Уақыт сыйлаған еңбектің дәмі
Ордалы Оңтүстікті басқарғанына жыл толған әкім Жансейіт Түймебаевтың атқарған іс-әрекетіне жергілікті халық тиісті баға беріп, талдау жасауда. Біздің мақсат – бір кездері білім саласын басқарған басшы-әріптес бейнесіне бүгінгі күн тұрғысынан тұлғалық ерекшелігін зерделеуге талпыныс.
Оңалбай АЯШЕВ,
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, педагогика ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, ОҚО мәслихатының депутаты
Түймебаев туған топырақ – Бәйдібек баба мен Домалақ ана мәңгілік мекен еткен қасиетті жер. Есіркеп Қойкелді батыр мен оның он мыңнан астам сарбазына пана болып, таң намазында бастарын сәждеге тигізген киелі үңгір – Ақмешіт орналасқан топырақ. «Текті ұл туған жердің топырағына тартып туады». Ел басқарып отырған қазақтың арда азаматтары туралы ойлағанда есіме ескіде естіген осы бір есті сөз түседі.
«Аққан су астындағы топырағына қарай лайланып тазарады, адам барлық асыл қасиетін туған жердің топырағынан алады» деген даналардан шыққан ой осындайда айтылса керек. Адам бойындағы туған жер феномені – жүрекпен ғана сезілетін, тілмен жеткізу мүмкін емес құпия жұмбақ сыр. Адамның кіндік қаны тамған жер алысқа жібермей, жіберсе де қол бұлғап шақырып тұратындықтан болар, аталған тұлғалар туған жерге келіп, қызмет етіп, туын тіккен азаматтар. Сыртта көп жүріп, еліне оралған бір сәтінде адамзаттың Айтматовы «Туған жердің топырағына табаным тигенде алпыс екі тамырым иіп қоя береді. Сірә, сол топырақтың, сол ауаның бір тілмен айтуға келмейтін бір құдіреті бар ғой», – деген екен. Табалдырықтан асқан тау, туған жерден биік тұғыр жоқ.
Жансейіт Қансейітұлы – жұмбақ тұлға. Себеп:
Біріншіден, өнегелі еңбек жолы. Оңтүстікте туса да ес жиған жастық шағынан бастап сырт жақта, елден жырақта жүрген оның Алматыдан басталған арман сапары Астанамен жалғасып, Ресей асып, Түркиядан тоқтаған. Ел басқаратын адамға алған білімі ғана емес, терең өмірлік таным–түсінік те маңызды екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Оның алғашқысын Елбасы жанында қызмет еткен жауапты жылдар құрайды. Бұл тағдыр әр пенденің маңдайына жазылатын бақ емес. Әлем мойындаған бүгінгі заман лидері, қайраткер, күрескер, ел аманатын арқалаған Ұлт көшбасшысымен қоян-қолтық қызмет етіп, ақыл-кеңесін алып отыру – Түймебаевқа тартқан Тәңір сыйы. Бейбітшілік пен қауіпсіздік жаршысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алғыр да бітімгер саясаткерлігі мен көпұлтты ел, тарих алдындағы жоғары жауапкершілік сезімін көре жүріп қалыптасты.
Маргарет Тетчэрдің біздің Президентімізді көреген, әлемдегі ең ірі және ықпалды бес саясаткердің бірі деп атауы да тегін емес. Ұлт көшбасшысының тұлғалық қасиеттерін өзіне өнеге тұтып, мектебінен өткен облыс әкімінің іс-әрекетінен Елбасына еліктеушіліктің байқалуы заңдылық. Ұлт намысының қамшыгері, нарықтық экономиканың терең білгірі, мықты стратег, тәуелсіз ел ұрпағының ұлы тәлімгері атанған Нұрсұлтан Назарбаевтың тәлім-тәрбиесін көріп, тәжірибе жинаған Жансейіт Түймебаев – істің адамы. Бұл – қазақта бар «қосшы болуға жараған, басшы болуға да жарайды» деген нақыл сөзге дәлел. Елбасының бойынан табылатын ізденімпаздық, алысты болжай алушылық, кадр таңдаудағы талғампаздық, адамдармен қарым-қатынаста объективтілік таныту сынды толып жатқан басқарушылық қабілеттерін бойына сіңіре алған.
Екіншіден, Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарған мерзім құрайды. Сауд Арабиясында консул болған қазақтан шыққан тұңғыш дипломат Нәзір Төреқұловтың ізін жалғастырған Жансейіт Қансейітұлы елшілік қызметті абыройлы атқарды. Ресей – ертеден көршілес, шекаралас алып мемлекет. Екі ел арасындағы шекара әлемдегі ең ұзын – 7,5 мыңнан астам шақырымға созылып жатыр. Әскери-саяси және экономикалық сипаттағы көптеген аймақтық ұйымдар шеңберінде өзара белсенді әрекеттесетін біздің ел мен көрші мемлекет – татулықтың тілекшісі. Өзара дипломатиялық қарым-қатынасының құрылғанына 25 жыл толған қос елдің тыныштығында елшіліктің атқарған еңбегі мол. Елбасының Ресейге елшілікке Түймебаевты жібергені сондықтан болса керек. Сабақ ала білетін Жансейіт Қансейітұлы Ресей елінде елшілікте жүргенде үлкен өмір мектебінен өтті. Елдің ішкі және сыртқы саясатына радикалды жаңа өзгерістер жасаған Петр І-ден басталған реформалардың нәтижелі мекені Ресейдің көп сырлы, әр алуан саясатын жете меңгеріп, тәжірибе жинақтады, машықтанды.
Үшінші, еліміздің бас ұстазы болған төрт жыл. ҚР Білім және Ғылым министрі қызметін Жансейіт Қансейітұлы абыройлы атқарды. Ел ұстаздарының сөзін сөйлеп, билік пен екі ортаға алтын көпір бола білді. Өзі де ұстаздық қызмет атқарғандықтан, әріптестерінің мұң-мұқтажына құлақ асып, тиісінше орындауға тырысты. Қайнаған қызу тірліктің ортасында жүрді. Оны көзіміз көрді.
Төртіншіден, өмір жолында елеулі із қалдырған жеті жыл – бізге бауырлас, ниеттес, тілектес Түркия Республикасында Төтенше және Өкілетті Елші қызметін атқарған мерзім. Еңбегі еленгендіктен 1-ші сыныпты Төтенше және Өкілетті Елші атанды. Экономикасы жағынан дүние жүзі бойынша 16-орынды, Еуропа бойынша 6-орынды иеленетін Түркиядан Жансейіт Қансейітұлының үйренгені көп. Әлемдегі туристердің келуі жағынан 1-орында тұрған, ислам ескерткіштері мен византиялық сәулет құрылысымен танымал Ыстамбулдай, жанартаулардың атқылауынан қалыптасқан өзгеше табиғи көріністер мен үңгірлерге бай Каппадокиядай қалалары бар Түркия – тарихи, сәні жарасқан ел. Нұрсұлтан Әбішұлының сенімді өкілі бола білген Жансейіт Қансейітұлы елшілікте жүрген жылдары олармен тәжірибе алмасты, дос арттырды, өсті, көркейді, толысты. Үлкен ғұмыр жолын меңгерді. Түркиядай алып мемлекетте елшілік қызмет атқарған кезеңде де ел экономикасының өсуіне үлкен үлес қосты. Жақында Түркістан қаласында өткен «Түркі әлемі және ақпараттық кеңістік» атты халықаралық журналистер форумында «2016 жылғы үздік дипломат-елші» атағымен марапатталуы – еңбектің жемісі.
Осылай өрбіген өмір баспалдағымен Жансейіт Қансейітұлы туған жерге оралып, 2016 жылдың қазан айында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі болып тағайындалды. Басшыға әділ баға беру үшін бұл мерзім қас-қағым сәт. Десе де, он екі ай – ел басқарған азамат өзін толық көрсетуге мүмкіндік беретін қомақты уақыт.
Байқағанымыз, Жансейіт Қансейітұлы – асығыс шешімнен аулақ, эмоцияға берілмейтін, талапшыл жетекші. «Ақылды басшы алдырмас» деген осы болар?! Салқынқанды, сабырлы. Басқару ісінде тәжірибесі мол, шаршауды білмейтін шебер ұйымдастырушы. Қажет болған жағдайда батылдық таныта алатын, тез шешім қабылдап, жауапкершіліктен тайсалмайтын тәуекелшіл. Уақытты үнемдеуі – өзгелерге үлгі болатын ерекше қасиет. Соған қарамастан, өте қарапайым. Нағыз істің адамы. Елден шетте өткізген өмір-тіршілік бекерге кетпегені айдан анық. Көп талап етеді. Сұрақ қоя отырып, істің мән-жайын анықтап, түйінді жауабын қысқа қайырады. Сөйте тұра, жұрттың көңіл күйіне қатты көңіл бөледі. Адам ақылының шыңы – жақсылық пен жамандықты айыра білуінде десек, облыс әкімі үнемі өзіне өзі сұрақ қойып, есеп алып отырады. Әзірше, шымкенттіктерге сыр алдырған жоқ. Әртүрлі пікірлер, болжамдар болған. Жалпы, Оңтүстік халқы Жансейіт Қансейітұлын дұрыс қабылдады.
Қош, сонымен әкімнің бір жыл еңбегі не көрсетті?
Оңтүстік – кие қонған қасиетті өлке екені белгілі. Ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрпы сақталған, қазақылықтың сәні бұзылмаған құтты мекен. Мұндай аймақты басқару мәртебе ғана емес, үлкен жауапкершілік.
Қысқа мерзімде облыс басшысы бұрынғы әкімдердің іс-әрекеттерін жалғастырушы ғана емес, жаңашылдығымен, іскерлігімен ел назарына іліккен басшы. Елбасының «Халқы ең үлкен облыс бола тұра дотацияны ең көп алатын Оңтүстік Қазақстан. Ондай екінші облыс жоқ. Жинаған тәжірибеңді пайдаланып, инвестиция тарт» деген тапсырмасын орындауға алғашқы күннен бастап белсене кірісті. «Елге қызмет етуім керек» деген сөзді жиі айтады. Қордаланған біраз шаруа оң шешімін тапты. Облыс шетелден инвестиция тартудан республика бойынша 1-орынға шықты. Соның арқасында ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5,5 есеге өсті. Бұл – жақсы көрсеткіш. Ауыл-елді жиі аралап, шаруалармен бетпе-бет кездесіп, ақыл-кеңес беруі оны өзге әкімдерден өзгешелендірді. Жыл бұрын тағайындалғанда мамандығының филолог екенін алға тартып, шаруашылықты игере алмайтын шығар деген болжамды әкім жоққа шығарды. Іскерлік мамандыққа тәуелді емес. Бүгінгі таңда облыстағы шағын және орта кәсіпкерлік өсімі 105%-ға жеткен. Сондай-ақ, «Агроөнеркәсіп кешенін дамыту» бағдарламасының талаптарына сәйкес келетін көптеген кооперативтер ашылып, осы шаруашылықтарда 3 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Мұның барлығы әкімнің істің көзін таба білер іскерлігінің көрсеткіші.
Облыс әкімінің алғашқы кезден қолға алған тағы бір саласы – туризм. Өңірге келген туристер саны 55%-ға артқан. Шет елден, еліміздің басқа аймақтарынан келушілердің қызығушылығын тудырып отырған «Сарыағаш» шипажайы мен «Қасқасу» тау шаңғы кешені, «Шардара» жағажай демалыс аймағы мен «Көне Түркістан» секілді жобаларды қолға алып, орындалуын жіті қадағалауда. Енді Түймебаевтың бастамасымен Оңтүстік туризм және сыртқы байланыстар басқармасы құрылғалы отыр. Бұл ұсынысты күні кеше ғана облыс депутаттары қолдады.
Халықтың жағдайының жақсы болуы жұмыссыздықтың жойылуымен тікелей байланысты. Өңір халықты жұмыспен қамтуда да республикада алдыңғы орынды иеленіп отыр.
Бір кезде облыс орталығы туралы «Шымкент осылай дами берсе «үлкен ауыл» болады» деген сыни пікір болған. Елді елең еткізген бір жоба – «Шатқал» бағдарламасы осы олқылықтың орнын толтырмақ. Қазақта «атаңнан мал қалғанша тал қалсын» деген нақыл сөз бар. Өзі бастап, облыс халқы түгел қоштаған шараның нәтижесі бүгінде жасыл желекке айналып, ауаны тазартып, қалаға көрік, сән сыйлап тұр. Осы бағдарламаны орындау барысында әкімнің өзгелерді шабыттандыра алар қасиетіне куә болдық. Тал егу кезінде жылы юмор, қазақы қалжыңымен бәрімізді еңбекке жұмылдыра алды. Өзгелерді шабытттандыра отырып, жайлы аура қалыптастыру барлық басшының қолынан келе бермейді. Ойға алған идеяны, құрылған жоспарды жүзеге асуын өзіне міндет деп санайды.
Еліміздегі әрбір бесінші сәби дүниеге келетін біздің Оңтүстік шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы бойынша облыстар арасында алда келеді. Облыстағы аудандарды жекелей дамытудың жаңа концепциясын дайындатып, оны аудан әкімдерінің баяндауында тыңдап, талқылауы да өңірдің өсіп өркендеуіне айрықша ықпал етіп отыр.
Жансейіт Қансейітұлы озат ұстаздарға пәтер кілттерін тапсыруы жағымды жаңалық болды. Ал олардың мәртебесіне ерекше мән беруді жиі ескертіп, алдағы жылы мұғалімдер үшін аудан-ауылдардан екі қабатты үй салу бастамасын көтерді. Мұндағы мақсат білікті ұстаздар мен мектеп басшыларын білімі нашарлаған аудан-ауылдарға қарай ауыстырып, сапасын көтеруді көздеп отыр. Бұл біле-білсек өте игілікті бастама дер едім.
Дипломат-әкімнің Оңтүстікке келуіне орай іргедегі тарихи көршіміз Өзбекстанмен де байланысымыз күрт күшейе түсті. Екі ел Президенттерінің жақсылықпен басталған жылы қарым-қатынасы ортадағы көптеген мәселелердің оңтайлы шешілуіне тікелей септігін тигізіп жатыр. Мұндай мәміледен әсересе Оңтүстіктің жұрты үлкен үміт күтіп отыр. Өйткені ғасырлар бойы қоңсы қонған бауырлас елдердің қатарласа дамуы бір-біріне байланысты. Барыс-келістің жандануының арқасында трансшекаралық Өгем өзенінен суды бірігіп пайдалануға қол жеткізіліп, қажетті ауыз суды бөліп алуға келісті. Бұйырса, алдағы бес жылда облыстың 700 мыңға тарта халқы бар үш ауданы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.
Бұдан бөлек те халыққа пайдасы тиетін жаңа жобалардың жүзеге аса бастағанын байқап отырмыз. Бұл да біздің кейіпкеріміздің дипломатиялық еңбегінің жемісі.
Таяуда ғана жалпы құны 17,5 млрд. миллиард теңгені құрайтын «Тассай» индустриалды аймағындағы трансформатор зауытының құрылысы басталды. 220 жұмыс орнын ашуға қауқары бар зауыт 2018 жылдың екінші тоқсанында толық іске қосылмақ. Бұл да оңтүстіктің өндірісі өркендеген өңірге айналып келе жатқандығын байқатса керек.
Оңтүстік Қазақстан облысы іскерлік климатты қалыптастыруда республика бойынша үздік үштікке енді. Мұнда өнеркәсіп саласы мен ауыл шаруашылығы жетекші секторлардың бірі саналады. Әсіресе, өңірде Елбасының «Қазақстанның Үшiншi жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабiлеттiлiк» атты Жолдауында белгiленген мақсаттар мен мiндеттердiң орындалуы көңіл қуантады. Өңірде экономиканы өрге сүйреп келе жатқан локомотив жобалар да аз емес. Аймақта инвестиция тарту, инвесторларға қолайлы жағдай туғызу мәселесіне аса мән беріліп отыр. Бұл Елбасының ақпан айында өңiр басшысы Ж.Түймебаевты қабылдап, облыс өнеркәсiбi мен ауыл шаруашылығына инвестиция тартуға байланысты берген нақты тапсырмаларының сәтiмен жүзеге асырылып жатуының айқын көрінісі санаймыз.
Осы ретте нақты деректердi сөйлетуді жөн көріп отырмыз. 2017 жылдың 9 айында облысымызға 312,3 миллиард теңге көлемiнде инвестиция тартылыпты. Бұл 2016 жылғы көрсеткiшпен салыстырғанда 23,5 пайызға көп. Жыл басынан берi шетелдiк инвесторлармен 60-тан аса iскерлiк кездесулер өтiп, түрлi жобалар мақұлданған.
Жалпы, былтырдан берi өңiрге Германия, Израиль, Қытай, Түркия, БАӘ, Иран, Ресей, Франция, Швейцария, Армения және өзге де мемлекеттердiң өкiлдерi мен iрi компанияларының басшылары келiп кеттi. Олар Шымкенттегi индустриялық аймақтарды аралап, өңiрдiң инвестициялық потенциалымен танысты. Келiссөздер нәтижесiнде БАӘ мемлекетiмен медициналық бұйымдар және дәрiлiк заттар шығаратын алып зауыт салу жөнiнде келiсiм жасалды.
«Евро-5» стандартына сай жанар-жағармай өндiретiн мұнай өңдеу зауытын салу жөнiнде Ресей инвесторларымен келiссөзге қол қойылғанын да естіп, біліп отырмыз. Қытайлықтармен бiрге биоэталон және фосфор тыңайтқыштарын шығаратын зауыт, күн электр стансасын салу туралы келiсiмшартқа қол жеткізілді. Бұл – нақты жүзеге асырылғалы жатқан жобалар. Алдағы уақытта әрiптестiк кездесуге келген өзге де инвесторлар өз жобаларымен Оңтүстiкке атбасын бұрады деген сенiм мол. Өйткенi, өңiрде инвесторларға қолайлы жағдай жасалып жатыр. Нәтижесінде инвестиция тарту жөнiнен Оңтүстiк Қазақстан облысы республикада көш бастады. Бұл ретте өңiр басшысы Жансейiт Түймебаевтың ұзақ жылдар елшi болып қызмет атқарғанының да септiгi тиiп жатыр деуге негiз бар. Шетелдiктермен ғана емес, Алматы және Астана қаласының кәсiпкерлерiмен де кездесiп, әрiптестiк орнатуға шақырған облыс әкiмi селекторлық жиындарда да осы мәселенi ұдайы назарда ұстайды. Сондай жиындардың бiрiнде өңiр басшысы «Аудан-қала әкiмдерiнiң жұмысы сыртқы инвестиция тарту көрсеткiштерiне қарай бағаланатын болады. Сондықтан қарап отырмай сыртқы инвесторларды қызықтыратын жақсы жобаларды әзiрлеп, мемлекет тарапынан жасалынатын барлық жағдайларды тиiстi деңгейде атқарыңыздар» деген болатын. Инвестиция құйған шетелдiк компанияларға нақты шарттар қойылып, сол арқылы жергiлiктi тұрғындар жұмыспен қамтылса, экономикамыз iлгерi басатыны сөзсіз.
Бүгiнде бүкiл республикадағы сияқты Оңтүстiк Қазақстан облысы да «Ауыл шаруашылығы кооперативтерi» туралы Заңды нәтижелi iске асыру мақсатында кооперативтер құру жұмыстарына мықтап кірісті. Нәтиже жаман емес. Біздің облыс кооператив құру бойынша республикада топ бастады. Қазірдің өзінде өңірде кооператив саны 158-ге жетіпті.
Бұл – Жансейіт Қансейітұлының атқарған әкімдік қызметінің бірнеше нәтижелі тұстары. Жетістіктер мен жоспарланған жұмыстарды бір ғана мақала шеңберінде тізбелеу мүмкін емес. Ең құндысы, оң істер көп.
Үстелінің үстінде тұрған кітаптарға қарап отырып, менің ойыма француз философы Дени Дидроның «Кітап оқуды қойған адам ойлауды да қояды» деген сөзі түсті. Әкімнің шығармашылық іс-әрекеті Оңтүстік халқына сенім сыйлайды. Біз әріптес басшыға сәттілік тілейміз.