Дәстүрлі құндылықтарды өзекке тепкеннен…
Адамның өз үй-ішіндегі немесе жұмыс орнындағы жай-күйлерді өзгелердің естімеуі керек болса да, жеткізіп беруін дәстүрлі түсінікте «сөз тасу» дейді. Орыстар «выносить сор из избы» деп жатады, яғни үйдегі жағдайды, сырды немесе құпияны тысқа шығаруды білдіреді. Бұл қарапайым моральдық сана мен этикада да, дәстүрлі әдеп жүйесі мен діни дүниетанымда да құпталмайтын құбылыс.
Бақытжан Сатершинов,
ҚР БҒМ ҒК философия,
саясаттану және дінтану
институты Дінтану бөлімінің меңгерушісі,
философия ғылымдарының докторы, доцент
Мысалы, қазақтың дәстүрлі дүниетанымында сырға беріктік ер-азаматтың бойындағы құнды қасиеттердің бірінен саналады. Аузында сөз тұрмайтын сыпсыңдық көбіне өсекке жақын әйелдерге тән деп есептеледі. Абайдың сипаттауындағы «ойнас салып күйлемейтін», «білген сырын сыртқа жаймайтын сүйікті ер» салмақты да жәуәнмәрт келеді. Ал оның ошақ қасындағы жан-жары түздегі ерінің «жүрегінің толқынын хаттай таниды, жар көңіліне бір жанын пида қылып, білместігі болса, оған сабыр қылады».
Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда әркімнің де аядай құттыханасы болуы тиіс «өз үйің, өлең төсегіңнің» ішіндегі жасырын жағдай оп-оңай сыртқа таралатын жадағайлықты, жайдақтықты көптеп кездестіруге болады. Телефонмен жұмыстағы байын «сықпыртып» отырған қатын мен сыр «таратушылықтан алақаны мен жүрегін тат басқан» (Ф.Ницше) еркектердің бейнесін өмірдің күйкі тіршілігінен де, әр түрлі сайқымазақ сахналарынан да көріп жүрміз. Ауылдан оқу, жұмыс іздеп келіп, қаладағы бауырын сағалаған іні-қарындас екі араға сөз тасып, ағайынның арасын бұзады. Кейде осындай «интимді сырларды» өз құлағыңмен естуге мәжбүр болғанда, «қатты сасып, тұра қашқың келеді». Араздасу, ажырасу, соттасу, тағы басқа келеңсіздіктер осыдан шығады. Мұндайда қоғам мен отбасында қайдан береке болсын?! Осының бәрі дана ата-бабаларымыз қадір тұтқан дәстүрлі құндылықтарды өзекке тепкеннен болып отыр.
Бұл келеңсіз көрініс отбасы, ошақ қасынан шығып, мекеме мен мемлекет мәселелерін де қамтып кететіні бар. Қандай да болсын табысты да тұрақты мекеме белгілі бір ортақ корпоративтік рухпен, өзіне тән жағымды психосферамен қамтылады. Кәсіби тұрғыда сонысымен бірегейленіп тұруы мүмкін. Алайда, бізде сол баяғы кеңестік кезеңнен қалған бір жаман әдет бар: бастықты немесе жұмыстағы лауазымды қызметкерлерді жамандау. Ұжымда белгілі бір типтер болады, қасына жолап кетсең, ерікті-еріксіз бастықты жамандай жөнеледі. Мүмкін бұған қызметкердің жағдайын жасаудың орнына, оны құлы мен күңіндей қанайтын, басқарудың ешқандай жауапкершілігін сезбейтін басшының өзі де кінәлі шығар. Басшы жаңадан келсе тіпті қиын, бейімдеп сіңірудің орнына, мін іздеп түртпектей бастайды немесе бастықтың өзі өз адамын әкеліп, бұрынғыларға шүйлігеді.
Басшы дегеннен шығады, біздегі «оппозиционерлер» анау-мынау емес, Елбасын сынаудан тартынбақ түгілі, оны өмірдің мәні мен сәніне айналдырып алғандай. Оны әр деңгейлердегі және түрлі өңірлердегі «сыншылар» жұқтырып алған. Қарсы пікір айтсаң, саған «есің дұрыс па» дегендей алайып қарайды. Олардың ойынша, бүкіл қоғам өзінің елі мен Елбасын сынап-мінеуі керек сияқты, жақсыны көрмеуі керек тәрізді. Сонда «жақсы сөздің жарым ырысы» қайда, қанағат пен шүкірлік қайда? Сын «шын» болса, конструктивті болса дұрыс, ал жалаңдатып жамандау ер-азаматтың ісі ме еді? Ең болмаса, орнына өзін қойып көрмей ме, дейсің. Бұл қазақ жерінде туып, өсіп-өнгенімен, кейін «өзінің су ішкен құдығына түкірген» кейбір өзге ұлт өкілдеріне де қатысты.
Сөз соңында бір ұзынқұлақтан естіген әңгімемді айта кетсем. Қара халықтың қамын жеп, соның мұңын шағып, жоғын жоқтайтын ақын-жазушылардың арасында турашыл «айтып салатын» бір ағамыз бар екен. Ол да «сыншылардың» қатарынан болатын. Батыр мінезді ол кісі бір шетелде қонақ болып жатқан тұста, оның «сыншылығынан» хабары болған жергілікті біреу мемлекет басшысын жағымсыз қырынан сөз қыла бастапты. Сонда жаңағы ақын ағамыз
«Елбасыма тіл тигізбе» деп атып тұрып, оның алдындағы үстелін тамағымен қосып, аударып тастаған көрінеді. Осылайша, азаматтық абыройын сақтап, өзінің қадірін арттырған. Осындай қылық, шет жерде жүріп, өз елін жамандайтын құлтандарға сабақ болса керек-ті. «Өзге елде сұлтан болған болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейді қазақ. «Расында бір қауым өзін өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді» (Рағыд сүресі, 11-аят) делінеді Құран-Кәрімде. «Өздерің қалай болсаңдар, солай басқарыласыңдар», «Ең жаман адам – араларыңда сөз таситын, араларыңды бұзатын және адамдарды бір-бірімен шағыстыратын адам» делінеді хадистерде.