңгіменің лейтмотиві. Қасқыр қасқырлығын жасап, дәметіп, ауыл шетіне келсе, қояншық жігіт кәрі шешенің көзіне көрініп, көңілін демдегенше асығады. Ауылға келгенде Міржақып ауыл ұрысы Бабаханның шеберханада ток соғып өлгенінен бейхабар еді. Ол оның осылай өлерін білді, сол үшін өзі тілін тістеп, бір рет екі өмірдің арасында баз кешті. Адам мен қасқырдың мұңы арқылы өмір шындығы айтылса, ол кейіпкер жай адам емес – қояншық, қоянның қашқанындай мезетте жаны қиналып, адамзатты тазалыққа тартатын бір пенде. Оны білген адам ғана жаза алады. «Қасқыр мен қояншық» – сол білген адамның қолынан шыққан шығарма. Оған себеп – оқырмандар сүйсінісі.
Бертінде жазылған үшінші әңгіме – «Арықтағы адам». Неге ол жұрттан бөлініп, арықта өзгеше өмір сүреді? Әңгіменің көлемі көп емес – бар-жоғы жеті беттей. Осы жеті бетте тағы да арамдықпен арпалысқан өзгеше адамды көреміз. Қырыққа келгенде қояншық боп, таң алдында естен танып, өзінің жан-дүниесін апыл-ғұпыл жаулап алатын біреу бар, сірә, ол соның құпиясын білмей жүр. «Ауру дейін десе ауру емес, сау дейін десе сау емес», бір мең-зең дүние». Кейіпкер арықта, кетпенін шабады, кәсіптік-техникалық училищеде нұсқаушы еді, бәрін тастап осында келді. Кетпен шапса, жаны жай табады. Кеселден де айығатын секілді. Ал, енді автор шығарманың өнбойындағы осы бір желіні қалай жеткізген, авторлық идея қалай көркемдік шешімін тапқан? Осы сауалды қоя отырып, әңгімені оқимыз. Оның есесіне кейіпкер тосын кеселмен ауырған адам, тақырып та тың.
Тағы да кесел сыры, тағы да Көкпен тілдескен, тілін тістеген пәни-жалғандағы біртүрлі Адам. «Мұндай қыршылған тілдерге медицинада «географиялық тіл» деген атау беріп, аспандатып қояды екен» дейді. Барлық шығармаларында кейіпкер кеселі арқылы автор тіл мәселесін алға шығарады. Оның лейтмотивтік себебі де бар. Әсіресе, қазіргі жағдайда.
Кейіпкер Тілес осынау кірлі дүниені ұнатпайды, ертең арыққа су келетін күнді асыға күтеді, сермеп кетпен шапқан сәтте бар кірден арылатын секілді, сарқырап аққан суды көргенде тұлабойын бір сұмдық сезім билейді. Осы эпизодты автор керемет суреттеп, адам жанының топырақ пен кетпенге деген сағынышын көргендей боламыз. Тілес арықтағы сумен баптаған жеміс ауызға түскенде, өзі қиянат жасаған жандарға үлестіріп, қиянатын жусам дейді. «Дүниеде адамға өз тіліңді өзің тістеме» деген уағыз айтады. Осы сөздің ар жағында адам мен тіл қақтығысы тұрғандай. Тіл де оның кеселі секілді. Үш мүшелден өткен арықтағы адамның жер үстіндегі басқа адамдардан осындай артықшылығы бар. Қоян қашқандай мезеттік үрейі де жоқ емес. Осының бәрін автор тақырыпқа сай дәл өрнектеген. Психологиялық параллелизмге де сәтті барған.
Өмір сыры осындай. Жазушы міндеті қоғам қайшылықтарын көрсету болса, Қуандық Жер бетін мекендеген ерекше адамдардың кеселі арқылы өмір құпиясын ашуға тырысқан қаламгер.