Ұлт әліпбиі – ұлт рухының арқауы

Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма секретариатының жаңа әліпбиді енгізуге байланысты
Үндеуі
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойды. Бәрімізге белгілі, латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің жобалары халық арасында қызу талқыланып, жобаны іске асыру үшін құрылған Комиссия тарапына сан жүздеген ұсыныстар мен пікірлер түсті.
Президентіміздің үстіміздегі жылдың сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап айтылған латын әліпбиіне көшу мәселесі ұлт тағдырына, тіл тағдырына алаңдаулы азаматтардың көңіл-күйін дөп басқан көкейкесті тақырып болғаны белгілі. Осыдан кейін-ақ қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдауға дайындықтар басталған болатын. Көпшілік назарына ұсынылған жобалар қоғамда қызу талқыланып, бұл іске шығармашылық зиялы қауым өкілдері, атап айтқанда, қаламгерлер мен ғалымдар белсене атсалысты. Қазақстан Жазушылар одағында бірнеше мәрте жиындар өтіп, латын графикасына көшу арқылы тәуелсіздігімізді баянды етуге, өркениетті елдер қатарына қосылуға даңғыл жол ашатынына қатысты пікірлер ортаға салынды.
Енді, міне, көптен күткен тарихи шешім қабылданып, Елбасымыз латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің тұсауын кесіп, өмірге жолдама берді. Жарлыққа сәйкес
Қазақстан Республикасының Үкіметі жақын арада Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия құрады. Бұл комиссия өз кезегінде 2025 жылға дейін қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына кезең-кезеңімен көшуін қамтамасыз етпек. Десек те, алдымызда қыруар маңызды жұмыстардың тұрғандығын жан-дүниемізбен сезініп, салмағы зіл батпан жауапкершіліктің жүгін жұмыла көтеруге тәуекел жасауымыз керек! Халықаралық үздік тәжірибелерді ескере отырып, тіліміздің табиғи ерекшеліктеріне сай келетін жаңа ережелер мен заманауи оқулықтар жасап шығару оңайлықпен жүзеге аса қоятын шаруа емес. Мемлекеттік маңызы аса зор осынау шаруаны атқарып шығуға барша зиялы қауым, әсіресе, қаламгерлер мен ғалымдар бірлесе кіріссе үлкен жетістіктерге қол жеткізеріміз ақиқат.
Елбасымыздың ел өміріндегі тарихи маңызы зор ұлттық әліпбиімізді өзгерту жөніндегі Жарлығын қызу қолдай отырып, бұл қадамның осынау жаһандану дәуіріндегі ұлттық сипатымызды, рухымызды қорғауға бағыттайтын жаңа қадам, жаңалықтардың бастауы боларына сенеміз. Ұлт әліпбиі ұлтты рухани жаңғыруға жұмылдыратын ХХІ ғасырдағы іргелі қадам екендігі дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Қаламгерлер қауымы латын әліпбиіне көшу үдерісіне бір кісідей қолдау білдіреді.
Қазақстан Жазушылар одағының
Басқарма секретариаты.