Нұртөре ЖҮСІП
1.
Бір күнде тағдырыңды өзгертуге бола ма?
Бір түнде өміріңді өзгерте аласың ба?
Айсұлудың өмір жолы жап-жақсы басталған еді: мектепте оқушылардың алды болды – оқуда озат, ән-күйден – бес, тәртібінде мін жоқ; он бес-он алтыға келгенде бәдені айқындалып, сыланып шыға келді, кеш батса болғаны – мұның үйінің маңайы ысқырған бозбалаға толып кетеді; шешесі «ысқырмаңдар, іштеріңе жел толды ма» деп қолына түскен нәрсемен түбіт мұрт жеткіншектерді қуумен әлек; кілең желөкпенің назарын үйіргенге қыз да үйренді, қысқа етек көйлегімен көшені бір айналғанда борбайына бозқұрт біте бастаған небір айбозым айға қарап ұлыған көкбөрінің күйін кешетін…
Арманы – Алматыға оқуға бару. Аттестатын алып, енді пойызға шыққалы отырғанда әкесі кенеттен көз жұмды. Келер жылы шалының жылын берген жазда шешесі де ауырмай-сыздамай, ұршығын иіріп отырған күйі үзіліп кете барды. Бірінен кейін бір соққы жас қызды есеңгіретіп тастады. Бірге оқыған Асқарды іштей ұнататын, ол мұндай аруға қолым қайдан жетеді деп жүрексінді ме, Айсұлуға деген іңкәрлігін білдіре алмады. Көрші үйдегі Самат ештеңе деп емеурін танытпаса да әкесі мен шешесінің қазасы үстінде қалбалақтап қасында болды. Келген меймандарға шәй қояды, етті де жіліктеп, табаққа салудың жайын жақсы біледі, Айсұлу шақырса болды бар жұмысын ысырып тастап, осы үйден табылады.
Шыққыр көзі қайдан көріп қалғанын? Кешқұрым ала сиырдың бұзауын айдап келе жатып, клубтың алдындағы ағаш орындықта Асқардың бір қызбен сүйісіп отырғанын көрді. Жүрегі быт-шыт, долдана жылап үйіне жетті, бұзауды енесінің бауырына жіберді де тамақ ішпестен жатып қалды. Содан кешке дейін жатты. Жастығы жасқа шыланды. Төбеге қарап, бір нүктеге қадалып, сүлесоқ кейіпте іштей арпалысты.
Сықыр етіп сыртқы есік ашылғандай болды.
– Кім бар-ей?
Саматтың дауысы. Айсұлудың бөлмесінде сылдырмақ перде тұтулы тұратын. Соны сылдырлатып Самат ішке енді. Жарықты жақпақ болып, оң жақ қабырғадағы түймені түртпектей бастап еді, Айсұлу ақырын ғана:
– Жақпай-ақ қой, – деді. Самат состиып тұрып қалды.
– Бері жақындашы. Самат қара көлеңкеде қыздың үні шыққан жаққа қарай елпеңдей бергенде сүрініп кетіп, төсекке етбетімен құлады. Орнынан тұрмаққа, басын көтермекке талпына берген жігіттің қолына қыз жармаса кеткен.
– Сен мені аласың ба?
– Мен… Сені…
Саматтың одан ары сөйлеуге шамасын келтірмей, Айсұлу жігітті құшағына тартты, көзінен, мұрнынан, ернінен аймалап сүйе бастады. Өзі төртбақ келген, жастайынан қарулы Самат армандап жүрген аруы ойда жоқта құшағынан табылғасын жемтігіне шүйліккен бүркіт құсап ашкөздене ұмтылған…
Бір күнде тағдырын өзгертті.
Бір түнде өмірін өзгертті…
2.
Біреуге қарап, біреудің тағдыры өзгере ме?
Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» атты әңгімесінде «Әуре боп неге бітті ажар-көрік» деген өлең жолдары бар ғой. Құдды сол тәрізді, Алла-тағала да Айсұлуға айрықша ажар-көрік сыйлаған еді. Нағыз «ай қабақ, алтын кірпік, қызыл еріннің» өзі. Үлбіреген ақ жүзі, ағынан қарасы көп көзі, қыр мұрыны мен белуарына түсетін қолаң шашы бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін алып қалуға жарайтын.
«Айсұлу Саматқа тұрмысқа шығып кетіпті» деген хабарды естіген күннен бастап Асқар араққа салынды.
Ауылдағы кешкі отырыс, той-томалаққа барып жүріп, Самат та ақаңды сілтейтін болды. Қызғаныштан…
Айсұлудың бетіне әлдебіреу сәл қарап қалса болды: Самат шиыршық атып шыға келеді, көзі ақиланып екі жүз грамдық қырлы стақанға толтыра құйылған арақты аранына жөнелтеді; содан ұлан айғай, бықпырт төбелес басталады; отырыстың шырқы бұзылады, біртіндеп Айсұлу ондай жерге бармайтын да болды…
Бойына пінә біткелі келіншек өзгеше ермек тапты. Магнитафоннан әдемі музыка тыңдайды. Көркем кітаптардың бірінен соң бірін тауысып тастайды. Әсіресе, өлең оқығанды жақсы көреді. Бұрынғыдай той-томалақ, отырыстарға бармаған соң Саматтың да шаруасы оңала бастады. Совхозға келген су жаңа водовозы астында, ферма меңгерушісімен бірге малшыларды аралауға кетеді, «жүргенге жөргем ілінеді» дегендей, кейде барған жерінен бір қойдың етін, сиырдың бір жілігін ала келеді. Келіншегінің аяғы ауырлағанына іштей қуанып жүрсе керек, бір күні ауданға барып әдемі коляска сатып әкелді.
– Қоя тұрмадың ба? «Ырымға жаман» деп шешем айтушы еді…
– Ырым-пырымыңды білмеймін, осыдан ұл тусаң – атын Ахат қоямын. Ахат Саматович болады. Совхоздың директоры болады!
– Өзің көлік айдайсың, рульде жүргенде ішпей-ақ қойсаң болмай ма?
– Енді… кішкене нетіп…
– Нетпейтін күнің бола ма осы?
Айсұлудың дауысы қатайған сәттен Самат сырғақтап зыта жөнеледі. Сыйлағаны шығар… Сүйгендіктен бе?..
Сөйтіп жүргенде СССР тарқап кетті. Совхоз да тарады. Дүние-мүлік жекешеленіп, бөліске түсті. Саматтың водовозы Асқардың оң жамбасына бұйырды. Шарасыз еркектің қолынан не келеді? Ішуден басқа не? Есіктің алдындағы қоқыс тастайтын бөшкеде босап қалған шөлмектер көбейді.
Қырсық бір айналдырса – шыр айналдырады. Бір күні ойда жоқта үйдің маңына гүр етіп бір мәшине келіп тоқтады. «Күйеуім келген шығар» деп алаңдай басып, сыртқы есікке беттеген. Келген Асқар екен. Қызу.
– Айсұлу, мен саған өлердей ғашықпын!
– Асқар, үйіңе бар. Көршілерден ұят болады.
– Ұят-мұяттың әкесінің ауызын ұрайын! Сүйемін деп, жақсы көремін деп айта алмадым. Енді айтамын!
– Мен тұрмыстамын… Аяғым ауыр…
– Білем. Білем бәрін. Еркек таппағандай сен Саматқа неге шықтың, а? Өлтірейін бе оны!..
– Асқар! Қой деймін. Елден ұят!
– А-а! Ойнастарыңның үстінен түстім бе?
Қайдан шыққаны белгісіз, сайтандай сап етіп, Самат та келе қалды. Келе Асқарға тұра ұмтылды.
– Нақ әкеңнің ауызын! Нағыз оңбаған екенсің! Ұсталдың ба бәлем!
– Мен жәй келдім, кетем қазір…
– Иттің баласы, қолыңда өлейін! Біреудің қатынында нең бар?
Екі жігіт бір-бірінің жағасына жармасып, қып-қызыл төбелес басталып кетті. Ажырата алмай Айсұлу әлек. Екеуінің де бет-ауызы быт-шыт болды. Саматтың сойдақ тісінің бірі түбінен сынып, сырт етіп есік алдында жатқан қаңылтыр итаяққа түсті. Асқардың көз алды көкпеңбек болып, оң қабағы жырылды.
– Қойыңдар! Тоқтаңдар! Қалың елге масқара болдық қой! – деп Айсұлу жылап жіберді. Айсұлудың жылағанын көріп, Асқар шегіншектеген бетте көлігін оталдырып, үйіне қарай жылыстады. Солығын баса алмай селкілдеп отырған Самат келіншегін соққының астына алды.
– Мә, саған қаншық! Көрсетем саған ойнас жасағанды! Ішім сезіп еді…
– Самат! Мен саған адалмын. Баламыз болады…
– Кімнің баласы екенін ит біле ме? Көзімнің тірісінде бақырайтып қойып, ойнас жасайсың, атаңа нәлет! Мә, саған! Көзіңе көк шыбын үймелетейін!
Үсті-үстіне ұрғылап жатыр. Айсұлу ішін ұстаған күйі екі бүктетіліп, құлап түсті. Қатты ашудан көзіне қан үйірілген Самат жас әйелдің ішінен теуіп-теуіп тастады.
Көрші Егеубай ақсақалдың ескі «Москвичімен» есінен танып қалған Айсұлуды Самат аудандық ауруханаға апарады. Үш сағат реанимация бөлімшесінің алдында көзінен жас сорғалап күтсе керек. Көк халатының түймесін ағытып, реанимациядан шыққан дәрігер сұсты жүзбен, оқты көзбен Саматқа қарады.
– Сіздің әйеліңіз бе?
– Дәрігер, жағдайы қалай, тірі ме? Бала ше?
– Баланың өмірін сақтай алмай қалдық. Анасының жағдайы ауыр…
– Жаны аман қалса, болды…Құдай берсе, бала болар…
– Өкінішке қарай, әйеліңіз енді бала көтере алмайды!
Самат құлағы шыңылдап, көзі қарауытып, тынысы бітеліп, төбесінен әлдебіреу қос қолдап ұрғандай, есеңгіреп отырып қалды.
3.
– Сіз неткен сұлусыз! Айдай сұлу – Айсұлу! Жан-дүниесі бай сұлу! Осыған дейін ауылда, көрінбей жүрген қай сұлу!
Үстіне ала пиджак киген, алқызыл галстук таққан ақын – ауданға келген құрметті мейман рюмкаға меймілдете құйған коньякты тік тұрып тартып жіберді. Тіскебасарға үстелдің үстінен бірдеңе іздеп еді, әбден кісі күтіп, әккі болып қалған аудан басшысының орынбасары шанышқыға бір түйір қазы мен қиярды қоса түйреп, мәртебелі мейманның аузына тоса қойды. Толық шайнар-шайнамастан қылғытып жұта салған ақын қойын кітапшасын суырып алып, тамағын кенеді.
– Ақиқатты айтсын деп тіл берілген! Солай емес пе? Сіздей сұлуға арнаған жырым. Рұқсат етсеңіздер, оқып берейін.
– Оқыңыз, оқыңыз. Мұндай сұлу жанға жыр түгілі, өмірді де арнауға болады. Замәкім зуылдатып жатыр.
– Так. Оқиын. Осындай әдемі қыздарға өлең арнамасам, несіне ақын болып жүрмін?!.
Жанарың – жауһар, жүзің – гауһар, жарығым!
Ақ дидардан тектілікті таныдым.
Періштедей үлбірейді ақ жүзің,
Сенсіз мынау өмірімнің бәрі – мұң!
– Қалай? Керемет емес пе? Сізге поэма арнағым келеді. Тек алдыңыздағы рюмкеден сәл-пәл алып отырыңызшы…
– Ішпейтін едім…
– Адам ішейін деп іше ме? Осындай мөлдіреген қазақ қыздарын көргенде не төлкі арақ, у да ішуге болады!
– Айсұлу! Аздап алшы. Бір-екі ұрттағаннан кісі құрттап кетпейді. Орынбасар әкім де қыстай түсті.
– Алмасаңыз, ренжимін. Сіз үшін неге болса да даярмын. Алып қойыңызшы.
Ақын да өлердегі сөзін айтып жатыр. Екі адам екі жақтан қиылғасын, онсыз да қамкөңіл жүрген келіншек кісі көңілі қалмасын деп аздап ұрттады. Дегені болған ақын әр тост сайын лепіріп өлең оқыды. Махаббат жырлары… Жүрек қылын шерткендей. Бәрі сұлу келіншекке арналғандай. Біраздан соң Айсұлудың басы айналды. Сыртқа шыққысы, үйіне қайтқысы келді.
– Мен қайтайын…
– Айсұлу! Өзіңмен бір әңгіме бар. Анау бөлмеге барып, сөйлесейікші.
– Айтарыңды айта бер.
– Бір ауыз ғана.
Ақырын көрші бөлмеге өтті. Аудан әкімінің орынбасарын бір-екі рет сайлау кезінде клубта көргені бар, сымпылдаған жігіт, бүгін де жанын қоярда қоймай осында ертіп келген. «Астанадан атақты ақын келді, депутаттыққа түсіп жатыр. Кейін көмегі болады. Қасында болшы, шығармашылық адамы деген бөтен ғой, оларға табақ-табақ еттің қажеті жоқ, жылы қабақ болса, жетеді» деп өлердегі сөзін айтқан. Самат – вахтада. Он бес күнде бір оралады. Келгені бар болсын, бар тапқан-таянғанын достарымен қосылып алып, арақ пен картаға жұмсайды. Айсұлу көптен бері сыртқа қадам аттап шықпаған. Оның үстіне бұл ақынның аты да, туындылары да жақсы таныс. Кей өлеңдерін мектепте жүргенде жатқа айтатын. Аз-кем отырып қайтуға бекініп келген еді.
– Айналайын, Айсұлу! Құлдығың болайын. Мына кісі тегін адам емес. Елдің адамы. Сені ұнатып қалды. Қасында бол. Қазір кетемін. Екеуің сырласып, өлең тыңдап отырсаңдар. Ақыңды жемеймін. Мынау 100 долларды ал.
– Мені ақшаға сатылады деп тұрсың ба?
– Енді керек болады ғой…
– Қалғым келсе, өзім-ақ қаламын! Айсұлу жүз долларлық ақшаны жігіттің төс қалтасына сүңгітті: – Мынаны бір жеріңе тығып қой!
– Е, бәсе! Ақылың көп қой. Мені ұятқа қалдырма!
Коньяктың буы ма, әлде мына өмірден әбден запыста болған көңілін сергіткісі келді ме, Айсұлу аяқ астынан шешім қабылдады.
– Қайта бер! Қонақ күтуді білемін…
Қайта оралған Айсұлуды көрген ақынның көзі оттай жайнады. «Жаным, айым, күнім» деп еркелете бастады. Небір сұлу сөздің кестесін тоқып-ақ жатыр. Еш қинаусыз, жалынтып-жалпиусыз бір-екі рюмка тартып та жіберді. Өмірі естімеген жалынды сөздерден басы айналды. «Самат байғұс мұның бірін де айтпады ғой!».
Жатын бөлмеге енгенде, ақын мұның алқымынан өбіп, анарын қысып, аймалап сүйе бастағанда Айсұлу «маған енді бәрібір» деп ойлады. Қарсылық көрсеткен жоқ. Денесі оттай ысып, демі бітіп, әлеуетті еркектің дегеніне жетпей қоймасын да сезді. Талай сұлуды құшып, талай тотайдың төсін тегістеген ақын тән рахатына бөлеудің талай тәсілін біледі екен. Әуелі екі көзден кезек-кезек сүйсе болар ма, құлағына небір құшыр қандырар әдемі сөздерді сыбырлай айта ма, ернінен үзілдіре сүйе ме, құдай-ау, Самат сорлыдан көрмеген аймалау амалдарына жаны рахаттанып, тәні тәнті болғандай күй кешкені несі? Бір қолымен анарын, екінші қолымен бөксе тұсын сипалап, кіндік тұсқа келгенде домбырамен күй тартқан күйшінің ептілігіндей ерке қимылдар жасап, қатайған денесін босатып, дел-сал қалыпқа келтірген еркек сұлу келіншектің кепкен аңқасын қандырудың барлық амалын жасап-ақ жатыр. Үстіне бір-екі рет шығып, қор ете түсе қалатын күйеуіндей емес. Басқа әлем! Басқа ырғақ! Басқа күй! Келіншек ыңырсып, ыңқылы күшейіп, үстіндегі еркектің әр қимылынан ләззат алып, екі көзін жұмған күйі елтіді де қалды. Қиялы шарықтап, Асқар екеуі әлдебір теңіз жағасында қол ұстасып, су шашысып, жүгіре басып жүргендей ме, қалай? Теңіз толқыны екеуін де кезек-кезек тербетіп жатқан сияқты ма өзі!.. Оттай ыстық демге шарпылып, тынысы бір бітіп, бір үзіліп кететіндей ме?.. Жағада, екеуі де анадан туғандай тыр жалаңаш қалыпта, аймаласа қалғандай, ұят-аят атаулыны асау теңіздің толқыны жұтып, жасырып қойғандай: «Апыр-ау мұндай да болады екен-ау», – деген ойдың түйсік тұсына келгені де тез, кеткені де тез; әйелдік іңкәр әлемнің қақпасы ашылғандай, сол қақпаға ешкімнен ұялмай-қызармай Хауа ананың көйлегін киіп енгендей; Адам атаның үйреншікті қимылы жанға қуат бергендей, әлдебір нәзік ағыс алпыс екі тамырын бүлкілдете иіріп, үйіріп алып бара жатқандай; толқынға толқын қосылып, әлде әуен, әлде күй бесікке таңылған сәбидің қалпына түсіріп, тербете түскендей; «Тән рахаты осы ма?» деген тосын сұрақты еркектің ырсылдаған дыбысы жұтып қойғандай, мүлдем бейтаныс, бірақ соншалықты ыстық ләззат оты біресе күйдіріп, біресе жандырғандай… Айсұлудың бар ойы – осы ырғақ бітпесе екен, осы күй үзілмесе екен дегенге сайды. Ысынтып, қайнатып, тұла бойындағы сезім түйіршіктерінің бәрін оятып, тәп-тәтті әлемге сүңгіген сайын «ақыры не болар екен» деген әлдебір үркесоқ сезімнің жетегіне оратылып жатып, буырқанған азаматтың буы кебердегі әрекетіне бүкіл жан-дүниесімен кірігіп кеткендей еді. Толған айдай толықсып, толарсағына шейін талықсып жатып, жан-дүниесін шарпыған алау-оттың дәргейіне шыдай алмастан «мама» деп шыңғырып жібергенін біледі, арғы жағы не тұман, не күмән секілді; еркектің маңдайынан иіскеп, «өзің бір керім келіншек екенсің» деп еміренген дауысына жүзі нұрланып жатып, екі көзіне үйірілген жастың ағынына ерік берген. Жаны жусап, тәні бусап қалғандай. «Мұндай да болады екен-ау!».
Келіншектің көрпесін қымтаған ақын «Сен туралы өлеңімді келесі кітабыма қосамын» деп күбірлеп жатты…
4.
Самат вахтада жүргенде тоқсанның төртіндегі әкесін көшеде өтіп бара жатқан «КамАЗ» қағып кетіп, бұлардың шаңырағына қайғы бұлты үйірілді. «Әкежаным-ау» деп анадайдан аңырап келген Саматқа жұрт болған жайды ертесіне, жаназа намаздың алдында ғана естіртті. «Бәсе, әнебір кісілер бейтаныс, бұлар неғып жүр деп өзім де ойлап едім» деп Самат кешірім сұрай келген автобаздың адамдарын зираттан келген бетте жаппай тізерлетіп отырғызып қойған еді.
Әкесінің жетісін, қырқын, жүзін, тіпті жылын да «айыпты» тарап көтерді.
Ішеді. Ішкенде де түбін түсіріп, өлтіріп ішеді. «Қубас Самат мен деген» деп дауысы тарғылданып жылайтыны да бар.
Кешқұрым аудан әкімінің орынбасары жылт ете қалған. Айсұлуды айналшақтап жүргенін көрген. Ол байғұс «күйеуім не дейді» дегендей Саматтың жүзіне имене қараған.
– Барып кел! А то срогың өтіп кетеді! – деп Самат былш еткізген. – Тек құдай үшін ішпеші! Бір үйден бір адам ішсе де жетпей ме?..
Ол да біледі. Білгенде қайтеді?.. Кейде «Тапқаныңнан мың теңге бере тұршы» деп, шиланын ақтарып, сүмеңдейтінін қайтесіз?..
Айсұлу әр отырыстан қызара бөртіп оралады. Кейде аяғын баса алмай, буын-буынынан әл кетіп, қылжаң тартып қайтады. Жоғары жақтан мейман келді десе болды, замәкім жетіп келеді. Неге екені белгісіз: «Мейман келді» деген хабарды естіген сайын селт етіп, баяғы ақынды іздейді. Оны Парламент депутаты ретінде теледидардан екі-үш рет көрген. «Ақиқатты айтсын деп тіл берілген!» деп саңқылдаған дауысын соңғы рет естіген Айсұлу ғана шығар. Бес жыл депутат болып жүріп, елдің жайы туралы бір ауыз сөз айтпай-ақ кетті. Бірінен кейін бір кітабы шығып та жатыр. Айсұлуға арналған бір өлең жоқ… Айсұлу оңашада отырып алып, айнаға қарайды. Баяғы ажар-көрік солғын тартқан. Жүзін мұң басқан. Мына дүниеде ешбір қызық қалмағандай… Ішкі күйікті коньяктың қышқылтым дәмі басатындай; мәртебелі меймандардың бәрі де келіншектің сұлулығына қызыққыш, бұрын әйел затын көрмегендей еліккіш; оралының барында ойнап күлу негізгі кәсібіне айналғасын қу жалғанның мәжнүн талының жапырақтары да жұлым-жұлым…
Асқар сол күйі үйленбеді. Астанаға құрылыс бригадасымен жұмысқа кетті. Аз-маз табысын араққа жұмсайды. Әбден қызған кезде айтатыны бір-ақ ауыз сөз. «Е деген құстың ұясын көрдің бе?!.».
Саматта ес жоқ. Оған да бәрібір секілді. Аузынан арақ иісі бұрқырап отырып, жаңа әлгінде айтқан сөзі:
– Әй, қатын! Енді мына тоқсандағы шешемді де жолдың бойына шығарып қойсақ, қайтеді? Олай-бұлай өткен «КамАЗ» қағып өтсе, жерлеуге керекті жарақ-жабдықтың бәрін реттеп алар едік!..
Теледидардан осыған дейін оншақты орыс патшасының басын жұтқан Алла Пугачева әндетіп жатыр:
«Жизнь невозможно повернуть назад..».
Бұралаң болса да өмір жолын кері бұрудың еш амалы болмағаны ма?!