Айырмашылығы – ауқымында ғана…
Грета ИОНКИС, әдебиеттанушы
(Кёльн)
Герта Мюллер – неміс жазушысы, ақыны әрі қоғам қайраткері. Ол 1953 жылы Румынияның немістілді отбасында дүниеге келген-ді. 1987 жылы саяси себептерге байланысты жазушы күйеуімен бірге әлгі елден Германияға қарай қоныс аударады. Ғұмырының біршама уақытын Румынияда, ал балалық шағы сонау бір шалғайда өткендіктен де, Мюллердің көп кейіпкерінің прототипі Шығыс Еуропаның дәл осынау ауданынан екені даусыз. Қаламгер 2009 жылы Әдебиет аталымы бойынша Нобель сыйлығын иеленді.
Герта Мюллерді Т.Манн, Г.Гессе, Г.Белль және Г.Грасспен бір қатарға қойсақ әдеби панорама қалай көрінер еді?! Қандай да бір сабақтастық бар ма, мұнда?! Егер оның шығармашылығы адамды тоталитаризм зорлығынан, арлылықты дұшпандық шеңгелінен қорғауға бағытталғанын ескерсек, онда жоғарыдағы сауалдарға жауабымыз дап-дайын болуға тиіс. Айырмашылығы – ауқымында ғана…
XIX ғасыр аяғына таман неміс провинциясында Heimatliteratur деп аталатын әдеби-пласт түзілді. Бұл үрдістің ізашары және ең мықты прозашысы «Фонтане қарт» болды. 1910 жылы жазылған жазушы турасындағы эссесінде Томас Манн осылай деген еді. Бүгіндері Германияда реалистердің шығармаларына деген сұраныстың аздығына қарамастан, Т.Манн «Германияның бірінші ханымы» атаған брауншвейгтік Рикарда Хух пен баварлық Людвиг Том есімдері ел есінде мәңгілікке қалады. Олардың өнерінде тек ащы шындық қана емес, ирония, юмор, сарказм да бар еді. Достоевский әсерінсіз-ақ олар неміс оқырманына жүйе құрбандарына айналған «кішкентай адам» тақырыбын жан-жақты ашып бере алды. Меніңше, прозашы Г.Мюллер ауқым жағынан осыларға жуықтай түседі. Алайда, Гертаның олардан айырмашылығы – сюрреалистік элементтері басымдау келетін авангардтық жазу машығында. Оның поэтикалық және дәлме-дәл сөз сөйлемдері қазіргі заман шындығына барынша жақын…
Украин әдебиетшісі Марк Белорусец тәржімесіндегі «Қалу үшін, кетіңіз» атты шап-шағын әңгімесі арқылы фрау Герта Мюллердің шығармашылығымен танысуға болады. Туындыгер кітабының өзегі – тоталитарлық жүйеге қарсы тұрған адам образы. Үрей, қорқыныш, зорлық-зомбылықты терең сезіну мотивтері оның жазған дүниелерінде үнемі ақ пен қарадай алмасып отырады. Оған Франц Кафканың әсер-ықпалы да болуы мүмкін бе, екен?!. Әлде бұл қаламгердің өз басынан өткерген, көрген-түйгенінің нәтижесі ме?.. Ол бір сөзінде: «Мен әдебиетке еш қарыздар емеспін… Себебі, өз сөзім – өзімдікі!..» – деп қаттырақ, батырып айтқан еді. Сондай-ақ, жазушы бір әңгімесінде: «Естелік дегеніңіз ол – Мен!..» – деп ағынан жарылады. Ол бұндағы «естелік» сөзін ар-ұждан, ұят есебінде қолданып отырғаны белгілі.
Аударған
Нұрлайым БАТЫР.